Нарыққа өту жағдайында денсаулық сақтауды жетiлдiрудiң шұғыл
шаралары туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің
1992 ж. 5 тамыздағы № 657 қаулысы
(1999.28.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 646 Қаулысымен күші жойылды
Өтпелi кезеңде халықты және емдеу-профилактика мекемелерiн дәрi-дәрмекпен, медициналық техника бұйымдарымен қамтамасыз етуде елеулi қиыншылық пайда болып, денсаулық сақтау объектiлерiн салу көлемi күрт қысқарды, нақты қаржыландыру төмендеп кеттi.
Өзгерген әлеуметтiк-экономикалық жағдайда мемлекеттік өкiмет пен басқару органдары саланың жұмысын қайта бағдарлауға уақтылы шаралар қолданбады.
Экологиялық жағдай ушығып, халықтың тұрмыс деңгейi төмендеп барады.
Демографиялық процестердiң және халықтың денсаулық көрсеткiштерiнiң нашарлауы байқалуда: жалпы өлiм көбейiп, бала туу азайды, өмiр сүрудiң орташа ұзақтығы төмендедi, сәбилер өлiмiнiң көрсеткiшi жоғары күйiнде қалып, ересектер мен балалардың ауруға шалдығуы ұлғайды. Осылардың салдарынан жыл сайынғы экономикалық ысырап бiрнеше миллиард сомға жетiп отыр.
Жергiлiктi әкiмдер, министрлiктер мен ведомстволар "Қазақстан Республикасында халықтың денсаулығын қорғау туралы" Заңды жүзеге асыруға әлi де тиiстi шаралар қолданбады.
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі үстiмiздегi жылғы 1 қазанға дейiн облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен және мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау реформасының тұжырымдамасын ескере отырып денсаулық сақтау реформасының бағдарламасын әзiрлеп, онда бюджеттік-сақтандыру, жалгерлiк, жеке медицинаның жаңа үлгiсiне көшу, саланы басқаруды орталықсыздандыру, әйелдер мен балаларға, оның iшiнде ауытқушылық дамуының бастапқы диагностикасы жөнiнде, туберкулез, бруцеллез ауруларымен ауыратындарға, республиканың экологиясы қолайсыз аймақтарының халқына медициналық жәрдем көрсетiлуiн ұйымдастыру, санаторий-курорт iсiн жетiлдiру, денсаулық сақтау жүйесiнде медицина, педагог және ғылыми кадрлар даярлау жөнiнде бiрiншi кезектегi шараларды анықтайтын болсын.
2. Қазақстан Республикасының Мемэкономкомы, Қаржы министрлігі, Материалдық ресурстар министрлігі, басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволар, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi жылдық жоспар мен бюджет жобасын, орташа мерзiмдiк және перспективтi болжамдарды әзiрлеген кезде денсаулық сақтау проблемалары жөніндегі мақсатты бағдарламалар республиканың мемлекеттік тапсырысына енгiзiлуiн қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мемэкономкомы үстiмiздегi жылдың екiншi жартысына Қазақстан Республикасының Инвестиция қоры қаржысын бөлу кезiнде республикалық бағыныстағы мекемелер мен ұйымдарға оқу-лаборатория корпустарын, тұрғын үйлер және студенттер жатақханасын салуға арнап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне қажеттi қаражат бөлiнуiн көздесiн.
4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі медицина жабдықтарын, санитарлық автокөлiк сатып алуға, ТМД-елдерiнде кадрлар даярлауға және ауруларды емдеуге үстiмiздегi жылдың екiншi жартысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне 635 млн. сом қосымша қаржы бөлу туралы мәселе қарастырсын.
5. Республикалық валюта комитетi Ресейдiң "Фарминдустрия" корпорациясының шығынын валютамен жабуды, сондай-ақ өмiрлiк маңызы бар дәрi-дәрмектер мен медицина техникасының бұйымдарын сатып алуға қажеттi валюталық қаржы бөлудi көздейтiн болсын.
6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі 1993 жылдан бастап денсаулық сақтауды бiр тұрғынға арналған нормативке сүйенiп қаржыландыруды жүзеге асырсын.
7. Қазақстан Республикасының Мемэкономкомы, Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлігі үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiне дейiн дәрi-дәрмектiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың барлық түрiнiң бөлшек сауда бағасын босату жөнiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзiп, халықтың дәрi-дәрмек жеңiлдiк жолмен босатылатын категориялары мен аурулар тiзбесiн анықтайтын болсын.
8. Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi:
үстiмiздегi жылдың аяғына дейiн тиiмсiз пайдаланылатын төсек қорларын санитарлық нормаға дейiн қысқартып, босаған қаржыны осы мекемелердiң мұқтажына жұмсайтын болсын;
1993-1995 жылдары барлық облыстарда пансионаттары және медицина-генетика консультациялары бар диагностика орталықтарын құрсын;
денсаулық сақтауды қаржыландырудың бюджеттен тыс көздерiн қалыптастыру - кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерi мен олардың отбасы мүшелерiне шаруашылық есеп негiзiнде нормативтен тыс медициналық жәрдем, ақылы медициналық қызмет көрсету және кәсiпкерлiк қызметтiң заңға қайшы келмейтiн басқа да түрлерiнiң көлемiн ұлғайту жөнiнде шарт жасасуға шаралар қолдансын;
сақтандыру медицинасын кезең-кезеңiмен енгізуге әзiрлiк жұмысын жүргiзсiн;
санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды күшейту, адамдардың жаппай ауруға шалдығуын болдырмау жөнiнде қосымша шаралар қолдансын;
салауатты өмiр сүрiп жүрген адамдарды материалдық тұрғыда көтермелеп, шаруашылық есеп негiзiнде денсаулық сақтау орталықтарын құратын болсын.
9. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Меммүлiккомымен, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп "Мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру туралы" Қазақстан Республикасының Заңының денсаулық сақтау мекемелерiн жекешелендiруге қатысты бөлiгiне өзгерістер енгізу туралы белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне ұсыныс енгiзсiн.
10. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп үстiмiздегi жылдың 1 қазанына дейiн "Қазақстан Республикасында халықтың денсаулығын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасындағы жеке медициналық практика туралы ереженi әзiрлейтiн болсын.
ҚР Үкіметінің 1999.28.09. № 1469 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді
11. Бiлiм министрлігі Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен бiрлесiп 1992/93 оқу жылынан бастап медицина институтына қабылдауды қысқартып, жоғары оқу орындарында, дәрiгерлердiң білімiн жетiлдiру институтында, аспирантурада және докторантурада оқушылардың белгiлi бiр категориясына жеңiлдiк бере отырып ақылы оқыту жүйесiн кеңейтудi жүзеге асырсын.
ҚР Үкіметінің 1995.02.08. № 1069 қаулысымен 12-тармақ өзгертілді
12. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Өнеркәсiп министрлігі, "Қазфармбиоөндiрiс" концернi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Қеңесiне:
дәрi-дәрмек және биопрепараттар, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндiретiн кәсiпорындарға "Медтехника" республикалық өндiрiс-техникалық бiрлестiгi мен "Фармация" өндiрiс бiрлестiгiне жеңiлдiктi кредит беру туралы ұсыныстар енгiзсiн.
13. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі дәрi-дәрмектiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасын бақылау және стандарттау жөніндегі тиiстi құрылымдық бөлiмшелер ұйымдастыру туралы белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзсiн.
14. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігімен, Қаржы министрлігімен бiрлесiп үстiмiздегi жылғы 1 қазанға дейiн халық шаруашылығы қызметкерлерiнiң барлық категорияларына арналып енгiзiлген бiрыңғай тарифтiк кесте негiзiнде денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң сараланған жүйесi туралы ереженi әзiрлеп, бекiтетiн болсын.
15. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Емдеу-сауықтыру бiрлестiгi медициналық сақтандыру компанияларымен бiрлесiп Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұратын шет ел мамандарын медициналық сақтандыру мәселесiн қарастырсын.
16. Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi мемлекеттік комитеттер, министрлiктер мен ведомстволар «Қазақстан Республикасының халықтың денсаулығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 10 қаңтардағы № 1108-XII қаулысын және осы қаулыны жүзеге асырудың барысы туралы жыл сайын 1 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне хабарлап тұратын болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi