Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік
оңалту туралы 2002 ж.
27 мамырдағы № 325-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексімен күші жойылды
Осы Заң нашақорлықпен ауыратын адамдарды оңалту саласындағы мемлекеттік саясаттың медициналық, әлеуметтік, құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін реттейді.
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту - медициналық және әлеуметтік іс-шараларды кешенді түрде пайдалана отырып, отбасылық және қоғамдық өмірге тарту арқылы, нашақорлықпен ауыратын адамдардың нашақорлыққа тәуелділігін емдеуге, олардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған наркологиялық көмек түрлерінің бірі;
2) наркологиялық ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен наркологиялық көмек көрсететін ауруханалар, диспансерлер, орталықтар, бөлімшелер немесе кабинеттер;
3) наркологиялық көмек - наркологиялық сырқатқа шалдығудың алдын алуды, нашақорлықпен ауыратын адамдарға диагностика жасауды, оларды емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтитын мамандандырылған медициналық көмек түрлерінің бірі;
4) психикаға белсенді әсер ететін заттар - бір рет қабылдағанда адамның психикалық және дене қызметіне, мінез-құлқына әсер ететін, ал ұзақ уақыт қабылдаған кезде психикалық және тәндік тәуелділік туғызатын синтетикалық немесе табиғи жолмен алынған заттар;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5) уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық- әлеуметтік оңалту туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін және оңалту көрсету кезінде азаматтар құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ететін өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылады. Осы Заң, оның тегін медициналық көмек туралы ережесін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген, нашақорлықпен ауыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленетін болса, халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
3-бап. Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік саясат
Қазақстан Республикасының нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік саясаты:
заңдылық, ізгілік, еріктілік, адамның және азаматтың құқықтарын сақтау;
нашақорлықпен ауыратын адамдарға қол жетімді медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету;
наркологиялық көмек беру кезінде азаматтардың әлеуметтік қорғалуы принциптері негізінде жүргізіледі.
4-бап. Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық- әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзірлейді;
2) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы бағдарламаларды бекітеді.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Уәкілетті орган:
1) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
2) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы бағдарламаларды әзірлейді және олардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтiк оңалту саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
4) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтудың толықтығы мен сапасына және нашақорлықпен ауыратын адамдарды оңалтуды қамтамасыз ететін мамандардың кәсіптік қызметін бақылауды жүзеге асырады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары:
1) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту жөніндегі аймақтық бағдарламаларды әзірлейді, бекітеді және іске асырады;
3) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту және оларды еңбекке орналастыру үшін жағдай жасайды.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ 4) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)
4) нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтiк оңалту саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі қоғамдық бiрлестiктермен, жеке медициналық практикамен айналысатын жеке және заңды тұлғалармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 5-бап өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5-бап. Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту үшін наркологиялық ұйымдарға жіберудің негіздемесі
Медициналық-әлеуметтік оңалту мақсатында наркологиялық ұйымдарға жіберу үшін:
1) нашақорлықпен ауыратын адамдарды наркологиялық ұйымдарда (стационарлық және амбулаториялық буында) емдеуде қол жеткен нәтижелерді бекіту қажеттігі;
2) нашақорлықпен ауыратын адамдарды еңбекке тарту мен оларды отбасылық және қоғамдық өмірге қосу үшін кешенді медициналық және әлеуметтік-еңбек іс-шараларын жүргізу қажеттігі негіздеме болып табылады. Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтарына (бөлімшелеріне) жіберудің, нашақорлықтан зардап шегетін ауруларды онда ұстаудың тәртібін және оларға көрсетілетін көмектің көлемін уәкілетті орган белгілейді және Қазақстан Республикасының заң актілерімен реттеледі.
6-бап. Нашақорлықпен ауыратын және медициналық- әлеуметтік оңалтуға мұқтаж адамдардың наркологиялық ұйымдарға өз еркімен өтініш жасауы
1. Нашақорлықпен ауыратын адамдар наркологиялық ұйымдарға медициналық көмек сұрап өтініш жасаған жағдайда, оларды медициналық-әлеуметтік оңалту ерікті түрде (тілек білдірген жағдайда - жасырын) жүргізіледі.
2. Нашақорлықпен ауыратын кәмелетке толмаған адамды, сондай-ақ нашақорлықпен ауыратын, белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған адамды медициналық-әлеуметтік оңалту олардың заңды өкілдерінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
7-бап. Нашақорлықпен ауыратын адамдардың құқықтары
1. Нашақорлықпен ауыратын адамдардың:
1) білікті медициналық көмек алуға;
2) наркологиялық ұйымды таңдауға;
3) өз құқықтары мен өздерінің наркологиялық сырқатқа шалдығуының сипаты және қолданылатын емдеу мен оңалту әдістері туралы ақпарат алуға;
4) медициналық-әлеуметтік оңалтуды - тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда жүрген жері бойынша өткізуге құқығы бар.
2. Нашақорлықпен ауыратын адамның немесе оның заңды өкілінің ұсынылып отырған медициналық-әлеуметтік оңалтудың кез келген сатысында одан бас тартуға құқығы бар.
3. Медициналық-әлеуметтік оңалтудан бас тартқан адамға не оның заңды өкіліне оңалту іс-шараларын тоқтатудың ықтимал зардаптары түсіндірілуге тиіс. Медициналық-әлеуметтік оңалтудан бас тарту, оның ықтимал зардаптары туралы мәліметтер көрсетіле отырып, медициналық құжаттамаға жазбамен рәсімделеді, оған нашақорлықпен ауыратын адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-нарколог дәрігердің қолы қойылады.
4. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, нашақорлық диагнозының болуы, наркологиялық ұйымда диспансерлік қадағалауда тұру фактісі негізінде ғана нашақорлықпен ауыратын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берілмейді.
8-бап. Наркологиялық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Наркологиялық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру:
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) бюджет қаражаты есебiнен;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
9-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгіленеді.
Қазақстан Республикасының