Бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық
қызметiн ведомстволық бақылау туралы ереженi
бекіту жайында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің
1993 ж. 2 қыркүйектегі № 773 Қаулысы
(ҚР Министрлер Кабинетінің 12.10.95 ж. № 1320 ; ҚР Үкіметінiң
20.08.96 ж. № 1031 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2004 ж. 30 қарашадағы № 1246 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық қызметiн ведомстволық бақылау туралы Ереже қосымшаға сәйкес бекітілсiн.
2. Министрлiктердiң, ведомстволар мен басқа да басқару органдарының бақылау-тексеру бөлiмшесiнiң басшылары қызмет жөнiнен тiкелей министрлерге, ведомстволар мен басқа да басқару органдарының бiрiншi басшыларына бағынатын болып белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитетi мен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттік қаржы бақылау комитетi министрлiктердiң, ведомстволар мен басқа да басқару органдарының бақылау-тексеру жұмысы жөніндегі есеп-қисабының нысанын, оны табыс ету мерзiмi мен тәртібін 1993 жылғы 1 қазанға дейiн анықтайтын болсын.
4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы-валюталық бақылау комитетiне министрлiктер мен ведомстволардың есептерiн және оларда жүргiзiлген бақылау-тексеру жұмысының жай-күйiн тексеру материалдарын қорыту негiзiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ведомстволық тексерiстер мен тексерулердiң нәтижелерi туралы дүркiн-дүркiн хабарлап отырсын.
5. "Министрлiктердегi, ведомстволар мен басқа да басқару органдарындағы бақылау-тексеру жұмысын жақсарту жөніндегі шаралар туралы" СССР Министрлер Советiнiң 1981 жылғы 2 сәуірдегі № 325 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1981 жылғы 6 мамырдағы № 213 қаулысының (Қазақ ССР қаулыларының жинағы, 1981 ж., № 12, 35-бап) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1993 жылғы 2 қыркүйектегi
№ 773 қаулысымен
Бекiтiлген
Бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен
мекемелердiң қаржы-шаруашылық қызметiн
ведомстволық бақылау туралы
Ереже
1. Министрлiктер, ведомстволар мен басқа да басқару органдары қарамағындағы кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң сметаларын, есеп айырысуларын, өтiнiмдерiн қарау, контракттар жасасу, қаржыландыру, есеп-қисаптарды қарау, т. б. кезiнде олардың қызметiн алдын-ала және ағымдағы бақылауды жүзеге асырады.
Шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексерiс жүргiзуден тұратын кейiнгi бақылауды министрлiктер, ведомстволар, басқа да бақылау органдары және оларға бюджеттен қаржыландырылатын бағынышты бөлiмшелер - Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейтiн тiзбе бойынша жүзеге асырады.
Кәсiпорындар, ұйымдар, банкiлер, қауымдастықтар, концерндер, холдингiлер, кооперативтiк және қоғамдық ұйымдар мен басқа да шаруашылық органдары ведомстволық бақылауды құру мәселесiн дербес шешедi.
2. Қарамағындағы кәсiпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда ақшалай қаражаттың, оның iшiнде валюталық қаражаттың және материалдық құндылықтардың сақталуы мен дұрыс жұмсалуын, бухгалтерлiк есептiң дұрыс жүргiзiлуiн және есеп-қисаптың растығын бақылауды қамтамасыз ету ведомстволық тексерiстер мен тексерулердiң мақсаты болып табылады.
3. Бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексерiстер мен тексерулердi әрбiр жеке жағдайда тиiстi органның басшысы тағайындайды және олар шаруашылық есепте тұрған кәсiпорындарда, бiрлестiктер мен ұйымдарда әрi кеткенде жылына бiр рет кешендi түрде, ал басқа ұйымдар мен мекемелерде әрi кеткенде екi жылда бiр рет жүргiзiледi.
Бiрақ барлық жағдайда әрбiр кәсiпорында, мекеме мен ұйымда тексерiстердiң мерзiмдiлiгi бухгалтерлiк құжаттарды сақтаудың белгiленген мерзiмiнен сирек бола алмайды.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм шегiнде кезектен тыс тексерiстер жүргiзуге кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары немесе бас бухгалтерлерi ауысқанда, оларда бұрмалаушылықтар мен қиянат жасау орын алғаны туралы хаттар мен дабылдар келiп түскенде, не құқық қорғау органдарының талап етуi бойынша жол берiледi.
ҚР МК-нiң 12.10.95 ж. № 1320 қаулысымен 4- тармақ өзгертiлдi
4. Кәсiпорындардың, кеңшарлардың, бiрлестiктер мен ұйымдардың жанында жұмыс iстеп тұрған шағын кәсiпорындарда, шаруашылық серiктестiктерi мен шаруашылық жүргiзушi басқа да субъектiлерде тексерiстер қолданылып жүрген заңдарға сәйкес құрылтайшы кәсiпорындардағы тексерiстермен бiр мезгiлде жүргiзiледi.
ҚР МК-нiң 20.08.96 ж. № 1031 қаулысымен 5- тармақ өзгертiлдi
5. Тексерiстер мен тексерулердi жүргiзуде қосарланушылық пен қайталаушылыққа жол бермеу мақсатымен ведомстволық тексерiстердi жүргiзу жоспарлары басқа бақылаушы органдармен:
республикалық басқару органдары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы қаржы-валюталық бақылау комитетiмен, аймақтық және жергiлiктi бақылау органдары - аталған Комитеттiң тиiстi территориялық бөлiмшелерi мен келісіледi.
ҚР МК-нiң 12.10.95 ж. № 1320 қаулысымен 6- тармақ өзгертiлдi
6. Министрлiктер, ведомстволар мен басқа да басқару органдары жүргiзетiн тексерiстер мен тексерулердiң негiзгi мiндеттерi:
а) шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық операциялар жасау және оларды белгiленген тәртiппен ресiмдеу кезiнде заңдылықтың сақталуын;
ә) бюджеттен бөлiнетiн қаржының, берiлген кредит пен жәрдем қаражаттың, материалдық және қаржы ресурстарының мақсатты да ұтымды пайдаланылуын, ақшалай қаражаттың, бағалы қағаздар мен материалдық игiлiктердiң сақталуы қамтамасыз етiлуiн;
б) өнiмнiң, қызметтер мен жұмыстардың бағасы мен тарифтерiн белгiлеудiң; товарлардың әкелiнуi мен республикадан сырт жерлерге әкетiлуiнiң белгiленген тәртібінiң сақталуын;
в) бухгалтерлiк есеп пен есеп-қисаптың, қаржы, кредит және есеп айырысу операцияларының дұрыс әрi айқын жүргiзiлуiн, бюджет алдындағы мiндеттемелердiң орындалуын;
г) валюталық қаражаттың белгiленген тәртiпке сәйкес дұрыс ресiмделуiн және тиiмдi пайдаланылуын, оның валюталық операцияларды жасауға лицензиясы бар республиканың банк мекемелерiнде есепке алынуы мен сақталуының қамтамасыз етiлуiн;
ғ) кәсiпорындарды, ұйымдарды және олардың мүлкiн жекешелендiрудiң қолданылып жүрген заңдар мен белгiленген тәртiпке сай келуiн, жекешелендiрiлетiн объектiлер құнының дұрыс есептелуiн;
д) тексерiлетiн мекемелер мен шаруашылықты жүргiзушi субъектiлердiң жанында жұмыс iстеп тұрған шағын кәсiпорындармен шаруашылығымен, серiктестiктермен, кооперативтермен және басқа кәсiпкерлiк нарықтық құрылымдармен толық және негiздi түрде есеп айырысуды және сонымен бiрге олардың қызметiнде тексерiлетiн объектiлер басшы қызметкерлерiнiң қатысуының, олардың сыйақы мен материалдық көмек алуының тексерiлуiн;
е) бұрынғы тексерiсте немесе тексеруде анықталған жетiспеушiлiктердi жою жөніндегі нұсқаулардың орындалуын анықтау.
7. Тексерiстер мен тексерулердi жүргiзу мерзiмi 30 күн шегiнде белгiленедi. Елеулi бұрмалаушылықтар мен қиянат жасау анықталған жағдайда барлық мәселелердi тереңдете тексерудi және тексерiс материалдарының сапалы ресiмделуiн қамтамасыз ету үшiн оның жүргiзiлуi мерзiмiн тексерiстi тағайындаған органның басшысы ұзарта алады.
8. Тексерiстiң немесе тексерудiң нәтижелерi тексерiс тобының жетекшiсi (тексерушiлер), тексерiс немесе тексеру жүргiзiлген кәсiпорынның, мекеменiң (ұйымның) басшысы мен бас бухгалтерi қол қойған актiмен ресiмделедi.
Егер бiрлестiктiң, кәсiпорынның, ұйымның, мекеменiң басшысы немесе бас бухгалтерi актiге қарсы болса және ескертпесi болса, онда олар қол қоюға және сонымен бiрге оған өздерiнiң қарсылығын немесе ескертпесiн жазбаша түрде қоса тiркеуге мiндеттi.
9. Тексерiсте немесе тексеруде анықталған бұрмалаушылықты немесе қиянат жасауды жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану және кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тарту қажет болған жағдайда тексерiс немесе тексеру барысында жеке (аралық) акт жасалады және қажет болған ретте тиiстi материалдар құқық қорғау органдарына жiберiледi. Бұл жайында тексерiстi немесе тексерудi тағайындаған органның басшысына хабарланады.
10. Бiрлестiктiң, кәсiпорынның, мекеме мен ұйымның басшысы анықталған бұрмалаушылықтарды тексерiстiң немесе тексерудiң аяқталуын күтпестен жою жөнiнде шара қолдануға мiндеттi. Бұл жайында тексерiс актiсiнде тиiстi жазу жазылады.
11. Тексерiстi немесе тексерудi тағайындаған органның басшысы тексерiс немесе тексеру материалдарын екi апта мерзiмде қарап, бұрмалаушылықтар мен жетiспеушiлiктердi жою, материалдық зиянның орнын толтыру, кiнәлi адамдарды жауапкершiлiкке тарту, анықталған бұрмалаушылықтар мен қиянат жасауды туғызған себептер мен жағдайларды жою жөнiнде және олардың алдын алуға байланысты қажеттi ұсыныстар әзiрлеу жөнiнде қажеттi шешiм қабылдауға, сондай-ақ тексерiстер мен тексерулердiң нәтижелерi бойынша қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
12. Тексерiс (тексеру) жүргiзу кезiнде тексерушi:
кәсiпорындарда, бiрлестiктерде, ұйымдар мен мекемелерде жоспарларды, сметаларды, бухгалтерлiк және басқа құжаттарды қолда бар ақша мен құндылықтарды тексеруге, ал жалған құжаттар, көзбояушылықтар мен басқа да қиянат жасау анықталғанда қажеттi құжаттарды кейiннен құқық қорғау органдарына беру үшiн оларды белгiленген тәртiппен алып қоюға;
шикiзаттың, материалдардың, отынның, электр энергиясының және басқа материалдық құндылықтардың өндiрiс шығындарына дұрыс жатқызылуын, дайын өнiмнiң кiрiске толық алынуын тексеруге;
тексерiлетiн бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң басшыларымен бiрлесiп, орындалған жұмыстардың көлемiн бақылау мақсатымен өлшеудi, шикiзат пен материалдарды өндiрiске бақылау мақсатымен қосуды, негiзгi қорларды, тауар-материалдық құндылықтарды, ақшалай қаражатты түгендеуге және есеп айырысуды ұйымдастыруға, ал қажет болған жағдайда кассалар мен кассалық бөлмелердi, қоймаларды, шағын қоймаларды, архивтердi мөр басып жабуға;
басқа бiрлестiктерден, кәсiпорындардан, ұйымдардан, мекемелерден анықтамалар және тексерiлетiн бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң операцияларына байланысты құжаттардан көшiрмелер алуға;
лауазымды адамдардан тексерiстер мен тексерулер жүргiзу барысында туындаған мәселелер бойынша жазбаша түсiнiктер алуға құқылы.
13. Тексерушi:
- өзiнiң жұмысында қолданылып жүрген заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердi қатаң басшылыққа алуға, бұра тартушылық пен әдiлетсiздiкке жол бермеуге;
- тексерiлетiн кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметi жөнiнде алынатын мәлiметтердi тек қызмет мақсатында ғана пайдалануға, бұл орайда заңдарда белгiленген коммерциялық құпияны сақтауға мiндеттi.
Өзiнiң мiндеттерiн толық орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны, коммерциялық құпияны сақтамағаны, бұра тартушылық пен әдiлетсiздiк көрсеткенi үшiн тексерушi қолданылып жүрген заңға сәйкес тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауап бередi.
ҚР Үкіметінiң 20.08.96 ж. № 1031 қаулысымен 14-тармақ өзгертiлдi
14. Бiрлестiктердiң, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексерiстер мен тексерулердi ұйымдастыру және оларды жүргiзу тәртібі әрбiр салаға орай Қазақстан Республикасының министрлiктерi, ведомстволары мен басқа да басқару органдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы қаржы-валюталық бақылау комитетiмен келiсе отырып бекiткен нұсқауларда анықталады.