Тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып
алуды жүргізудің тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 10
желтоқсандағы № 1268 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 31 қазандағы № 1158 қаулысымен осы қаулының күші жойылды
"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алуды жүргізудің тәртібі туралы нұсқаулық бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағыныстағы мекемелері, республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде осы Нұсқаулықты басшылыққа алсын.
3. "Тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алуды жүргізудің тәртібін, Мемлекеттік сатып алу процесінде алынатын тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді берушілерді анықтау жөніндегі конкурстық комиссия туралы ережені және конкурстық құжаттаманың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 25 ақпандағы № 141 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 7, 41-құжат) күші жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1998 жылғы
10 желтоқсандағы
№ 1268 қаулысымен
бекітілген
Тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді
мемлекеттік сатып алуды жүргізудің тәртібі туралы
нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алуды жүргізудің тәртібі туралы осы Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
2. Осы Нұсқаулықта Заңда көрсетілген ұғымдар қолданылады.
3. Осы Нұсқаулық тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімін, тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді берушілерді анықтау жөнінде конкурстық комиссияларды ұйымдастыру тәртібін белгілейді және мемлекеттік сатып алу саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы мекемелерінің, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыланатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сондай-ақ конкурстық комиссиялардың қызметін реттейді.
4. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта, мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Нұсқаулықта көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
5. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың алдында тапсырысшының басшысы мемлекеттік сатып алуды жүргізу жөнінде шешім қабылдайды, онымен:
бекітілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері негізінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің номенклатурасы мен көлемдерін, сондай-ақ сатып алуды қаржыландыру көлемін бекітеді;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде жауапты лауазымды адамдарды тағайындайды;
Заңға және осы Нұсқаулыққа сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін таңдайды;
осы Нұсқаулықпен белгіленген жағдайларда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін таңдау жөнінде шешімді уәкілетті органмен келіседі.
Уәкілетті орган бірнеше тапсырысшы үшін ортақ конкурсты ұйымдастырушыны белгілеген жағдайда, бұл тапсырысшылардың әрқайсысы ортақ конкурсты ұйымдастырушыға, ол белгілеген мерзімде, конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті ақпаратты, соның ішінде 1-қосымшаға сәйкес нысанда сатып алу жоспарын табыс етеді және бұл ақпараттағы өзгерістер туралы ортақ конкурсты ұйымдастырушыны дереу хабардар етеді.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
6. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізгі тәсілі ашық конкурс болып табылады.
Тапсырысшының, осы Нұсқаулықтың 7-тармағында айтылғандардан басқа жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін таңдауы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрауды пайдалана отырып өнiм берушiнi таңдап алу тәсiлiмен жүзеге асырған кезде тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің біртекті түрлерін сатып алудың қаржылық жыл ішіндегі жылдық көлемін, олардың тым болмағанда біреуінің мөлшері Қазақстан Республикасының заңдарымен тиісті қаржылық жылдың бірінші тоқсанына белгіленген, айлық есепті көрсеткіштің мың есе мөлшерінен аз бөлшектерге бөлшектеуге жол берілмейді.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
7. Тапсырысшы сатып алуы тәсілін таңдауды мынадай жағдайларда уәкілетті органмен келісуге тиісті емес:
мемлекеттік сатып алуды ашық бір кезеңді конкурс тәсілімен жүзеге асырған кезде;
мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып өнім берушіні таңдау тәсілімен жүзеге асырған кезде;
табиғи монополиялар субъектілерінен бір көзден мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде;
жабық конкурс тәсілімен және табиғи монополиялар субъектілеріне жатпайтын өнім берушілерден бір көзден сатып алу тәсілімен тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің біртекті түрлерін Қазақстан Республикасының заңдарымен тиісті қаржылық жылдың бірінші тоқсанына белгіленген, айлық есепті көрсеткіштің екі мың есе мөлшерінен кем сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде.
8. Тапсырысшы немесе тапсырысшының атынан басқа мемлекеттік орган конкурсты ұйымдастырушы болады. Егер, бірнеше тапсырысшы тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің біртекті түрлері бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырмақшы болған жағдайда, уәкілетті органның тапсыруымен басқа мемлекеттік орган конкурсты ұйымдастырушы бола алады.
9. Егер біртекті тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алудың көлемі Қазақстан Республикасының заңдарымен тиісті қаржылық жылдың бірінші тоқсанына белгіленген, айлық есепті көрсеткіштің бес мың есе мөлшерінен аспайтын болса, онда конкурсты ұйымдастырушы ретінде орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелері мен ұйымдары шыға алады.
Басқа жағдайда өздерінің ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелері үшін орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың өздері конкурсты ұйымдастырушы болады.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
2-тарау. Конкурстық комиссияны ұйымдастырудың және оның
қызметінің тәртібі
10. Конкурсты өткізу және оның жеңімпазын анықтау үшін конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссия құрады.
Конкурстық комиссия конкурсты ұйымдастырушы конкурсты ұйымдастыру мен өткізу туралы шешім қабылдаған сәттен бастап өткізілген конкурс нәтижесінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгізілгенге дейін іс-әрекет жасайды.
11. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды (үштен жетіге дейін) құрауы керек.
Орталық және жергілікті атқарушы және басқа мемлекеттік органдардың жанындағы конкурстық комиссиялардың құрамына олардың басшылары мен мамандары енгізіледі. Уәкілетті орган бірнеше тапсырысшы үшін ортақ конкурсты ұйымдастырушы белгілеген жағдайда, конкурстық комиссияның құрамына конкурсты ұйымдастырушының басшылары мен мамандары және конкурс арналып ұйымдастырылып және өткізіліп отырған тапсырысшының өкілдері (мамандары) енгізіледі.
Мемлекеттік сатып алудың мәні құрылыс объектілерін салу және жөндеу болған жағдайда конкурстық комиссиялардың құрамына, келісім бойынша, Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Құрылыс ісі жөніндегі комитетінің өкілдері енгізіледі.
Конкурсты ұйымдастырушының тиісті бейіндегі мамандары болмаған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы басқа орталық, жергілікті атқарушы және басқа мемлекеттік органдардың мамандарын ақысыз негізде, ал мемлекеттік қызметші болып табылмайтын, бейіні сатып алынатын тауарға, жұмыстарға және қызметтерге сай келетін мамандарды ақылы негізде конкурстық комиссия құрамына енгізу үшін немесе техникалық сарапшы ретінде жұмыс істеу үшін тарта алады.
Конкурстық комиссия қызметіне ақылы негізде тартылатын адамдарды таңдау Заңға және осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады, ал ақы төлеуді - конкурсты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырады.
Конкурстық комиссия құрамын, оның iшiнде комиссия төрағасының орынбасары мен хатшыны конкурсты ұйымдастырушының басшысы бекітеді.
ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
12. Конкурстық комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, комиссия отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия жүзеге асыратын қызмет үшiн жауап бередi.
Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.
ЕСКЕРТУ. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
12-1. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткiзуге жауапты тиiстi бөлiмшесiнiң маманы болып табылады. Конкурстық комиссия шешiмдер қабылдаған кезде конкурстық комиссия хатшысының дауыс беруге құқығы жоқ.
Конкурстық комиссияның хатшысы ықтимал өнiм берушiлерге конкурстық құжаттаманы табыс етедi, ықтимал өнiм берушiлердi тiркеу журналын жүргiзедi, ықтимал өнiм берушiлерден конкурстық өтiнiмдерi бар конверттердi қабылдайды, конкурстық комиссияның отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажеттi құжаттарды, материалдарды дайындайды және отырыс өткеннен кейiн оның хаттамаларын ресiмдейдi.
Техникалық сарапшылар ықтимал өнiм берушiлер ұсынған тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулерді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгi жөнiнде сараптық қорытынды бередi және конкурстық комиссия шешiм қабылдаған кезде олардың дауыс беруге құқығы жоқ. Сараптық қорытынды жазбаша түрде ресiмделедi және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
ЕСКЕРТУ. Жаңа 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
13. Конкурс өткізілмей тұрып, конкурстық комиссия конкурсты ұйымдастырушы әзірлеген конкурстық құжаттамамен танысуға тиіс.
Конкурстық комиссия мемлекеттік сатып алу туралы заңдарға және конкурстық құжаттама ережелеріне сәйкес конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашады, оларды бағалайды және салыстырады және конкурс қорытындыларын шығарады.
ЕСКЕРТУ. 13-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
13-1. Конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткiзуге жауапты тиiстi бөлiмшесi конкурстық комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
ЕСКЕРТУ. Жаңа 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
13-2. Конкурстық комиссияның шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады және оған конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым көпшiлiгi дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледi. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
Конкурстық комиссия мүшелерi ерекше пiкiр бiлдiруге құқылы, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалады және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса тiркелуi тиiс.
ЕСКЕРТУ. Жаңа 13-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
14. Конкурстық комиссияның шешіміне заңдарда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкін.
ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
3-тарау. Мемлекеттік сатып алу процесін ұйымдастыру
1. Мемлекеттік сатып алуды ашық конкурс тәсілімен
жүзеге асыру тәртібі
15. Ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланғанға дейін конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның құрамын, соның ішінде сарапшыларды бекітуге, мынадай міндетті бөлімдерден тұратын конкурстық құжаттаманы әзірлеуге және бекітуге міндетті:
1) ықтимал өнім берушілер үшін конкурстық өтінімді әзірлеу жөнінде нұсқаулықтар;
2) ықтимал өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары;
3) ықтимал өнім берушілер өздерінің біліктілік көрсеткіштерін растау үшін табыс ететін құжаттық дәлелдемелерді немесе басқа ақпараттарды талап ету;
4) тауардың саны, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің көлемі, тауарды беру, жұмысты орындау, қызметті көрсету орны, тауарды беру, жұмысты орындау, қызметті көрсету мерзімдері мен шарттары;
5) техникалық маманданым (сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің сипаттамасы және қажетті маманданымдарды, жоспарларды, сызбаларды, нобайлар мен халықаралық немесе қазақстандық стандарттарға сілтемелерді қоса алғанда, талап етілетін техникалық және сапалық сипаттамалары);
6) орындалуға тиісті кез-келген ілеспе қызмет көрсетулер;
7) егер ықтимал өнім берушілерге сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің бір бөлігіне конкурстық өтінім беруге рұқсат етілген болса, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің конкурстық өтінімдер берілуі мүмкін бір бөлігінің немесе бөліктерінің сипаттамасы;
8) жеңіп шыққан конкурстық өтінімді айқындау негізделетін бағадан басқа, барлық өлшемдердің сипаттамасы, соның ішінде мұндай өлшемдердің салыстырмалы мәні;
9) бағаға тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің өздерінің құнынан басқа элементтер (тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтарды, алымдарды төлеуге шыққан шығындар және басқалар) кіруінің керек-керек еместігі көрсетілуін қоса алғанда, конкурстық өтінімдердің бағасын есептеудің және белгілеудің тәсілі;
10) конкурстық өтінімнің бағасы белгіленетін валюта немесе валюталар және конкурстық өтінімдерді бірдей валютаға айналдыру үшін қолданылатын бағам;
11) отандық ықтимал өнім берушіге, соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Заңға және осы Нұсқаулыққа сәйкес басымдық беру шарттары;
12) егер конкурстық құжаттамада тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің балама сипаттамалары жіберілетін болса, тиісті нұсқау және баламалы конкурстық өтінімдерді бағалау тәсілі мен салыстырудың сипаттамасы;
13) ықтимал өнім берушілер конкурстық құжаттамаларға байланысты түсініктемелер сұрай алатын тәсілдер және конкурсты ұйымдастырушының осы кезеңде ықтимал өнім берушілермен кездесу өткізу ниеті туралы мәлімдеме;
14) конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің нысанына, санына және басқа негізгі шарттарына қойылатын талаптар, сондай-ақ мұндай қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі;
15) егер шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізу көзделетін болса, шартты қамтамасыз етудің нысанына, санына және басқа негізгі шарттарына қойылатын талаптар, сондай-ақ мұндай қамтамасыз етуді енгізу мерзімі;
16) егер шетелдік ықтимал өнім берушінің қатысуы болжалатын болса, конкурстық өтінімдерді жасау және табыс ету тілі немесе тілдері;
17) конкурстық өтінімдерді табыс етудің тәсілі, орны және соңғы мерзімі;
18) конкурстық өтінімдердің күшінде болу мерзімі;
19) конкурстық өтінімдер ашылатын орынды, күні мен уақытын дәл
көрсету;
20) конкурстық өтінімдерді ашу және қарау кезінде пайдаланылатын рәсімдер;
21) конкурсты ұйымдастырушының конкурс өтінімдерін қабылдауға уәкілетті және конкурсты әзірлеу мен өткізу кезінде конкурсты ұйымдастырушыны білдіретін лауазымды адамдарының тектері, телефондары, бөлмелерінің нөмірлері, орналасқан жерінің мекен-жайы;
22) жеңімпаз айқындалғаннан кейін мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойылғанша сақталуы міндетті кез келген рәсімдік жайлар.
Конкурстық құжаттама уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгiлiк конкурстық құжаттама негiзiнде жасалады.
ЕСКЕРТУ. 15-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 15-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
15-1. Конкурстық құжаттаманы жасаған кезде тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) тек қана бiртектес түрлерi мен оларды жеткiзу (жұмыс орындау, қызмет көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге рұқсат етiледi. Бұл ретте конкурстың жеңiмпазы тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) әрбiр лоты бойынша анықталады.
ЕСКЕРТУ. 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен.
16. Конкурсты ұйымдастырушы біліктілік талаптарын қалыптастыру кезінде елде сатып алуға жататын тауарлардың, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің бәсекелес нарығы бар болған жағдайда отандық ықтимал өнім берушілермен шектелуге құқылы. Осы тармақтың нормалары қолданылған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізу туралы хабарландыруда және конкурстық құжаттамада конкурсқа тек отандық ықтимал өнім берушілер қатыстырылатынын міндетті түрде атап көрсетеді.
17. Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнім берушілерге табыс ететін конкурстық құжаттама осы Нұсқаулық белгілеген барлық талаптарға сай болуы және мынадай құжаттардан тұруы қажет:
осы Нұсқаулықтың 15-тармағының 1)-3), 6)-22)-тармақшаларында айтылған бөлімдерден тұратын, 2-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалатын конкурстық өтінімдерді әзірлеу және конкурсты өткізу жөнінде ықтимал өнім берушілерге арналған нұсқаулық;
осы Нұсқаулықтың 15-тармағының 4)-тармақшасында айтылған ақпарат бар, 3-қосымшаға сәйкес нысанда жасалатын сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің тізбесі;
техникалық маманданым (сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің толық сипаттамасы және қажетті маманданымдарды, жоспарларды, сызбаларды, нобайлар мен халықаралық немесе қазақстандық стандарттарға сілтемелерді қоса алғанда талап етілетін техникалық және сапалық мінездемелері);
4-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім нысаны;
5-қосымшаға сәйкес бағалар кестесі;
6-қосымшаға сәйкес конкурстық өтінімді қамтамасыз ету (банк кепілдігінің) нысаны;
7-қосымшаға сәйкес (егер шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізу талап етілетін болса) мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауды қамтамасыз ету (банк кепілдігінің) нысаны;
ықтимал өнім беруші табыс ететін басқа құжаттар және ықтимал өнім берушілер конкурсқа қатысу үшін табыс ететін құжаттар нысандары.
18. Конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде конкурстық комиссия осы Нұсқаулықтың 56-60-тармақтарына сәйкес бағалық емес элементтердің конкурстық өтінім бағасына ықпал ету процентін анықтайды.
19. Конкурстық құжаттама Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарына сәйкес тілде жасалады.
ЕСКЕРТУ. 19-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
20. Конкурстық құжаттама әзірленгеннен және бекітілгеннен кейін конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталатын күнге дейін (конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзіміне дейін) бір айдан кешіктірмей ресми баспасөзде немесе Мемлекеттік сатып алу бюллетенінде 8-қосымшаға сәйкес нысанда хабарландыру жариялауға міндетті.
21. Конкурсты ұйымдастырушы алған тапсырысшы ақпаратының кез келген өзгерістерін конкурсты ұйымдастырушы дереу ықтимал өнім берушілерге жеткізуі керек, бұл орайда конкурстық өтінімдерді табыс ету мерзімі осындай соңғы өзгерістер туралы ықтимал өнім берушілерге хабарланған күннен бастап есептеледі.
22.
ЕСКЕРТУ. 22-тармақ алынып тасталды және анықтама берілді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
23. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушыдан 8-қосымшаға сәйкес нысандағы хабарландыруда көрсетiлген орында және мерзiмдерде алуы тиiс.
ЕСКЕРТУ. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.
24. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама табыс етілген (жіберілген) ықтимал өнім берушілерді тіркеу журналын жүргізеді, онда ықтимал өнім берушінің атауы, мекен-жайы, телефоны мен факсының нөмірі, конкурстық құжаттаманы қолма-қол алған адамның тегі, аты, әкесінің аты және конкурстық құжаттаманы алған күні көрсетіледі. Сондай-ақ бұл журналда ықтимал өнім беруші конкурстық өтінімдер бар конверттерді табыс еткен уақыт пен күн және ықтимал өнім берушінің уәкілетті өкілінің (конкурстық өтінімдер бар конверттерді табыс еткен және конкурсқа қатысушы адамның) тегі, аты, әкесінің аты жазылады.
25. Ықтимал өнім беруші конкурстық құжаттама ережелеріне түсіндірме беру туралы сауал салуға құқылы, бірақ ол конкурстық өтінім берудің соңғы мерзімі біткенге дейінгі 10 күннен кешіктірілмеуі керек. Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнім берушінің мұндай сауалына үш күн мерзім ішінде жауап қайтаруға және сауалдың кімнен келіп түскенін көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы берген барлық ықтимал өнім берушілерге осы түсіндірмелерді хабарлауға тиіс.
26. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінім берудің түпкілікті мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта өзінің жеке бастамасымен не қандай да бір ықтимал өнім берушінің тарапынан түскен түсіндірме беру туралы сауалға жауап ретінде толықтыру шығару арқылы конкурстық құжаттаманы өзгертуге құқылы. Конкурсты ұйымдастырушы бұл толықтыруды конкурстық құжаттаманы берген барлық ықтимал өнім берушілерге дереу хабарлайды және олардың мұндай ықтимал өнім берушілерге дереу хабарлайды және олардың мұндай ықтимал өнім берушілер үшін міндетті күші болады, бұл орайда конкурстық өтінім берудің мерзімі осындай соңғы толықтырулар туралы ықтимал өнім берушілерге хабарланған күннен бастап есептеледі.
27. Ықтимал өнім беруші конкурстық құжаттамада және оған толықтыруларда қамтылған барлық нұсқауларды, нысандарды, шарттар мен техникалық сипаттамаларды зерделеуге тиіс. Конкурстық құжаттамада сұратқан ақпаратты толық бермеу немесе конкурстық құжаттаманың барлық талаптарына сай келмейтін конкурстық өтінімді беру ықтимал өнім беруші үшін тәуекел болып табылады және оның конкурстық өтінімін конкурстық комиссияның қабылдамай тастауына әкеп соғуы мүмкін.
28. Ықтимал өнім беруші өзінің конкурстық өтінімін әзірлеуге және беруге байланысты барлық шығындарды көтереді. Конкурсты ұйымдастырушы, тапсырысшы және конкурстық комиссия конкурсты жүргізудің сипатына немесе нәтижелеріне қарамастан осы шығындар бойынша міндеттемелерді көтермейді.
29. Ықтимал өнім беруші, конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзіміне дейін конкурстық құжаттамаға сәйкес әзірленген конкурстық өтінімді конвертке салып жабық табыс етуге міндетті.
Конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсты ұйымдастырушы алған конкурстық өтінім ашылмайды және оны табыс еткен ықтимал өнім берушіге қайтарылады.
30. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдер салынған конверттерді алған кезде тіркеу журналында конкурстық өтінімнің алынған уақыты және күні туралы жазба жүргізеді.
31. Ықтимал өнім беруші әзірлеген және табыс ететін конкурстық өтінімде мынадай құжаттар тізбесі қамтылуға тиіс:
1) ұйым бланкісінде жасалған кәсіби білімі, тәжірибесі, беделі, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілетін міндеттемелерді орындау үшін қажетті қаржы, материалдық-техникалық және еңбек ресурстары барын растайтын, бірінші басшының қолы қойылған хат;
2) ықтимал өнім берушінің сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді өндіру, қайта өңдеу және өткізу құқығын растайтын куәліктердің, сертификаттардың және/немесе басқа құжаттардың көшірмелері;
3) ықтимал өнім берушінің қаржылық жай-күйі туралы банктің анықтамасы;
4) ықтимал өнім берушінің салық төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындағандығы туралы тиісті салық органының анықтамасы;
5) заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелуiн растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi немесе заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүйеге асыруға құқық беретiн тиiстi мемлекеттік орган берген құжаттың көшiрмесi;
6) конкурсқа қатысуға өтінім;
7) бағалар кестесі;
8) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi енгiзгенiн растайтын құжаттар;
9) конкурстық құжаттамаға сәйкес табыс етуге қажетті басқа да құжаттар.
Осы тармақтың 3), 4)-тармақшалары бойынша анықтамалар конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннің алдындағы ай бойынша табыс етіледі.
Ескерту. 31-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.09.08. № 1332 қаулысымен.; ҚР Үкіметінің 2000.07.27. № 1150 қаулысымен;