Ғылыми-техникалық қызметте сараптама ұйымдастыру мен жүргiзу
туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің
1993 ж. 14 қыркүйектегі № 876 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 27.12.02 ж. № 1385 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
"Қазақстан Республикасында ғылым мен мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Ғылыми-техникалық қызметте сараптама ұйымдастыру мен жүргiзу туралы Ереже /қоса берiлiп отыр/ бекітілсiн.
Министрлiктер мен ведомстволар өздерiнiң сараптама органдарының құрылымы мен функцияларын Ереженiң талаптарына сәйкес келтiрсiн.
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі ғылыми-техникалық сараптама жөніндегі жұмысқа жалпы басшылық жасап үйлестiрудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1993 жылғы 14 қыркүйектегi
№ 876 қаулысымен
Бекiтiлген
Ғылыми-техникалық қызметке сараптама ұйымдастыру
мен жүргiзу туралы
ЕРЕЖЕ
Жалпы қағидалар
1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы ғылым мен мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы" Заңға сәйкес әзiрлендi және мемлекеттік мәнi бар ғылыми-техникалық қызметке сарапшылық /мемлекеттік ғылыми-техникалық сарапшылық/ ұйымдастыру мен жүргiзудi реттейдi.
2. Аталған Ереженi ғылыми-техникалық қызмет саласында шешiмдер қабылдайтын мемлекеттік өкiмет пен басқару органдары басшылыққа алады.
3. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сарапшылық /бұдан әрi - МҒТС/ ғылыми-техникалық прогрестiң аса маңызды мәселелерi жөнiнде қабылданатын шешiмдердiң негiздiлiк деңгейiн арттыру мақсатымен сараптау объектiсiне тәуелсiз талдамалы бағалау алу үшiн мемлекеттік өкiмет пен басқару органдарының өтiнiмi бойынша өткiзiлетiн iс-қимылдармен тұжырымдардың бағалау жүйесi.
4. Қазақстан Республикасының республикалық бюджетiнен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық қызмет объектiлерi бойынша, сондай-ақ осы Ереженiң 18-тармағында көрсетiлген объектiлер бойынша МҒТС мiндеттi болып табылады және объектiнi қаржыландыру /өткізу/ туралы шешiм қабылдаудың iзашары болады. Жергiлiктi бюджеттерден, бюджеттен тыс қорлардан акционерлік, жеке капиталмен қаржыландырылатын объектiлер бойынша МҒТС жергiлiктi өкiмет органдарының немесе тиiстi қорлар иелерiнiң инициативасы бойынша жүргiзiледi.
5. МҒТС-тың негiзгi мiндеттерi:
республиканың ғылыми-техникалық әлеуетiнiң жай-күйi мен даму үрдiсiне қарай бағдарламалар мен жобаларды iске асырудың мүмкiндiктерiн бағалау; бағдарланатын зерттеулер мақсатының маңыздылығын, жоспарланған операциялар арқылы оларға жетудiң мүмкiндiктерiн, жұмсалғалы отырған еңбектiң, қаржы қаражатының материалдық ресурстардың қажеттiлiгi мен жеткiлiктiлiгiн бағалау; жобаларды қаржыландыру /өткізу/ үшiн таңдап алу жөнiнде ұсыныстар тұжырымдау;
қаржыландырылған жобалардан алынған нәтижелердiң /орындалу, аяқталу және өндiрiске енгiзiлу сатыларында/ маңыздылығын, жұмсалған қаражаттың тиiмдiлiгiн бағалау және қаржыландыруды жалғастыру, өзгерту немесе тоқтату туралы ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.
6. Сараптаудың негiзгi принциптерi:
- сараптама қорытындыларының өңiн айналдыруға икемдi сыртқы әсерлердi мейлiнше азайтатын арнайы тетiктердi iске асыруды шамалайтын тәуелсiздiк пен объективтiлiк;
пайдаланылатын және өңделетiн ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы;
сарапталатын объектiнi iске асырудың ғылыми-техникалық қана емес, сонымен бiрге экономикалық, экологиялық және әлеуметтiк салдарын бағалауға саятын кешендiлiк;
қоғами ашықтылық және сараптамаға қатысушылардың құқығын қорғау болып табылады.
7. МҒТС-тiң субъектiлерi:
iзденушi - сараптау объектiсi бойынша ұсыныс жасайтын және объектiнi iске асыруға, қаржы алуға немесе рұқсат алуға үмiт ететiн субъект - жеке адам немесе адамдардың тобы, мекеме, кәсiпорын, ведомство, шетелдiк компания;
тапсырыс берушi - сараптау объектiсi бойынша шешiм қабылдайтын және МҒТС жүргiзуге тапсырыс беретiн субъект - мемлекеттік орган /Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi, Министрлер Кабинетi, Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі, басқа министрлiктер мен ведомстволар/, жекелеген кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар;
ұйымдастырушы -МҒТС-қа тапсырыс берудi iске асыруды ұйымдастыру жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асырушы субъект /сарапшылық орган/- Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінiң Ғылыми-техникалық сараптау бас басқармасы, орталық аппараттың бекітілген шегіндегі адам санынан құрылған ведомстволық сараптау органы;
орындаушы - iзденушiнiң ұсынысын талдайтын және сараптау қорытындысын беретiн субъект -тәуелсiз сараптамашылар /жоғары білімдi ғалымдар, мамандар, соның iшiнде шетелдiк/, сарапшылық топтары, комиссиялары, кеңестерi, ұйымдары, кәсiпорындары, тиiсiнше мамандандырылған шет ел компаниялары.
Тапсырыс берушi, ұйымдастырушы және орындаушы МҒТС рәсiмдемелерiнiң тiкелей қатысушылары болып табылады.
8. МҒТС-ты өткізудiң жалпы тәртібі:
тапсырыс берушi iзденушi табыс еткен материалдар бойынша МҒТС-ты жүргiзу туралы шешiм қабылдайды; сарапталатын объектiнiң ауқымдылығына, күрделiлiгiне, ерекшелiгiне және оны қаржыландырудың көздерiне қарай ұйымдастырушыны таңдайды; сараптау жүргiзуге тапсырыс берудi рәсiмдеп, оны және iзденушiден түскен материалды ұйымдастырушыға жiбередi;
ұйымдастырушы түскен материалдарды алдын ала талдаудан өткiзедi; тапсырыс берушiмен сараптауға қойылатын талаптарды және орындаудың шарттарын /қаржыландыру тәртібін, мерзiмдерiн және т.б./келiседi; орындаушыларды таңдап алады және олардың жұмысын ұйымдастырады; орындаушылардан түскен сараптау қорытындыларын талдайды, солардың негiзiнде сараптаудың жиынтық қорытындысын жасап, оны тапсырыс берушiге табыс етедi;
тапсырыс берушi сараптау объектiсi жөнiнде шешiм қабылдаған кезде сараптаудың қорытындысын пайдаланады.
МҒТС субъектiлерiнiң ұйымдық-құқылық және қаржылық өзара қарым-қатынастары қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ресiмделiп, реттеледi.
МҒТС-қа қатысушылардың негiзгi құқықтары
мен мiндеттерi
9. Тапсырыс берушiнiң:
сараптауға балама жобалар түсiруге;
ұйымдастырушымен келiсе отырып, сараптама жүргiзудiң мерзiмдерiн белгiлеуге;
сараптауды ұйымдастыру мен жүргiзуге қаржылық шарттар жасасуға;
МҒТС-қа тапсырыс берудiң талаптарын орындамаған жағдайда сараптау қорытындысын қайтарып тастауға немесе оны қайтадан өңдеуге жiберуге;
сараптаудың сапасы мен объективтiлiгiн жетiспеуi бойынша сараптаудың жиынтық қорытындысымен келiспеген жағдайда тиiстi /12-тармақ/ шағым жасау орындарына жүгiнуге құқы бар.
10. Ұйымдастырушының:
сараптау ұйымдастыру мен жүргiзу үшiн қажеттi ақпараттың бәрiн алуға, сондай-ақ өз жұмысын қаржылық, материалдық-техникалық және әкiмшiлiк-құқылық жағынан қамтамасыз етуге;
сараптама орындаушыларының жеке құрамын белгiлеуге, сарапшылар ретiнде жетекшi ғалымдар мен жоғары біліктi мамандарды, ұжымдық сарапшылар ретiнде сараптау топтарын, комиссияларын, кеңестерiн, сондай-ақ ұйымдарды, кәсiпорындарды, тиiсiнше мамандандырылған шет ел компанияларын тартуға;
тапсырыс берушiмен келiсе отырып сараптау жүргiзудiң мерзiмдерiн белгiлеуге;
жеке және ұжымдық сарапшылар жұмысының нәтижелерiн табыс етудiң тәртібін белгiлеуге;
сараптама жүргiзуге қаржылық шарттар жасасуға;
сараптау қорытындылары негiзiнде сараптау объектiлерiн қаржыландыруды /өткізудi/ бастау, тоқтату немесе шарттарын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзуге;
сараптамашылар құрамына қойылатын талаптарды сараптамашылар орындамаған жағдайда сараптама қорытындыларын қабылдамай тастауға немесе қайтадан өңдеуге жiберуге;
сараптама қорытындылар бойынша тапсырыс берушi қабылдаған шешiмдермен келiспеген жағдайда тиiстi /12-тармақ/ шағым беру орындарына жүгiнуге құқы бар.
11. Орындаушының:
сараптама жүргiзу үшiн қажеттi бүкiл ақпаратты, соның iшiнде сараптама жұмысын жүргiзу барысында туындаған мәселелер бойынша ақпарат алуға;
сараптаманың жиынтық қорытындысына немесе қабылданған шешiмдерге келiспеген жағдайда ерекше пiкiрiн бiлдiруге және тиiстi /12-тармақ/ шағым беру орындарына жүгiнуге құқы бар.
12. МҒТС-тiң шағым беру орындары:
ұйымдастырушының шешiмiне /сараптаманың жиынтық қорытындылары/- жанынан сараптау органы құрылған министрлiк, ведомство;
сараптау объектiсi бойынша тапсырыс берушiнiң шешiмiне - тиiсiнше жоғары тұрған орган болып табылады.
13. Тапсырыс берушi :
ұйымдастырушының қызметiн ақпараттық, қаржылық, материалдық-техникалық, әкiмшiлiк-құқылық жағынан қамтамасыз етуге, оның қажетiн уақтылы қанағаттандырып отыруға;
тапсырыс беру талаптарына сәйкес ұйымдастырушыдан сараптау қорытындыларын қабылдауға және оларды сараптау объектiсi бойынша шешiмдер қабылдаған кезде пайдалануға мiндеттi.
14. Ұйымдастырушы:
тапсырыс берушiмен келісілген талаптарға сәйкес МҒТС-қа берiлген тапсырыстың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге;
орындаушыны ресурстардың қажеттi түрлерiмен және қызмет жағдайларымен қамтамасыз етуге;
сарапшылар туралы, оларды сараптау қызметiне тартудың деңгейi мен нысандары туралы, тапсырыстарды орындаудың саны мен сапасы жөніндегі рейтинг, Қазақстан Республикасының заңдары бойынша жеке адамдар құқығына нұқсан келтiрмейтiн басқа да мәлiметтер туралы деректер банкiн қалыптастыру iсiне қатысуға;
нақтылы объектi бойынша сарапшылардың жеке құрамы туралы мәлiметтердiң, сондай-ақ мемлекеттік немесе коммерциялық құпиясы бар ақпараттың құпиялылығын сақтауға; интеллектiлiк меншiкке құқықтың сақталуын қамтамасыз етуге;
өздерiнiң ұйымдастыру шараларының және олардың нәтижелерiнiң жариялылығын қамтамасыз етуге, сарапшыларға қысым жасалуына қарсы тұруға мiндеттi:
15. Орындаушы:
тапсырыстың талаптарына сәйкес ұйымдастырушы алдында өзiне алған барлық шарттық мiндеттемелерiн орындауға;
сараптау объектiсiнiң сипаттамасын объективтi түрде бағалауға;
сараптауға табыс етiлген деректердiң құпиялылығын бұзбауға мiндеттi.
16. Iзденушi тапсырыс берушiге ұсынған және сараптауға түскен мәлiметтердiң құпиялылығы:
iзденушi жүзеге асыратын сақтауға қабiлеттi әзiрлемелердiң алдын ала патенттiк қорғалуымен;
МҒТС ресiмдерiне тiкелей қатысушылардың сарапталатын ақпараттың құпиялылығын бұзбауға мiндеттiлiгiмен қамтамасыз етiледi.
Iзденушiнiң талап етуi бойынша оның интеллектiлiк құқығын қосымша қорғау үшiн оны мен тапсырыс берушi арасында ақпараттың құпиялылығы мен жария етiлмеуi туралы жазбаша шарт ресiмделедi, онда шартта айтылған ақпаратты алушы тарап /тапсырыс берушi/ оны сараптау жүргiзуден басқа өзгеше мақсатта жария етпеу мен пайдаланбауы көзделедi. Тапсырыс берушi бұл жағдайда ұйымдастырушымен, ол өз кезегiнде орындаушымен тиiстi шарт жасасуға мiндеттi. Шарттар сондай-ақ орындаушылардың нақтылы құрамы туралы ақпараттың iзденушiден жабық болуын көздеуге тиiс. Шартта айтылған ақпарат iзденушiлерден рұқсатынсыз жария етiлгенде, пайдаланылғанда немесе сараптауға қатыспайтын ұйымдарға немесе адамдарға берiлгенде шарт талаптарын бұзған адамдар сот алдында жауапқа тартылады және мұның өзi iзденушiге оған келтiрiлген зиянды қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сот тәртібімен өндiрiп алуға құқық бередi.
Бас Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
17. Бас мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама /БМҒТС/- бұл тұтас алғанда Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiретiн стратегиялық маңызы бар ғылыми-техникалық қызмет объектiлерi бойынша Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі ұйымдастыратын МҒТС.
18. БМҒТС-тың объектiлерi:
Қазақстан Республикасында салынып жатқан /соның iшiнде шетелдiк инвестицияны тарту арқылы да/ аса маңызды өндiрiстiк-технологиялық кешендер жобаларының, мемлекеттік күрделi қаржыны пайдалануға үмiттенушi инновациялық жобалардың ғылыми-техникалық бөлiгi;
ұлттық бағдарламалардың ғылыми-техникалық бөлiгi;
республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламалар;
мемлекетаралық және халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар;
кез келген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң ғылыми-технологиялық қызмет саласындағы тұтас алғанда Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiретiн ұсыныстары;
БМҒТС объектiлерi болып табылатын ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды, сондай-ақ iргелi зерттеулер бағдарламаларын орындаудың нәтижелерi;
Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылған жұмыстар /сараптама жасау, ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комитетiмен бiрге ұйымдастырылады/ болып табылады.
Ескерту. 18-тармақтың екiншi абзацы жаңа редакцияда - ҚРМК-нiң 1994 ж. 8 желтоқсан № 1395 қаулысына сәйкес.
19. БМҒТС-тi өткізу тәртібі:
БМҒТС объектiлерi жөніндегі өтiнiм мен материалдар сол объектiлердi өткізу /қаржыландыру/ туралы шешiмдер қабылдаған мемлекеттік өкiмет пен басқарудың жоғары органдары және басқа органдар тарапынан мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігіне берiледi;
Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі тапсырыс берушiмен келiсе отырып, БМҒТС-тi қаржыландырудың негiзгi бағыттарын, оның көзi мен шарттарын айқындайды және министрлiктiң ғылыми-техникалық сараптама басқармасының күшiмен оны өткізудi ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінiң ғылыми-техникалық сараптама басқармасы сараптама жасаушыларды /Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінiң жанындағы сараптама кеңестерi, Ұлттық ғылым академиясының, ұлттық ғылыми орталықтардың, басқа да академиялардың, министрлiктер мен ведомстволардың сараптама комиссиялары, кеңестерi, шетелдiк сараптау ұйымдары, жекелеген мамандар/ белгiлейдi, олармен сараптама жүргiзуге шарттар жасасады, орындаушылардың сараптау қорытындыларын алады, солардың негiзiнде БМҒТС-тың жиынтық қорытындысын қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі БМҒТС-тың жиынтық қорытындысын бекiтедi және оны шешiмдер қабылдау кезiнде пайдалану үшiн тапсырыс берушiге ұсынады.
Министрлiктер, ведомстволар, ғылым академиялары
ұйымдастыратын МҒТС
20. БМҒТС объектiлерi болып табылмайтын ғылыми-техникалық қызметтiң объектiлерi бойынша Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптауды объектiлердi өткізу /қаржыландыру/ туралы шешiм қабылдайтын министрлiктер. ведомстволар, ғылым академиялары ұйымдастырады.
21. Министрлiктер, ведомстволар, ғылым академиялары ұйымдастыратын МҒТС объектiлерi:
- Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі бойынша:
Ғылым қоры қаржыландыратын iргелi және қолданбалы зерттеулердiң бағдарламалары мен жобалары; Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын iзденiстiк ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар;
технологияларды сату мен сатып алудың /олардың ғылыми-техникалық деңгейiне қарай/ контрактiлерi;
ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекеттік жүйесiн ұйымдастыру мен дамыту жөніндегі ұсыныстар;
қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға үмiткерлер ұсынатын ғылыми-технологиялық қызмет саласындағы ұсыныстар мен жобалар;
мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар олар бойынша ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басқарушылық шешiмдердi негiздеу үшiн ведомстводан тыс сарапшылық бағалауды жүргiзудi тиiмдi деп санайтын өзге де объектiлер;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы академиясы бойынша:
iргелi зерттеулердiң олардың қалыптасуы мен кезеңдерiн орындау сатысындағы бағдарламалары мен жобалары;
- басқа министрлiктер мен ведомстволар бойынша:
салалық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар болып табылады.
Министрлiктер, ведомстволар мен Қазақстан Республикасының ғылым академиялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінiң, басқа да министрлiктер мен ведомстволардың, жекелеген кәсiпорындар мен ұйымдардың тапсырыстары бойынша ғылыми-техникалық сараптау ұйымдастырады.
22. МҒТС осы Ереженiң 8 және 19 тармақтарында аталған тәртiппен жүргiзiледi. МҒТС-қа тапсырыс берушi - тиiстi министрлiк /ведомство, Ғылым академиясы/, ұйымдастырушысы - оның сараптау органы /немесе уәкiлдiгi бар жеке адам/, орындаушылары - ведомстволық сараптау, ғылыми-техникалық, проблемалық кеңестер, бұларға республиканың басқа министрлiктерiнiң, ведомстволарының тәуелсiз сарапшылары немесе сараптама органдары мiндеттi түрде тартылады.
23. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыратын әрi жүргiзетiн республика министрлiктерiнiң, ведомстволарының, ғылым академияларының сараптама қызметтерi, ұжымдық және жеке сарапшылар Қазақстан Республикасының МҒТС жүйесiн құрайды. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі, олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, МҒТС-тың барлық сараптама қызметкерлерiнiң жұмысына бақылау мен талдау жасайды, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау саласындағы олардың қызметi жөнiнде ақпарат алуға, салалық бағдарламалар мен жобаларға, iргелi зерттеулердiң бағдарламаларына бақылау МҒТС-ын, сондай-ақ "сараптамаға сараптаманы" таңдап жүргiзуге құқы бар. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі тиiстi сараптама қызметтерiне қажеттi әдiстемелiк көмек көрсетедi.
24. Әрбiр сараптама қызметiнiң iшкi құрылымы, жеке құрамы және жұмыс регламентi республиканың тиiстi министрлiктерi мен ведомстволарының мақсатымен, мiндетiмен, мүдде ауқымымен айқындалады және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
25. Сараптау объективтiлiгiнiң қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету үшiн сарапшыларды iрiктеу кезiнде олардың тәуелсiздiк дәрежесiн арттыратын мынадай қағидаларды сақтау ұсынылады:
сарапшылар iзденушi ретіндегі министрлiктiң, ведомствоның, мекеменiң, кәсiпорынның штатында болмауға тиiс; осы тақырып саласында осы тапсырыс берушiден субсидия алуға үмiткер болуға тиiс емес;
сарапшылар құрамы айқындалған комиссиялар мен кеңестерде жоғарыдағы талаптарға сай келмейтiн адамдар тиiстi жобалар бойынша өткiзiлген мәжілістерге қатыстырылмауы қажет /керек болған жағдайда уақытша ауыстырылады/;
сарапшыға қысым жасау әрекетi әкiмшiлiк немесе басқа да санкциялармен жазалануға тиiс;
сарапшылар құрамы дүркiн-дүркiн жаңартылып отыруға тиiс, мұндай жаңартудың нормалары тиiстi сараптама қызметтерi туралы Ережелерде көрсетiлуi керек.
Сараптаманы қаржыландыру
26. БМҒТС, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі, ғылым академиялары, министрлiктер мен ведомстволар өткiзетiн, Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі арқылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын объектiлердi МҒТС-ны Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі ғылымға бөлiнген қаражаттан қаржыландырылады.
27. Өткiзiлуi басқа көздерден қаржыландырылатын объектiлердi БМҒТС және МҒТС тапсырыс берушiлер тарапынан шарттық негiзде төленедi.
28. БМҒТС және МҒТС жүргiзуге бөлiнген қаражат сарапшылар еңбегiне ақы төлеуге және басқа шығындарға пайдаланылады. Бұл қаражаттың мөлшерi, төлем жасау мен пайдаланудың тәртібі қолданылып жүрген нормативтiк құжаттарға сәйкес айқындалады.