Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жедел-стратегиялық жоспарлануын және өзара iс-қимылын ұйымдастырып, жүзеге асырады, сондай-ақ қорғаныс мүддесiн көздеп ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi және әскери құралымдарының Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен оралымды қолданылуы мен өзара iс-қимылының жоспарын әзiрлеуге қатысады.
Соғыс кезiнде Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы Ставкасының негiзгi жұмыс органы болып табылады.
Бас штабтың бастығы Қорғаныс министрінің бiрiншi орынбасары болып табылады.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Министрлiктердiң, агенттiктердiң және ұйымдардың өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі жұмылдыру жоспарын әзiрлейдi, Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мемлекеттік мұқтаждарын, сондай-ақ үкiметаралық келісімдер мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерiне сәйкес қару-жарақ, әскери техника мен басқа да материалдық құралдарды экспорттауды көздейтiн мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жобасын жасап, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады.
Жұмылдыру жоспарын, мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын қалыптастыру, бекіту мен орындау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Министрлiктер мен ведомстволар:
ағымдағы жылға және соғыс кезiне арналған қару-жарақ пен әскери техника шығару мен беру;
қару-жарақ, әскери техника мен басқа да әскери мүлiктердi өндiруге арнап жұмылдырылатын қуаттар жасау, дамыту және сақтау;
қорғаныс мұқтаждары үшiн азық-түлiк тауарлары мен заттан мүлiктер беру;
мемлекеттік және жұмылдырылатын материалдық резервтер жасау жоспарларының;
тиiстi жоспарлы кезеңге арналған қорғаныс мұқтаждары үшiн материалдық-техникалық ресурстар көлемi жөніндегі жоспарлардың жобаларын жасайды. Республиканың Қорғаныс министрлігімен бiрлесе отырып аталған жобалар мен ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына енгiзедi.
Министрлiктер, агенттiктер, ұйымдары экономиканың тапсырылған саларында қорғаныс мұқтаждары үшiн қажеттi өнiмдердiң берiлуi және осы салада өздерiне жүктелген басқа да мiндеттердiң жүзеге асырылуы үшiн жауапты болады.
Министрлiктер, агенттiктер, ұйымдар:
қару-жарақты, әскери техниканы зерттеу, әзiрлеу, сынау, өндiру мен жөндеу жөніндегі, сондай-ақ қорғаныс мұқтаждарына арналған материалдық-техникалық ресурстарды, азық-түлiк тауарлары мен заттай мүлiктердi беру жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етедi;
саланың жұмылдырушылық әзiрлiгiне, жұмылдыруға арналған объектiлердi, қорғаныс мұқтаждарына қажеттi өнiмдердi әзiрлеу, өндiру, шығару мен жөндеу жөніндегі қуаттарды жасауға, дамытуға және сақтауға басшылық жасайды әрi жұмылдырылатын резервтердiң жинақталуын қамтамасыз етедi;
соғыс кезiнде саланың тұрақты жұмыс iстеуi жөніндегі шараларды жүзеге асырады, оны соғыс кезiнiң жұмыс режимiне көшiру жоспарларын жасайды;
көлiктi соғыс кезiнде жұмыс iстеуге дайындауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ жұмылдыру жариялануына байланысты және соғыс кезiнде өзге де жұмылдырушылық мiндеттердi орындайды;
азаматтық және аумақтық қорғаныс шараларын ұйымдастырып, жүргiзедi және оларды қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың орындауын қамтамасыз етедi;
республика халқы мен аумағын қорғанысқа әзiрлеуге қатысады, өз қаражаты есебiнен азаматтарды әскери қызметке даярлау үшiн қажеттi оқу-материалдық база жасайды, қорғаныс мәселелерi жөніндегі Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуына үнемi бақылау жасауды жүзеге асырады;
қарамағындағы кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға қорғаныс шараларын орындау үшiн қажеттi қаржы бөледi;
Қарулы Күштердiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамалардың әуе кемелерiне олардың өтiнiмдерi бойынша әуе-жай жүйелерiн ақысыз бередi.
Өнеркәсiптiң қорғаныс салалары ұйымдары 2-абзацта аталған мiндеттерден басқа Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігіне ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар, қару-жарақ пен әскери техниканың күрделi бұйымдарын жасау мен дайындаудың салааралық кооперациясын қамтамасыз ету жөнiнде және қорғаныс мүдделерi үшiн өнеркәсiптiң салааралық әрi салалық дамуының басым бағыттары бойынша ұсыныстар бередi;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тағайындауымен қару-жарақ пен әскери техника өндiретiн, қорғаныс мүдделерi үшiн ғылымды, өнеркәсiптi дамытудың iрi кешендi бағдарламаларын орындайтын басты мекемелердiң қызметiн жүзеге асырады.
Өнеркәсiптiң қорғаныс салалары ұйымдары құрылтай шартында (жарғысында) осы Заңның 19-бабында аталған мiндеттердi жүзеге асыру жөніндегі шараларды көздеуге мiндеттi.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiгi
Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары қорғаныс туралы Қазақстан Республикасының заңдарын қарамағындағы барлық кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауына жауапты болады.
Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары өздерiнiң құзыретi шегiнде:
қорғаныс саласындағы шаралар мен жұмылдыру тапсырмаларының орындалуын ұйымдастырып, бақылайды;
қорғаныс мұқтаждары үшiн жер берiп, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының, әскери бөлiмдерiнiң, мекемелерiнiң әскери-оқу орындарының, кәсiпорындары мен ұйымдарының пайдалануына және қорғауына бақылау жасайды;
әскерлердiң орналастырылуы мен пәтерлерге жайғасуына көмектеседi, шарттық негiзде басымдық тәртібімен әскери бөлiмдерге, мекемелер мен ұйымдарға жергiлiктi бағыныстағы кәсiпорындар өндiретiн өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдер мен азық-түлiктiң берiлуiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ сумен, электр және жылу энергиясымен үздiксiз жабдықталуы, байланыс құралдарының берiлуi, коммуналдық-тұрмыстық және басқа да қызметтердiң көрсетiлуi үшiн жауап бередi;
өз аумағындағы азаматтық қорғанысқа басшылық етiп, оның жай-күйiне жауап бередi;
әскери басқару органдарымен бiрлесе отырып аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға қатысады;
Қазақстан Республикасының заңдарымен өздерiне жүктелген есептi-шақыру және жұмылдыру жұмысын жүргiзу жөніндегі шығыстарды жергiлiктi бюджетте қарастырады және олардың жұмсалуын жүзеге асырады;
әскери комиссариаттармен өзара iс-қимыл жасай отырып, ескерткiштердi, әскери зираттар мен жауынгерлер қабiрлерiн тиiстi тәртiпте күтiп ұстайды, қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердi жерлеуге көмек көрсетедi;
әскери комиссариаттармен өзара iс-қимыл жасай отырып, шақыруға дейiнгiлердiң, шақырылушылар мен әскери қызметшiлердiң әскери есебi, азаматтарды әскери қызмет пен жиындарға даярлау мен шақыру, Қазақстан Республикасын қорғау мен азаматтық қорғанысқа қатысу жөніндегі конституциялық борышын орындауға халықты әзiрлеу жөнiнде, жүргiзiлетiн қорғаныс шараларын материалдық, медициналық жағынан және өзгелей де қамтамасыз ету жөнiнде шаралар жүргiзедi;
әскери қызметшiлердi, әскери қызметтен босатылған адамдарды және олардың үйелмендерi мүшелерiн белгiленген тәртiп бойынша тұрғын жайлармен қамтамасыз етедi;
әскери объектiлер, әскери қалашықтар, әскери қызметшiлер, олардың үйелмендерi мүшелерi жөнiнде олар тұратын жерлерде құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу шараларын қолданады;
өз аумағына орналасқан әскери бөлiмдермен байланыс орнатып, оны үзбейдi және әскери қызметшiлер мен олардың үйелмендерi мүшелерiн мәдени-ағарту, сауда-тұрмыстық және медициналық жағынан қамтамасыз етудi жақсарту жөнiнде, әскери қызметшiлер мен әскери қызметтен босатылған адамдардың үйелмендерi мүшелерiн жұмысқа орналастыру жөнiнде шаралар қолданады.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі қызметi
Меншiк нысанына қарамастан ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
қорғаныс үшiн қажеттi қару-жарақ, техника мен басқа да мүлiктi, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi, азық-түлiктi, электр энергиясын, отынды, жанар-жағар май материалдарын жасау, өндiру, беру және жөндеу жөніндегі мемлекеттік қорғаныс мұқтажының өтiнiмдерiн, шарттық мiндеттемелердi басымдық тәртібімен орындайды, сондай-ақ мердiгерлiк жұмыстарды жүзеге асырады және әскери бөлiмдерге коммуналдық, тұрмыстық қызмет көрсетедi;
өз қызметкерлерiне олардың әскери мiндеттерiн орындауы үшiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қажеттi жағдайлар туғызады;
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген жұмылдырылатын қуаттарды жасау, ұлғайту мен сақтау, сондай-ақ жұмылдырылатын резервтiң материалдық құндылықтарын жинауды, жаңартуды, сақтау мен оған қол сұғылмауын қамтамасыз етедi.
IV БӨЛIМ.
ЖАУЛАСУ ЖАҒДАЙЫ, СОҒЫС КЕЗI, СОҒЫС ЖАҒДАЙЫ, ЖҰМЫЛДЫРУ
20-бап. Жауласу жағдайы, соғыс кезi
Жауласу жағдайын республикаға соғыс шабуылы (агрессия) жасалған ретте немесе агрессиядан бiрлесiп қорғану жөніндегі халықаралық шарттар мiндеттемелерiн орындау қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Парламентi жариялайды.
Жауласу жағдайының жариялануына немесе ұрыс қимылдарының басталуына байланысты соғыс кезi туады. Жауласу жағдайын жарияланған немесе Қазақстан Республикасына соғыс шабуылы (агрессия) жасалған күн мен уақыт соғыс кезiнiң басталуы болып табылады. Соғыс қимылдарының тоқтатылған жарияланған күн мен уақыт соғыс кезiнiң аяқталуы болып табылады.
Қазақстан Республикасына соғыс шабуылы (агрессия) жасалған ретте әскери командование және мемлекеттік өкiмет пен басқару органдары соғыс жариялауды күтпестен шабуылға (агрессияға) тойтарыс беру үшiн барлық шараны қолдануға мiндеттi.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Соғыс жағдайы
Республикаға қарсы агрессия болған не оның қауiпсiздiгiне тiкелей сырттан қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Президентi Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзедi, iшiнара немесе жалпы жұмылдыруды жариялайды және бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарлайды.
Соғыс жағдайы жарияланған жерлерде әскери командованиенiң өкiлеттiгi кеңейтiледi, оған қорғаныс және қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік өкiмет пен басқару органдарының барлық қызметi көшедi, халық үшiн кәсiпорындар мен ұйымдар қызметiне шектеулер енгiзiледi. Соғыс жағдайы режимi Қазақстан Республикасының заңымен белгiленедi.
22-бап. Жұмылдыру
Жауласу жағдайының немесе соғыс жағдайының жариялануына байланысты, егер бұдан бұрын жарияланбаса, iшiнара немесе жаппай жұмылдыру жарияланады.
Жұмылдыру жариялануына байланысты Республика Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына және экономика салаларын жұмылдыруды өрiстету жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.
Жұмылдыруды жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының заңымен белгiленедi.
V БӨЛIМ.
ҚОРҒАНЫСТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒЫНАН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Экономиканы қорғанысты қамтамасыз етуге дайындау
Қазақстан Республикасының экономикасын қорғанысқа дайындауға жауаптылық Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүктеледi.
Қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында: зерттеулер жүргiзу мен талдамалар жасау үшiн, қару-жарақты, әскери техника мен қорғаныс мақсатындағы басқа да өнiмдердi өндiру және жөндеу үшiн ғылыми-техникалық қуат, өндiрiстiк қуаттар, материалдық резервтер жасалып, пайдаланылады. Сонымен қатар, қаржымен және материалмен қамтамасыз ету, бағалар, несиелер, экономикалық нормативтер, жеңiлдiктер мен тыйым салу жүйелерi, сондай-ақ қорғаныс мақсатындағы өнiмдер жөніндегі тапсырыстар мен шарттардың орындалу тәртібі қалыптастырылады. Еңбек ресурстарын, экономиканы соғыс кезіндегі жағдайларда жұмыс iстеуге әзiрлiк жүргiзiледi.
Бұл жұмыс бейбiт кезде алдын ала жүзеге асырылады. Осы мақсатта жұмылдыруға әзiрлiк және өнеркәсiптiң, ауыл шаруашылығының, көлiктiң, байланыстың, денсаулық сақтау мен экономиканың басқа да салаларының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенi жүргiзiледi. Соғыс кезiнде экономиканы басқаруды тәртiптейтiн құжаттар әзiрленедi. Экономиканы соғыс кезiнде жұмыс iстеуге әзiрлеудi жоспарлау мен бақылау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі министрлiктерде, агенттiктерде, ұйымдарда әскери-жұмылдыру органдарын құрады.
24-бап. Ғылыми-зерттеу қызметi және кадрлар даярлау
Қорғаныс қажетiн қамтамасыз ету мақсатында әскери бағыттағы ғылыми-зерттеу мекемелерi әскери iс саласында iргелi зерттеулердi, сондай-ақ нақты талдамалар мен қару-жарақтың жаңа түрлерiн енгiзудi жүзеге асырады.
Әскери кадрларды даярлау мен қайта даярлау Қазақстан Республикасының әскери және азаматтық оқу орындарында, сондай-ақ халықаралық шарттар негiзiнде шет елдерде жүзеге асырылады.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Қаржымен қамтамасыз ету
Қарулы Күштердi, басқа әскер мен әскери құрамаларды қаржыландыру, сондай-ақ қару-жарақ, әскери техника, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдер жасауға, өндiруге, сатуға, жөндеуге және сатып алуға, күрделi құрылысқа, әскери қызметшiлердi зейнетақымен қамтамасыз етуге, мiндеттi мемлекеттік жеке сақтандыруға жұмсалатын шығындар республикалық және жергiлiктi бюджеттерде көзделген және Қазақстан Республикасының Парламентi және маслихаттары бекiткен қаражат есебiнен және сол шекте Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi мен агенттiктерi арқылы бiр орталықтан жүзеге асырылады.
Достастық мемлекеттерiмен бiрлесiп пайдаланатын, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери объектiлердi қаржыландыру арнаулы келісімдер мен шарттарда айтылған үлес қосып қатысу қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету
Мемлекет қорғаныстың материалдық қажеттерiн қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларына республиканы қарумен қорғау үшiн не қажеттiң бәрiмен жарақтандырады.
Қарулы Күштердi, басқа әскерлер мен әскери құрамаларды, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мемлекеттік мұқтаж үшiн өнiм беру тапсырыстары негiзiнде, қару-жарақ пен әскери техниканы қоса алғанда өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдердi жасауға, өндiруге, беруге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ заттай мүлiкпен, азық-түлiкпен, медициналық техникамен және медициналық дәрi-дәрмекпен, басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуге арналған мемлекетаралық келісімдер негiзiнде басым тәртiппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру тәртібі, оны материалдық-техникалық жағынан және қаржымен қамтамасыз етудi, сатып алу шарттарын Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi. Министрлiктердiң, агенттiктердiң және басқа да мемлекеттік органдардың, ұйымдардың мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаудан бас тартуға хақысы жоқ.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Мүлiктердi қорғаныс мүдделерi үшiн пайдалану
Әскери объектiлер мен ғимараттар, қару-жарақтың, әскери техниканың барлық түрi, оқ-дәрiлер және басқа да әскери-техникалық мүлiк республикалық меншiк болып табылады, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының жедел басқаруында болады, олар заңдармен белгiлеген негiзде және шекте бұларды иелену, пайдалану және билiк ету құқығын жүзеге асырады.
Мемлекет меншiгi болып табылатын әрi жедел басқару шаруашылық жүргiзу құқығындағы экономика салаларының ұйымдарына бекітілiп берiлген және қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын, орындауға арналған мүлiк меншiк иесiнiң келісімiмен еңбек ұжымдарының меншiгiне көшiруге жатпайды және сатып алу-сату объектiсi бола алмайды. Аталған мүлiк жалға берiлуi мүмкiн.
Бейбiт кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi пайдаланбайтын Қазақстан Республикасы аумағындағы қорғаныс объектiлерi оларды иеленушiлер есебiнен сақтауға қоюға жатады және жергiлiктi атқарушы органдарына, сондай-ақ мүдделi мемлекеттер үкiметтерi арасындағы арнаулы келісімдер негiзiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерi ұйымдарына уақытша пайдалануға берiлуi (соның iшiнде жалға берiлуi) мүмкiн. Қажет болмай қалған қорғаныс объектiлерiнiң сатылуы ықтимал.
Осы тармақта көрсетiлген мүлiктер мен қорғаныс объектiлерiн беру (сату) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Мемлекет меншiгi емес объектiлер мен мүлiктер соғыс кезiнде қажет болған ретте Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз ету және жұмылдыру тапсырмаларын орындау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Қорғаныс мұқтаждары үшiн жер бөлу, үйлер, ғимараттар, объектiлер және басқа да мүлiктер беру
Жер қорғаныс мұқтаждары үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiп бойынша ақыға берiледi.
Әскери бөлiмдердi, мекемелердi, әскери-оқу орындарын, өзге де ұйымдарды орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құрамаларының иелiгiнде және пайдалануында болады.
Қорғаныс мұқтажына жердi алып қоюға байланысты жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға келтiрiлген зиян толық көлемiнде өтеледi.
Қорғаныс мұқтажы үшiн жердi алып қойған кезде ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң тартқан шығынын өтеудi әрбiр нақты жағдайда жер бөлудi ресiмдеу барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі шешедi.
Қорғаныс мұқтаждары үшiн берiлген жерлердi пайдаланған кезде Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi, ал орын ауыстыруы және көшiрiлуi кезiнде босаған жерлердi өз есебiнен толық қалпына келтiредi.
Қорғаныс мұқтаждары үшiн әскери ведомстволарға үйлер, ғимараттар, әртүрлi объектiлер мен басқа да мүлiк берiлуi мүмкiн, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен керi қайтарылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының жерлерiн және әскери объектiлерiнiң жылжымалы және жылжымайтын мүлiктерiн, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң әскери құрамаларына жалға берiлетiн мүлiктерiн иелiкке беру мен пайдалану тәртібі халықаралық шарттармен белгiленедi.
VI БӨЛIМ
АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ МIНДЕТТЕРI МЕН ҚҰҚЫЛАРЫ
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Азаматтардың қорғаныс саласындағы мiндеттерi
Қазақстан Республикасын қорғау және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа әскерлерi мен құрамаларында қызмет ету Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының қасиеттi борышы әрi мiндетi болып табылады.
Азаматтар Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғауға, оның қуатын нығайтуға, өзiн Қазақстан Республикасын қорғауға әзiрлеуге және жалпыға бiрдей әскери мiндетiн орындауға, азаматтық қорғаныс шараларына қатысуға және қорғаныс мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актілерімен көзделген өзге мiндеттердi орындауға мiндеттi. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметтен жалтарғаны үшiн заңда белгiленген тәртiппен жауапты болады.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Азаматтардың қорғаныс саласындағы құқылары
Қазақстан Республикасы қорғанысын қамтамасыз етуге қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасы азаматтарына арналып заңдарда көзделген, қорғаныс мiндеттерiн атқарудың ерекшелiктерiмен байланысты тыйым салулар мен шектеулердi қоспағанда, әлеуметтiк-экономикалық саяси және жеке құқылар мен бостандыққа ие болады. Мемлекеттік әскери қызметшiлерге Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі өзiнiң әскери борышын орындау үшiн тиiсiнше жағдай жасауға кепiлдiк бередi, әскери қызмет өтеу тәртібін белгiлейдi.
Қазақстан Республикасында тұратын басқа мемлекеттердiң азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесi үшiн әскери қызмет атқаруға құқылы.
Осы бапта аталған адамдардың Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген құқылары мен бостандығын шектеуге немесе олардан айыруға тыйым салынады. Бұған кiнәлi адамдар жауапқа тартылады.
VII БӨЛIМ
АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС
31-бап. Азаматтық қорғаныс
Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы жалпы мемлекеттік қорғаныс шараларының құрамдас бөлiгi болып табылады әрi бейбiт уақытта және соғыс кезiнде республика халқы мен экономикасын табиғи зiлзалалар, iрi апаттар мен опаттар және агрессордың қазіргi замандағы қырып-жоятын құралдар қолдануы зардаптарынан қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ төтенше жағдай пайда болған аудандар мен зақымдану ошақтарында құтқару жұмыстарын және басқа да кiдiртуге болмайтын жұмыстарды жүргiзедi.
Төтенше жағдай зардаптарын жою мiндеттерi, оларды ұйымдастыру мен жою тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
32-бап. Аумақтық қорғаныс
Аумақтық қорғанысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырады және ол мемлекеттік шекараның учаскелерiн қорғау, Қазақстан Республикасының аумағындағы маңызды объектiлер мен коммуникацияларды қорғау мен агрессия болған жағдайда десанттар мен диверсиялық күштерге қарсы күрес, сондай-ақ соғыс жағдайы режимiн ұстау мақсатында жүзеге асырылады.
Аумақтық қорғаныс күштерi мен құралдарының мiндеттерiн, ұйымдастырылуын және өзара iс-қимыл тәртібін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы белгiлейдi.
VIII БӨЛIМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
33-бап. Халықаралық құқық және Қазақстан Республикасының қорғанысы
Қорғанысты ұйымдастырып, жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасы халықаралық құқық нормаларын, өзi қатысушы болып табылатын шарттар мен келісімдердi сақтайды.
Қазақстан Республикасының агрессиядан бiрлесiп қорғануды қамтамасыз ету, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөніндегі басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жеке-дара және ұжымдық қорғаныс құқығы туралы Жарғысының ережелерiне сәйкес құрылады.
29.01.02 ж. № 287-II ҚР Заңымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы заңдарын мемлекеттік органдардың және меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың орындамағаны үшiн олардың басшылары және басқа да лауазымды адамдары, сондай-ақ қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өз мiндеттерiн орындамағаны үшiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген тәртiппен жауапты болады.
Әскери бөлiмдердiң, бөлiмшелердiң, әскери қызметшiлердiң өздерiне жүктелген мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн әрекеттер және оларға қарсылық бiлдiру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа әскерлер мен әскери құрамаларын көпшiлiк алдында қорлау және оларға жала жабу, сондай-ақ әскери рәмiздердi, қаза тапқан (қайтыс болған) жауынгерлердiң ескерткiштерiн, зираттары мен қабiрлерiн жәбiрлеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкеп соқтырады.
Қазақстан Республикасының Президентi | Н. Назарбаев |