«Салауатты өмір салты» кешенді бағдарламасы туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 маусымдағы № 905 қаулысы
(2006.06.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1260 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2006.06.01. № 22 Қаулысымен кіріспе өзгертілді (бұр. ред. қара)
Аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын ынталандыру бөлігінде ел Президентінің Қазақстан халқына "Қазақстан-2030" Жолдауының ережелерін және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған "Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасы бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2006.06.01. № 22 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Орталық атқарушы органдар, сондай-ақ облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері "Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын және жарты жылдың қорытындысы бойынша 20 қаңтардан және 20 шілдеден кешіктірмей Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне оның іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
ҚР Үкіметінің 2006.06.01. № 22 Қаулысымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Салауатты өмір салты» кешенді бағдарламасының іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Н. Балғынбаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1999 жылғы
30 маусымдағы
№ 905 қаулысымен
"бекітілген"
"Салауатты өмір салты" кешенді бағдарламасы
1. Паспорт
2. Кіріспе
3. Қазақстандағы проблеманың жай-күйiн талдау
4. Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi:
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiгi
6. Қажеттi ресурстар мен қаржыландыру көздерi
7. Бағдарламаны (2003-2005 жылдар) iске асырудан
күтiлетiн нәтижелер:
8. 2003-2005 жылдарға арналған "Салауатты өмір салты"
кешенді бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
ҚР Үкіметінің 29.12.02 ж. № 1446 қаулысымен 1-бөліммен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 30.12.03 ж. № 1357 (бұр. ред. қара); 2006.06.01. № 22 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 1-бөлім өзгертілді
1. Паспорт
Атауы "Салауатты өмiр салты" кешендi бағдарламасы
Әзiрлеудiң негiзi Ел Президентінің Қазақстан халқына
"Қазақстан-2030" Жолдауын, Қазақстан
Республикасының денсаулық сақтау ісін
реформалау мен дамытудың 2005-2010
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын
iске асыру және салтын ынталандыру
жолымен ауруды болдырмау мақсатында
Негiзгi әзiрлеушiлер Қазақстан Республикасының Денсаулық
сақтау министрлігі
Мақсаты Халықтың денсаулығын жақсарту
Мiндеттерi Республика халқының салауатты өмiр салтын
қалыптастыру;
салауатты өмiр салтының артықшылығы туралы
халықтың хабардар болуын арттыру;
алғашқы медициналық-санитарлық көмек
деңгейiнде денсаулықты нығайту;
аурудың алдын алу жүйесiн нығайту
созылмалы жұқпалы емес аурулардың,
жарақаттардың, жазатайым оқиғалардың
алдын алу және ерте анықтау жөніндегі
шараларды әзірлеу және жетілдіру
Қаржыландыру Республикалық бюджет қаражаты есебiнен
көздері 2003 жыл - 31 505,0 мың теңге
2004 жыл - 34 800,0 мың теңге
2005 жыл - 36 000,0 мың теңге
2006 жыл - 88590,0 мың теңге
2007 жыл - 93130,0 мың теңге
2008 жыл - 95907,0 мың теңге
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен
2006 жыл - 168254,7 мың теңге
2007 жыл - 187682,0 мың теңге
2008 жыл - 200646,1 мың теңге
Іс-шараларды іске асыру үшін қажетті
бюджет қаражатының көлемі тиісті
қаржы жылына арналған тиісті
бюджеттердің жобаларын әзірлеу және
қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады
Iске асыру мерзiмi 1999-2010 жылдар
1-кезең - 1999-2000 жылдар
2-кезең - 2001-2002 жылдар
3-кезең - 2003-2005 жылдар
4-кезең - 2006-2008 жылдар
5-кезең - 2009-2010 жылдар
ҚР Үкіметінің 29.12.02 ж. № 1446 (бұр. ред. қара); 2006.06.01. № 22 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 2-бөлім өзгертілді
2. Кіріспе
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа "Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-аухатының артуы" Жолдауында жеті ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі ретінде "Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім алуы және әл-аухатының артуы" айқындалған. Өз Жолдауында еліміздің Президенті денсаулық сақтаудың анағұрлым өзекті проблемаларына және оны шешуге барлық қоғамның қатысуына: ауруларды болдырмау және салауатты өмір салтын ынталандыруға; нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күреске; алкоголь мен темекіні пайдалануды қысқарту; әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту; тамақтануды жақсарту, қоршаған ортаның тазалығына және экологияға ерекше назар аударған.
"Қазақстан-2030" стратегиясына сәйкес салауатты өмір салтын қалыптастыру және ынталандыру мәселелерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы (бұдан былай ҚР мәтінде) Үкіметінің 3.12.97 ж. № 1678 қаулысымен ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі жанында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық Орталығы (СӨСҚП ҰО) құрылды. Осы кезде біздің елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі құрылған.
ҚР Президентінің 10.01.98 ж. № 18-И тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ "Халықтың денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасының қағидаларын орындау үшін ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі "Салауатты өмір салты" Республикалық кешенді бағдарламасын жасады, ол республикада салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық саясатын жүзеге асырудың тұжырымдамалық негізі және іс-әрекет жоспары болып табылады.
Бағдарламасының негізгі компоненттері: сапалы және тиімді тамақтану; есірткімен, алкогольмен және темекімен күрес; қауіпсіз секс, ВИЧ/СПИД-тің, жыныстық жолмен берілетін аурулардың, жұқпалы аурулардың алдын алу созылмалы жұқпалы емес аурулар, жарақаттар, жазатайым оқиғалар; дене тәрбиесі; денсаулық және қоршаған орта болып табылады. Бағдарламаның аталған компоненттерін жүзеге асырудағы басымдық бағыттар ретінде: ақпарат, білім, коммуникация; оқу бағдарламаларын жасау; қолданбалы жасалымдар; құқықтық орта; медициналық-санитарлық алғашқы көмек анықталған.
Қазақстан Республикасының Денсаулық Министрлігі алдын ала келісім арқылы басқа да министрліктер мен мекемелерді де қоса отыра осы бағдарламаның бас орындаушысы болып табылады.
Бағдарламаны орындауға республикалық және жергілікті бюджеттерде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бөлінген қаражаттар, сондай-ақ халықаралық донор ұйымдардың инвестицияларын тартылу жоспарлануда.
ҚР Үкіметінің 29.12.02 ж. № 1446 қаулысымен 1-тарау алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР Үкіметінің 29.12.02 ж. № 1446 қаулысымен тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Қазақстандағы проблеманың жай-күйiн талдау
ҚР Үкіметінің 2006.06.01. № 22 (бұр. ред. қара) қаулысымен 3-бөлім өзгертілді
Қоғамның әлеуметтік аман-саулығының деңгейін анықтайтын көрсеткіш болып табылатын халық денсаулығының күйі белгілі бір дәрежеде экономикалық, экологиялық және үлкен дәрежеде әлеуметтік факторларды айқындайды. Көп жылдар бойы қалыптасқан халықтың денсаулық күйінің көп өзгере қоймаған көрсеткіштері теріс үрдістерден арыла қойған жоқ. Халықтың өсуі мен бала туу қарқыны төмендеп келеді. Әйелдер мен балалар денсаулығын сипаттайтын көрсеткіштер төмен күйінде қалуда. Бұрынғысынша жалпы өлім-жітімнің көрсеткіші жоғары. Туберкулез, вирустық гепатит бойынша жағдай шиеленісуде, жыныс жолымен берілетін аурулар және СПИД бойынша жағдай бұрынғысынша алаңдатарлықтай.
1970-ші жылдардан бастап Қазақстан халқының өлім-жітім көрсеткіші біртіндеп өсе бастаған. 1980-ші жылдары жағдай бірыңғай тұрақтанған. Алдағы өмір сүрудің орташа ұзақтығының 1980 жылы 66,9 болған көрсеткіші 1990 жылы өзінің шыңына (68,7) жетті. Бірақ бұл сан әйелдерге қарағанда (73,4) ер кісілерде анағұрлым төмен (63,9) болды.
Алайда, бұл көрсеткіштер ДДҰ Европалық аймағындағы 50 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болатын. Соңғы (1990-1996) жылдары республика халқының алдағы орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші: ерлерде 59,7 жасты құрап 4,1 жылға және әйелдерде 70,4 жысты құрап 2,7 жылға күрт төмендеді. Жоғарыда айтылған мәліметтер Қазақстан халқының денсаулығы күйінің қолайлы жағдайда еместігінің куәсі.
ҚР облыстарындағы алдағы орташа өмір сүру көрсеткіші бір-бірінен өзгеше: алдағы орташа өмір сүру ұзақтығының ең төменгі көрсеткіші Қарағанды облысында (61,3) болса, ал ең жоғары көрсеткіші (66,6) Алматы облысында.
Бұл көрсеткіштің ер кісілерде 60 жастан асатыны екі облыста ғана (Алматы - 61,4, Оңтүстік Қазақстан - 61,2).
Қазақстан Республикасы алдағы орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Орталық Азиядағы 5 елдің ішінде Түркменстанның алдындағы соңғы орынды иеленеді. Бұл көрсеткіш Батыс Европа елдерінде Қазақстандағыдан 10-15 жылға артық.
Өлім-жітім мен алдағы орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштері жігіт жасындағы ер-азаматтардың бойындағы келеңсіздіктерді көрсетіп отыр. Мұндай жағдай экономикалық, әлеуметтік және адами тұрғыдан үлкен зиян шеккізеді. Сондықтан да салауатты өмір салтын дамытудың саяси стратегиясы қажет.
Стратегияны жасарда осы теріс құбылыстардың ғылыми түсіндірілуіне аяқ тіреу керек.
Созылмалы жұқпалы емес аурулар (бұдан әрі - СЖЕА) бүкіл әлемде өлім-жітім мен мүгедектіктің басты себебі болып табылады. Бүгінгі таңда СЖЕА-дан өлім-жітім деңгейі бойынша - Еуропа елдерінде 100 мың халыққа шаққанда - орта есеппен 300 адам болса, Қазақстан 100 мың халыққа шаққанда 809 адамнан келіп, Орталық Азия, ТМД елдерінің, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің арасында бірінші орын алып отыр.
Барлық СЖЕА арасында аурулардың жалпы құрылымына қосатын үлесі бойынша анағұрлым елеулілері жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, диабет және жалпы өлім-жітім құрылымының 50 процентін құрайтын тыныс алу мүшелерінің тән емес созылмалы аурулары болып табылады.
Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім өлім-жітімнің барлық себептері арасында алда тұр.
Қатерлі ісік диагнозы алғаш қойылған науқастар санының 20 проценті аурудың төртінші сатысында-ақ есепке алынады. Сырттан орын алған қатерлі ісіктерді, мысалы, сүт безі рагын кеш диагностикалаудың жоғары проценті ерекше алаңдаушылық туғызып отыр (56,1 проценті). Осының салдарынан, диагнозды белгілегеннен кейінгі бір жылдың ішінде науқастардың 14,7 проценті қайтыс болады, өмірдің 5 жылға ұзаруы 50 процентті құрайды. Мемлекет зор әлеуметтік және экономикалық залалға ұшырайды. Қымбат тұратын емдеуге және мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге арналған қаражат бір науқасқа 1,5 млн-нан астам теңгені құрайды. 65 жасқа дейінгі ер адамдар арасында рак салдарынан өлім-жітім Орталық Азия өңірінің басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда өте жоғары.
Өлім-жітім бойынша үшінші орында жарақаттар мен уланулар тұр, алайда, еңбекке қабілетті жастағы (16 - 62,5 жас) ер адамдардың өлім-жітімінің себептері арасында жарақаттар 2-орын алады. Соңғы жылдар ішінде жарақаттарға, улануларға және жазатайым оқиғаларға байланысты өлім-жітімнің өскені байқалады.
Жыл сайын 615 мыңнан астам жарақаттану мен улану оқиғалары тіркеледі.
Ең жоғары көрсеткіштер 15-17 жастағы топ жасөспірімдерінің арасында байқалып отыр.
Бронхиалдық демікпемен, қант диабетімен аурушаңдықтың жыл сайын үздіксіз өсуі Қазақстан үшін өзекті проблема болып қалып отыр.
Соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтары халықтың өмір сүру деңгейінің айтарлықтай төмендеп кетуіне, қоғамдық теңсіздіктерге және елдегі болып жатқан өзгерістерге психологиялық бейімделудің қиындықтарына әкеліп соқты. Мұның барлығы да халықтың денсаулығына өте кері әсерлерін тигізді.
Өлім-жітімнің негізгі себепшілерін анағұрлым төмен жастағы топтарда кең ауқымда аластатуға болады. Бұл себепшілердің қатер туғызу факторлары да жақсы таныс және де әлемдік зерттеулерде дәлелденген. Олар темекі тарту, маскүнемдікке салыну, дұрыс тамақтанбау (майды көп пайдалану, көкөністер мен жемістерді аз тұтыну), қимылдың аздығы және психикалық-әлеуметтік проблемалар болып табылады. Бұл факторларға экономикалық, әлеуметтік және табиғи айналаны, қолайсыз экологиялық жағдайлар мен кедейлікті қосыңыз.
Дене шынықтыру
Республикада 100 ересек адамның 8 ғана дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады, балалар мен жасөспірімдердің 5%-інде ғана мектептен тыс мекемелердегі спорт секцияларында шұғылдануға мүмкіндігі бар.
Жалпы алғанда қабылданған есептік үлгідегі нормативтердің спорт ғимараттарымен қамтамасыз етілу проценті аймақтағы халық санының: спорт залдары бойынша - 24,4%, жүзу бассейндері бойынша - 35,5%, жазықтық спорт ғимараттары бойынша - 19,9% шаңғы базалары бойынша - 37,9% құрайды.
Жалпы және кәсіби білім алушы оқушыларға арналған оқу сабақтарының көлемі ғылыми-негізделген нормативтерден 3-4 есе төмен. Арнайы медициналық топқа жатқызылған оқушылар мен студенттердің тек 47,3%-не ғана мамандандырылған топтарда сабақ алуына жағдай жасалған.
Балалардың жасөспірімдік спорт мектептерінің саны айтарлықтай төмендеп кеткен. Жаттықтырушы кадрлар 35%-ке, шұғылданатындардың саны 50%-тен артық қысқарған.
Ұйымдар мен мекемелерде, сондай-ақ халықтың тұратын және демалатын орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және алдын алу жұмыстары жүйесі жоқ. Диспансерлік және консультациялық қызметтер жүйесі, емдеу-алдын алу кабинеттері жоқ болды.
Дене тәрбиесі, көпшілік спорты мен дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған қосымша қаражаттарды тарту үшін материалдық ынталандыру және салық жеңілдіктері жүйесін қаржыландыру жеткілікті емес.
Тамақтану
Антропометрия мәліметтеріне сүйене отырып, 15 жастан жоғары халықтың 47% (30% ерлер және 53,0% әйелдер) тойып тамақтанбайды.
Жалпы республика бойынша бала табатын әйелдер 46% темір жетіспейтін анемиямен ауырады, темірдің жетіспеушілігінің ауыр емес түрі 70% жағдайда, ал анемияның ауыр түрі 2,8% жағдайда кездеседі. Ерте жастағы балалардың ішінде 69,2%-нің анемиясы бар, олардың ішінде үштен бірінде айқындалған анемия, 5%-інде оның ауыр түрі кездеседі.
Топырақтағы, судағы және тамақ өнімдеріндегі йодтың жетіспеушілігі жөнінен республиканың 14 облысының 11-і эндемиялық болып табылады, оңтүстік және шығыс аймақтардағы жағдай анағұрлым өте күрделі. Қазақстанның оңтүстігін мекендеген халықтың ішінде гипотиреоз (қалқанша без қызметінің нашарлауы) 6-8%-інде кездессе, ал гипотиреозбен сырқаттанған әйелдерден туған балалардың ішінде ол 14 процент. Неонтальді гипотиреоздің жиілігі 7,3%-ті құрайды. Емізулі әйелдердің ішінде гипогалактия (емшек сүтінің азаюы) республика бойынша орташа есеппен 32% құрайды. Нәрестелердің 40%-тен астамы 4 айлығынан бастап жасанды немесе аралас тамақтанады.
Республикада мамандандырылған емдік-алдын алу тамақ өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі жоқ.
Таңдап тексерулер халықтың тиімді тамақтану, тамақтанудың ерекшеліктері мен дәстүрлерін сақтау саласындағы білімділігі өте төмен екендігін көрсетіп отыр.
Темекі тарту
Темекі шегетіндердің саны және олардың Қазақстан халқы қоғамындағы әртүрлі топтардың ішіндегі таралуы туралы тексерілген тура мәліметтер жоқ, тек жекелеген зерттеулер ғана бар. "Қазақстан-Синди" бағдарламасының мәліметтері бойынша Алматы облысының Іле ауданында ерлердің 61,5% және әйелдердің 9,2% темекі тартады. Барлық жастағы топтардың ішінде ең көп темекі тартатындары 20-49 жас аралығында ерлер.
Темекіге байланысты өлімнің болжанған санының Европа аймағының шығыс бөлігінде тіркелген жоғарғы көрсеткіштері ерлерде ДДҰ мәліметтері бойынша бірінші орында Қазақстан тұр.
Транснациональды темекі компаниялары экономикалық тұрақсыздық пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы саясаттың әлсіздігін пайдалана отырып жаңа клиенттерді өзіне тартуда.
Жастар мен әйелдер темекі өнеркәсібі үшін мақсат тұтқан топтар болып табылады.
Әлсіз темекі тарту (ауадағы темекінің исін жұту) кең етек алған, ол өкпе рагін, жүректің біржердегі қанның азаюы ауруын, тыныс ауруларын, сондай-ақ кенеттен болатын жастай өлімді туғызу қатерін күрт асырды, адамдардың салауатты және ластанбаған қоршаған ортаға деген құқықтарын бұзады.
Темекі жекелеген адамдарға, отбасыларына және қоғамға экономикалық зардабын тигізуін жалғастырып келеді.
Алкоголь
Алкогольді тұтынудың таралуы туралы тексерілген ұлттық мәліметтер жоқ. Соңғы уақыттарда республикада маскүнемдікке салынған адамдар санының өсіп келе жатқаны көрініп отыр. Маскүнемдік психоздардың саны үш есеп өскен, олардың ішінде ауыр түріндегілері басым. 1987 жылы ішімдік ішу нәтижесінде өмірінде бірінші рет мінез-құлқы мен психикасы бұзылған 37689 адам есепке алынған. Диспансерлік және алдын алу есептерінде 203672 ауру адам тұр. Соңғы жылда 4565 төсекте 5292 адам жатып емделіп, 1997 жылғы стационарлық емдеуден 31 мың адам өткен.
Есірткілер
Нашақорлықтың тексерілген ұлттық мәліметтері жоқ. Соңғы жылдары республикада есірткіні пайдаланған адамдардың саны өсіп келе жатқаны белгілі боп отыр, ал есірткіге тәуелділердің орташа жасы төмендеуде. Проблема криминогендік жағдайға, СПИД пен гепатитті қоса алғандағы әртүрлі жұқпалы ауруларды жұқтыру қатеріне байланысты одан әрі шиеленісе түсуде. ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі Денсаулық сақтау комитетінің мәліметтері бойынша 1996 жылы 20683 нашақорлықпен ауырғандар тіркелсе, 1997 жылы ол 26584 адамға жеткен. Өмірінде бірінші рет нашақорлық, токсикомания диагнозы қойылған аурулар саны жағынан республикамыз бірқатар ТМД елдерін (Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан және т.б.) басып озуда. Нашақорлық патологиясымен тіркелген аурулардың саны Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында жоғары. Кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы есірткіні пайдаланудың таралуы ерекше алаңдатады, олардың үлесі 2/3. Соңғы 5 жыл ішінде айқындалған нашақорлықпен байланысты қылмыстардың саны 2,5 еседен көп артып, 1997 жылғы 14817 жағдайға жеткен.
Нашақорлық тәуелділік түрлерінің ішкі құрылымы бүгінгі таңға әлі зерттелмеген.
Жыныстық жолмен берілетін аурулар
1997 жылы Қазақстан Республикасында жыныстық жолмен берілетін аурулармен ауырудың саны арта түскен. Мерезбен ауыру қарқыны жалпы алғанда елімізде әрбір 100000 адамға шаққанда 268,9 жеткен: оның азы Ақтөбе облысында - 134,6 және ең көбі Алматы қаласында - 465,5 адам. Ауыруға ұшыраудың келеңсіз жағдайлары байқалуда. Мерез ауруымен тіркелгендердің тек 1/4 ғана өз бетінше медициналық көмек сұраған. Қалған аурулардың барлығы белсенді түрде, негізінен халықтық серомониторингі арқылы анықталған. Жылдан жылға мерезбен ауырудың бастапқы кезеңдерін айқындау төмендеп келеді. Серологиялық тексеруден өткен стационарлық терапевтік және неврологиялық аурулардың ішінен 9320 адамда (2,3% жағдайда!) мерез анықталған, бұл ауруды жасырудың жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.
1996 жылдан бастап туа біткен мерездің жиілігі 2 есе көбейген, ол 1997 жылы жаңа туылған әрбір 10000 адамның 0,41-де тіркелген.
Қазақстанда 1997 жылы тіркелген соз аурулары, хламидиоз, трихомониаз, аногенитальды герпес аурулары әрбір 100000 адамға шаққанда тиісінше 91,1; 20,0; 148,6; 0,9. Бұл мерез бен несептік жыныс мүшелері жұқпалы ауруларының табиғи арақатынасынан айтарлықтай төмен көрсеткіштердің жоғарылығына қарамастан жыныстық жолмен берілетін аурулардың әлі де болса толық тіркелмегендігін көрсетеді.
Жыныстық жолмен берілетін аурулармен ауру жағдайы эпидемия ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл эпидемияның қауіптілігі халықтың гендік қорына, өрбу, психикалық және тән денсаулығына қатер төндіруімен ғана емес, ВИЧ жұқтырудың күшеюі қаупімен де анықталады. Әлемде тіркелген ВИЧ жұқтырғандардың 51% жыныстық жолмен жұқтырған, мұндай 10 адамның 9 соның алдында жыныстық жолмен берілетін аурулармен ауырған.
СПИД-тің алдын алу және күресу жөніндегі Республикалық Орталықтың мәліметі бойынша 1998 жылдың 1 мамырында 667 ВИЧ жұқтырғандар айқындалған, олардың ішінде СПИД-пен ауырғандары - 18, 15 жасқа дейінгі балалар - 10. ВИЧ-тің негізгі берілетін жолы есірткіні қан тамырға жіберу - 83,3%, бұл әсіресе жұмыссыздарда басым.
Осы көрсеткіштердің өсу тенденциясы алаңдаушылық туғызуда.
Вирустік гепатиттер, жедел ішек аурулары және туберкулез