Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының
мемлекеттік наградалары туралы" заң күші бар Жарлығына өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының
1999 жылғы 26 шілдедегі № 462-1 Заңы
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы заң күші бар № 2676 Жарлығына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 143-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 18, 366-құжат; 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1999 жылы 9 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 1999 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. Тақырып мынадай редакцияда жазылсын: "Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы".
2. Кіріспе алып тасталсын.
3. 23, 29, 33, 45-баптарда "осы Жарлықта", "осы Жарлықтың", "осы Жарлық" деген сөздер тиісінше "осы Заңда", "осы Заңның", "осы Заң" деген сөздермен ауыстырылсын.
4. 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Бір адам дәрежелері бар наградалардан басқа ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, сол орденмен немесе медальмен екі мәрте наградталмайды.
Құрметті атақтар қайталап берілмейді.
Еліміздің мүддесін қорғау үстінде көрсеткен батылдығы, ерлігі, қаһармандығы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау қайтыс болғаннан кейін де жүргізілуі мүмкін.";
5. 10-баптың екінші бөлігінде "Алтын жұлдыз" деген сөздерден кейін "және "Отан ордені" деген сөздермен толықтырылсын.
6. 11-бап мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
- "Барыс" (Барс)"
7. Мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
"12-1-бап. "Барыс" орденімен наградтау:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту ісіндегі;
- бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етудегі;
- мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі;
- халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы, ұлттық мәдениеттерді, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды жақындастыру мен оларды өзара байытудағы ерекше еңбегі үшін жүргізіледі.
"Барыс" ордені үш дәрежеден тұрады:
- I дәрежелі "Барыс"
- II дәрежелі "Барыс"
- III дәрежелі "Барыс"
I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау III дәреже, және II дәреже және I дәреже ретінде жүргізіледі.
Айрықша жағдайларда ерекше көзге түскені үшін мемлекет Басшысының шешімімен реттілік ескерілмей наградтау жүргізілуі мүмкін.
8. 13 және 14-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"13-бап. "Даңқ" орденімен Қарулы Күштердің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың жоғары офицерлік құрамдағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының басшы құрамдағы адамдары:
- әскерлерге басшылық жасау және оларды басқару ісіндегі табыстары, әскерлердің жоғары жауынгерлік даярлығы және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін;
- әскери, шекаралық және ішкі қызметті үздік ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті сақтауды нығайтқаны үшін наградталады.
"Даңқ" ордені екі дәрежеден тұрады:
- I дәрежелі "Даңқ";
- II дәрежелі "Даңқ".
I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.
14-бап. "Айбын" орденімен Қарулы Күштердің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері:
- жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда және әскери техниканы игеруде, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін;
- әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін наградталады.
"Айбын" ордені үш дәрежеден тұрады:
- I дәрежелі "Айбын";
- II дәрежелі "Айбын";
- III дәрежелі "Айбын".
I және II дәрежелі "Айбын" ордендерімен офицерлердің кіші және аға құрамдарындағы адамдар наградталады.
I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау: II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.
III дәрежелі "Айбын" орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер және мичмандар наградталады.".
9. 16-бап мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
"Достық" ордені екі дәрежеден тұрады:
- I дәрежелі "Достық";
- II дәрежелі "Достық".
Наградтау реттілік ескерілмей жүргізілуі мүмкін.".
10. 20-баптың бірінші бөлігіндегі "Мемлекеттік тергеу комитеті" деген сөздер алып тасталсын.
11. 24 және 25-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"24-бап. Қазақстан Республикасында мынадай құрметті атақтар белгіленеді:
- "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" (Заслуженный деятель Казахстана);
- "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" (Летчик-космонавт Казахстана).
25-бап. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары:
- "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" - Республикаға сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік саланың өкілдеріне;
- "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" - белгіленген ғарыштық ұшу бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және практикалық міндеттерді мінсіз орындаған азаматтарға беріледі.".
12. 33-бап мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
"Орден белгісін иық лентасына тағу кезінде ол оң иық арқылы өтеді. Осы орденнің жұлдызы сол жақ омырауға ордендерден солға қарай орналасады.
Наградталған адамдар ордендер мен медальдардың орнына белгіленген үлгідегі наградалар рәмізін тағып жүре алады.".
13. Мынадай мазмұндағы 33-1-баппен толықтырылсын:
"33-1-бап. Наградталушыда бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет мемлекеттердің мемлекеттік наградалары болған жағдайда КСРО-ның және шет мемлекеттердің наградалары осы Заңның 11 және 18-баптарында белгіленген ретпен Қазақстан Республикасының наградаларынан кейін тағылады.".
14. 36 және 37-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"36-бап. "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр-Ана" атағына ие болған көп балалы аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі. Отбасы мүшелерімен бірге тұрғын жайды ұстап-күтуге, сондай-ақ коммуналдық қызметке шығыстарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
37-бап. "Күміс алқа" алқасымен наградталған көп балалы аналарға жеңілдіктер жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен белгіленуі мүмкін.".
15. Мынадай мазмұндағы 39-1 баппен толықтырылсын:
"39-1-бап. Мемлекеттік наградалармен наградталған Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың наградталуы туралы құжаттары болған жағдайда, бұл наградаларды Республикадан тыс жерге алып кетуге құқығы бар.
Бағалы металдардан жасалған мемлекеттік наградаларды алып кету тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.".
16. 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"44-бап. Осы Заң күшіне енгенге дейін "Отан", "Даңқ" ордендерімен наградталған, айырымның ең жоғары дәрежесі - "Халық Қаһарманы" атағына, республиканың құрметті атақтарына ие болған азаматтарға жергілікті өкілді органдар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жеңілдіктер беруге құқылы."
Қазақстан Республикасының Президенті