Тәуекелдің жоғары немесе орташа дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігін тексеру, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) қызметінің салалары үшін талаптарға сәйкестігін тексеру, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
5. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және талаптарға сәйкестігін тексерулерді жүргізу үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары реттеуші мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
6. Бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге арналған тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары, тексеру парақтары реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыруы қағидалары негізінде әзірленеді.
7. Тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін реттеуші мемлекеттік органдар бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) нақты тәуекел дәрежелеріне жатқызатын және бақылау іс-шараларын жүргізу графиктерін немесе тізімдерін автоматты режимде қалыптастыратын тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып жүргізеді, сондай-ақ ол мемлекеттік статистикаға, ведомстволық статистикалық байқау қорытындыларына, сондай-ақ ақпараттық құралдарға негізделеді.
Автоматты режимде тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болмаған кезде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүзеге асырылатын бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) санының ең аз жол берілетін шегі белгілі бір бақылау мен қадағалау саласындағы осындай бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) жалпы санының бес пайызынан аспауға тиіс.
Бақылау және қадағалау органдарының тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, автоматты режимде қалыптастыру тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарының өзіндік ерекшелігі мен құпиялылығы ескеріле отырып, реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыруы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына және 143-бабының 3-тармағына сәйкес тексеру парақтарында белгіленген және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексерудің нысанасы болып табылатын талаптардың бұзылу дәрежесін айқындауға негіз болып табылады.
Талаптардың бұзылуы ауырлығына қарай өрескел, елеулі және болмашы болып бөлінеді.
Осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына және 143-бабының 3-тармағына сәйкес тексеру парақтарында белгіленген талаптардың бұзылуын өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтарға жатқызу реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыруы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) мынадай жағдайларда:
1) егер мұндай субъектілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен үшінші тұлғалар алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасаса;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында және реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан немесе тексерулер жүргізуден босату жағдайлары айқындалса;
3) егер субъектілер өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің нәтижелерін тану туралы келісім жасалған, «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері болса, ақпараттық жүйе қолданыла отырып, бақылау мен қадағалау субъектілері қызметінің тиісті салаларында тәуекелдің жоғары дәрежесінен тәуекелдің орташа дәрежесіне немесе тәуекелдің орташа дәрежесінен тәуекелдің төмен дәрежесіне ауыстырылады.
10. Реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) бақылау мен қадағалауды жүзеге асырған кезде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің нәтижелерін тану туралы жасалған келісімді ескере отырып, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында осындай мүшеліктің (қатысудың) болу фактісін жеңілдететін индикатор ретінде ескереді.
Осы баптың осы тармағы бірінші бөлігінің, сондай-ақ 9-тармағы 3) тармақшасының ережелері Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі, қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету салаларына қолданылмайды.
11. Бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) бақылау нысандарын айқындауды реттеуші мемлекеттік органдар бақылау жүзеге асырылатын әрбір қызмет саласы үшін жүзеге асырады.
142-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 143-бап жаңа редакцияда
143-бап. Тексеру парақтары
1. Реттеуші мемлекеттік орган мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті топтары үшін бірлескен актімен тексеру парақтарын бекітеді.
Бекітілген тексеру парақтары реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
2. Тексеру парағы бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын міндетті талаптардың тізбесін қамтиды, оларды сақтамау адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге алып келеді.
Тексеру парағы бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті топтары үшін бөліп жасалады.
Біртекті топтар деп сол бір талаптар қойылатын бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) түсініледі.
3. Тексеру парақтарында белгіленген талаптар ғана тексеруге және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға жатады.
Тексеру парағына енгізілетін талаптар бір мезгілде мынадай өлшемшарттардың бәріне сәйкес келуге тиіс:
1) экономикалық қауіпсіздікті, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қоса алғанда, адамдардың өміріне, денсаулығына, олардың мүлкін қорғауға, қоршаған орта үшін қауіпсіздікке, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей (тура) әсер ететін қызметпен (процеспен, әрекетпен) байланысты болу;
2) талаптардың сақталуын көзбен шолу, зертханалық зерттеу, қарап-тексеру және жете тексеру, растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеру арқылы тексеруге болады;
3) талаптар жалпы сипатта болмауы және басқа нормативтік құқықтық актілерге сілтемені қамтымауы керек;
4) талапты бірнеше реттеуші мемлекеттік органның қайталауына жол бермеу.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
144-бап. Тексерулерді ұйымдастыру тәртібі
1. Талаптарға сәйкестігін тексеру осы Кодекстің 141-бабының 4-тармағында белгіленген жиілікпен тәуекелдерді бағалау өлшемшарттары қолданылып жүзеге асырылады.
Біліктілік немесе рұқсат беру талаптары, сондай-ақ хабарлама жасау тәртібі шеңберіндегі талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі автоматты режимде қалыптастырған график талаптарға сәйкестік тұрғысынан тексеру тағайындауға негіз болып табылады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болмаған кезде графикті реттеуші мемлекеттік орган бекітеді.
График өздеріне қатысты талаптарға сәйкестік тұрғысынан тексеру тағайындалған бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) міндетті түрде көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жыл сайынғы негізде тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесінде автоматты режимде қалыптастырылады.
Бақылау және қадағалау органы сол бір бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты талаптарға сәйкестігін тексеру графигін және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін жасаған кезде оларды жүргізу кезеңінің бірыңғай мерзімдері белгіленеді.
Талаптарға сəйкестігіне тексерулер жүргізу графигі тексерулер жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде жариялау үшін жіберіледі.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тексерулер жүргізу графигі «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде тексерулер жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі жəне ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде жарияланады.
Тəуекелдерді бағалау мен басқарудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болмаған кезде графикті реттеуші мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы бекітеді.
3. Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізудің басталғаны туралы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын оның басталу күнін көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Бақылау мен қадағалау субъектісі тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлама алған, бірақ тексеру кезіне Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 42-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өткен жағдайда, тексеру жүргізудің басталғаны туралы қайта хабардар ету талап етілмейді.
Осы тармақтың ережелері патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын бақылау және қадағалау субъектілерін тексеруге қолданылмайды.
4. Бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Осы баптың 5-тармағының 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында, 8, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органы тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) тексеру жүргізудің нысанасын көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталғаны туралы бақылау мен қадағалау субъектісіне хабар беруге міндетті.
5. Бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге мыналар негіз болып табылады:
1) талаптарға сәйкестігін тексеру және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижесінде тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында айқындалған, анықталған өрескел бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
2) егер бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп ұсынбаса және (немесе) бұзушылықтарды жоймаса, талаптарға сәйкестігін тексеру және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижесінде тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында айқындалған, анықталған елеулі және болмашы бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
3) сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
4) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қатері туралы прокуратура органдарының тапсырмалары;
5) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
6) бақылау мен қадағалау субъектісінің бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы жүгінуіне байланысты қайта тексеру (жедел ден қою шараларын қолданудың құқыққа сыйымсыздығы);
7) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;
8) салық төлеушінің жолданымдары, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалған мәліметтер мен мәселелер.
6. Жоспардан тыс тексерулер анонимдік жолданымдар болған жағдайларда жүргізілмейді.
7. Нақты бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.
8. Эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қатері төнген жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі жұмыс күні ішінде ұсына отырып, объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
9. Бақылау және қадағалау органдары, сондай-ақ құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган орналасқан жерден едәуір шалғайдағы объектілерде немесе бақылау мен қадағалау субъектілерінде жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздер анықталған жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі бес жұмыс күні ішінде ұсына отырып, жоспардан тыс тексеру жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы акт тіркелген жерден оны жүргізетін жерге дейін бір жүз километрден асатын арақашықтық бақылаушы және тіркеуші органдар орналасқан жерден едәуір шалғайда орналасу деп есептеледі.
10. Жалған пестицидтерді өндіру (формуляциялау), тасымалдау, сақтау, өткізу және қолдану, сондай-ақ жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткізу, сондай-ақ патогендігі I-II топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу мәселелері бойынша жоспардан тыс тексерулер бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен жүргізіледі.
11. Осы баптың 5-тармағында санамаланған жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін негіздер мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелеріне, қызметін әділет органдарында немесе тіркеуші органда тіркемей жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, бейрезидент-заңды тұлғаларға да қатысты қолданылады.
12. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың қолданысын белгілі бір мерзімге тоқтата тұру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
13. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тексерулерді қоспағанда, осы Кодексте белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-1-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
1. Бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды бақылау мен қадағалау субъектісі ұсынған есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтерді және бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асырады.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңдарында жүргізудің мақсаттары, құралдары, тәсілдері, субъектілердің (объектілердің) тізбесі, жүргізу жиілігі, бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) байқауды есепке алу тәсілі міндетті түрде көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі айқындалады.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес мынадай шарттардың барлығы сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) бақылау және қадағалау органдарының бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) баруына тыйым салынады;
2) құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеу әрі бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар ету талап етілмейді;
3) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша, бұзушылық болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ бақылау мен қадағалау субъектісіне оны жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды, ұсынымдар және басқалар) жасалады.
4. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды талдау нәтижелері бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге негіз болып табылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-2-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау - бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізетін бақылауды білдіреді және оның нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектілеріне әкімшілік іс жүргізуді қозғамай оларды жою туралы нұсқама шығарылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жедел ден қою шаралары қолданылады.
Нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, осы бақылаудың алдындағы жылы аталған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты осы Кодекстің 131-бабының 5-тармағына және 144-1-бабына сәйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жасалған жағдайда жүргізіледі.
Бақылау жəне қадағалау органында тəуекелдерді бағалау мен басқарудың автоматтандырылған жүйесі қамтылған ақпараттық жүйе болған кезде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдері міндетті түрде «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде орналастырылады.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың жиілігін бақылау және қадағалау органдары жоғары және орташа тәуекел дәрежелеріне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жылына екі реттен жиілетпей айқындайды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына, тексеру парақтарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде орналастырылады.
4. Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерінде графиктер мен жартыжылдық тізімдерді автоматты режимде қалыптастыру жағдайын қоспағанда, реттеуші, мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы бекіткен бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) жартыжылдық тізімі бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға негіз болып табылады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдері бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындалған объектілерді міндетті түрде көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектілеріне қатысты қалыптастырылады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерінде графиктер мен жартыжылдық тізімдерді автоматты режимде қалыптастыру жағдайын қоспағанда, бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу жылының алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің бекітілген жартыжылдық тізімдерін, оның ішінде электрондық нысанда құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық жиынтық тізімін қалыптастыру үшін жібереді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдерінің нысанын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне өзгерістер енгізу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық жиынтық тізімін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу жылының алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімі негізінде бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы күнін көрсете отырып, ол басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы хабарлама қолма-қол табыс етіледі, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не егер осы субъект бұрын электрондық поштасының мекенжайын бақылау және қадағалау органына ұсынған болса, бақылау мен қадағалау субъектісінің осындай мекенжайына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.
Егер бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы хабарлама алған бақылау мен қадағалау субъектісі бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 42-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өткен болса, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы қайта хабардар ету талап етілмейді.