«Түркменстан Республикасының аумағында ұлттық валютаның енгiзiлуiне
байланысты уақытша қосымша шаралар туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 22 қазандағы № 1050 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Түркменстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 1 қарашадан бастап ұлттық валюта - манаттың енгiзiлуiне байланысты, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Түркменстан Республикасымен арадағы шекара арқылы қолма-қол ақша қаражатын әкелуге уақытша шектеу қойылсын. 1993 жылғы 1 қарашаға дейiн шекарадан өткен кезде азаматтарға Қазақстан Республикасына КСРО Мемлекеттік банкiсi мен Ресей банкiсiнiң 1961-1992 жылдардағы үлгiдегi 100 мың сомнан аспайтын мөлшерде ақша билеттерiн әкелуге рұқсат етiлсiн. 1993 жылғы 1 қарашадан бастап КСРО Мемлекеттік банкiсi мен Ресей банкiсiнiң 1961-1992 жылдардағы үлгiдегi ақша билеттерiн Түркменстан Республикасынан әкелуге толық тыйым салынсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Бас кеден басқармасы Iшкi iстер министрлігімен бiрлесiп, Түркменстан Республикасынан келе жатқан азаматтар мен жүктердi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес тексерудi қамтамасыз етсiн. Бұл орайда қолма-қол ақшаны алып қою Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы" 1993 жылғы 15 қыркүйектегi № 883 қаулысымен белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi.
3. Жергiлiктi әкiмдер, министрлiктер мен ведомстволар, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң басшылары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiсi түркмен манатының ресми курсын анықтағанға дейiн Түркменстанның шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiмен өзара есеп айырысуды Ресей сомымен немесе еркiн айналымдағы валютада жүргiзетiн болсын.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiсi мен акционерлік-коммерциялық банктерге Түркменстан Республикасынан ақшасыз аударымдарды қабылдауды тоқтату ұсынылсын.
5. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау жөніндегі уақытша қосымша шаралар туралы" 1993 жылғы 15 қыркүйектегi № 883 қаулысы 1-тармағының екiншi абзацындағы "Түркменстан Республикасы" деген сөздер алып тасталсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi