4 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМНIҢ ТҮРЛЕРI ЖӘНЕ
ОНЫ КӨРСЕТУДIҢ ТӘРТIБI
23-бап. Психиатриялық куәландыру
1. Психиатриялық куәландыру тексерiлушi адамның психикасы бұзылғанын, оның психиатриялық жәрдемге мұқтаждығын және мұндай жәрдемнiң түрлерiн анықтау мақсатында, сондай-ақ қорғаншылық, еңбекке уақытша жарамсыздығы және мүгедектегi туралы мәселенi шешу үшiн жүргiзiледi.
2. Психиатриялық куәландыру, сондай-ақ алдын алу мақсатындағы тексеру тексерiлушiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келісімi, немесе оның заңды өкiлдерiнiң куәландыру себептерi көрсетiлген жазбаша арызы бойынша; кәмелетке толмаған және заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға - олардың заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келісімi бойынша жүргiзiледi.
Тексерiлушiнiң психикалық денсаулық жағдайын психиатриялық куәландыру мен ол туралы қорытындының деректерi медициналық құжаттамада тiркеледi, онда психиатр-дәрiгерге көрiну себептерi мен медициналық ұсыныстар да көрсетiледi.
3. Заңды өкiлi қарсылық бiлдiрген немесе болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамды куәландыру қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша жүргiзiледi, оған сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
4. Психиатриялық куәландыру жүргiзетiн дәрiгер тексерiлушi мен оның заңды өкiлiне өзiн психиатр ретiнде таныстыруға мiндеттi, бұған осы баптың 5-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген жағдай қосылмайды.
5. Тексерiлушi психикасының бұзылуы асқынған деп жорамалдауға негiз болатын iс-әрекеттер жасағанда оған өзiнiң келісімiнсiз немесе заңды өкiлiнiң келісімiнсiз психиатриялық куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн, мұның өзi:
1) оның өзiне және айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiруiне;
2) оның дәрменсiздiгiне, яғни тиiстi күтiм болмаған жағдайда негiзгi тiршiлiк қажеттерiн өз бетiнше қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiне;
3) егер адамға психиатриялық жәрдем көрсетiлмей қалдырылатын болса, психикалық жай-күйiнiң нашарлауы салдарынан оның денсаулығына елеулi зиян келуiне байланысты болады.
6. Егер тексерiлушi осы Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен диспансерлiк бақылауда тұрса, оған өзiнiң келісімiнсiз немесе оның заңды өкiлiнiң келісімiнсiз психиатриялық куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
7. Әртүрлi (сот, әскери, еңбек және басқа) психиатриялық сараптамалар мен адамдарды психиатриялық куәландыру Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiпке сәйкес жүргiзiледi.
24-бап. Адамды өзiнiң келісімiнсiз немесе оның заңды
өкiлiнiң келісімiнсiз психиатриялық куәландыру
туралы шешiм
Осы Заңның 23-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда психиатр-дәрiгер адамның заңды өкiлiне хабарлай отырып, психиатриялық куәландыру туралы өз бетiнше шешiм қабылдайды.
25-бап. Адамды өзiнiң келісімiнсiз немесе оның заңды
өкiлiнiң келісімiнсiз психиатриялық куәландыру
туралы арыз беру мен шешiм қабылдау тәртібі
1. Осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көзделген реттердi қоспағанда, адамды өзiнiң келісімiнсiз немесе оның заңды өкiлiнiң келісімiнсiз психиатриялық куәландыру туралы шешiмдi мұндай куәландыру үшiн осы Заңның 23-бабының 5-тармағында тiзiп келтiрiлген негiздер бар деген мәлiметтер көрсетiлген арыз бойынша психиатр-дәрiгер қабылдайды.
2. Арызды психиатриялық куәландырылуға тиiстi адамның заңды өкiлi, кез келген медициналық мамандықтағы дәрiгер мен өзге де азаматтар бере алады. Көрiнеу жалған арыз беру қылмыстық жауапқа тартылуға әкеп соғады.
3. Алынған мәлiметтер бойынша адам өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiретiн жағдайларда нақты адам ауызша немесе жазбаша арыз беруi мүмкiн. Психиатр-дәрiгер психиатриялық куәландыру туралы дереу шешiм қабылдап, ол медициналық құжаттамаға жазумен ресiмделедi де, кейiннен адамның заңды өкiлiне хабарланады.
4. Адам өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiрмейтiн жағдайда психиатриялық куәландыру туралы арыз жазбаша түрде берiлуге, онда мұндай куәландырудың қажет екенiн негiздейтiн толық мәлiметтер және ол адамның немесе оның заңды өкiлiнiң психиатр-дәрiгерге көрiнуден бас тартатыны туралы деректер болуға тиiс. Психиатр-дәрiгер шешiм қабылдау үшiн қажеттi қосымша мәлiметтер сұратып алуға құқылы. Психиатр-дәрiгер арызды осы Заңның 23-бабының 5-тармағындағы 2) және 3)-тармақшаларда көзделген жағдайлардың болуын дәлелдейтiн деректер жоқ екенiн анықтап, психиатриялық куәландырудан дәлелдi себеппен жазбаша түрде бас тартады.
26-бап. Амбулаториялық психиатриялық жәрдем түрлерi
1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамға амбулаториялық психиатриялық жәрдем медициналық айғақтарға қарай консультация беру, емдеу немесе диспансерлiк бақылау түрiнде көрсетiледi.
2. Консультациялық-дәрiгерлiк жәрдемдi психиатр-дәрiгер адам өз бетiмен өтiнiш жасағанда оның өтiнiшi немесе келісімi бойынша, кәмелетке толмаған адамға оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе келісімi бойынша көрсетедi.
3. Осы Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген реттер психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның немесе оның заңды өкiлiнiң келісімiне қарамастан диспансерлiк бақылау белгiлену мүмкiн және ол психиатр-дәрiгердiң тұрақты тексерiп тұруы арқылы оның психикалық денсаулық жағдайын бақылауды, оған қажеттi медициналық және әлеуметтiк жәрдем көрсетудi көздейдi.
27-бап. Диспансерлiк бақылау
1. Психикасының бұзылуы тұрақты және созылмалы болып, ауыр, өзгермейтiн сипат алған, көбiне асқынған ауру көрiнiстерiне ұштасатын адамға диспансерлiк бақылау белгiленуi мүмкiн.
2. Диспансерлiк бақылауды белгiлеу қажет екенi туралы және оны тоқтату туралы мәселенi шешудi амбулаториялық психиатриялық жәрдем көрсететiн психиатриялық ұйымның әкiмшiлiгi тағайындайтын психиатр-дәрiгерлер комиссиясы немесе денсаулық сақтау органы тағайындайтын психиатр-дәрiгерлер комиссиясы қабылдайды, комиссияда кемiнде үш дәрiгер болуы керек.
3. Психиатр-дәрiгерлер комиссиясының дәлелдi шешiмi медициналық құжаттамаға жазылып ресiмделедi. Диспансерлiк бақылауды белгiлеу немесе тоқтату туралы шешiмге осы Заңмен белгiленген тәртiп бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
4. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам сауыққан немесе оның психикалық жай-күйi айтарлықтай әрi тұрақты жақсарған жағдайда бұрын белгiленген диспансерлiк бақылау тоқтатылады. Диспансерлiк бақылау тоқтатылғаннан кейiн сол адамның өтiнiшi немесе келісімi бойынша, не оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе келісімi бойынша психиатриялық жәрдем консультация және емдеу түрiнде көрсетiледi. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам психикалық жай-күйi өзгерген кезде осы Заңның 23-25 баптарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiнiң келісімiнсiз немесе заңды өкiлiнiң келісімiнсiз куәландырылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда психиатр-дәрiгерлер комиссиясының шешiмi бойынша диспансерлiк бақылау қайта жалғастырылуы мүмкiн.
28-бап. Психиатриялық стационарға орналастыру негiздерi
1. Адам психикасының бұзылуы мен психиатр-дәрiгерiнiң оған тексеру жүргiзу немесе стационар жағдайында емдеу туралы шешiмi немесе сот ұйғарымы оны психиатриялық стационарға орналастыру үшiн негiз болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу қажет екендiгi де психиатриялық стационарға орналастыру үшiн негiз бола алады.
3. Осы Заңның 29-бабымен көзделген реттердi қоспағанда, адамды психиатриялық стационарға орналастыру оның өтiнiшi бойынша немесе оның жазбаша келісімiмен ерiктi түрде жүзеге асырылады.
4. Кәмелетке толмаған адам психиатриялық стационарға ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келісімi бойынша орналастырылады.
5. Заңмен белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адам психиатриялық стационарға оның заңды өкiлiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келісімi бойынша орналастырылады.
6. Заңды өкiлi қарсы болған немесе өзге заңды өкiлi болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамды психиатриялық стационарға орналастыру қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады, ол жөнiнде сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
7. Адамды ауруханаға салуға алынған келісім медициналық құжаттамаға жазылып ресiмделедi, оған сол адам немесе оның заңды өкiлi және психиатр-дәрiгер қол қояды.
29-бап. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде
орналастыру үшiн негiздер
Психикасының бұзылуы асқынған адамды ауруханаға тексеру және емдеу үшiн оның келісімiнсiз және оның заңды өкiлiнiң келісімiнсiз ерiксiз түрде салып, кейiннен прокуратура органдарына хабарлау:
1) оның өзiне немесе айналасындағыларға тiкелей қауiп төндiруiне;
2) оның дәрменсiздiгiне, яғни тиiстi күтiм болмаған кезде негiзгi тiршiлiк қажеттерiн өз бетiнше қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiне;
3) егер адам психиатриялық жәрдемсiз қалдырылатын болса психикалық жай-күйiнiң нашарлауы салдарынан оның денсаулығына елеулi зиян келуiне байланысты жасалады.
30-бап. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде
орналастырылған адамдарды куәландыру
Осы Заңның 29-бабымен көзделген негiздер бойынша психиатриялық стационарға орналастырылған адамды психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы 48 сағат iшiнде мiндеттi түрде куәландыруға тиiс, ол ауруханаға салудың негiздiлiгi туралы шешiм қабылдайды. Ауруханаға салу негiзiнсiз деп танылған, орналастырылушы адам психиатриялық стационарда қалуға тiлек бiлдiрмесе, ол дереу шығарылуға тиiс.
31-бап. Ауруханаға ерiксiз түрде салуды ұзарту
1. Адамның психиатриялық стационарда ерiксiз түрде ұсталуы оны ауруханаға салу жөніндегі негiздер сақталған уақыт iшiнде ғана жалғастырылады.
2. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде орналастырылған адамды алғашқы алты ай iшiнде оның ауруханада болу мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу үшiн психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы кемiнде айына бiр рет куәландырып отыруға тиiс. Ауруханада болу мерзiмiн алты айдан астам уақытқа ұзарту Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен психиатр-дәрiгерлер комиссиясының өтiнiшi негiзiнде сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.
3. Ауруханаға ерiксiз түрде салынған адамды кезектен тыс куәландыру пациенттiң өзiнiң немесе оның заңды өкiлiнiң, адвокаттың тiлегi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
32-бап. Ауруханаға ерiксiз түрде салу туралы мәселе
бойынша сотқа жүгiну
Ауруханаға ерiксiз салумен келiспеген жағдайда психикасының бұзылуынан зардап шегушi адам немесе оның заңды өкiлi сотқа жүгiне алады.
33-бап. Заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе келісімi бойынша
психиатриялық стационарға орналастырылған
кәмелетке толмағандарды және iс-әрекетке қабiлетсiз
деп танылған адамдарды куәландыру
1. Заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi немесе жазбаша келісімi бойынша психиатриялық стационарға орналастырылған кәмелетке толмаған адамды және заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамды осы Заңның 30-бабымен көзделген тәртiп бойынша психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы мiндеттi түрде куәландыруға тиiс.
2. Бұл адамдарды ауруханада болу мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi шешу үшiн алғашқы алты ай iшiнде кемiнде айына бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясы куәландырып отыруға тиiс. Ауруханада болу мерзiмiн алты айдан астам уақытқа ұзарту Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен психиатр-дәрiгерлер комиссиясының өтiнiшi негiзiнде сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.
3. Психиатр-дәрiгерлер комиссиясы немесе психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi кәмелетке болмаған адамның немесе заңмен белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның заңды өкiлдерi оларды ауруханаға салғанда қиянат жасауға жол берiлгенiн анықталған жағдайда психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi бұл туралы қамқорлыққа алынған адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды.
34-бап. Психиатриялық стационардағы пациенттердiң
құқықтары
1. Психиатриялық стационарға орналастырылған пациентке оның құқықтары мен стационарда белгiленген ережелер оның өзi бiлетiн тiлде түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы медициналық құжаттамаға жазба жасалып, кейiннен заңды өкiлiне хабарланады.
2. Психиатриялық стационарда емделiп немесе тексерiлiп жатқан пациенттердiң бәрi:
1) емделу, тексерiлу, психиатриялық стационардан шығу және осы Заңмен берiлген құқықтарының сақталуы мәселелерi бойынша тiкелей бас дәрiгерге немесе бөлiмше меңгерушiсiне өтiнiш жасауға, мемлекеттік органдар мен адвокатқа шағымдар және арыздар беруге, адвокатпен және дiни қызметшiмен оңаша кездесуге, дiни салттарды орындауға, дiни қағидаларды сақтауға;
2) газеттер мен журналдарды жаздырып алуға;
3) егер пациент 18 жасқа толмаған болса, жалпы білім беретiн мектептiң немесе интеллектiлiк дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептiң бағдарламасы бойынша білім алуға;
4) егер пациент өндiрiстiк еңбекке қатысатын болса, еңбегiнiң мөлшерi мен сапасына сәйкес басқа азаматтармен бiрдей сыйақы алуға;
5) хат-хабар алысуға;
6) сәлемдеме, бандороль ақша аударымдарын алуға және жiберуге;
7) телефонды пайдалануға;
8) келушiлердi қабылдауға;
9) ең қажеттi заттарды ұстауға және сатып алуға, өз киiмiн пайдалануға құқылы.
3. Газеттер мен журналды жеке жаздырып алу, байланыс қызметiн және тағысын-тағыларды пайдалану олар берiлетiн пациенттiң есебiнен немесе қайырымдылық түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.
35-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде
қауiпсiздiктi қамтамасыз ету шаралары
1. Стационарлық психиатриялық жәрдемдi, ауруханаға салынған адам мен басқа адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мейлiнше аз шектеулi жағдайларда, медицина қызметкерi оның құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтай отырып жүзеге асырады.
2. Ауруханаға ерiксiз салынып, психиатриялық стационарда болған кезiнде ауруханаға салынған адамға күш қолданып қысым жасау мен оқшаулау шаралары оның өзiне немесе басқа адамдарға тiкелей қауiп төндiретiн iс-әрекетiн, психиатр-дәрiгердiң пiкiрiнше, өзге әдiстермен тыю мүмкiн болмаған кезде қолданылады және медицина қызметкерiнiң тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып қысым жасау немесе оқшаулау шараларының түрлерi мен қолданылу уақыты туралы медициналық құжаттамаға жазбаша жасалып, оның заңды өкiлiне хабарланады.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi ауруханаға ерiксiз салынатын адамды ерiксiз куәландыруды жүзеге асырған кезде медицина қызметкерлерiне көмектесуге, ауруханаға салынатын адамды тексеру мақсатымен оның қасына бару үшiн қауiпсiз жағдайларды қамтамасыз етуге мiндеттi. Ауруханаға салынған, ауруханаға салынуға тиiс адам (адамдар) тарапынан айналадағыларының өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрiлетiн жағдайларда құқық қорғау органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен iс-қимыл жасайды.
36-бап. Психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi мен
медицина қызметкерлерiнiң мiндеттерi
Психиатриялық стационардың әкiмшiлiгi мен медицина қызметкерлерi пациенттер мен олардың заңды өкiлдерiнiң осы Заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыру үшiн мынадай жағдайлар жасауға:
1) психиатриялық стационарда жатқан пациенттердi қажеттi медициналық жәрдеммен, сондай-ақ ұйымның санитариялық гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптарға сәйкес болуы қамтамасыз етуге;
2) психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамға немесе оның заңды өкiлiне осы Заңның мәтiнiн, психиатриялық стационардың iшкi тәртiп ережелерiн, пациенттердiң құқықтары бұзылған жағдайда жүгiнуге болатын мемлекеттік және қоғамдық органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың мекен-жайы мен телефондарын беруге;
3) пациенттердiң хат-хабар алысуы, мемлекеттік органдарға сондай-ақ адвокатқа шағымдар мен арыздар жiберуi үшiн жағдайларды қамтамасыз етуге;
4) пациент психиатриялық стационарға ерiксiз түрде түскен кезден бастап 24 сағат iшiнде оның заңды өкiлiне немесе өзiнiң айтуымен өзге де адамға хабарлауға;
5) пациенттiң туыстарын немесе заңды өкiлiн, сондай-ақ оның көрсетуiмен өзге де адамды оның денсаулық жағдайындағы өзгерістер мен басынан өткен төтенше жағдайлар туралы хабардар етуге;
6) стационарда жатқан пациенттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сәлемдемелер мен берiп жiберiлген заттарды бақылап отыруға;
7) дiндар пациенттерге психиатриялық стационарда жатқан басқа пациенттердiң мүдделерi үшiн дiни салт-жораларды орындау кезiнде сақталуға тиiстi ережелердi және дiни қызметшiлердi шақыру тәртібін түсiндiруге, дiндарлар мен атеистердiң ождан бостандығына құқығын жүзеге асыруына жәрдемдесуге;
8) осы Заңмен белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
37-бап. Психиатриялық стационардан шығару
1. Пациент психиатриялық стационардан сауыққан немесе оның психикалық жай-күйi стационарда одан әрi емдеудi қажет етпейтiндей жақсарған, сондай-ақ стационарға орналастыру үшiн негiз болған тексеру немесе сараптама аяқталған жағдайда шығарылады.
2. Психиатриялық стационарда өз еркiмен жатқан пациент одан өзiнiң жеке арызы, оның заңды өкiлiнiң арызы бойынша немесе оны емдеушi дәрiгердiң шешiмi бойынша шығарылады.
3. Психиатриялық стационарға ерiксiз түрде орналастырылған пациент одан психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы бойынша шығарылады.
4. Соттың ұйғарымы бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған пациенттiң шығарылуы сот ұйғарымы бойынша ғана жүзеге асырылады.
5. Психиатриялық стационарға өз еркiмен орналастырылған пациенттiң, егер психиатриялық ұйымның психиатр-дәрiгерлер комиссиясы оны осы Заңның 29-бабымен көзделгендей ауруханаға ерiксiз түрде салу негiздерiн анықтайтын болса, одан шығарылуынан бас тартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда оның психиатриялық стационарда болуы, ауруханада ұсталуын ұзарту және стационардан шығарылуы туралы мәселелер осы Заңның 30-32-баптарымен және осы Заңның осы бабындағы 3-тармақпен белгiленген тәртiппен шешiледi.
38-бап. Психоневрологиялық ұйымдарға адамдарды
орналастырудың негiздерi мен тәртібі
1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды психоневрологиялық ұйымға орналастыру үшiн туыстарының не оның заңды өкiлiнiң арызы және психиатр-дәрiгер қатысатын дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы; кәмелетке толмаған адамға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы; заңда белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға - психиатр-дәрiгердiң қатысуымен дәрiгерлер комиссиясы берген қорытынды негiзiнде қабылданған қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi негiз болады. Қорытындыда адам психикасының оны әлеуметтiк қамсыздандырудың мамандандырылған ұйымында болу мүмкiндiгiнен айыратындай болып бұзылғаны туралы, ал iс-әрекетке қабiлеттi адамдар жөнiнде - сот алдында оны iс-әрекетке қабiлетсiз деп тану туралы мәселе қоюға негiз болмауы жөніндегі мәлiметтер де болуға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы және қамқоршы органдар психоневрологиялық ұйымға орналастырылатын адамдардың мүлiктiк мүдделерiн қорғау үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.
39-бап. Кәмелетке толмағандарды арнайы оқыту үшiн
психоневрологиялық ұйымға орналастырудың
негiздерi мен тәртібі
Кәмелетке толмаған адамды арнайы оқыту мақсатымен психоневрологиялық ұйымға жiберу үшiн адам психикасының бұзылуы негiз болады. Ол ата-анасының не оның заңды өкiлiнiң арызы және республикалық, облыстық немесе қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қорытындысының негiзiнде жiберiледi. Қорытындыда кәмелетке толмаған адамды интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептер жағдайында оқыту қажеттiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
40-бап. Психоневрологиялық ұйымдарда, арнайы оқытатын
мектептерде тұратын адамдардың құқықтары және
осы ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Психоневрологиялық ұйымдарды немесе арнайы оқытатын мектептерде тұратын адамдар осы Заңның 34-бабымен көзделген құқықтарды пайдаланады.
2. Психоневрологиялық ұйымның немесе арнайы оқытатын мектептердiң әкiмшiлiгi мен қызметкерлерiнiң онда тұратын адамдардың құқықтарын iске асыру үшiн жағдай жасау жөніндегі мiндеттерi осы Заңның 36-бабымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтiк қамсыздандыру туралы және білім беру туралы заңдарымен белгiленедi.
3. Психоневрологиялық ұйымның немесе арнайы оқытатын мектептердiң әкiмшiлiгi онда тұратын адамдарды бұл ұйымда одан әрi ұстау туралы, олардың iс-әрекетке қабiлетсiздiгi, медициналық және әлеуметтiк оңалуы жөніндегі шешiмдердi қайта қарау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу мақсатымен психиатр-дәрiгердiң, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қатысуымен дәрiгерлер комиссиясын тарта отырып, оларға жылына кемiнде бiр рет куәландыру өткiзедi.
41-бап. Психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы
оқытатын мектептерден ауыстыру және шығару
1. Психиатр-дәрiгердiң, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қатысуымен дәрiгерлер комиссиясы мамандандырылған психоневрологиялық ұйымда тұруға не оқуға медициналық айғақтар болмауы туралы берген қорытынды психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамды психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен жалпы үлгiдегi осындай ұйымға ауыстыру үшiн негiз болады.
2. Психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен шығару:
1) психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамның өз арызы бойынша, психиатр-дәрiгердiң қатысуымен дәрiгерлер комиссиясының денсаулық жағдайы бойынша бұл адамның жеке тұра алатыны туралы қорытындысы болған кезде;
2) шығарылатын кәмелетке толмағандарды не заңда белгiленген тәртiп бойынша iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамды күтiп-бағуды жүзеге асыруға мiндеттенетiн ата-анасының, өзге де туыстарының немесе заңды өкiлiнiң арызы бойынша жүзеге асырылады.
5 тарау. ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ КЕЗIНДЕ
АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
42-бап. Азаматтар мен үкiметтiк емес ұйымдардың
психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам
құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі
қызметке құқығы
1. Азаматтар, ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, қорлар, қауымдастықтар, дiни бiрлестiктер, сондай-ақ шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге мүдделi адамдардың, олардың заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi бойынша және өз бастамасымен жәрдемдесуге бағытталған қызметiн кедергiсiз жүзеге асыруға құқылы.
2. Қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi психиатриялық немесе психоневрологиялық ұйымдардың әкiмшiлiгiмен ондағы адамдарға барып-тұру шарттарын келiсуге, оларда қолданылатын ережелермен танысуға, оларды орындауға және дәрiгерлiк құпияны жария етпеу туралы мiндеттемеге қол қоюға мiндеттi.
2004.20.12 № 13-III Заңымен 43-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
43-бап. Психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адамның
құқықтары мен бостандықтарының сақталуын
бақылау жөніндегі қызметтi жүзеге асыру
1. Осы Заңның 42-бабында аталған мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн азаматтар мен үкiметтiк емес ұйымдар:
1) жергiлiктi, ұлттық және халықаралық үкiметтiк және үкiметтiк емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам құқықтары мен бостандықтарының проблемалары мен бұзылу фактілері жөнiнде арыз, өтiнiш, петиция беруге;
2) сайлау науқаны кезiнде психиатриялық және психоневрологиялық емдеу ұйымдарының жанынан құрылған сайлау учаскелерiне тәуелсiз байқаушылар ретiнде еркiн кiруге;
3) психиатриялық жәрдем көрсету кезiнде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталу мәселелерi жөнiнде тәуелсiз, оның iшiнде халықаралық байқаушы, инспекциялық миссияларды құруға және оның қызметiне қатысуға;
4) тәуелсiз психиатр-дәрiгерлер комиссияларын құруға және оның қызметiне қатысуға;
5) психиатриялық жәрдем көрсетiлетiн адамдардың біліктi заң қызметiн алуына жәрдемдесуге, белгiленген рәсiмдердi сақтай отырып, олардың заңды өкiлдерi болуға;
6) аталған адамдарға олардың мәдени және дiни қажеттерiн қанағаттандыру, дiни салт-жораларды атқару iсiне жәрдемдесiп, көмек беруге;
7) арнаулы, жалпы медициналық және санаторий-курорттық емнiң, медицина, заң және өзге де мамандары мен консультанттары қызметiнiң, байланыс қызметiнiң, мерзiмдi басылып шығатын басылымдардың, сондай-ақ медициналық айғақтар бойынша тыйым салынбаған тамақ өнiмдерiнiң, гигиена және жеке пайдаланылатын заттардың ақысын қоса алғанда, аталған адамдарға қайырымдылық көмек көрсетуге құқылы.