Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі Стандарттау,
метрология және сертификаттау жөніндегі комитетінің
мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001
жылғы 2 шілдедегі № 904 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 18 қарашадағы № 1220 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті (Мемстандарт) туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетінің қарауындағы ұйымдардың тізбесі бекітілсін.
3) осы қаулының тiзбесiне сәйкес Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетiнiң (Мемстандарт) мемлекеттік қадағалау жөніндегі аумақтық органдарының - мемлекеттік мекемелерiнiң тiзбесi.
Ескерту. 1-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2001.10.31. № 1384 қаулысымен.
2. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 қазандағы № 1552 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 42, 501-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 165 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 4-5, 54-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 2 шілдедегі
№ 904 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің
Стандарттау, метрология және сертификаттау
жөніндегі комитеті (Мемстандарт) туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) құзыретінің шегінде арнайы атқарушылық және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
Комитеттің мемлекеттік қадағалау жөніндегі аумақтық органдары бар.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдеріне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде атауы жазылған мөрі және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі. Комитетке заңнамаға сәйкес өкілеттік берілген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар, Төрағасының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
5. Комитеттің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Комитеттің заңды мекен-жайы:
473000, Астана қаласы, Пушкин көшесі, 166/5.
7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті (Мемстандарт)" мемлекеттік мекемесі.
8. Комитеттің құрылтайшылық құжаты осы Ереже болып табылады.
9. Комитеттің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
Комитетке өзінің функциясы болып табылатын міндеттерді орындау мәнінде кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесімдермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары және
құқықтары
10. Комитеттің негізгі міндеттері:
1) стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
2) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы қызметін үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттау, сертификаттау, өлшемдер бірлігі мен эталондық базасының бірыңғайлылығын қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
4) Қазақстан Республикасының негіз қалаушы мемлекеттік стандарттарын әзірлеуді қамтамасыз ету;
5) стандарттау, метрология және сертификаттау саласында білікті кадрларды даярлауға қатысу;
6) техникалық экономикалық ақпаратты жіктеу және қолдау, өнімдерді тізімдемелеу жөніндегі мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру;
7) стандарттау, метрология және сертификаттау саласында іргелі зерттеулердің жүргізілуін ұйымдастыру;
8) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын, өнім сапасына, өлшем құралының жай-күйі мен қолданылуын мемлекеттік қадағалау жүргізуді ұйымдастыру, сондай-ақ тіркелген сертификаттау жөніндегі органдардың, сынақ зертханалары мен орталықтарының қызметін бақылау;
9) үлгісін және бекітілген үлгісіне сәйкестігін растау мақсатында сертификаттау, сертификаттық сынақтар, өлшемдерді орындау әдістемелерін әзірлеу және аттестациялау, өлшем құралдарын салыстырып тексеру, калибрлеу және сынау жөнінде жұмыс жүргізу құқығына ұйымдарды сертификаттау және өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерінде тіркеу;
11. Комитет өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдер жобаларын әзірлеуге қатысады және әзірлейді;
2) стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады, стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіреді;
3) халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік стандарттау, өлшем бірлігін қамтамасыз ету, сертификаттау жүйелерін жетілдіреді және дамытады;
4) шамалар бірлігінің мемлекеттік эталондарын жасау, бекіту, сақтау және қолдану ережелерін белгілейді, Қазақстан Республикасының эталондық базасын жетілдіреді;
5) республикадағы қолдануға рұқсат етілген шамалар бірліктерін белгілейді;
6) өлшем құралдарына, әдістері мен нәтижелеріне қойылатын жалпы метрологиялық талаптарды анықтайды;
7) стандарттау, метрология және сертификаттау саласында іргелі зерттеулердің жүргізілуін ұйымдастырады;
8) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеудің және бекітудің тәртібін анықтайды, Қазақстан Республикасының негіз қалаушы стандарттарын әзірлеу және Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын тиісті халықаралық және аймақтық стандарттармен үйлестіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
9) өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу, өлшемдерді орындау әдістемесін және басқа да метрология жұмыстарын аттестаттау құқығына заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтерін тіркеуді жүргізеді;
10) сертификаттау мен сертификаттау сынақтары бойынша жұмыстарды жүргізу құқығына ұйымдардың тіркелуін жүргізеді;
11) сертификаттау және метрология жөніндегі сарапшы-аудиторлар ретінде мамандарды аттестаттауды жүргізеді;
12) өлшемдердің, өлшем құралдарын салыстырып тексеру мен, калибрлеудің өнімдерді, өндірістік қызмет көрсетулерді және сапа жүйелерін сертификаттаудың, сертификаттау сынақтарының орындалуы әдістемелерін тіркеу құқығына заңды тұлғаларды тіркеу тәртібін белгілейді;
13) өз құзыретінің шегінде заңды және жеке тұлғалардың қызметін лицензиялайды және берілген лицензиялардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді;
14) стандарттау, метрология, сертификаттау, тіркеу, сапа жүйесі, мемлекеттік қадағалау мен инспекциялық бақылау салаларындағы мамандарды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге қатысады; көрсетілген бағыттар бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқу бағдарламаларын келіседі;
15) саудадағы техникалық кедергілерді жою мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау саласында халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
16) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз құзыретінің шегінде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
17) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттарды тіркеуді жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасы стандарттарының мемлекеттік қорын, мемлекетаралық, аймақтық, халықаралық және басқа елдердің ұлттық стандарттарының қорларын қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіреді;
19) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын, мемлекетаралық стандарттарды, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың ережелері мен ұсынымдарын шығаруды, қайта шығаруды және таратуды ұйымдастырады;
20) өнімге және шығарылатын өлшем құралдарына тіркелген нормативтік құжаттар туралы, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы нормативтік құжаттар талаптарының өзгерістері туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық сілтемелердің басылып шығарылуын ұйымдастырады;
21) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдардың мүше елдеріне, Қазақстанның пікірі бойынша сауда қатынастарында техникалық кедергілер келтіруі мүмкін әзірленіп жатқан жобалар мен қолданылып жүрген халықаралық және аймақтық нормативтік құжаттарға түсініктемелер (пікірлер) жолдайды;
22) өнім сапасына, өлшем құралдарының жай-күйі мен қолданылуына, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының, сертификаттау ережелерінің, метрологиялық ережелердің сақталуын мемлекеттік қадағалауды, сондай-ақ сертификаттау жөніндегі органдар мен сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметін мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
23) көптеп шығарылатын немесе Қазақстан Республикасының аумағына топтап әкелінетін өлшем құралдарының үлгілерін бекітеді;
24) азаматтық және қызметтік қару мен олардың патрондарының мемлекеттік кадастрын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуді, сондай-ақ оны шығаруды және жүргізуді ұйымдастырады;
25) мемлекеттік стандарттау, сертификаттау, өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйелерінің тізілімдерін жүргізеді;
26) Қазақстан Республикасының заңнамаларымен өзіне жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.
12. Комитет негізгі міндеттерді іске асыру және құзыретінің шегінде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын әзірлеуге қатысуға және әзірлеуге;
2) стандарттаудың, сертификаттаудың және өлшем бірлігінің халықаралық, мемлекетаралық және мемлекеттік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін орталық, жергілікті атқарушы органдарға және басқа да ұйымдарға ұйымдастыру-әдістемелік басшылықты және олардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыруға қатысуға;
3) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіруге;
4) орындалуға міндетті бұйрықтарды қабылдауға;
5) өнім сапасына, өлшем құралдарының жай-күйі мен қолданылуын мемлекеттік қадағалау, сондай-ақ сертификаттау жөніндегі органдардың және сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде меншік нысандарына қарамастан ұйымдарда болуға және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын ұйымдарды тексеруді жүзеге асыру;
6) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттар талаптарының бұзылу фактілері анықталған кезде заңды және жеке тұлғаларға ықпал етудің заңнамалық кесімдерде белгіленген шаралар қолдану жөніндегі шешімдер қабылдауға;
7) сатуға және пайдалануға жарамсыз деп танылған жағдайларда өнімдер мен тауарларды жою жөніндегі комиссияның жұмысына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен қатысуға;
8) басқа мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың мамандарын, сондай-ақ шетелдік және жергілікті сарапшылар мен мамандарын стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы бірлескен жұмыстарға тартуға;
9) өлшем құралдарының үлгілерін бекіту сертификаттарын, тауардың шығу сертификаттарын беруге;
10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сертификаттау жүйесіндегі сынақ орталықтарын, салыстырып тексеру зертханаларын және сертификаттау жөніндегі органдарын тіркеуді жүргізуге, шетел сертификаттарын тану шарттарын әзірлеуге;
11) мемлекеттік органдармен және басқа да заңды тұлғалармен бірлесіп стандарттау, метрология және тіркеу саласындағы нормативтік құжаттарды әзірлеу үшін стандарттау жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар - стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құруға;
12) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік басқару органы болуға, оларға қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асыруға;
13) заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Комитеттің мүлкі
13. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
14. Комитетке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
15. Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
16. Комитетті Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Төраға сонымен бір мезгілде, Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын және өлшем құралдарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрі тағайындайтын және қызметтен босататын Төрағаның екі орынбасары болады. Лауазымы бойынша Төрағаның орынбасарлары стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын және өлшем құралдарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасары болып табылады.
Комитеттің аймақтық мемлекеттік қадағалау органдарының (басқармаларының) басшылары стандарттау және өлшем құралдары жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын қадағалау жөніндегі тиісті аймақтардың Бас мемлекеттік инспекторлары болып табылады. Аумақтық бөлімшелердің (бөлімдердің) басшылары - мемлекеттік инспекторлар сонымен бір мезгілде стандарттау және өлшем құралдары жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын қадағалау жөніндегі тиісті аймақтардың Бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары болып табылады.
17. Төраға Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауапкершілікте болады.
18. Төраға осы мақсатта:
1) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының функционалдық міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) заңнамаға сәйкес Комитеттің қызметкерлерін, аймақтық органдарының және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитеттің қызметкерлерін, аймақтық органдарының, ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының басшыларын көтермелейді, сондай-ақ оларға тәртіптік жаза қолданады;
4) бұйрықтарға қол қояды;
5) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері, аймақтық органдары туралы ережелер мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының жарғыларын бекітеді;
6) мемлекеттік мекемелерде және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;
7) құрылымдық бөлімшелердің, аймақтық органдардың және ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметін үйлестіреді және бақылайды;
8) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
19. Комитетте оның санын және құрамын Комитет Төрағасы бекітетін, консультативтік-кеңесші орган - алқа құрылуы мүмкін.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 2 шілдедегі
№ 904 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Экономика және сауда
министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау
жөніндегі комитетінің қарауындағы ұйымдардың
Тізбесі
1. "Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты"
(ҚазСтИн) шаруашылық жүргізу құқығындағы
республикалық мемлекеттік кәсіпорны (Астана қаласы).
2. "Қазақстан метрология институты" (ҚазМетрИн)
шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық
мемлекеттік кәсіпорны (Астана қаласы).