Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне түскен мүлiктi
есепке алу және одан әрi пайдалану, соның iшінде сату ережесін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 28 қыркүйектегі № 1467 қаулысы
Қазақстан Республикасының 2002 ж. 26 шілдедегі № 833 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Қазақстан Республикасы аумағында жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне түскен мүлiктi есепке алудың және одан әрi пайдаланудың, соның iшiнде сатудың бiрыңғай ережесін белгiлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне түскен мүлiктi есепке алу және одан әрi пайдалану, соның iшiнде сату ережесi бекітілсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Тәркiленген, иесiз мүлiкті, мұрагерлік құқық бойынша мемлекетке көшкен мүлiктi, қазыналарды, сондай-ақ ломбардтар қабылдаған, бiрақ иесi мерзiмiнде келiп алмаған қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды есепке алу, бағалау және өткізу тәртібі туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 13 наурыздағы № 236 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1992 ж., № 11, 191-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 3 желтоқсандағы № 1216 қаулысының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1993 ж., № 47, 573-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер енгізу және күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 4 сәуірдегі № 322 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 ж., № 16, 158-құжат).
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық кесiмдерiн осы қаулыға сәйкес келтiрсiн.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігі осы қаулыны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын және оның орындалуын бақылауды қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң
2000 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 1467 қаулысымен
бекiтілген
Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне түскен мүлiктi есепке
алу және одан әрi пайдалану, соның ішінде сату Ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже мемлекет меншiгiне түскен мүліктi (бұдан әрi - Мүлiк) есепке алу және одан әрi пайдалану, соның iшiнде сату тәртібін мынадай негiздер бойынша белгілейдi:
1) мемлекет кiрiсiне сот кесiмдерi негiзiнде тәркiленген (бұдан әрi - тәркiленген мүлiк);
2) мемлекет кiрiсiне сот кесiмi негiзiнде берiлген заттай айғақтар (бұдан әрi - заттай айғақ);
3) белгiленген тәртіпте иесiз деп танылған (бұдан әрi - иесiз мүлiк);
4) мемлекет меншiгiне белгіленген тәртiпте тегін көшкен, соның iшiнде "мемлекет пайдасына тауардан бас тарту" кеден режимiнде ресiмделген тауарлар және көлiк құралдары;
5) мемлекетке мұрагерлiк құқығы бойынша көшкен, соның ішінде иесiз мұра (бұдан әрi - мұрагерлік мүлiк);
6) көмбелер және (немесе) олжалар.
2. Мүлiктi есепке алу
2. Мүліктi есепке алу салық органдарына жүктеледi, оларды қорғау жөнiнде шара қолдануды заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Мүлiктi есепке алудың толықтығы мен уақытылылығын қамтамасыз ету үшiн салық органдарына мыналар мәлiметтер бередi:
1) мұрагерлiк мүлкi бар-жоғы туралы өсиетті орындаушы нотариустар;
2) заң кесiмдерiне және/немесе сот кесiмдерiне сәйкес коммуналдық меншiкке түскен Мүлiк туралы жергiлiктi атқарушы органдар;
3) Мүлiктiң бар-жоғы туралы ақпараты бар өзге де мемлекеттік органдар.
4. Мүлiктi салық органдарында есепке қою мынадай негіздерде жүзеге асырылады:
1) тиiстi сот кесімдерiне (тәркiленген, иесiз мүлiк және заттай айғақтар);
2) нотариус берген мұраға мемлекеттік құқығы туралы куәлiк (мұрагерлiк мүлiк);
3) кедендiк ресiмдеу аяқталғаннан кейiн "мемлекет пайдасына тауардан бас тарту" кеден режимiне сәйкес мәлiмделген жүк кеден декларациясы ("мемлекет пайдасына тауардан бас тарту" кеден режимiнде ресiмделген тауарлар және көлiк құралдары);
4) мемлекет меншiгi құқығы туындағанын куәландыратын өзге де құжаттар (өзге мүлiк).
Мүлiк салық органдарында, заңнамада көзделген өзге де жағдайларда есепке қойылады.
3. Мүлiктi бағалау
5. Мүлiктi бағалауды (қайта бағалауды) субъектiлер заңнамада белгiленген тәртiппен жүргізедi.
6. Мемлекет меншiгіне түскен жылжымайтын мүлiктi осы Ереженiң 1-тармағында көрсетiлген негіздер бойынша жылжымайтын мүлiктi бағалау жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар субъект бағалайды.
Жылжымайтын мүлiкті бағалау жөнiндегі субъектiнi таңдауды, сондай-ақ оның қызмет көрсетуiне ақы төлеудi заңнамада белгіленген тәртiппен салық органы жүзеге асырады.
7. Осы Ереженiң 1-тармағында көрсетiлген, заңнамалық кесiмдерде оларға арнайы бағалау тәртібі белгіленбеген мүлiктiң жекелеген түрлерiн бағалау (қайта бағалау) үшiн аймақтық салық органы басшысының бұйрығымен мүдделi мемлекеттік органдардың (салық органының, кеден органының, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі сот қаулысын орындау жөнiндегі комитетiнiң немесе басқа да мемлекеттік органдардың) кемiнде үш өкiлiнен тұратын бағалау жөнiндегі комиссия құрылады.
Заңнамалық кесiмдерге және/немесе сот кесiмдерiне сәйкес коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi бағалауды (қайта бағалауды) жүзеге асыру кезінде комиссия құрамына тиiстi жергiлiктi атқарушы орган өкiлдерi енгiзiледi.
8. Комиссия салық органы оны есепке алғаннан бастап 5 күндiк мерзiмде Мүлiктi бағалауды (қайта бағалауды) жүзеге асырады.
9. Мүлiкті (ақша мен төлем құжаттарынан басқа) бағалау (қайта бағалау) сапасын, тозуын және бағалау үшiн мәнi бар басқа да өлшемдердi ескерiп, нарық бағасы бойынша жүргізiледi.
Ақша және төлем құжаттары бастапқы бағасы бойынша бағаланады.
Бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдарға комиссия бағасы алдын ала жасалған болып табылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Касса операциялары мен құндылықтарды сақтау орталығында (филиал) тасымалдау (қайта жiберу) мақсатына арналып жүргiзiледi.
10. Бағалау нәтижелерi бойынша комиссияның барлық мүшесi қол қойған бағалау туралы кесiм жасалады.
4. Мүлiктi одан әрi пайдалану, соның ішінде сату
11. Көркем, тарихи, мұражай, нумизматикалық және өзге де құндылықтарға жататын, белгiленген тәртiпте тарих және мәдениет ескерткiштерi деп танылған заттар мәдениет саласындағы орталық атқарушы органмен келісім бойынша жедел басқару құқығы бар мемлекеттік мәдениет мекемелеріне тегiн берiледi.
12. Қымбат металлдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар үкiмет (бюджеттік) резервiне кейiн есептеу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Касса операциялары және құндылықтарды сақтау орталығына (филиал) тапсырылады.
13. Ақша Агент банкi* немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi филиалдарына берiледi, төлем құжаттары және қор құндылықтары (акциялардан басқа) мемлекеттік бюджет кiрiсiне кейiн есептеу үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің филиалдарына берiледi. Ұлттық валюта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша операция жасалған күнге есептеледi.
_______________
* Агент банкі - заңнамаға сәйкес айқындалған мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк.
14. Осы Ереженiң 11-13-тармақтарында көрсетiлмеген, азаматтық айналымнан алынбаған және айналымда шектелмеген мүлiк, егер заңнамалық кесiмдерде оны пайдаланудың арнайы тәртібі белгіленбеген болса, сатуға жатады, мұның өзiнде:
1) шаруашылық серiктестіктерiнiң жарғылық капиталындағы акциялар мен үлестер жекешелендiру туралы заңнамада көзделген жағдайларда және тәртiпте сатылады;
2) заттай айғақтар, егер олардың сатылу тәртібін заңнамалық кесімдерге сәйкес сот айқындамаса осы ережеде белгіленген тәртiпте сатылады;
3) өзге де Мүлiктi салық органдары заңнамада көзделген тәртiппен аукциондарда, биржаларда, сондай-ақ сауда және өзге де мамандырылған ұйымдар (бұдан әрi - сауда ұйымы) арқылы сатады.
15. Салық органдары коммуналдық меншiкке түскен Мүлiктi сатуды жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша жүзеге асырады.
16. Мүлiктi сату мына тәртiптердi сақтай отырып жүргiзiледі:
1) ашық тауар биржалары арқылы заңнамада белгiленген олардың ең төменгi партиясының болуы кезiнде тауар биржалары арқылы сатылады;
2) сауда ұйымдары арқылы:
жарамдылық (сақталу) мерзiмi шектелген азық-түлiк тауарлары;
пайдаланылған өндiрiстiк тауарлар (көлiк құралдарынан басқа);
жекелеген даналары мемлекет меншiгiне көшкен тауарлар сатылады (көлiк құралдарынан басқа);
3) өзге де Мүлiк аукционда сатылады.
17. Санитарлық-эпидемиялық сараптама пайдалануға жарамсыз деп таныған азық-түлiк тауарларды заңнамаға сәйкес аумақтық салық органдары жанында құрылған комиссия жояды.
5. Қорытынды ережелер
18. Мүлiк сатудан түскен қаражат заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет бюджетi кiрiсiне толық көлемде аударылады.
19. Мүлiктi есепке алу, бағалау, сақтау, салып жiберуге байланысты шығындар және сату жөніндегі өзге де шығындар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
20. Тарих және мәдениет ескерткiштерiне жататын заттарды (көмбе) тауып алған және өткiзген адамға, сондай-ақ мұндай көмбе табылған жер учаскесiн пайдаланушыға немесе жылжымайтын мүлiк иесiне Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгiленген сыйақы төлемiн төлеудi заңнамада айқындалған тәртiпте республикалық бюджет қаражатынан уәкiлеттi мемлекеттік орган жүргiзедi.
21. Мемлекет меншiгiне түскен Мүлiк негiзiндегі сот кесiмi күшiн жойған жағдайда (тиiстi бөлiкке өзгерістер енгiзiлген), салық органы мүлiктi заттай қайтаруды жүргізедi. Ал, егер Мүлiк сатылған жағдайда, заңнамада белгiленген тәртiппен уәкілеттi мемлекеттік орган сатудан түскен қаражат шегiнде оның құнын өтеудi жүргiзедi.
22. Мүлiктi есепке алу және одан әрi пайдалану жөніндегі лауазымды тұлғалардың iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен шағымдануы мүмкiн.