Жер қойнауын геологиялық зерделеу, пайдалы қазбалар өндіру және
өзге мақсаттарға пайдалану үшін беру тәртібі туралы Қазақстан
Республикасы министрлер кабинетінің қаулысы 13 Сәуiр 1994 ж. № 377
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 4 мамырдағы № 406 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Геологиялық зерделеу мен пайдалы қазбаларын өндiру үшiн жер қойнауын пайдалануды ретке келтiру жөніндегі қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 5 сәуірдегі № 1637 Жарлығын орындау үшiн және жер қойнауын игеруге отандық және шетел инвестицияларын ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі жер қойнауын барлауға және (немесе) пайдалы қазбаларын өндiруге беру (лицензиялау) және жер қойнауын өзге мақсаттарға пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жұмыс органы болып белгiленсiн.
2. Былай деп белгiленсiн:
жер қойнауын геологиялық зерделеуге және (немесе) пайдалы қазбаларын өндiруге Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал кең таралған жалпы пайдалы қазбалар бойынша, соның iшiнде өз аумақтарында құрылыс жүргiзушi құрылыс ұйымдарына жер қойнауын басымдық тәртібімен Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінiң аймақтық басқармаларының ұсынуы бойынша облыстардың әкiмдерi бередi. Барлық жағдайда да лицензия Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан берiледi.
жер қойнауын пайдалану (немесе жер қойнауының учаскесiн барлау жүргiзуге қосу және (немесе) (пайдалы қазбалар өндiру) құқығын (лицензиясын) алу үшiн барлық министрлiктер, ведомстволар, жергiлiктi әкiмдер, заңды және жеке тұлғалар, оның iшiнде шетелдiк тұлғалар Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне, ал кең таралған жалпы пайдалы қазбалар кен орындары бойынша Үкiметтiң немесе облыс әкiмдерiнiң тиiстi шешiмiн дайындау үшiн аумақтық басқармаларына өтiнiмдер беруге тиiс.
Өтiнiмдер берiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қаралуға және олар қабылданғаннан кейiн Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінiң арнаулы журналында (бюллетенiнде) жариялануға тиiс.
3. Жер қойнауын пайдалану шарттары мiндеттi түрде мемлекеттік тiркеуге алынуға және олар Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне, ал кең таралған жалпы пайдалы қазбалар бойынша оның аумақтық басқармаларына сақтауға берiлуге тиiс. Тiркеу фактiсi арнаулы актiмен куәландырылады. Жер қойнауын пайдаланушылардың барлығы, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Үкіметімен немесе жергiлiктi әкiмдермен бұрын келісімдер (шарттар, контракттар) жасасқан шетелдiк компаниялар жер қойнауын пайдалану шарттарын бiр ай мерзiм iшiнде тiркетiп, түп нұсқасын Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне немесе оның аумақтық басқармаларына мемлекеттік сақтауға тапсырсын.
4. Пайдалы қазбалар учаскелерiн немесе кен орындарын барлауға және (немесе) игеруге инвестициялар тарту үшiн Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі мiндеттi түрде пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндiруге лицензия алу құқығына конкурс ұйымдастыратын болсын.
Халықаралық конкурстар мен олардың шарттарын Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жариялайды.
Жер қойнауын пайдалануға үкiмет лицензиясын алған тұлғамен келiссөз жүргiзу мен келісім (контракт) дайындауды әрбiр нақтылы жағдайда Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлеген құзырлы орган жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі 1994 жылғы 1 маусымға дейiн Жер қойнауын пайдалануды лицензиялау туралы Ереже әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің бекiтуiне табыс етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi