2. Талап қоюға қарсылық білдірілген жағдайда талап қоюды қамтамасыз етуде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Сот шешімнің заңды күшіне енуімен бір мезгілде талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар өз күшін сот шешімі орындалғанға дейін сақтайды.
3. Қаржы ұйымын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы істі қарайтын сот, қаржы ұйымын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған жағдайда қаржы ұйымына немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдау жүргізу туралы шешім қабылдағанға дейін соттар қабылдаған талап-арызын қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.
164-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ұйғарымдарға шағымдану
1. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі барлық ұйғарымға жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
2. Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамдарға хабарламай шығарылса, шағым беру мерзімі оған бұл ұйғарым белгілі болған күннен бастап есептеледі.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға жеке шағым беру бұл ұйғарымның орындалуын тоқтатпайды.
4. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы немесе талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түріне ауыстыру туралы ұйғарымға жеке шағым беру немесе наразылық келтіру ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
165-бап. Талап қоюды қамтамасыз етумен келтірілген залалдарды жауапкерге өтеу
Сот талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талап қоюшыдан жауапкер үшін мүмкін болатын залалдарды қамтамасыз етуді талап етуі мүмкін. Жауапкер талап қоюда бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін талап қоюшыға оның өтініші бойынша қабылданған оған талап қоюды қамтамасыз ету шараларымен келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
16-тарау. Істі сотта қарауға әзірлеу
166-бап. Істі әзірлеудің міндеттері
1. Арызды қабылданғаннан және азаматтық істі қозғағаннан кейін судья оны уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатымен сотта іс қарауға істі әзірлейді.
2. Сотта іс қарауға істі әзірлеудің әрбір іс бойынша міндетті міндеттері мыналар:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 167-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
167-бап. Істі сот талқылауына әзірлеу мерзімдері
Азаматтық істерді сот талқылауына әзірлеу, егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілуге тиіс. Алименттерді өндіріп алу туралы, мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы істерден басқа, ерекше күрделі істер бойынша, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша айрықша жағдайларда, бұл мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
168-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым
Судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады және жүргізілуге тиісті әрекеттерді көрсетеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
169-бап. Арыздың көшірмелерін және оған қоса тіркелген құжаттарды жауапкерге жіберу
1. Судья жауапкерге талап арыздың көшірмесін және талап қоюшының талаптарын негіздейтін оған қоса тіркелетін құжаттарды жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді міндеттейді.
2. Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 169-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
169-1-бап. Талап арызға пікір
1. Жауапкер сотқа талап қоюға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелерін талапкерге және іске қатысатын басқа да адамдарға жіберілгенін растайтын құжаттарды қоса тіркеп, талап арызға пікірді жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынады.
2. Пікір - сотқа, көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға олардың сот отырысы басталғанға дейін танысуына мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде ұсынылады.
3. Талап арызға жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы пікірді іске қатысатын өзге адамдар да ұсынуға құқылы.
4. Пікірде:
1) талап қоюшының атауы, оның тұрған немесе тұрғылықты жері;
2) жауапкердің атауы, оның тұрған жері; егер жауапкер азамат болып табылса, оның тұрғылықты жері;
3) заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ қарсылықты негіздейтін дәлелдемелерге сілтеме жасай отырып, мәлімделген талаптардың мәні бойынша қарсылықтар;
4) пікірге қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Пікірде істі дұрыс және уақтылы шешу үшін қажетті телефондардың, факстердің нөмірлері, электрондық почтаның мекенжайлары және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
5. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркеледі.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 170-бап өзгертілді
170-бап. Судьяның істі сотта қарауға әзірлеу жөніндегі іс-әрекеттері
Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сотта қарауға әзірлеу тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жүргізеді:
1) талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтап алады, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қарсы қандай қарсылықтары бар екенін және осы қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды, жауапкерге оның процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) іске тең талап қоюшылардың, тең жауапкерлердің дербес талаптарсыз үшінші тұлғалардың кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы мәселені шешеді;
4) тараптарға олардың дауды медиация тәртібімен шешу не осы дауды шешу үшін төрелікке немесе аралық сотқа жүгіну құқығын және мұндай әрекеттiң салдарларын түсiндiредi;
4-1) тараптардың кәсіби медиаторлар ұйымдарының медиация рәсімінің тәртібі мен қағидаттарының түсіндірмесін алуын қамтамасыз етеді;
4-2) кәмелетке толмаған талапкердің немесе жауапкердің заңды өкілдеріне олардың істі тиісті тараптың тұрғылықты жері бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа соттылығы бойынша беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді;
5) оның нәтижесіне мүдделі азаматтар мен ұйымдарға істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарлайды;
6) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
7) тараптардың өтініші бойынша және өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске маманды, аудармашыны қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;
8) тараптардың өтініші бойынша ұйымдардан немесе азаматтардан дәлелдемелер талап етеді;
9) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдары хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеруді жүргізеді;
10) сот тапсырмаларын жібереді;
11) талап қоюды қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді;
12) талапкердің өтініші бойынша оның берген арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
13) өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттерін жасайды.
171-бап. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және ажырату
1. Егер талаптарды ажыратып қарау неғұрлым дұрыс болса, судья талап қоюшы біріктірген талаптардан біреуін немесе бірнешеуін бөліп жеке іс жүргізуге алады.
2. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде судья, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немесе бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы.
3. Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы.
172-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату және істі сотта қарауға әзірлеген кезде арызды қараусыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 242, 243-баптарында, 247-бабының 1) - 5) тармақшаларында және 249-бабының 1) - 5), 8), 9) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған жағдайда оны сотта қарауға әзірлеу кезінде іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы не арыздың қараусыз қалдырылуы мүмкін.
2. Тараптарға мұндай іс жүргізу әрекеттерінің салдарлары түсіндіріледі.
173-бап. Істі сотта іс қарауға тағайындау
Судья істі дайын болды деп тани отырып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және процестің басқа да қатысушыларына істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен кодекс 16-1-тараумен толықтырылды
16-1-тарау. Татуласу келісімі
173-1-бап. Тараптардың татуласуы
1. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, оларға дауды реттеуде жәрдемдеседі.
2. Тараптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен татуласу келісімін жасасып немесе өзге де татуластыру рәсімдерін пайдалана отырып, дауды реттей алады.
173-2-бап. Татуласу келісімін жасасу
1. Тараптар процестің кез келген сатысында және сот актісінің орындалуы кезінде татуласу келісімін жасаса алады.
2. Егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын және егер сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделері қозғалатын болса, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою бойынша іс жүргізудің кез келген ісі бойынша татуласу келісімі жасалуы мүмкін.
3. Татуласу келісімі басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және заңға қайшы келмеуге тиіс.
4. Татуласу келісімін сот бекітеді.
173-3-бап. Татуласу келісімінің нысаны мен мазмұны
1. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері өздерінде сенімхатта немесе өкілдің өкілеттігін растайтын өзге де құжатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасасуға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.
2. Татуласу келісімінде тараптардың бір-бірінің алдындағы немесе бір тараптың екіншісінің алдындағы міндеттемелерінің шарттары, мөлшері және оларды орындау мерзімдері туралы келісілген мәліметтер қамтылуға тиіс.
Татуласу келісімінде жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру туралы немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.
3. Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, сот бұл мәселені татуласу келісімін осы Кодексте белгіленген жалпы тәртіппен бекіту кезінде шешеді.
4. Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамдардың санынан бір данасы артық данада жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналарының біреуін іс материалдарына қоса тігеді.
173-4-бап. Соттың татуласу келісімін бекітуі
1. Татуласу келісімін іс жүргізуінде іс жатқан сот бекітеді. Егер татуласу келісімі сот актісін орындау процесінде жасалған болса, ол сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың бекітуіне немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
2. Сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені сот отырысында қарайды. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады.
3. Татуласу келісімін жасасқан және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған адамдар сот отырысына келмеген жағдайда, егер осы адамдардан осы мәселені өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыз түспесе, сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені қарамайды.
4. Сот татуласу келісімін бекіту туралы мәселені қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарады.
5. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді.
6. Сот ұйғарымында:
1) татуласу келісімінің бекітілгені немесе татуласу келісімін бекітуден бас тартылғаны;
2) татуласу келісімінің шарттары;
3) сот шығыстарын бөлу көрсетіледі.
Сот актісін орындау процесінде жасалған татуласу келісімін бекіту туралы сот ұйғарымында осы сот актісінің орындалуға жатпайтыны да көрсетілуге тиіс.
173-5-бап. Татуласу келісімін орындау
1. Татуласу келісімін оны жасасқан адамдар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.
2. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамның өтінішхаты бойынша сот беретін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
17-тарау. Сотта іс қарау
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңдарымен (бұр. ред. қара); 2014.14.01. № 161-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 174-бап өзгертілді
174-бап. Азаматтық істерді қараудың және шешудің мерзімдері
1. Азаматтық істер істі сот талқылауына әзірлеу аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Жұмысқа қайта алу туралы, алимент өндіріп алу туралы және мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде комиссиялардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істер бір айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Ереуiлдердi заңсыз деп тану туралы азаматтық iстер сотқа талап арыз келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қаралады және шешiледi.
2. Азаматтық істердің жекелеген санаттары үшін заңдарда өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін.
175-бап. Сот отырысы
Азаматтық істі қарау іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабардар ете отырып, сот отырысында жүргізіледі.
176-бап. Сот отырысында төрағалық етуші
1. Төрағалық етушінің міндетін судья атқарады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды.
2. Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылық білдірулер сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді.
3. Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 177-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
177-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша жүргізілуі
1. Сот істі қарау кезінде іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеруге, дыбысжазбаларды тыңдауға және бейнежазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, өзге де ақпарат өзгерту құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.
Тараптардың және іске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды сот нақты уақыт режімінде бейнебайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
2. Істі талқылау ауызша жүргізіледі. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда істі талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
178-бап. Сот отырысындағы тәртіп
1. Судья сот отырысы залына кірген кезде залдағы барлық қатысушылар орындарынан тұрады. Іс шешім шығарусыз аяқталатын сот шешімін немесе сот ұйғарымын сот отырысы залындағы жұрттың барлығы түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Процеске қатысушылар судьяға түрегеп тұрып жүгінеді және өздерінің айғақтары мен түсініктемелерін айтады. Осы ережені орындамауға төрағалық етушінің рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкін.
3. Процеске қатысушылар, сондай-ақ сот отырысы залындағы барлық азаматтар белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
179-бап. Сот отырысында тәртіп бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Істі қарау кезінде тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртіпті қайталап бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта іс қараудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады.
3. Іске қатыспайтын және істі қарау кезінде қатысушы азаматтар тәртіпті қайталап бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі.
2007.29.06. № 270-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Істі қарау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 180-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 180-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
180-бап. Сот отырысын ашу
1. Істі талқылау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді.
2. Сот сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарын (аудио-, бейнехаттаманы) пайдаланған кезде төрағалық етуші бұл туралы хабарлайды.
Сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында мұндай мәліметтерді көрсете отырып, бұл туралы сотқа баяндайды.
181-бап. Процеске қатысушылардың келуін тексеру
1. Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етуші келгендердің кім екенін анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді.
182-бап. Аудармашыға оның міндеттерін түсіндіру
1. Төрағалық етуші аудармашыға - оның сот жүргізіліп отырған тілді білмейтін адамдардың түсіндірмелерін, айғақтарын, мәлімдемелерін, ал бұл адамдарға іске қатысушы адамдар мен куәлардың түсіндірмелерінің, айғақтарының, мәлімдемелерінің, жария етілетін және істе бар құжаттардың, дыбыс жазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкімдерінің, сот қаулылары мен шешімдерінің мазмұнын аудару міндетін түсіндіреді.
2. Төрағалық етуші аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауапкершілік жөнінде ескертеді. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Аудармашы сотқа келуден немесе өз міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жаза белгіленуі мүмкін.
183-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығару
Келген куәлар сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етуші жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуіне шаралар қолданады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 184-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
184-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық білдіру құқығын түсіндіру
1. Төрағалық етуші сот құрамын жария етеді, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды және іске қатысушы адамдарға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді.
2. Қарсылық білдіру үшін негіздер, мәлімденген қарсылықты шешу тәртібі және осындай мәлімдеулерді қанағаттандыру салдарлары осы Кодекстің 40-43-баптарымен айқындалады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 185-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 185-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
185-бап. Iске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi iске қатысатын адамдар мен өкiлдерге олардың iс жүргiзу құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде тараптарға олардың дауды медиация тәртібімен шешу не осы дауды шешу үшiн төрелікке немесе аралық сотқа жүгiну құқығын және мұндай әрекеттiң салдарларын түсiндiредi.
186-бап. Соттың іске қатысушы адамдардың өтініштерін шешуі
Іске қатысушы адамдардың және өкілдердің істі қарауға байланысты мәселелер жөніндегі өтініштері іске қатысушы басқа адамдардың пікірлері тыңдалған соң сот ұйғарымдарымен шешіледі.
187-бап. Іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сот отырысына келмеу салдарлары
1. Іске қатысушы адамдар келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және бұл себептердің дәлелді екендігіне дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2. Іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда, оларға хабарланғаны жөнінде мәліметтер жоқ болса, істі қарау кейінге қалдырылады.
3. Егер іске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланса, олардың келмеу себептері дәлелді деп танылған жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған іске қатысушы адамдардың қайсыбірі келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептері дәлелсіз деп танылса, сот істі қарауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жауапкер болмаған жағдайда, сырттай іс жүргізу тәртібімен, егер келмеу себептері туралы мәліметтер жоқ болса не сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тапса, не жауапкер іс бойынша іс жүргізуді қасақана созып отыр деп таныса, сот істі қарауға құқылы.
5. Тараптар соттан істі олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешімнің көшірмесін жіберу туралы жазбаша өтінуге құқылы. Егер бұл істің мән-жайлары бойынша қажет болса, сот тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тани алады.
6. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланған іске қатысушы адам өкілінің келмеуі істі қарауға кедергі бола алмайды. Іске қатысатын адамның өтініші бойынша сот оның өкілі дәлелді себептермен келмеуіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыра алады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 188-бап өзгертілді
188-бап. Сот отырысына куәнің, сарапшының, маманның, аудармашының келмеу салдарлары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың істі олар жоқта қарау мүмкіндігі туралы пікірін тыңдап, сотта іс қарауды жалғастыру немесе оны кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкіндігі болмаса, сот істі қарауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер шақырылған куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелді емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Осы Кодекстің 119-бабына сәйкес олар сондай-ақ мәжбүрлеп келтірілуі де мүмкін.