Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жекелеген білім беру ұйымдарын қайта ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 қарашадағы № 1782 қаулысы
(2013.05.08. берілген өзгерістермен)
Өнер саласында мамандар дайындауды тиянақты қаржылық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мына республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары қайта құру жолымен:
1) Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы - «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы» мемлекеттік мекемесі;
2) Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы - «Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы» мемлекеттік мекемесі;
3) Қазақ ұлттық музыка академиясы - «Қазақ ұлттық музыка академиясы» мемлекеттік мекемесі болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) құрылатын мекемелердің жарғыларын бекітсін және олардың әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) көрсетілген мекемелердің штат саны шегін бекіту жөнінде ұсыныс енгізсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Құрылатын мекемелерді қаржыландыру 2001 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаржылар шегінде жүзеге асырылады деп белгіленсін.
4. ҚР Үкіметінің 2013.05.08. № 796 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
5. Осы қаулы 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi