Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.
2015.31.07. № 340-V ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдеріндегі өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгізудi дереу жүргiзедi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына - электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште, аумақтық және округтік комиссияларға электрондық түрде ұсынады.
2. Сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына хабарлайды.
3. Төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиясы сайлау шылар тізімін Қазақстан Республикасының сайлаушы аза маттарының электрондық тізіліміне енгізу үшін жоғары тұрған комиссияға электрондық түрде ұсынады.
4. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 27-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 27-бап өзгертілді
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
3. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткізу жолымен;
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен;
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) онлайн-платформалар арқылы жүзеге асырылады.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Мыналарға:
1) мемлекеттік органдарға, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Телерадио хабарларын тарату субъектілерінің жаңалықтар, талдау бағдарламаларында кез келген үгіт материалдарын таратуына тыйым салынады.
5. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Осы Конституциялық заңда мыналар:
1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенім бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;
2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттік органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады;
Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.
6. Кандидаттар не олардың сенім бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективті жазып-көрсетуді жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан қалыс қалуға; аталған адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін баспа басылымының ең таяудағы нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен және теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған сол жерде теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік беруге міндетті. Радио және телевизия арқылы теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты тәуліктің сол уақытында және сол теле- және радиобағдарламада, ал аталған теле- және радиобағдарлама жабылып қалған жағдайларда - оған тақырыптық бағыты сәйкес келетін өзге теле- және радиобағдарламада берілуге тиіс.
Теріске шығару көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі есе және одан үлкен болмауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетіндегі орны, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде таратуға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сайлау комиссияларына осы Конституциялық заңда белгіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және хабарларды жариялау мүмкіндігін дереу береді.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1. Онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; аталған тұлғаларға өздерінің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті.
8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.
9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.
10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 28-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 28-бап өзгертілді
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актілеріне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Президенттікке кандидаттар, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, әкім болуға кандидаттар сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады, оларды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыруға құқылы.
Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттары бірдей болуға және қайсыбір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық бермеуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген кандидаттарға және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға үгіт материалдарын жариялау үшін шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді.
Онлайн-платформаларды пайдаланушылар тіркелген кандидаттарға және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға үгіт материалдарын жариялау үшін шарттық негізде ақпарат көлемін береді.
Үгіт материалдарын жариялау үшін шарттың талаптары қайсыбір кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге тиіс.
Шарттық негізде ұсынылған үгіт материалдарын орналастыру ақысының мөлшері, шарттары туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы, онлайн-платформаны пайдаланушы сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ олар Президентті және партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясына, Парламент Сенаты, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттар депутаттарын, әкімдерді және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылуға тиіс.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында үгіт материалдарын орналастыру ақысының мөлшері, шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформаларды пайдаланушылар ұсынған мәліметтер орналастырылады. Шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын және ақпарат көлемін беретін бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформаны пайдаланушылар үгіт материалдарын орналастыру ақысының мөлшері, шарттары туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыруды, таратуды жүзеге асыра алмайды.
Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс.
Кандидаттардың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның біріне бұқаралық ақпарат құралы, онлайн-платформаны пайдаланушы шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыруға берген келісім басқа кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға үгіт материалдарын орналастыруға келісім беру болып табылады
Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына, онлайн-платформаларға шығу кезектілігі жазбаша жолданымдардың келіп түсу ретімен не егер жолданымдар бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді.
Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар өкілдерінің телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiнен кейін iле-шала, сондай-ақ баспасөз басылымдарындағы сөздерiнен кейін сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, үнпарақтар, ұрандар мен өзге де үгіт материалдарын басып шығару үшiн бiрдей сомада ақша бөледi. Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым (баспа материалдары бойынша - олардың басылған жері және таралымы), тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан ақысы төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс. Үгіт материалдарын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Егер онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаса, онлайн-платформаларға қатысты осы тармақтың талаптары қолданылады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына, онлайн-платформаларға шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.
Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келісімi болуға тиiс. Жазбаша келісімi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Осы Конституциялық заңға сәйкес міндетті түрде жариялануға жататын мәліметтер жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына орналастырылады. Мерзімді баспасөз басылымдары сайлау комиссияларының хабарларын Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен және көлемде республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен орналастырады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
9. Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргізген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейді.
Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 156-VII ҚР Конституциялық Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 29-бап өзгертілді
29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасы
Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, әкім болуға, өзге де жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.
30-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 31-бап өзгерді
31-бап. Сенім бiлдiрген адамдар
1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.
2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенім бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.
Кандидат, саяси партия сенім бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенім бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.
3. Сайлау комиссиясы сенім бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.
4. Сенім білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттік қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.
5. Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.
6. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)