2. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыстың адам құрамының нысанды киiмi болады, олар қызметтiк-штаттық қарумен, қорғаныс және байланыстың арнаулы құралдарымен қамтамасыз етiледi.
3. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдары адам құрамының iшкi кестесi, бағыныстылығы мен тәртібі осы қызметтер туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi.
4. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысының, почта байланысы ұйымдарының өзара қатынастары байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен регламенттеледi.
16-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi мен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерiне арналған байланыс желiлерi
1. Үкiметтiк байланысты Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн арнайы уәкiлеттi органдар қамтамасыз етедi. Аталған органдар өз өкiлеттiгi шегiнде мемлекеттік құпиялардың сақталуын жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын байланыстың арнаулы түрлерiмен қамтамасыз етедi. Аталған байланыс органдарының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Қазақстан Республикасында қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртібін қорғаудың қажеттеріне арналған байланысты жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісінiң негiзi ретiнде пайдаланылатын арнаулы телекоммуникациялар желiлерi қамтамасыз етедi.
3. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерi мен ведомстволық байланыс желiлерiнiң арналары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртібін қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шарт негiзiнде берiледi.
4. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi мен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерi үшiн әзiрлеу мен пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Меншiк нысандарына қарамастан байланыс операторлары Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдардың, қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерi үшiн байланыс арналарын басымдықпен берудi қамтамасыз етуге және байланыс арналары бүлiнген жағдайда оларды алмастыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезекте және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
6. Ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, байланыс операторлары соттың шешiмi болмаған ретте үкiметтiк байланыс арналарын ажыратып тастай алмайды.
17-бап. Почта байланысы
1. Почта байланысының желісі почта жөнелтiмдерiн, ақша аударымдарын қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткізудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткізу мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзiп берудi ұйымдастыратын ұйымдар мен көлiк құралдарының бiртұтас технологиялық жүйесi болып табылады.
2. Әскери жөнелтiмдердiң сұрыпталуы мен табыс етiлуiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысы жүзеге асырады.
3. Почта байланысы қызметiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен беретiн лицензиялардың негiзiнде почта байланысының мемлекеттік емес ұйымдары көрсетуi мүмкiн.
4. Почта жөнелтiмдерiн жеткiзiп беру мерзiмдерi байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
5. Почта арқылы жiберуге тыйым салынған заттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
6. Почта жөнелтiмiн жiберушi оның бағаланымын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.
4-тарау. Байланыс құралдарын, ғимараттарын,
радиожиілік спектрін және байланыс
жерсеріктерінің орбиталық позицияларын қорғау мен күзету
18-бап. Байланыс желiлерiнiң күзетiлетiн аймақтары
1. Байланыс желiлерiнiң сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтары белгiленедi, олар жердi пайдаланудың ерекше жағдайлары бар аймақтар болып табылады.
2. Күзетiлетiн аймақтарға енгiзiлген жер сол жерде арнаулы таңбалармен көрсетiледi. Бұл жерлер жердiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
3. Күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу тәртібін және олардағы жер пайдалану, жұмыс режимiн жердi меншiкке немесе пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындайды.
19-бап. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлік спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын қорғау мен күзету
1. Байланыс құралдары, ғимараттары, радиожиiлiк спектрi және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позициялары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлiк спектрiн, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртібін қорғау мақсатында заңдарда электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған кедергiлер туғызатын радиоэлектрондық құралдарды Қазақстан Республикасында өндiруге және әкелуге шектеулер белгiленуi мүмкiн.
4. Телекоммуникациялар құралдарының, ғимараттарының зақымдануына, радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдалану мен тiркеудiң, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғылардың жұмысы үшiн радиожиiлiктi пайдаланудың белгіленген тәртібін бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған кедергiлер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
5-тарау. Байланыс желілерін дамыту
20-бап. Байланыс желiлерiн дамыту
1. Байланыс желiлерiн дамыту саланы дамытудың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Байланыс желiлерiн дамытуға бағытталған шараларды қаржыландыру республикалық бюджет, банк кредиттерi, өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғалардың тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларын тарту есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлер салған кезде байланыстың iшкi және кварталішiлiк желiлерiн жобалау мен жүргiзудi, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнатуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
4. Тұрғын үй алаптарын кешендi салу, өндiрiстiк объектiлер мен оларға iргелес елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, байланыстың барлық құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары нормативтерге сәйкес почта байланысы объектiлерiн орналастыруға арналған үйлер салуды көздеуге, сондай-ақ почта байланысы ұйымдарына салулы тұрған (немесе салынып жатқан) тұрғын немесе өзге де үйлерден технологиялық нормаларға сәйкес келетiн жеке үй-жайларды шарт жағдайларымен беруге мiндеттi.
5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа объектiлердi салған немесе қайта құрған кезде байланыс желiлерiн қайта орналастыру мен көшiру жөніндегі жұмыстар құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылары беретiн стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес орындалады.
21-бап. Көлiк құралдарын пайдалану
1. Байланыс операторларына шарттық жағдайларда темір жол, теңiз, өзен, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық маршруттары мен желiлерi бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң iлесуiмен почта тасымалдау немесе оны тасымалдау үшiн көлiк ұйымдарының жауапкершiлiгiне беру құқығы берiледi.
2. Қалааралық және халықаралық жол жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымал жасауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға шарт жасасудан, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, бас тарта алмайды.
22-бап. Байланыс желiлерiн дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргiзген кезде жердi беру мен пайдалану
1. Күзетiлетiн аймақтарды қоса байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерi байланыс қызметiн көрсету iсiмен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға меншiкке немесе жердi пайдалануға, сондай-ақ тиiстi лицензия алғаннан кейiн жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен {сервитут) берiледi.
2. Автомобиль және теміржол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалы бөлiмшелерi үшiн үйлер мен ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi автомобильдермен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтiмдерiн алмасу үшiн жағдайлар қамтамасыз етіліп, вокзал үйлерiнiң дәл жанынан, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарының құрылысына қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
3. Жер учаскелерiн беру тәртібі мен көлемi, күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу мен соқпақтар жасау, сондай-ақ оларды пайдалану режимдері Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгіленеді.
4. Жеке және заңды тұлғалардың меншiк нысандарына қарамастан атқарушы органдардың шарттары мен шешiмдерiне сәйкес көпiрлер, туннелдер, көшелер, автомобиль жолдары мен темір жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар, сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқығы бар.
5. Жер пайдалануды ерекше жағдайлары бар аймақтардағы телекоммуникациялық желiлер мен объектiлер құрылысы Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгiленедi.
6. Байланыс желiлерiн тартқан немесе құрылыс тұрғызған кезде нұқсан келтiрiлген жағдайда байланыс ұйымдары меншiк иелерiне жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалды өтеуге, трассаларды тиiстi күйге келтiруге және жердi қалпына келтiруге мiндеттi.
7. Меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалар желiлер мен объектiлер салған кезде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық жағдайдың нашарлануына жол бермеуге тиiс. Қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiргенi үшiн жоғарыда аталған ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
8. Жаңадан елдi мекендер салу, кеңейту, қайта құру, жаңа жерлердi игеру, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыру, пайдалы қазбаларды игеру салдарынан байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерi иелерiнiң және (немесе) пайдаланушыларының техникалық шарттары бойынша құрылысқа тапсырыс берушiлер өз есебiнен жүргiзедi. Бұл орайда байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
9. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісінiң операторына жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар объектiлерi мен желiлерi орналасқан көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн, сондай-ақ жалпы пайдаланыстағы желiнiң жаңа объектiлерi мен жолдарын тарту мен пайдалану үшiн қажеттi көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану құқығы (сервитут) берiледi. Бұл жағдайларда көршiлес немесе өзге де учаскеге сервитут мүдделi тұлғаның жеке меншiк иесiмен немесе жердi пайдаланушымен шарты негiзiнде белгiленуi мүмкiн.
10. Басқа да мемлекеттік емес байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерiне құқықтар беру жердi тұрақты немесе уақытша пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты негiзiнде, жер учаскесiн жалдау шарты негiзiнде, сондай-ақ көршiлес немесе бөтен жер учаскелерiнiң жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланудың құқық субъектiлерiмен шарт бойынша жүзеге асырылады.
6-тарау. Байланыс қызметтерін
пайдаланушылардың құқықтары
23-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы
1. Байланыс операторлары байланыс қызметiн пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметiн көрсету шартының ережелерiне сәйкес қызмет көрсетуге мiндеттi.
2. Байланыс қызметтерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, пайдаланушылардың барлық санаттары (халық, бюджеттік ұйымдар, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер) үшiн бiрдей жағдайларда көрсетiледi.
3. Байланыс қызметiн көрсету рыногында басым жағдайға ие телекоммуникациялар мен почта байланысы желiлерiнiң операторлары жалпыға ыңғайлы қызмет көрсетуге мiндеттi. Белгiлі сапа өлшемдерiне ие жалпы қолы жетерлiк байланыс қызметiнiң ең төменгi тiзбесiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
ҚР 2003 ж. 8 қаңтардағы № 379-II Заңымен 24-бап толықтырылды (бұр.ред. қара)
24-бап. Байланыс қызметiн пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметi көрсетiлу, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқықтарын қорғау, сондай-ақ осы құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
2. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген хат жазысудың, телефонмен сөйлесудiң, почта жөнелтiмдерiнiң, телеграф және телекоммуникациялар желiлерi арқылы берiлетiн өзге де хабарламалардың құпиялылығын қамтамасыз етедi, бұл құқықты шектеуге тiкелей заңдарда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiлетiн реттер қосылмайды.
3. Қызметтi пайдаланушылардың хат жазысуының, телефонмен сөйлесуiнiң, почта, телеграф және өзге де хабарларының құпиялылығын заңсыз бұзған байланыс операторлары заңдарға сәйкес жауапкершiлiкте болады.
4. Байланыс операторының жергілікті телефон жалғауды уақытына қарай есептеуді жүзеге асыруға техникалық мүмкіндіктері болған жағдайда байланысты пайдаланушы - жеке тұлға қызметке абоненттік немесе уақытына қарай ақы төлеу жүйелерінің бірін таңдап алуға құқылы.
Қызметке уақытына қарай ақы төлеу кезінде байланыс операторы пайдаланушының талабы бойынша ақысы төленуге тиісті жергілікті телефон жалғау туралы тегін жазбаша ақпарат беруге міндетті.
Ондай ақпарат берілмеген жағдайда пайдаланушы қызметке ақы төлеуді абоненттік жүйе бойынша жүргізуге құқылы.
Байланысты пайдаланушы заңды тұлға төлемді жергілікті телефон жалғаудын уақытына қарай акы төлеу жүйесі бойынша жүзеге асырады.
7-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету
ерекшеліктері
25-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер мен әлiпбилердi пайдалану
1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, байланыс желiлерiнде меншiк нысанына қарамастан, байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен почта жөнелтiмдерiн жiберушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде ресiмделуге тиiс.
3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жазылуға тиiс.
4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімдерiнiң нормаларында белгiленетiн тiлдерде өңделедi.
5. Мемлекеттік тiл мен орыс тiліндегі ақпараттық, анықтамалық, байланыс операторларының қызметiне қатысты басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланк өнiмiнiң үлгiлерi пайдаланушыларға ыңғайлы жерлерге орналастырылады.
6. Почта байланысы бөлiмшелерi, почтамттар, сөйлесу пункттерi, ақпараттық-анықтамалық қызметтер операторларының, байланыс кәсiпорындарының (ұйымдарының) басқа да қызметкерлерiнiң тiкелей пайдаланушылармен жұмыс процесiнде тiлдесуi мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жүзеге асырылады.
26-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп беру уақыты
1. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асырған кезде хабарламалар мен ақпаратты беру немесе қабылдап алудағы технологиялық процестерде байланыс операторлары олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, байланыс саласындағы уәкілетті орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады.
2. Байланыс қызметiнiң көрсетiлу уақыты туралы пайдаланушыларға хабарлау жергiлiктi уақыт бойынша жүргiзiледi.
3. Халықаралық байланыста есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгiленедi.
8-тарау. Байланыс саласында қызметті жүзеге
асыру кезіндегі жауапкершілік
27-бап. Байланыс операторлары мен пайдаланушыларының жауапкершiлiгi
1. Байланыс операторлары бағалы почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, бүлiнгенi үшiн - жарияланған бағаланымы мен алынған тариф мөлшерiнде, жеделхат мәтiнiнiң мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны, жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiмi өтiп кеткен соң адресатқа табыс етiлгенi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен материалдық жауапкершiлiкте болады.
2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарттық жағдайларды, жабдықты пайдалану ережелерiн бұзған, желiде сертификатталмаған жабдықты пайдаланған, сондай-ақ байланыс қызметiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда байланыс операторының, осы Заңның 8-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жазбаша хабарландырудан кейiн кемшiлiктер жойылғанға дейiн заңдарға сәйкес байланысты пайдаланушыға байланыс операторының кiрiсi ысырабының орнын толтырта және жабдықтың зақымдалуы немесе бос тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген залалды өтеттiре отырып пайдаланушының байланыс желісін пайдалануын тоқтата тұруға құқығы бар.
3. Хабарламаны беру немесе қабылдап алу не почта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткізу жөніндегі мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін, егер мiндеттемелердiң бұлайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланысты пайдаланушының кінәсінен не шамасы келмейтін жағдайлар салдарынан болғаны дәлелденсе, байланыс операторы жауап бермейді.
9-тарау. Халықаралық ынтымақтастық
28-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
3. Халықаралық қызметте байланыс саласындағы уәкілетті орган өзіне Қазақстан Республикасының Үкіметі берген және халықаралық шарттарда көзделген өз өкілеттігі шегінде халықаралық байланыс одақтары мен ұйымдарында өкілдік етіп, Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті