Қазақстан Республикасының аумағында азаматтарды шақыру учаскелерiне
тiркеудi өткізу туралы Қазақстан Республикасы Министрлер
Кабинетінің 1993 жылғы 28 қазандағы № 1072 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2006.05.05. № 371 Қаулысымен күші жойылды
«Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жыл сайын қаңтар-наурыз айларында тiркеу жылында 17 жасқа толған азаматтарды, сондай-ақ бұрын тiркеуден өтпеген, бұл жастан асқан азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркейтiн болсын.
2. Жергiлiктi әкiмдер:
әскери комиссариаттармен бiрлесiп азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеудi қамтамасыз етсiн;
тiркеу жөніндегі тиiстi комиссияларды құрып, оларға жұмыс iстеу үшiн жабдықталған үй-жайлар беретiн болсын;
тiркеу жөніндегі комиссияларға қажеттi мөлшерде техникалық қызметкерлер, қызмет көрсететiн адамдар және көлiк бөлсiн.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес тiркеудi өткізу кезеңiнде техникалық қызметкерлердiң, қызмет көрсетушi адамдардың еңбегiне ақы және көлiк шығындарын төлеу жергiлiктi бюджеттiң қаржысы есебiнен жасалсын.
3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі:
тiркеу кезеңiнде жергiлiктi iшкi iстер органдарының әскери комиссариаттармен өзара бiрлесiп iс-қимыл жасауын ұйымдастырып шақыру учаскелерiнде тәртiп пен реттiлiктi қамтамасыз ететiн болсын;
республиканың бүкiл аумағында азаматтардың шақыру учаскелерiне келуiне бақылау жасап, азаматтардың шақырудан жалтару әрекеттерiне жол бермесiн.
4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі:
тiркеуге жататын азаматтардың медициналық жарамдылығын анықтау үшiн әскери комиссариаттардың өтiнiмдерi бойынша дәрiгерлер-мамандар бөлiп отырсын;
шақыру учаскелерiн қажеттi медикаменттермен, аспаптармен және медициналық мүлiкпен жасақтайтын болсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi