«Республиканың жеңiл өнеркәсiп орындарын мақта
талшығымен жабдықтауды жақсарту жөніндегі шаралар туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 23 маусымдағы № 707 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мақта-шикiзатын өндiрудiң қол жеткен көлемi жеңiл өнеркәсiптiң мақта талшығына қажеттiлiгiн толық көлемде қанағаттандыратындығын атап өтедi. Бұған қарамастан республиканың жеңiл өнеркәсiп орындарының көпшiлiгiнiң өндiрiстiк қуаты шикiзаттың осы түрiнiң жеткiлiксiздiгiнен жұмыспен қанағаттанғысыз қамтамасыз етiлген, мұның өзi отандық халық тұтыну тауарларын өндiру деңгейiне терiс әсер етедi.
Жеңiл өнеркәсiп орындарын үстiмiздегi және одан кейiнгi жылдары шикiзатпен жабдықтауды жақсарту, олардың жұмысын тұрақтандыру, жаппай сұранымдағы және бiрiншi қажеттегi халық тұтыну тауарларын өндiрудi ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкімі, аумақтық "Мақта" акционерлік компаниясы үстiмiздегi жылдың екiншi жарты жылдығында "Жеңiлөнеркәсiп" мемлекеттік холдинг компаниясы мен "Южтекс" акционерлік қоғамының кәсiпорындарына шартты баға бойынша 23,4 мың тонна көлемде, оның iшiнде III тоқсанда 11 мың тоннадан кем емес, одан "АММК-Озат" акционерлік қоғамына тиiсiнше 12,8 және 6,4 мың тонна, "Южтекске" - 6,2 және 2,4 мың тонна мақта-талшығын жөнелтудi қамтамасыз етсiн.
2. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі мен Өнеркәсiп және сауда министрлігі 1994 жылдың өнiмiнен бастап шикiзаттың осы түрiне тұтынушылардың республика iшiнде 100 проценттiк қанағаттануын есептей отырып мақта-шикiзатты экспортқа шығару көлемiн анықтайды деп белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі бiр ай мерзiм iшiнде аумақтық "Мақта" акционерлік компаниясына кейiннен 1994 жылдың өнiмiнен ол үшiн мақта-талшық берудi көздей отырып республика iшіндегі тұтынушылар үшiн мақта-шикiзатын сатып алуға Қазақстан Республикасының кепiлдiгiмен 12 миллион АҚШ доллары көлемiнде шет елдiк валюталық кредит iздестiрудi және бөлудi қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiнен үстiмiздегi жылдың III тоқсанында мақта-шикiзат және мақта-талшық сатып алу үшiн аумақтық "Мақта" акционерлік компаниясы мен "АММК-Озат", "Ақ-жiп", "Южтекс" және "Атрико" акционерлік қоғамдарына 200 миллион теңге мөлшерiнде нысаналы кредит ресурстарын бөлудi көздеу сұралсын.
5. Мақта өндiрушiлер мен ұқсатушылардың еңбектiң түпкi нәтижесiне ынталылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетi Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетiмен бiрлесе отырып аумақтық "Мақта" акционерлік компаниясы мен "АММК-Озат", "Ақ-жiп", "Атрико" және "Южтекс" акционерлік коғамдары кәсiпорындарының акцияларын өзара сатудың немесе мақта егушi шаруашылықтардың, мақта заводтарының және мақта-мата кәсiпорындарының бiрыңғай аумақтық-салалық компанияларын құрудың мақсаттылығы жөніндегі мәселенi зерттейтiн болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi