Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту туралы Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің қаулысы 9 сәуiр 1993 ж. № 290
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 4 мамырдағы № 406 Қаулысымен күші жойылды
Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің "Гурьев мұнай өңдеу зауытын жаңғырту туралы" 1991 жылғы 31 қазандағы № 663 қаулысын дамыту мақсатымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлігі, "Қазақстанмұнайгаз" ұлттық мұнай компаниясы және Атырау мұнай өңдеу зауыты "Ронар Сервисиз Лимитед" және "Гидрокарбон Инжиниринг" фирмаларымен бiрлесiп, Атырау мұнай зауытын жаңғырту жобасының техникалық бөлiгiн толық дайын ету шарттары негiзiнде алдын ала жұмыс жүргiзгенi еске алынсын.
2. Атырау мұнай өңдеу зауыты жобалау және технологиялық қондырғыларды салу жөніндегі тапсырыс берушi болып анықталып, оған жобаны сараптау қорытындысы негiзiнде шетел фирмаларымен шартқа қол қою құқығы берiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі мен Энергетика және отын ресурстары министрлігі жобаның техникалық, қаржылық және заңдық сараптауы жасалуын жүргiзсiн.
4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Энергетика және отын ресурстары министрлігі зауытты жаңғыртуға қажеттi мөлшерде кредит тартылуын қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі, Энергетика және отын ресурстары министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытының өткізу үшiн 1993-1997 жылдары жыл сайын экспортқа берiп тұратын мұнай өнiмдерiнiң мөлшерi қосымшаға сәйкес бөлiнуiн көздейтiн болсын. Экспорттық жөнелтiлiмнен түскен валюталық қаржы, кеден баж салығын төлегеннен және осы қаржының бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасы Президентінің "1993 жылы Қазақстан Республикасында валюта қорларын қалыптастыру туралы" 1993 жылғы 21 қаңтардағы № 1092 қаулысына сәйкес сатқаннан кейiнгiсiн алғашқы аванс жарналарын және алған кредиттiң процентiн, комиссиялық және сақтандыру алымдарын өтеуге пайдалансын.
6. Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігінiң келiсуi бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытына 1993-1997 жылдары экспортқа сатылатын мұнай өнiмдерiне лицензия берсiн.
7. Зауытты жаңғыртудың бiрiншi кезегi пайдалануға берiлген соң Атырау мұнай өңдеу зауытына кредиттi және леспе шығындарды толық өтеу үшiн жыл сайын мұнай өнiмi өсiмiнiң 50 процентiн экспортқа сатуға рұқсат етiлсiн.
8. Осы қаулыда көзделген жұмыстарды орындауға қажеттi мәшинелердi, жабдықтарды, конструкцияларды, материалдарды және басқа бұйымдарды белгiленген тәртiппен келісілген тiзбе бойынша Қазақстан Республикасына баж салығынсыз әкелуге және кейiн алып кетуге рұқсат етiлсiн.
9. Батыс Қазақстан темір жол басқармасы 1993 жылдан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға арналған құрылыс материалдарын, жабдықтарды, конструкцияларды, мәшинелер мен механизмдердi тасымалдау үшiн вагондар бөлiнуiн қамтамасыз етсiн.
10. Зауытты жаңғырту жобасының жүзеге асырылуын, өндiрiс қуаттарының уақтылы iске қосылуын бақылау "Қазақстанмұнайгаз" ұлттық мұнай компаниясына жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1993 жылғы 9 сәуірдегі
№ 290 қаулысына
Қосымша
Атырау мұнай өңдеу зауытының өткізу үшiн
1993-1997 жылдары экспортқа жыл сайын
берiп тұратын мұнай өнiмдерiнiң мөлшерi
----------------------------------------------------------------
Мұнай өнiмiнiң атауы ! Өлшем бiрлiгi ! Саны
! !
----------------------------------------------------------------
Дизель отыны мың тонна 200
Мазут " 400
Вакуумдық газойль " 250
Пештiң отыны " 50
----------------------------------------------------------------