Қазақстан Республикасында мәдениеттi сақтау мен дамытуға мемлекеттік кепiлдiктердiң негiзi мемлекеттік қаржыландыру болып табылады.
Мәдениет саласын қаржыландыру бюджет және бюджеттік емес қаражат, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының өз қызметi нәтижесiнде алынған қаражат, басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
34-бап. Мәдениеттi дамытуға қосымша тартылатын қаражат
Мәдениеттi қаржыландыру үшiн заңды және жеке тұлғалардан алынған қайырымдылық қаражаты, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де қаражат қосымша тартылады.
Мәдениеттi дамыту үшiн қаражат тарту мақсатында мәдениеттi дамыту қорларының құрылуы мүмкiн, олар өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Мәдениеттi дамыту қорлары қаражатын (соның iшiнде валюта қаражатын) құрау мен жұмсау тәртібін Үкiмет белгiлейдi.
35-бап. Мәдениет саласына қаражат жұмсау
Мәдениет саласын қаржыландыруға бөлiнетiн қаражат тек нысаналы мақсатқа:
мәдениет ұйымдарының негiзгi қызметiн қаржыландыруға;
мәдениет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға;
мәдени құндылықтар сатып алуға;
мәдениет саласында халықаралық және ұлттық шаралар өткізуге пайдаланылады.
8-тарау.
Мәдениет саласында құқықтардың қорғалуы
36-бап. Мәдени құндылықтарға жеңiлдiкпен қол жеткізу
Ұлттық-мәдени игiлiкпен байланысты қызмет атқаратын мәдениет ұйымдары апта сайын мектеп жасына дейiнгi балалар, оқушылар, зейнеткерлер мен мүгедектер үшiн тегiн кiретiн күндер белгiлеуге мiндеттi.
37-бап. Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени өзiндiк
ерекшелiкке құқығын қорғау
Қазақстан Республикасы халықтары өкiлдерiнiң ұлттық, дiни және мәдени өзiндiк ерекшелiгiн қорғауға, соның iшiнде ұлттық-мәдени қозғалыстарға қатысу бостандығына, мәдениет ұйымдарын құруға, балаларды, жасөспiрiмдердi өз халқының дәстүрлерiнде тәрбиелеуге, шетелдердегi отандастарымен мәдени байланыстарды кеңейту iсiне қатысуға құқығы Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
Ұлттық мәдениет ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылып, жұмыс iстейдi.
38-бап. Мәдениет саласындағы жекешелендiру
Мемлекеттік Тiзiлiмге енгiзiлген ұлттық-мәдени игiлiк объектiлерi жекешелендiруге жатпайды.
Мәдениет саласындағы басқа объектiлердi жекешелендiруге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
мәдени қызмет негiзгi басымдық ретiнде сақталған;
бейiмдiк қызметтер қамтамасыз етiлген;
халықтың жеңiлдiк берiлген санаттарына қызмет көрсету ұйымдастырылған;
қалыптасқан жұмыс орнының саны мен қызметкерлерге әлеуметтiк кепiлдiктер сақталған жағдайда жол берiледi.
39-бап. Мәдениет саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Мәдениет саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген тәртiппен жауап бередi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н.Ә. Назарбаев