Мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерге
арналған бюджеттің атқарылуы және есептілік нысандарын (мерзімді
және жылдық) жүргізу жөніндегі қаржылық рәсімдердің
ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 16 ақпандағы № 255 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 25.07.02 ж. № 832 қаулысына сәйкес 2002 ж. 1 қаңтарынан осы қаулының күші жойылды
"Бюджет жүйесі туралы" 1999 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерге арналған бюджеттің атқарылуы және есептілік нысандарын (мерзімді және жылдық) жүргізу жөніндегі қаржылық рәсімдердің ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2000 жылғы 16 ақпандағы
№ 255 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН
Мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерге
арналған бюджеттің атқарылуы және есептілік нысандарын
(мерзімді және жылдық) жүргізу жөніндегі
қаржылық рәсімдердің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі қаржылық рәсімдер - мемлекеттік органдардың өз құзыретінің шегінде жүзеге асыратын және тиісті бюджеттердің кіріс және шығыс тізімдемесіне сәйкес бекітілген республикалық және жергілікті бюджеттерді атқаруға бағытталған жүйелі іс-қимылы.
2. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы олар бекітілген қаржылық жылдың 1 қаңтарында басталады және 31 желтоқсанында аяқталады.
Мемлекеттік мекемелердің өздеріне ағымдағы қаржы жылына көзделген бюджеттік қаржыны жұмсауға құқығы өткен қаржы жылында қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген бекітілген бюджеттік шығыстар бойынша, сондай-ақ есепті кезең ішінде жүргізілетін ресми трансферттерді бюджетке есепке алу бойынша қорытынды операцияларды қоспағанда, 31 желтоқсанда тоқтатылады. Есепті кезеңнің ұзақтығын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей аяқтау мерзімімен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Қаржы министрлігі) белгілейді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды.
3. Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің қаражаты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі Бірыңғай қазынашылық шотта, жергілікті бюджеттердің қаражаты - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қазынашылығының тиісті аумақтық органдарындағы (бұдан әрі - Қазынашылықтың аумақтық органдары) ағымдағы шоттарда сақталады.
4. Республикалық бюджетті кассалық атқаруды және жергілікті бюджеттердің шоттарын жүргізуді заңдарда белгілеген тәртіппен Қазынашылықтың аумақтық органдары жүзеге асырады.
5. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы осы бюджеттердің кірістері мен шығыстарының бекітілген жылдық сомаларын айлар бойынша бөлуге сәйкес жасалатын және осы Ережеде белгіленген тәртіппен оларға өзгерістер енгізу жолымен нақтыланатын барлық деңгейлердегі республикалық және жергілікті бюджеттерінің кірістері мен шығыстары тізімдемесінің негізінде жүзеге асырылады.
6. Республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің есептілік нысандарын, оны жүргізудің тәртібін, ұсынудың мерзімдерін, сондай-ақ оны жасауға қойылатын негізгі талаптарды Қаржы министрлігі белгілейді.
2. Республикалық және жергілікті бюджеттердің
кірістері мен шығыстарының тізімдемесі
7. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының тізімдемесі - оған сәйкес Қазақстан Республикасының бюджеттік жіктелуінің функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалары бойынша бекітілген республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын ай сайынғы атқару жүзеге асырылатын жоспарды білдіретін құжат.
8. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының тізімдемесі, тұтастай алғанда, жыл бойынша тепе-теңестірілуі тиіс, яғни шығыстардың көлемі кірістердің көлемімен тең болуы тиіс.
ЕСКЕРТУ. 8-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
9. Республикалық және жергілікті бюджеттер кірістерінің тізімдемесі бюджетке төленетін төлемдердің белгіленген мерзімдеріне сүйеніп, сондай-ақ алдағы жылдардағы кірістердің орташа айлық түсімдерінің қарқыны, мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі мен бағалы қағаздар рыногындағы сұраныс пен ұсыныстардың деңгейін талдау, жасалған несиелік келісімдер мен заем туралы шарттардың (келісімдердің) талаптары ескеріле отырып жасалады.
10. Республикалық және жергілікті бюджеттер шығыстарының тізімдемесі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бекітетін және тиісінше Қаржы министрлігіне және жергілікті бюджеттерді жасауды және атқаруды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар уәкілеттік берген жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдарға (бұдан әрі - жергілікті қаржы органдары) ұсынатын шығыстардың жиынтық сметаларының негізінде жасалады.
11. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шығыстарының жиынтық сметасы бюджеттен мемлекеттік мекемелерді ұстауға және нақты бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) орындауға бөлінетін қаражаттың көлемін, мақсатты бағытталуын және айлар бойынша бөлінуін айқындайтын негізгі құжат болып табылады.
12. Шығыстардың жиынтық сметаларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қаржы министрлігі бекітетін бюджеттің шығыстарын экономикалық жіктеу ерекшелігінің құрылымына сәйкес шығыстардың экономикалық жіктелуі жөніндегі 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әрбір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) үшін жеке жасайды және бекітеді.
13. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер шығыстарының сметасын жасаудың және бекітудің ережесін Қаржы министрлігі белгілейді.
14. Шығыстар сметаларының көлемі олардың әрбір ерекшелігі бойынша жоспарланатын жылға арналған бюджетті бекіту кезінде ескерілген есептерге сәйкес келуі тиіс.
15. Қаржы министрлігі өзі белгiлеген мерзiмдерде, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген жылдық сомалардың проценттері түрінде жылдық тағайындауларды бөлудің айлық лимиттерін жолдайды. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi Қаржы министрлігіне өзi белгiлеген мерзiмдерде берiлген айлық лимиттердiң шегiнде шығыстардың жиынтық сметаларын ұсынады.
Жергілікті қаржы органдары тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді жергілікті атқарушы органдар бекіткеннен кейін, бірақ Қаржы министрлігі белгілеген мерзiмдерде, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жергілікті өкілді органдардың тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімдерімен бекітілген жылдық сомаларды бөлудің айлық лимиттерін жолдайды. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қаржы министрлігі белгілеген мерзiмдерде тиісті жергілікті қаржы органдарына берілген айлық лимиттердің шегінде шығыстардың бекітілген жиынтық сметаларын ұсынады.
ЕСКЕРТУ. 15-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
16. Қаржы министрлігі мен жергілікті қаржы органдары жоспарланған жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей тиісінше республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстары тізімдемесінің жобасын жасайды.
17. Республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарының тізімдемесін Қазақстан Республикасының Қаржы министрі бекітеді. Республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстары тізімдемесінің бір данасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне ұсынылады.
Жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының тізімдемесін жергілікті қаржы органының басшысы бекітеді. Жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстары тізімдемесінің бір данасы Қазынашылықтың тиісті аумақтық органына ұсынылады.
ЕСКЕРТУ. 17-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
18. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi Қаржы министрлігі белгiлеген мерзiмдерде өздерiнiң ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерiне 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығыстардың жеке сметаларын, сондай-ақ оларға есептемелердiң көрсеткіштерiн бекiтедi және қоса бередi.
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығыстардың жеке сметаларын, сондай-ақ оларға есептемелердiң көрсеткiштерiн бекiтудi және берудi өздерiнiң ведомстволары мен аумақтық органдарына табыстауға құқылы.
ЕСКЕРТУ. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
19. Жоғары тұрған бюджеттерден алынатын сомалар төмен тұрған бюджеттер кірістерінің тізімдемесінде жоғары тұрған бюджеттер шығыстарының тізімдемесіндегі сияқты осындай көлемдерде және қаржы жылының сол айларында көзделеді, ал жоғары тұрған бюджеттерге берілетін сомалар төмен тұрған бюджеттер шығыстарының тізімдемесінде жоғары тұрған бюджеттер кірістерінің тізімдемесіндегі сияқты осындай көлемдерде және сол айларда есептеледі.
Қаржы министрлігі республикалық бюджеттен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ресми трансферттердің сомаларын, республикалық бюджеттен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін бюджеттік несиелердің сомаларын, республикалық бюджеттен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бұрын берілген бюджеттік несиелерді өтеу сомаларын айлар бойынша бөлуді облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына хабарлайды.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органы қалалар мен аудандардың бюджеттеріне берілетін ресми трансферттердің сомасын қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына хабарлайды.
Бюджеттік алулардың сомасын айлар бойынша бөлу заңдарда белгіленген тәртіппен айқындалады.
20. Егер Қазақстан Республикасының Парламенті 15 желтоқсанға дейін мерзімде кезекті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда, Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің "Алдағы қаржы жылының 1-тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар туралы" Жарлығымен бекітілетін көлемде республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарының қаржы жылының 1-тоқсанына арналған уақытша тізімдемесін жасайды және бекітеді.
Егер жергілікті өкілді орган қаржы жылының 1 қаңтарына дейін тиісті жылына арналған жергілікті бюджетті бекіту туралы шешім қабылдамаған жағдайда, онда ол бекітілгенге дейін тиісті жергілікті қаржы органы ағымдағы қаржы жылына арналған жылдық жергілікті бюджет жобасының 1/4 бөлігі мөлшерінде жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының бірінші тоқсанға арналған уақытша тізімдемесін жасайды және бекітеді.
3. Республикалық және жергілікті бюджеттердің
шығыстарын қаржыландыру жөніндегі рәсімдер
21. Бюджеттерден қаражат тиісінше барлық деңгейлердегі республикалық және жергілікті бюджеттерінде көзделген шығыстарына ғана бөлінеді.
22. Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражат жұмсауын қаржыландыру бюджетті атқару процесінде оларға заңдарда белгіленген тәртіппен енгізілген өзгерістер ескеріле отырып, тиісті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының тізімдемелері негізінде жүргізіледі.
23. Қаржы министрлігі республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін уақытында қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке түсетін түсімдер болжамдарының республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландырудың және Бірыңғай қазынашылық шоттағы ақшалардың қалдықтарының негізінде ай сайын ағымдағы айдың 5-іне дейін ағымдағы қаржы айына арналған ақшаның болжамды көлемін айқындайды.
24. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі, бюджеттік бағдарлама, кіші бағдарлама және ерекшелік бойынша республикалық бюджеттің қаражатын жұмсауды қаржыландырудың ағымдағы қаржы айына арналған лимиттерінің көлемін ақшаның, секвестрлеуге жатпайтын республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың болжамды көлемін, сондай-ақ үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету сомаларын, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік қаржыға деген айлық қажеттілігін ескере отырып, республикалық бюджет шығыстарының бекітілген тізімдемесі шегінде Қаржы министрлігі бекітеді.
25. Егер республикалық бюджетке ақшаның іс жүзіндегі түсуі болжамды көрсеткіштерден төмен болған жағдайда, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі бойынша қаржыландыру лимиттерінің көлемдерін шығыстардың мынадай басымдылығын:
- үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды;
- атқарылмауы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің кредиторлық берешегінің пайда болуына әкеп соқтыратын шығыстарды;
- қаржыландырылуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімдерінің негізінде жүзеге асырылатын шығыстарды;
- басқа да шығыстарды ескере отырып Қаржы министрлігі белгілейді.
26. Үкіметтік сыртқы заемдардың есебінен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі қаржылық рәсімдер Қаржы министрлігі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
27. Іске асырылуына арналған қаражат қаржы жылының ішінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілеріне бөлінетін республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыны бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы бағдарламалар бойынша қаражат бөлу туралы шешімдерінің негізінде жүргізіледі.
28. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржыландыру көлемін осы Ереженің 35-тармағында айтылған талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін белгілі бір кезеңде республикалық бюджетке түсетін іс жүзіндегі түсімдердің негізінде кезең-кезеңмен жүргізілетін республикалық бюджеттік бағдарламалардың тізбесін белгілеуге құқылы.
29. Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті республикалық бюджеттің қаражатты жұмсауын қаржыландыру лимиттерінің негізінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қазынашылық рұқсат береді.
30. Қаржы министрлігі бірыңғай қазынашылық шотта дебеттік сальдо пайда болған жағдайда түсімдерді арттыру не бюджеттің ақшасын пайдалануға Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті берген рұқсаттар бойынша аудару операцияларын толық немесе ішінара уақытша тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды.
31. Жергілікті қаржы органы жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін уақытында қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттердің шоттарына ақшаның жергілікті бюджеттердің шоттарына іс жүзінде түсуінің сомасын, секвестрлеуге жатпайтын жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың көлемін, жергілікті атқарушы органдардың борышына қызмет көрсету және оны өтеу жөніндегі шығыстардың көлемін және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік қаржыға қажеттілігін ескере отырып, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі, бюджеттік бағдарлама, кіші бағдарлама және жергілікті бюджет шығыстарының тізімдемесіне сәйкес ерекшелік бойынша тиісті жергілікті бюджеттің қаражатын жұмсауды қаржыландырудың ағымдағы лимиттерін айқындайды.
Егер ақшаның жергілікті бюджетке іс жүзіндегі түсуі жоспарлы көрсеткіштерден төмен болған жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша қаржыландыру лимиттерінің көлемін шығыстардың мынадай басымдылығын:
- жергілікті атқарушы органдардың борышын өтеу және оған қызмет
көрсету жөніндегі шығыстарды;
- атқарылмауы жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің кредиторлық берешегінің пайда болуына әкеп соқтыратын шығыстарды;
- қаржыландырылуы жергілікті атқарушы органдардың шешімдері негізінде жүзеге асырылатын шығыстарды;
- өзге де шығыстарды ескере отырып жергілікті қаржы органы белгілейді.
32. Қаржыландыру лимиттерінің негізінде жергілікті қаржы органы жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қаржылық рұқсат жазып береді.
33. Мемлекеттік мекемелерге бюджеттік қаражатты жұмсауға арналған рұқсат шығыстардың бекітілген сметалары болған кезде ғана берiледi.
ЕСКЕРТУ. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
34. Егер лимиттер бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің арасындағы трансферттерді жүзеге асыруға ашылатын болса, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыландыру лимиттерін төмен тұрған бөлушілерге аударуының, бюджеттік ақшаны жоғары тұрған және төмен тұрған бюджеттердің кіріс шоттарына аударуының, бюджеттік ақшаны мемлекеттік мекемелердің бюджеттік шоттарынан, оның ішінде тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) берушілердің есеп шоттарына аударудың тәртібін Қаржы министрлігі белгілейді.
4. Бюджетті нақтылау және бюджеттің кірістері мен
шығыстарының тізімдемесіне өзгерістер енгізу
және қаржыландыру лимиттері
35. Бюджет тапшылығының белгіленген деңгейін арттыру не оны атқару барысында кіріс көздері түсімдерінің төмендерінің төмендеуі кезінде шығыстарды қысқарту және бюджетті несиелендіру, бірақ бекітілген соманың 10 процентінен артық емес, туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар қабылдайды, ал 10 проценттен артық - Республикалық бюджет туралы заңға және мәслихаттардың тиісті шешімдеріне өзгерістер енгізу жолымен қабылданады.
Егер республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы барысында орындауға бекітілген бюджетте қаражат көзделмеген қосымша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландырудың не түсімдердің немесе бюджет тапшылығын қаржыландырудың көлемдерін тиісінше өзгерту арқылы белгілі бір бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жылдық соманы арттырудың қажеттілігі пайда болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Парламентіне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын енгізеді, ал жергілікті атқарушы органдар тиісті мәслихатқа тиісті жергілікті бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу туралы ұсыныс енгізеді.
Республикалық бюджетті нақтылау Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа да заң шығарушылық бастамашылықтардың негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
36. Ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылаған жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстардың сметаларын, ал Қаржы министрлігі - республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарының тізімдемесін нақтылайды.
Ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді нақтылаған жағдайда жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстардың сметаларын, ал жергілікті қаржы органдары - жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының тізімдемесін нақтылайды.
37. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарына оларды атқару процесінде өзгерістер енгізу:
ағымдағы жылы қабылданатын және ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттің атқарылуына қатысты Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының;
жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің;
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар сметасының өзгеруіне арналған өтініштерінің негізінде жүргізіледі.
38. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының тізімдемесіне өзгерістер енгізу кезінде:
тұтастай алғанда жыл бойынша және әрбір ай бойынша кірістер мен шығыстардың тепе-теңдестірілуін сақтау;
жоспарлы тағайындаулардың, қаржыландыру лимиттерінің және кассалық шығыстардың арасындағы сәйкестікті сақтау;
кемітілетін ерекшеліктер бойынша кредиторлық берешектің бар немесе жоқ екендігін ескеру;
Қазынашылықтың аумақтық органдарында тіркелген тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) берушілердің алдында міндеттемелердің бар-жоғын ескеру қажет.
39. Ерекшеліктер бойынша жоспарлы тағайындауларды және қаржыландыру лимиттерін кеміту шегінде белгіленген тәртіппен міндеттемелер қабылданбаған және тіркелмеген сомаға жүргізіле алады. Ерекшеліктер бойынша жоспарлы тағайындауларды және қаржыландыру лимиттерін арттыру оларды басқа ерекшеліктер бойынша кемітудің есебінен бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша жылдық сомалардың шегінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Егер ағымдағы қаржы жылының ішінде Республикалық бюджет туралы заңға немесе жергілікті өкілді органның жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізген кезде бюджеттік тағайындауларды, қаржыландыру лимиттерін және олардың есебінен жүргізілген кассалық шығыстарды бір бюджеттік бағдарламадан, кіші бағдарламадан, ерекшеліктен екінші бюджеттік бағдарламаға, кіші бағдарламаларға, ерекшелікке аудару талап етілсе, мемлекеттік мекеменің өтінімі бойынша шарттарды заңдарда белгіленген тәртіппен қайта тіркеу жүзеге асырылады.
Бұдан кейін Қазынашылықтың аумақтық органдары бюджеттік тағайындауларды, қаржыландыру лимиттерін және олардың есебінен жүргізілген кассалық шығыстарды бір бюджеттік бағдарламадан, кіші бағдарламадан, ерекшеліктен екінші бюджеттік бағдарламаға, кіші бағдарламаларға, ерекшелікке ауыстыруды жүзеге асырады.
40. Ерекшеліктер бойынша республикалық бюджет шығыстарының жылдық сомасын өзгерту ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бағдарламалар мен ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында көзделген кіші бағдарламалар бойынша қаржының шегінде жүзеге асырылады.
Ерекшеліктер бойынша жергілікті бюджет шығыстарының жылдық сомасын өзгерту жергілікті өкілді органның ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімінде көзделген бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша қаржының шегінде жүзеге асырылады.
41. Бюджетке түсімдердің және оның тапшылығын қаржыландыруды (профицитін пайдалануды) өтеудің көлемін өзгерту бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) көлемін сақтау шартымен ғана жүзеге асырыла алады.
42. Нақты ерекшелік бойынша шығыстардың жылдық сомасының шегінде айлар бойынша және бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша жылдық соманың шегінде ерекшеліктердің арасындағы шығыстардың тізімдемесін нақтылау тиісті негіздемелерімен бірге Қаржы министрлігіне немесе бюджеттің деңгейіне қарай тиісті жергілікті қаржы органына ұсынылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстардың сметасын өзгертуге арналған өтінімдерінің негізінде жүзеге асырылады.
Өтінім енгізілетін өзгерістердің сипаттамасы мен негіздемесін, бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша кредиторлық берешектердің болуына немесе жоқтығына растаманы қамтуы тиіс және оған бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы қол қояды.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ерекшелік бойынша шығыстардың жылдық сомасының шегінде айлар бойынша шығыстардың сметасын нақтылау кезінде айлар бойынша кірістер мен шығыстардың белгіленген балансын сақтау үшін бір мезгілде түзетілетін шығыстың түрін айқындайды.
ЕСКЕРТУ. 42-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
43. Қаржы министрлігі немесе жергілікті атқарушы орган тиісінше республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің немесе жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімін қарайды, енгізілетін өзгерістер бойынша негіздемені мен есептемелерді, бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша кредиторлық берешектердің болуын немесе жоқтығын тексереді, ағымдағы жылдың өткен айлары үшін жоспарлы тағайындаулар өзгерген жағдайда, түзетілетін жоспарлы соманы жыл басынан бөлінген қаржыландыру лимиттерімен салыстырады және тиісті бюджет шығыстарының тізімдемесіне (қаржыландыру лимиттеріне) өзгеріс енгізеді.
ЕСКЕРТУ. 43-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.02.08. № 210
қаулысымен.
44. Қаржы министрлігі республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің шығыстарының сметасын өзгертуге және республикалық бюджеттің шығыстар тізімдемесіне (қаржыландыру лимиттеріне) өзгерістер енгізуге арналған өтінімдерін қарауды бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің шығыстар сметасын өзгертуге және жергілікті бюджет шығыстарының тізімдемесіне (қаржыландыру лимиттеріне) өзгерістер енгізуге арналған өтінімін жергілікті қаржы органы үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.
45. Республикалық және жергілікті бюджеттер шығыстарының тізімдемесі өзгерген жағдайда республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің шығыстар сметасына тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс.
46. Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістер мен шығыстар тізімдемесін өзгертуге арналған өтінімдер мен анықтамалардың нысанын Қаржы министрлігі айқындайды.