Айналыс мерзімі бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды
шығарудың, айналысының және өтеудің ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 1999 жылғы
5 сәуір № 363
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Айналыс мерзімі бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудің қоса беріліп отырған Ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы агенті ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері есебінен сатып алынған және олардың портфелінде жатқан, теңгемен номинацияланған мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді және ұлттық жинақ облигацияларын 1999 жылғы 3 сәуірдегі жағдай бойынша айналыс мерзімі бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларға айырбастау арқылы айналыс мерзімі бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығаруды ұйымдастырсын.
3. Айырбастау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (мәлімет үшін Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясына) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың жазбаша өтініштерді ерікті негізде беруі жолымен 1999 жылдың 8 сәуіріне дейінгі мерзімде жүзеге асырылады деп белгіленсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1999 жылғы
5 сәуірдегі
№ 363 қаулысымен
бекітілген
Айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік
облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудiң
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудiң (бұдан әрi - арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар) тәртібін белгiлейдi.
2. Атаулы құны 100 АҚШ доллары болатын арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды (АВМЕКАМ) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрi - Эмитент) шығарады.
3. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығару, зейнетақы активтерi есебiнен жинақтаушы зейнетақы қорлары сатып алған, теңгемен номинацияланған және арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларда 1999 жылдың 3 сәуiрiндегi жағдай бойынша олардың портфелiнде жатқан мемлекеттік қазынашылық мiндеттемелер мен ұлттық жинақтаушы облигацияларды алмастыру жолымен iске асырылады.
4. Айырбастау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң мемлекеттік қазынашылық мiндеттемелер мен ұлттық жинақтаушы облигацияларды мерзiмiнен бұрын сатып алуы және теңгемен түскен түсiмдердi арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды төлеу үшiн пайдалануы жолымен iске асырылады. Сатып алу мемлекеттік қазынашылық мiндеттемелер мен ұлттық жинақтаушы облигациялардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген ағымдағы құны бойынша жүргiзiледi. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды сатып алу бiр АҚШ долларына 88,3 теңге бағамы бойынша теңгемен жүргiзiледi.
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.10.28. № 1369
қаулысымен.
5. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар иелерiне өтеу кезiнде олардың атаулы құнын алуға және жылына 6,14 % мөлшерiнде сыйақы (мүдде) алуға құқық бередi, бұл ретте тиiстi кезеңге арналған сыйақы сомасын есептеу үшiн арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар айналысының есептi кезеңдегі күнтiзбелiк күнiнiң саны және жылдағы 365 күн пайдаланылады.
Ескерту. 5-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2000.08.04. № 1201
қаулысымен.
6. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар құжатсыз нысанда болады, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" жабық акционерлік қоғамында (бұдан әрi - Депозитарий) оларды ұстаушылардың "депо" шоттарында және олардың инвесторлары бойынша мемлекеттік бағалы қағаздар рыногында Бастапқы Диллерлерде ашылған "депо" шоттарында тиiстi жазбалар жүргiзу жолымен орналастырылады және айналысқа енгiзiледi.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды өтеудi жүзеге асыратын Қаржы агентi болады. Эмитент пен Қаржы агентi арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен және осы Ережемен реттеледi.
2. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялардың айналысы
8. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялардың айналысы 1999 жылдың 12 сәуiрiнен басталады.
9. Қайталама рынокта арнайы валюталық мемлекеттік облигациялармен жасалатын барлық операциялар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларға меншiк құқығын есепке алу және ауыстыру арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды ұстаушылардың жазбаша тапсырмалары және/немесе электрондық тапсырмалары негiзiнде сатушы мен сатып айтушының "депо" шотына тиiстi жазбалар жасау жолымен Депозитарий арқылы iске асырылады.
3. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларға сыйақы
(мүдде) төлеу және оларды өтеу
11. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар бойынша жылына 6,14 % мөлшерiнде сыйақы (мүдде) ставкасы белгіленедi.
12. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар бойынша сыйақыны (мүдденi) есептеу олар орналастырылған күннен - 1999 жылдың 9 сәуiрiнен басталады.
13. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар бойынша сыйақыны (мүдденi) төлеу арнайы валюталық мемлекеттік облигациялардың орналастырылған кезiнен бастап әрбiр 6 ай сайын (182-183 күнтiзбелiк күн), яғни төлем жасалатын күнгi нарықтық конъюнктураға сүйене отырып белгiленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша теңгемен өтелген күнге дейiн жыл сайын 9 қазанда және 9 сәуiрде жүргiзiледi.
14. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды өтеу күнi - 2004 жылдың 8 сәуiрi.
15. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды өтеу төлем жасалатын күнгi нарықтық конъюнктураға сүйене отырып белгiленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша теңгемен олардың атаулы құнын төлеу арқылы жүргiзiледi.
16. Қаржы агентi арнайы валюталық мемлекеттік облигациялардың айналысы аяқталатын күнге дейiн және/немесе олар бойынша сыйақы (мүдде) төленетiн күнге дейiн Эмитентке мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы әрбiр Бастапқы Дилер бойынша сыйақы (мүдде) есептеу немесе өтеу жүргiзiлетiн арнайы валюталық мемлекеттік облигациялардың мөлшерi туралы мәлiметтердi қамтитын жиынтық ведомостi жiбередi.
17. Арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды өтеу және олар бойынша сыйақы төлеу, Депозитарийдің деректері негізінде қалыптастырылатын Қаржы агентінің жиынтық ведомосіне сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы Бастапқы Дилердің шотына ақша аудару арқылы, республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
18. Эмитент арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды (оның iшiнде оларды басқа мемлекеттік бағалы қағаздарға ауыстыруға ұсыну жолымен) сыйақы есептеудiң кезектi кезеңiндегi iс жүзiнде айналыста болған уақыт үшiн сыйақы төлей отырып, мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
Мерзiмiнен бұрын өтелетiн арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар бойынша төлемдер, мерзiмiнен бұрын өтеу күнiнiң алдындағы күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады.
Эмитенттің мерзiмiнен бұрын өтеу туралы шешiмi, өз кезегiнде, ол бұл туралы 5 жұмыс күнiнен кешіктірмей бастапқы дилерлерге хабарлайтын, мұндай өтеу күнiне дейiн 10 жұмыс күнi бұрын Қаржы агентiне (келісім бойынша) хабарланады.
19. Арнайы валюталық мемлекеттік облигациялармен жасалатын операциялар бойынша салық салудың тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес анықталады.
Ескерту. 18-19-тармақтармен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2000.08.04.
№ 1201 қаулысымен.