Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде бап көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Өзге нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде тармақ көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
27-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты, егер нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық элементтері жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе солармен қамтылса, күші жойылды деп тануға жатады.
2. Жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде оны іске асыру үшін қабылданған төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
Бұл талап жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сондай құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп тануға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде - олардың алғашқы ресми жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, тиісті заңнамалық актілердің «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде - олардың «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде мұндай элементтер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық элементінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық элементтердің нөмірленуі өзгермейді.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертпе жасалып, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.
Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.
8. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп тануға жатады.
9. Негізгі нормативтік құқықтық актінің өзі де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген нормативтік құқықтық актілер де (немесе олардың құрылымдық элементтері) күші жойылды деп тануға жатады. Күші жойылды деп тануға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің редакциясы бірнеше мәрте өзгертілген және (немесе) толықтырылған жағдайда тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
10. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану көзделген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылса, бірінші айтылған актілердің қолданысы қайта жалғаспайды.
11. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілер күші жойылды деп таныла алмайды. Қажет болғанда мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
12. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп тануға жатпайды.
Нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп тануға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде күші жойылды деп тануға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық элемент қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде қосымшаны бекітумен қатар өз қолданысын сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп тануға жататын болса, онда тармақ қосымшаға қатысты бөлігінде тізбеге енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
14. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық элементтері толығымен, ал басқа құрылымдық элементтері ішінара күші жойылды деп тануға жататын болса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп тануға жататын құрылымдық элементтер көрсетіледі.
28-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актіге графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар жекелеген қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болса, әрбір қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгілері немесе «Қызметтік пайдалану үшін», «Баспасөзде жариялаусыз», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу және кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады.
Заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қағаз және электрондық жеткiзгіштерде қазақ және орыс тiлдерінде енгiзiледi.
2. Заңнамалық актінің жобасы бойынша ұсынылатын материалдар мынадай қосымшаларды қамтуға тиiс:
1) заңнамалық актінің жобасына жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін - арнайы жолдау;
2) жұмыс тобы құрылған жағдайда оның құрамы;
3) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) осы Заңның 30-бабына сәйкес ғылыми сараптама қорытындысы және олар болған кезде сараптама кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзге де сараптама қорытындылары;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын қоспағанда, егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есеп-қисаптар, заңды қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары, сондай-ақ бар болса, статистикалық деректер.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларда реттеушілік әсерді талдау.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актінің жобасына енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, заңнамалық актінің құрылымдық элементтерінің қолданыстағы және ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі ұсынылады.
3. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
4. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасы тәртібімен өздері енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.
6-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ЖОБАЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАСЫ
30-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері
1. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша осы актілерде реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми (құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, экономикалық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
Заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізіліп, ғылыми сараптама жүргізілмеуге болатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олар реттейтін қоғамдық қатынастарға қарай ғылыми сараптама жүргізілуі міндетті.
2. Ғылыми сараптама:
1) жобаның сапасын, негізділігін, уақтылығын, құқыққа сыйымдылығын, жобада Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам және азамат құқықтарының сақталуын бағалау;
2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарларын анықтау үшін жүргізіледі.
3. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.
4. Ғылыми сараптаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
31-бап. Сараптаманы жүзеге асыратын адамдар мен ұйымдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының ғылыми сараптамасын қаралатын жобаның мазмұнына қарай тиiстi бейiндегі ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, ғалымдар мен мамандар қатарынан тартылатын сарапшылар жүргiзедi. Сараптама жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сараптамалық комиссияға) тапсырылуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген және Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілуге жататын заң жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптаманы уәкілетті ұйым жүргізеді.
3. Жоба бойынша мамандықтары әртүрлi сарапшылардың кешендi сараптамасы немесе алуан түрлi дербес сараптамалар, ал қажет болғанда - қайталама сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Сарапшылар ретiнде жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар тартылады.
5. Сарапшылар ретiнде басқа мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
Ғылыми сараптама жүргізу үшін жоба шетелдік және халықаралық ұйымдарға жіберілуі мүмкін.
32-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сараптамаға жiберу кезiндегi бастамашылық
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына сараптама жүргiзу туралы шешiмдi:
1) заң шығару бастамасы тәртібімен жобаны Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) егер әзірлеуші органның регламентiнде немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде осы тұлғаларға және құрылымдық бөлiмшелерге осындай құқық берiлген болса, әзірлеуші орган қабылдай алады.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы шарттық негiзде дайындалатын жағдайларда жобаның сараптамасы жобаға тапсырыс берушiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
33-бап. Нормативтік құқықтық актілердің ғылыми лингвистикалық сараптамасы
1. Ғылыми лингвистикалық сараптама заңнамалық актілердің жобалары бойынша жүргізіледі.
2. Ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
7-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ
34-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiн айқындау
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда айқындалады.
2. Алуан түрлi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiнiң ерекшелiктерi мыналарда да:
1) кодекстер үшін - осы Заңда.
Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бөлек отырыстарында рет-ретімен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады;
2) шоғырландырылған заңдар және заңдар үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентi туралы, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы, республикалық референдум туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, оның iшiнде Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерiнде;
3) Парламенттің және оның Палаталарының қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы заңнамалық актiлерде;
4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентi туралы заңнамалық актiде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң осы тәртiптi реттейтiн актiлерiнде;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Үкiметі туралы заңнамалық актiде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде;
6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің құрылымына кiретiн де және кiрмейтiн де орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың және орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нормативтiк құқықтық актiлерi үшiн - Қазақстан Республикасының Үкiметі мен осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы органдардың қызметiн реттейтiн қаулыларында;
7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы заңнамалық актiде;
8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының соттары туралы заңнамада;
9) Орталық сайлау комиссиясының (Орталық референдум өткізу жөніндегі комиссияның) нормативтiк қаулылары үшiн - сайлау туралы және республикалық референдум туралы заңнамалық актiлерде;
10) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың және тексеру комиссияларының нормативтiк шешiмдерi үшiн - осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде айқындалады.
3. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау жөнiндегi құзыретi Қазақстан Республикасының заңнамасында тiкелей көзделген жағдайларда ғана уәкiлеттi органның осы актiнi қабылдауына жол берiледi.
35-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттік берілген адамдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне мына лауазымды адамдар:
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдарына, конституциялық заңдарына, кодекстерiне, шоғырландырылған заңдарына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына - Қазақстан Республикасының Президентi;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулыларына - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжілісінің қаулыларына - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi;
4) мәслихат шешiмдерiне - мәслихат сессиясының төрағасы және мәслихат хатшысы;
5) әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне - әкім;
6) өзге де нормативтiк құқықтық актiге - оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.
2. Туынды түрдегi нормативтiк құқықтық актіні негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық акт арқылы қабылдаған кезде уәкiлеттік берілген адам негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiге ғана қол қояды.
36-бап. Уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі құқықтар
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған не таратылған жағдайда, құқықтық мирасқорға немесе таратылған уәкілетті органның функциялары берілген уәкілетті органға оның құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.
8-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖАРИЯЛАУ
37-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау міндеттілігі
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы» ресми басылымдар болып табылады.
2. Заңнамалық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, конкурстық негізде осындай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.
37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
3. Нормативтік құқықтық актілерді алғашқы ресми жариялау олар күшіне енген күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
4. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуға тиіс.
6. Нормативтік құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін ғана оларды бейресми жариялауға жол беріледі.
38-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік-құқықтық актілерін ресми жариялау
1. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады.
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау осы Заңның 37-бабында айқындалатын тәртіппен, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында да жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Әділет органдары тіркеген нормативтік құқықтық актілерді осындай тіркеуге ұсынған органдар оларды Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне енгізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде олардың көшірмелерін электрондық құжат және елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз жеткізгіш нысанында ресми жариялауға жібереді.
3. 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
39-бап. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау