9. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
18-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке:
1) әуе кемелерiнiң және басқа да ұшу аппараттарының ұшуы;
2) атыстардың және зымырандарды ұшырудың барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде қозғалуымен байланысты өзге де қызмет жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы
1. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы, сондай-ақ әрбір сыныптағы әуе кеңістігі шегінде ұшуға және әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшу ақпаратының аудандары (аймақтары), диспетчерлік аудандар, әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттары, тораптық диспетчерлік аудандар, диспетчерлік аймақтар, әуеайлақ қозғалысының аймақтары, бақыланбайтын әуе кеңістігінің аудандары, әуе трассалары, әуе кемелерінің ұшуына арналған арнайы аймақтар, тыйым салынған аймақтар, қауіпті аймақтар, әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтар және әуе кеңістігіндегі қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін басқа да арнайы элементтер белгіленеді, бұлардың жиынтығы Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымын құрайды.
Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымы азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланады.
3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін әуе кеңістігі деп шегінде ұшудың нақты түрлері орындалуы мүмкін және ол үшін әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері мен ұшу қағидалары айқындалған белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің сыныптамасы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушылардың қажеттілігі, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі, олардың экономикалық тиімділігі негізге алына отырып айқындалады және аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсыну
1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар үшін аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар (жария шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлiгiнің істен шығуына немесе ақауы болуына байланысты маршруттары өзгертілген әуе кемелері әуе кемесiнiң ұшып бара жатқан жері айқындалған кезден бастап;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін әуе кемелері, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушімен жасалған шартқа сәйкес iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша оқу-жаттығуларға тартылған әуе кемелері;
3) дүлей зілзалалар кезінде халыққа медициналық және (немесе) гуманитарлық көмек көрсету үшiн әуе кемелерi;
4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелері;
5) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, корольдiк тұлғаларды, шет мемлекеттердің мемлекет және үкiмет басшыларын тасымалдайтын әуе кемелерi;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) жеңіл және аса жеңіл әуе кемелері;
6) егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсеткені үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда, өтеусіз жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету үшін әуе кеңістігін пайдаланушылардан төлемақы алуды аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші жүзеге асырады. Аэронавигациялық қызмет көрсетуге кіретін қызметтерді ұсынуға қатысушы ұйымдармен құқықтық қатынастарды реттеу шарттар негізінде жүзеге асырылады.
21-бап. Аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат беруді қамтамасыз етеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Аэронавигациялық ақпарат көзі болып табылатын жеке немесе заңды тұлғалар азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты өтеусіз негізде беруге және мұндай ақпараттың анықтығы, нақтылығы және уақтылы берілуі үшін жауаптылықта болуға міндетті.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ұсынылатын аэронавигациялық ақпараттың дәйектілігін, нақтылығын және уақтылы берілуін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.
22-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мынадай түрлерді:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтиды, әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету деп:
әуе кемелері арасындағы және әуе кемелерінің маневр жасау алаңындағы кедергілермен соқтығысуын болғызбау;
әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсаттарында бақыланатын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету түсініледі;
2) ұшу-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтиды, оның мақсаты ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультациялар мен ақпарат беру болып табылады;
3) тиісті ұйымдарды іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабардар ету және осындай ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету болып табылатын авариялық хабар беруді қамтиды.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету:
бақыланатын әуе кеңістігінде ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - аудандық диспетчерлік қызмет көрсету;
әуе кемелерінің ұшып келуіне және әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып кетуіне байланысты ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету;
әуеайлақтық қозғалысқа диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету болып бөлінеді.
Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган:
1) әрбір әуе кемесінің болжамды қозғалысы немесе оның өзгеруі туралы ақпаратпен, сондай-ақ әрбір әуе кемесінің нақты ұшу барысы туралы соңғы ақпаратпен қамтамасыз етіледі;
2) өзіне хабар берілген әуе кемелерінің бір біріне қатысты салыстырмалы түрде ұшып бара жатқан жерін алынған ақпарат негізінде айқындайды;
3) өзі бақылайтын әуе кемелерінің арасындағы соқтығысуды болғызбау үшін, сондай-ақ реттелген қозғалыс ағынын жеделдету және сақтау үшін рұқсаттар мен ақпарат береді;
4) әуе кемесі әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдардың бақылауында ұшуды орындап жүрген басқа әуе кемелерімен жанжалды жағдайды туындатуы мүмкін болғанда немесе әуе кемесін бақылауды әуе қозғалысына қызмет көрсететін басқа органдарға берудің алдында қажет болған жағдайда рұқсаттарды әуе қозғалысын қамтамасыз ететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдармен келіседі.
Әуе кемелерін эшелондауға қойылатын талаптарды қоса алғанда, әуе кемелеріне диспетчерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету Әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары беретін диспетчерлік рұқсаттар әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға негізделеді.
4. Ұшуына осы ақпарат әсер етуі мүмкін және әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық әуе кемелері ұшу-ақпараттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
5. Мыналар:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін барлық әуе кемелері;
2) ұшу жоспарын берген немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық басқа әуе кемелері;
3) оларға қатысты заңсыз араласу объектісі болып табылатындығы белгілі болған немесе болжанатын кез келген әуе кемелері авариялық хабар берумен қамтамасыз етіледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. Ұшуды орындау қағидалары
Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшуы азаматтық және мемлекеттік авиацияда ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес орындалады.
Ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде азаматтық және мемлекеттік авиацияда ұшуды жүргізу қағидаларында көзделген кеме құжаттары болуға тиіс.
24-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты жіберуге жататын ақпарат, мынадай:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруді болғызбау және тоқтату;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын iздестiру және эвакуациялау;
3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, осы Заңда көзделген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттар болған кезде ұшу жоспары нысанында ұсынылады.
2. Ұшу жоспарын ұсыну, ұшу жоспарына өзгерістер енгізу және оны жабу тәртібі, оның мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
3. Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдаланушы әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарын алдағы ұшу туралы хабардар етуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен ұшу жоспарын ұсынуға міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі әуе кеңістігін барлық пайдаланушыға оны пайдалану бойынша тең құқықтармен қолжетімді.
Әуе кеңістігін бір уақытта екі немесе одан да көп пайдаланушының пайдалану қажеттігі туындаған жағдайда, оны пайдалануға бірінші кезектегі құқық мемлекеттік басымдықтарға сәйкес пайдаланушыларға мынадай ретпен беріледі:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасын бұзуды, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнің бұзылуын болғызбау және тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою;
2) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн не айтарлықтай материалдық залал келтiру қаупін тудыратын дүлей және өзге де зілзалалар, апаттар, авариялар, авариялық және өзге де жағдайлар кезінде көмек көрсету;
3) ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және эвакуациялау;
4) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес орындалатын ұшу;
5) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның жоспарлы оқу-жаттығулар өткізуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерінің ұшуы немесе өзге де қызмет;
6) жолаушыларды, жүктердi және пошта жөнелтілімдерін тасымалдайтын тұрақты рейстер;
7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиациясының ұшуы;
8) эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
9) тұрақты емес әуе тасымалдары және авиациялық жұмыстарды орындау;
10) оқу-жаттығу, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ пайдаланушының жеке мақсаттағы ұшуы.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу немесе оны шектеу
Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 25-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген қызмет жүзеге асырылған жағдайларда, мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен әуе кемелерінің ұшуы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады не шектейді.
27-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзуға:
1) осы Заңның 18-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын бермей (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде - хабар бермей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндiретiн қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз жүзеге асырылатын қызмет;
2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
3) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимдерін сақтамауы;
4) әуе кемесiнiң мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе қозғалысын басқару органдарының арнайы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақтың және (немесе) шектеу қойылған аймақтың үстінен ұшып өтуі;
5) мәжбүрлi түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
6) ұшу қауiпсiздiгiне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе трассаларынан және маршруттар осьтерiнен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген нормалардан асатын қашықтыққа ауытқуы;
7) ұшу қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы жатады.
2. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары өз құзыретіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбауға және (немесе) тоқтатуға және (немесе) оның жолын кесуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті, ал әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар көрсетілген бұзушылықты өз есебінен және (немесе) өз күштерімен тоқтатуға міндетті.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының құзыретті мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша шетелдік әуе кемесінің бортында экспорттық бақылауға жататын мәлімделмеген өнімнің бар екендігі туралы ақпарат болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарап тексеру үшін оны Қазақстан Республикасының әуайлағына қонуға мәжбүрлеуге құқығы бар.
28-бап. Әуе кемесiнің ұшу жоспарынан ауытқуы.
Тәртіп бұзушы әуе кемесі
1. Әуе кемесi белгiленген ұшу жоспарынан ауытқыған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы дереу мынадай шараларды қабылдауға:
1) әуе кемесінің экипажымен байланыс орнату және белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған әуе кемесінің ұшып бара жатқан жерін анықтау үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануға;
2) ауытқу салдарынан әуе кемесі жауапкершілік ауданына кірген болуы мүмкін немесе кіруі мүмкін деп жорамалданған ауданның әуе қозғалысына қызмет көрсететін және әуе қозғалысын басқаратын сабақтас органдарына хабарлауға міндетті.
2. Әуе кемесінің ұшып бара жатқан жері анықталған болса, әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы әуе кемесінің экипажына оның қай жерде ұшып бара жатқаны және орындалуға тиіс түзетуші іс-әрекеттер туралы хабарлайды.
3. Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзған немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін өзгедей бұзуға жол берген әуе кемесi тәртіп бұзушы әуе кемесі деп танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының талаптарына бағынбаса, мәжбүрлі түрде қондыруға жатады.
Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi көрсетілген жерге дереу қонуға тиiс.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық объектiлеріне қатер төнген жағдайларда қатердi болғызбау үшін, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қаруды және ұрыс техникасын қолдану қағидаларына сәйкес тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шаралар қолданылады.
5. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде жолаушылар және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ өзге де адамдар бар екені туралы дәйекті ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданудан тартынады.
Тәртіп бұзушы әуе кемесi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып кіру шарттарын сақтамаған кезде және (немесе) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзған жағдайларда қонатын әуеайлақта ұсталуға жатады.
Бұзушылық тексерілгеннен кейін тәртіп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрі ұшуына Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалатын тәртіппен рұқсат етiледi.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға қойылатын белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларына сәйкес тексерілуге жатады.
29-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты ұйымдастыру
1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарымен байланыста болуға мiндеттi.
2. Байланыс ұйымдары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.
30-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде байланыс үшін радиотелефон және (немесе) деректерді беру желісі пайдаланылады.
2. Байланыс құралдары әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары (әуе қозғалысын басқару органдары) мен әуе кеңістігін пайдаланушылар арасында тікелей, жедел, үздіксіз және бөгеуілі жоқ екіжақты байланыс жасауға мүмкіндік беруге тиіс.
3. Әуе кемелерінің ұшуын және олармен радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына бөгеуіл жасайтын қондырғылары мен аппараттары бар жеке және заңды тұлғалар байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің талап етуі бойынша бөгеуілдерді өз күштерімен жоюға, ал олар жойылғанға дейін осындай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Байланысты қамтамасыз ету тәртібі, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының байланысты қамтамасыз етуге қоятын талаптары, азаматтық авиациядағы байланыс құралдарының сипаттамасы азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық электр байланысын радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларында айқындалады.
5. Радиобайланысты жүргізу рәсімдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының қағидаларында айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысы қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 31-бап өзгертілді; 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
31-бап. Елді мекеннің үстінен ұшу
1. Қалалардың немесе кенттердің халық тығыз орналасқан аудандарының үстінен авариялық жағдайлар не төтенше мән-жайлар туындаған кезде жердегі адамдарға немесе мүлікке қауіп аса төнбейтін, бұл ұшу немесе қону кезінде қажет болатын немесе бұған әуе қозғалысын басқару органының рұқсаты берілетін жағдайды қоспағанда, қонуды орындауды қамтамасыз ететін биіктікте әуе кемелерінің ұшуы орындалады.
2. Әуе кемелерінің елді мекендердің үстінен ұшуының схемалары (маршруттары) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде әуе кемелерінің және пилотсыз ұшу аппараттарының елді мекендердің үстінен ұшуы ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.
4. Елді мекендердің үстінен ұшуды келісу және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
32-бап. Көрсету мақсатындағы ұшу
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау кезеңі болып табылмайтын көрсету мақсатындағы ұшулар авиациялық техниканы көрсету, авиация жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ қоғамдық-саяси және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қолданылады.
2. Әуе кемелерiнiң көрсету мақсатындағы ұшуы әуе кемесінің тұрғын үй алаптары мен адамдар жиналған жерлерге құлауын болғызбайтын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, белгіленетін аймақтарда (аудандарда) орындалады.
3. Көрсету мақсатындағы ұшудың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік оларды ұйымдастырушыға жүктеледі.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 33-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
33-бап. Пилотсыз ұшу аппараттарының ұшуы
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Пилотсыз ұшу аппараты Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында және пилотсыз ұшу аппаратын пайдалану құжаттамасында белгіленген шарттар сақталып, адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, мүлікті зақымдау (бүлдіру) қатері, басқа әуе кемелері үшін қауіп барынша азайтылып пайдаланылуға тиіс.