Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ
шығару, айналысқа қосу және өтеу ережесін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінiң қаулысы 1996 жылғы 25 маусым
№ 786
Бағалы қағаздар нарығын кеңейту және республикалық бюджет тапшылығының инфляциядан тыс орнын толтыру үлесiн нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының айналыс мерзiмi үш, алты, тоғыз және он екi ай болатын мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелерiн МЕККАМ шығару және айналысқа қосу тәртібі туралы ережесі бекітілсiн.
ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қаржы агентi ретіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп, тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген үкіметтік борыш лимитінің шегінде айналыс мерзімі үш, алты, тоғыз және он екі ай болатын мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелерін - МЕККАМ пайдалана отырып қарыз алуды жүзеге асыруды ұйымдастырсын.
ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
3. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ бастапқы орналастырудан алынған қаржы республикалық бюджетке түседi деп белгiленсiн.
4. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
"Айналыс мерзiмдерi үш және алты ай болатын қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң шығарылымын орналастыру және оларға қызмет көрсету туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 шiлдедегi № 989 қаулысы /Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., № 25, 287-бап/;
"Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 шiлдедегi № 989 қаулысына өзгертулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 12 сәуірдегі № 435 қаулысы.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 25 маусымдағы
№ 786 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының айналыс мерзiмi үш, алты, тоғыз және
он екi ай болатын мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық
мiндеттемелерiн МЕККАМ шығару, айналысқа қосу және өтеу
тәртібі туралы ережесі
Ескерту. Атауы мен мәтiнi сөздермен толықтырылды - ҚРҮ-нiң
1997.04.22. № 621 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. Тақырыбы өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
1. Осы Ереже мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ Қазақстан Республикасы аумағында шығару, айналысқа қосу және өтеу тәртібін айқындайды. "МЕККАМ" атауы қазақ тілінде "Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттеме" деп оқылады.
ЕСКЕРТУ. 1-тармақ сөйлеммен толықтырылды - ҚРҮ-нiң 1997.04.22.
№ 621 қаулысымен.
2. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі шығарады, олар мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылады және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес Қазақстан бағалы қағаздарының қайталама нарығында еркiн айналыста болады.
3. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер МЕККАМ материалдық емес нысанда, үш, алты, тоғыз және он екi ай айналыс мерзiмiнен шығарылады және олар өз ұстаушыларының қаржы агентiнiң депозитарийіндегі немесе бастапқы дилердiң қосымша депозитарийіндегі депо-шоттарына тиiстi жазбалар енгізу жолымен орналастырылады және айналысқа қосылады.
ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
4. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 30 наурыздағы № 2155 Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ орналастыру, айналысқа қосу мен өтеуге депозитарлық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын қаржы агентi болып табылады. Эмитент пен қаржы агентiнiң арасындағы өзара қарым-қатынас осы Ережемен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банкінің нормативтiк құжаттарымен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен Ұлттық банк арасында жасалатын мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ орналастыру және олардың айналысқа қосылуына қызмет көрсету туралы келісіммен және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен реттеледi.
5. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер МЕККАМ оларды ұстаушылардың арасында сатып алушылар аукциондық негiзде айқындайтын дисконтты /жеңiлдетiлген/ баға бойынша орналастырылады, ал тиiстi айналыста болу мерзiмi аяқталған соң Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі нақтылы бағасы бойынша сатып алады. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ нақтылы бағасы 100 теңге.
Тиісті кезеңге сыйақы сомасын есептеу үшін мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелер - МЕККАМ айналысының есептік кезеңдегі күнтізбелік күндердің саны және жылдағы 365 күн қолданылады.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ толықтырылды - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437
қаулысымен.
6. Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерi болып табылатын заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ ұстаушылары бола алады. Бұл ретте мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ аукциондарына тек Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ұлттық Банкпен бiрлесiп белгiлеген бастапқы дилерлер ғана қатысады. Бағалы қағаздар нарығының басқа қатысушылары /инвесторлар/ аукциондарға тек бастапқы дилерлер арқылы ғана қатысады.
7. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ әрбiр эмиссиясының көлемiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген үкіметтік борыш лимитіне және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстарға қарай белгiлейдi. Жекелеген бастапқы дилердiң немесе инвестордың мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ бiр аукционда сатып алуының шектi көлемiн, бәсекеге түсе алмайтын тапсырыстардың қанағаттандыру процентiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы жағдайға қарай әр аукцион үшiн жеке-жеке айқындайды. Резидент еместердiң аукциондарға қатысу үлесiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi айқындайды.
ЕСКЕРТУ. 7-тармақтан сөздер алынып тасталды және толықтырылды -
ҚРҮ-нiң 1997.04.22. № 621 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 7-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі аукциондарды өткізу күнi мен шартын кезектi аукцион өткiзiлетiн уақытқа кем дегенде жетi күнтiзбелiк күн қалғанда анықтап, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiне хабарлайды, ол өз кезегiнде еркiн нысанда құрастырылған жазбаша хабарламалар жiберу арқылы дәл осындай мерзiмде бастапқы дилерлердi хабардар етедi, сонымен бiр мезгiлде ақпаратты мерзiмдi баспасөзде жариялайды, Аукциондарды өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтетiн нормативтiк актiлермен реттеледi.
9. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ орналастыру жөніндегі аукциондарды осы Ереженiң 7-тармағына сәйкес айқындалатын көлемге, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы жағдайға қарай Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бекiтетiн мерзiмдiлiкпен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өткiзедi.
10. Өткiзiлетiн аукционның бағалы шарттары және оған қатысушылардың тапсырыстарын қанағаттандыру көлемi жөніндегі шешiмдi осы Ереженiң 7-тармағы бойынша айқындалатын шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қабылдайды.
11. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ иелерi оларды кепiлге беруге, РЕПО операцияларын өткізуге, қайталама нарықта сатып алу мен сатуға құқылы. Бұл ретте инвестор сатып алу-сату, кепiлге беру және РЕПО операциялары жөніндегі барлық операцияларды бастапқы дилер арқылы ресiмдейдi. Кепiлге беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің депозитарийiнде тiркеледi.
12. Мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердiң МЕККАМ есепке алынуы, қозғалысы мен сақталуы - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi депозитарийіндегі депо-шоттар бойынша және тiкелей өз инвесторларының иелiгіндегі мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер МЕККАМ бойынша бастапқы дилерлердiң қосымша депозитарийiнде жүзеге асырылады.
13. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі үш айлық, алты айлық, тоғыз айлық және он екi айлық мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелердi МЕККАМ оларды бастапқы орналастырудан республикалық бюджетке қаржы түскен мерзiмнен бастап тиiсiнше тоқсан бiрiншi, жүз сексен екiншi, екі жүз жетпіс үшінші және үш жүз алпыс бесiншi күнтiзбелiк күнi нақтылы құны бойынша өтейдi.
ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
14. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келісілген және оларды орналастырудың дисконтталған бағасы мен мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелердің - МЕККАМ айналыста болған нақты уақыт үшін есептелген сыйақыны ескере отырып есептеп шығарылған дисконтталған баға бойынша мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелерді - МЕККАМ мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға құқылы. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мерзімінен бұрын өтеу туралы шешімі мұндай өтеу күніне дейін 10 күнтізбелік күнде, өз кезегінде 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей ол туралы бастапқы дилерлерге хабарлайтын, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жеткізіледі. Егер мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелердің - МЕККАМ бастапқы құнын мерзімінен бұрын өтеу күні немесе өтеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда, егер Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі өзгеше көздемесе, өтеу жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.
ЕСКЕРТУ. Жаңа 14-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.05.24.
№ 626 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгерді - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.10.28. № 1369
қаулысымен.
15. Мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелермен жасалатын операциялар бойынша салық салудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталады.
ЕСКЕРТУ. 15-тармақпен толықтырылды - ҚРҮ-нiң 2001.04.02. № 437
қаулысымен.