22-тарау. КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
312-бап. Климаттың өзгеруі және оған бейімделу
1. Климаттың өзгеруі деп климат жай-күйінің не оның онжылдық немесе одан да ұзақ кезеңдегі өзгермелілігінің орташа көрсеткіштерінің статистикалық елеулі ауытқуы түсініледі, ол жаһандық атмосфера құрамындағы өзгерістерді тудыратын адамның қызметіне тікелей немесе жанама түрде байланысты болады және салыстырмалы уақыт кезеңдері ішінде байқалатын климаттың табиғи ауытқуларына әсер етеді.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады және байқалатын әрі болжанатын климаттың өзгеруінің әсер етуіне байланысты шығындарды болғызбау және төмендету және пайданы пайдалану процесін білдіреді.
Климаттың өзгеруінің әсер етуі деп климаттың өзгеруінен және онымен байланысты экстремалдық метеорологиялық және өзге табиғи құбылыстардан туындаған, экологиялық жүйелердегі, қоғамдағы және экономикадағы байқалатын және болжанатын оң және теріс әсерлер түсініледі.
Климаттың өзгеруіне осалдық деп экологиялық жүйелердің, қоғамның және экономиканың климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне ұшырауы түсініледі.
313-бап. Мемлекеттік басқарудың мақсаттары, басым салалары және климаттың өзгеруіне бейімделудің негізгі қағидаттары
1. Климаттың өзгеруіне бейімделу адам денсаулығы, экологиялық жүйелер, қоғам және экономика үшін климаттың өзгеруі себебінен болатын қолайсыз салдарлар мен залалды болғызбау және оны азайту, климаттың өзгеруіне осалдықты төмендету, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты қолайлы мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік басқарудың мынадай: ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, азаматтық қорғау салалары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым салалар болып табылады.
3. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік жоспарларында климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алудың міндеттілігі;
2) басым салалардан бастап климаттың өзгеруіне бейімделу процесін іске асырудың кезеңділігі;
3) осы баптың 2-тармағында көрсетілген басым салалардың барлығын қамтитын климаттың өзгеруіне бейімделуге жергілікті атқарушы органдардың салааралық тәсілі;
4) климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен климаттың өзгеруінің қолайсыз әсер етуін төмендету арасында байланыстың болуы.
314-бап. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесіне қойылатын жалпы талаптар
1. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесі мынадай сатыларды қамтиды:
1) ақпарат жинау және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау;
2) климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау;
3) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды әзірлеу;
4) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
5) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралардың тиімділігін мониторингтеу және бағалау;
6) климаттың өзгеруінің әсер етуі және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы есептілік;
7) мониторингтеу мен бағалау нәтижелері негізінде климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды түзету.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша уәкілетті орталық атқарушы органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
3. Осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша тиісті мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру шеңберінде уәкілетті орталық атқарушы органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген климаттың өзгеруіне бейімделу процесінің сатыларын жүзеге асырады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сатыларды жүзеге асыру жөніндегі талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделу нәтижелері бойынша есептілікті жүзеге асырады.
315-бап. Ақпарат жинау және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау жөніндегі талаптар
1. Бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша уәкілетті орталық атқарушы органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру үшін климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды ұйымдастырады.
2. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау:
1) ағымдағы және өткен климаттық үрдістер мен оқиғалар;
2) климаттың болашақтағы өзгерістерін болжау;
3) климаттың ағымдағы және өткен әсер етуі;
4) климаттың өзгеруінің болжанатын әсер етуі туралы ақпарат пен деректерді жинау негізінде жүзеге асырылады.
3. Ұлттық деңгейде басым салалар бойынша климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдар өз құзыреттеріне сәйкес ұйымдастырады.
4. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жергілікті деңгейде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша ұйымдастырады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидаларына сәйкес климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау бойынша ақпараттық және әдістемелік жәрдем көрсетеді.
316-бап. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау
1. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырылады және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау нәтижелеріне негізделеді.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделуді ұлттық деңгейде жоспарлау осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алу және тиісті мемлекеттік бағдарламаларда климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды қарастыру арқылы жүзеге асырылады.
3. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жергілікті деңгейде жоспарлауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жергілікті деңгейде мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру шеңберінде климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алу және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды қарастыру арқылы жүзеге асырады.
19-БӨЛІМ. ҚАЛДЫҚТАР
23-тарау. ҚАЛДЫҚТАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
317-бап. Қалдықтар ұғымы
1. Өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету процесінде немесе тұтыну процесінде түзілген, иесі қалдықтар деп тікелей танитын не заңның талаптарына орай жоюға немесе қалпына келтіруге жіберуге тиісті, немесе жою немесе қалпына келтіру жөніндегі операцияларға ұшыратуға ниеттенетін не ұшырататын кез келген заттар, материалдар немесе нәрселер (оның ішінде, өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан тауарлар) қалдықтар деп түсініледі.
2. Мыналар қалдықтарға жатпайды:
1) бөлінетін газ (шаң-газ-ауа қоспасы) құрамында атмосфераға шығарылатын заттар;
2) сарқынды сулар;
3) алынбаған ластанған топырақ қабатын қоса алғанда, өздерінің табиғи қалпында жатқан ластанған жерлер;
4) жермен тығыз байланысты жылжымайтын мүлік объектілері;
5) алынған ластанбаған топырақтар;
6) құрылыс қызметі процесінде жерде жұмыстарды жүргізу кезінде өздері табиғи қалпында жатқан жерден алынған және жобалау құжатына сәйкес, өздері бөлініп алынған сол бір құрылыс алаңының аумағында құрылыс салу мақсатында өзінің табиғи күйінде пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын кең таралған пайдалы қатты қазбалар;
7) Қазақстан Республикасының жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес кәдеге жаратуға жататын атыс қаруы, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар.
318-бап. Қалдықтардың иелері
1. Қалдықтарды түзуші немесе заңды иелігінде қалдықтар болатын кез келген тұлға қалдықтардың иесі деп түсініледі.
2. Қызметті жүзеге асыру процесінде қалдықтар түзілетін кез келген тұлға (қалдықтарды бастапқы түзуші) немесе осындай қалдықтардың қасиеттерінің немесе құрамының өзгеруіне әкелетін өңдеуді, араластыруды немесе өзге де операцияларды жүзеге асыратын кез келген тұлға (қалдықтарды қайталама түзуші) қалдықтарды түзуші деп танылады.
319-бап. Қалдықтарды басқару
1. Қалдықтар түзілген кезден бастап түпкілікті жойылғанға дейін қалдықтарға қатысты жүзеге асырылатын операциялар қалдықтарды басқару деп түсініледі.
2. Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларға:
1) түзілген жерінде қалдықтарды жинақтау;
2) қалдықтарды жинау;
3) қалдықтарды тасу;
4) қалдықтарды қалпына келтіру;
5) қалдықтарды жою;
6) осы тармақтың 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көзделген операцияларды жүзеге асыру процесінде орындалатын қосалқы операциялар;
7) қалдықтарды жинау, тасу, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі операцияларды байқауды жүргізу;
8) жойылған (жабық, пайдаланудан шығарылған) қалдықтарды жою объектілеріне қызмет көрсету жөніндегі қызмет жатады.
3. Үй шаруашылықтарын қоспағанда, қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар тиісті қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген қалдықтарды басқару саласындағы ұлттық стандарттарды сақтауға міндетті. Осындай ұлттық стандарттарда көзделген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
4. Үй шаруашылықтарын қоспағанда, қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қалдықтарды басқару жөніндегі есептілікті ұсынуға міндетті.
320-бап. Қалдықтарды жинақтау
1. Қалдықтардың түзілуі немесе қалдықтарды түпкілікті қалпына келтіру немесе жою сәтіне дейін одан әрі басқару процесінде жүзеге асырылатын, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдер ішінде арнайы белгіленген орындарда қалдықтарды уақытша жинап қою қалдықтарды жинақтау деп түсініледі.
2. Қалдықтарды жинақтау орындары:
1) қалдықтарды жинау (мамандандырылған ұйымдарға беру) немесе осы қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіге оларды өз бетінше әкету күніне дейін алты айдан аспайтын мерзімге қалдықтарды түзілген жерінде уақытша жинап қоюға;
2) пайдаланудан шыққан көлік құралдарын және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, қауіпті емес қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіге оларды әкету күніне дейін үш айдан аспайтын мерзімге қауіпті емес қалдықтарды жинау процесінде уақытша жинап қоюға (контейнерлерде, қайта тиеу және сұрыптау станцияларында);
3) қалдықтар қалпына келтіруге немесе жоюға жіберілгенге дейін алты айдан аспайтын мерзімге осы қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіде оларды уақытша жинап қоюға арналады.
Пайдаланудан шыққан көлік құралдары және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін оларды жинау процесінде уақытша жинап қою мерзімі алты айдан аспауға тиіс;
4) тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу өндірістерінің қалдықтарын, оның ішінде металлургия және химия-металлургия өндірістерінің қалдықтарын олар қалпына келтіруге немесе жоюға жіберілген күнге дейін он екі айдан аспайтын мерзімге түзілген жерінде уақытша жинап қоюға арналады.
3. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қалдықтарды арнайы белгіленген және жабдықталған жерлерде (алаңдарда, қоймаларда, көмбелерде, контейнерлерде және өзге де сақтау объектілерінде) ғана жинақтауға рұқсат етіледі.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдерден асыра отырып және (немесе) қалдықтарды жинақтаудың белгіленген лимиттерінен (I және II санаттағы объектілер үшін) немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда көрсетілген қалдықтарды жинақтау көлемдерінен (III санаттағы объектілер үшін) асыра отырып, қалдықтарды жинақтауға тыйым салынады.
321-бап. Қалдықтарды жинау
1. Қалдықтарды қалпына келтіруге немесе жоюға одан әрі жіберу мақсатында мамандандырылған ұйымдардың жеке және заңды тұлғалардан қалдықтарды ұйымдасқан түрде қабылдау жөніндегі қызметі қалдықтарды жинау деп түсініледі.
Қалдықтарды жинау жөніндегі операциялар қалдықтарды жинау процесінде сұрыптау және жинақтау жөніндегі қосалқы операцияларды қамтуы мүмкін.
Жинау процесінде қалдықтарды жинақтау деп Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес арнайы жабдықталған жерлерде қалдықтарды сақтау түсініледі, оларда түзілген жерінен әкетілген қалдықтар осы қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіге одан әрі тасуға дайындау мақсатында түсіріледі.
2. Қалдықтарды жинау жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар осы Кодекстің талаптарына сәйкес қалдықтарды бөлек жинауды қамтамасыз етуге міндетті.
Қалдықтарды одан әрі мамандандырылған басқаруды оңайлату мақсатында оларды түрлері немесе топтары бойынша бөлек жинау қалдықтарды бөлек жинау деп түсініледі.
3. Қалдықтарды бөлек жинауға, оның ішінде міндетті түрде бөлек жинауға жататын қалдықтардың түрлеріне немесе топтарына (түрлерінің жиынтығына) қойылатын талаптарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің талаптарына сәйкес және техникалық, экономикалық және экологиялық тұрғыдан орындылығын ескере отырып айқындайды.
4. Бөлек жинау мынадай фракциялар бойынша жүзеге асырылады:
1) «құрғақ» (қағаз, картон, металл, пластик және шыны);
2) «дымқыл» (тамақ қалдықтары, органика және өзге).
5. Қалдықтарды басқарудың одан арғы барлық кезеңдерде бөлек жиналған қалдықтарды араластыруға тыйым салынады.
322-бап. Қалдықтарды тасу
1. Қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, қалпына келтіру және (немесе) жою процесінде түзілген, жинақталатын орындар арасында арнайы көлік құралдарының көмегімен қалдықтардың орнын ауыстыруға байланысты қызмет қалдықтарды тасу деп түсініледі.
2. Қалдықтарды тасу осы Кодекстің талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
323-бап. Қалдықтарды қалпына келтіру
1. Қандай да бір пайдалы функцияны орындау үшін пайдаланылуы мүмкін басқа материалдарды алмастыру мақсатында көрсетілген функцияны орындау үшін қалдықтарды пайдалану басты мақсаты болып табылатын, қалдықтардың көлемін қысқартуға бағытталған кез келген операция, оған қосанақты өндірістік объектіде немесе экономиканың белгілі бір секторында жүзеге асырылатын, осындай функцияларды орындау үшін осы қалдықтарды дайындау жөніндегі қосалқы операциялар қалдықтарды қалпына келтіру деп танылады.
Қалдықтарды қалпына келтіру жөніндегі операцияларға:
1) қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
2) қалдықтарды қайта өңдеу;
3) қалдықтарды кәдеге жарату жатады.
2. Қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау жай-күйін тексеруді, тазалауды және (немесе) жөндеуді қамтиды, солар арқылы қалдыққа айналған өнім немесе оның құрамдастары қандай да бір өзгеше өңдеу жүргізілмей қайтадан пайдалануға дайындалады.
3. Қалдықтарды қайта өңдеу деп осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мақсатына қарамастан өнімді, материалдарды немесе заттарды одан әрі өндіруде (дайындауда) пайдалану үшін жарамды болатын пайдалы құрамдастарды, шикізатты және (немесе) өзге де материалдарды қалдықтардан алуға бағытталған механикалық, физикалық, химиялық және (немесе) биологиялық процестер түсініледі.
4. Қалдықтарды қайта өңдеуден басқа өзге де мақсатта, оның ішінде жылу немесе электр энергиясын алу, әртүрлі отын түрлерін өндіру үшін қайталама энергетикалық ресурс ретінде пайдалану, сондай-ақ құрылыс салу, жердегі немесе жер қойнауындағы қазылған кеңістіктерді (бос жерлерді) толтыру (салу, көму) мақсатында немесе ландшафтарды жасау немесе өзгерту кезінде инженерлік мақсатта қайталама материалдық ресурс ретінде пайдалану процесі қалдықтарды кәдеге жарату деп түсініледі.
324-бап. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату
1. Органикалық қалдықтардан биогаз және өзге отын алуды қоспағанда, қалдықтардың көлемін азайту және энергия алу, оның ішінде оларды қайталама және (немесе) энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану мақсатында қалдықтарды термиялық өңдеу процесі қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату деп түсініледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша қалдықтар энергетикалық кәдеге жаратуға ұшырамайды.
3. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар Еуропа Парламентінің және Еуропалық Одақ Кеңесінің «Өнеркәсіптік шығарындылар туралы (ластануды кешенді түрде болғызбау және оны бақылау туралы)» ЕО/2010/75 Директивасына баламалы болуға тиіс.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерге қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және олармен өзара байланысты қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға технологиялық тұрғыдан қажетті құрылысжайлар мен инфрақұрылымның жиынтығы жатады.
4. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жаңа объектілерді салуға және пайдалануға арналған шығындарды өтеу жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген және олар Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне берген электр энергиясын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын индекстеуді ескере отырып, өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған аукциондық бағалармен сатып алуы арқылы жүзеге асырылады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аукциондық бағаларды индекстеу тәртібін қамтитын, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларына сәйкес, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды бекітеді.
6. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жобаларды іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттыққа, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізілген және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға технологиялық тұрғыдан қажетті, жаңа, бұрын пайдалануда болмаған техникалық құрылғылар мен қондырғыларды қолданатын энергия өндіруші ұйымдар жіберіледі.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
7. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілердің электр энергиясын өндіру, оны беру және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасында реттеледі.
325-бап. Қалдықтарды жою
1. Қалдықтарды көмуге немесе құртуға дайындау жөніндегі (оның ішінде, оларды сұрыптау, өңдеу, залалсыздандыру жөніндегі) қосалқы операцияларды қоса алғанда, қалпына келтіру болып табылмайтын, қалдықтарды көму немесе құрту жөніндегі кез келген операция қалдықтарды жою деп танылады.
2. Қалдықтарды көму - қалдықтарды алу ниетінсіз, шектелмеген мерзім ішінде қауіпсіз сақтау үшін қалдықтарды арнайы белгіленген орындарда жинап қою.
3. Қалдықтарды құрту - қалдықтарды термиялық, химиялық немесе биологиялық процестер арқылы жою тәсілі, мұны қолдану нәтижесінде қалдықтардың көлемі және (немесе) массасы айтарлықтай азаяды және физикалық жай-күйі мен химиялық құрамы өзгереді, бірақ өнім өндіру немесе энергия алу оның басты мақсаты болып табылмайды.
326-бап. Қалдықтарды басқару кезіндегі қосалқы операциялар
1. Қосалқы операцияларға қалдықтарды сұрыптау және өңдеу жатады.
2. Жинау процесінде және (немесе) қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектілерде жеке жүзеге асырылатын немесе жинауға дейін қалдықтарды жинақтау кезінде жүзеге асырылатын, қалдықтарды түрлері және (немесе) фракциялары бойынша бөлу не қалдықтарды құрамдастары бойынша бөлшектеу жөніндегі операциялар қалдықтарды сұрыптау деп түсініледі.
3. Процесінде қалдықтарды одан әрі басқаруды жеңілдету мақсатында қалдықтар өздерінің сипаттамасын өзгертетін физикалық, термиялық, химиялық немесе биологиялық әсер етуге ұшырайтын және жинау процесінде және (немесе) қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектілерде жеке жүзеге асырылатын немесе жинауға дейін қалдықтарды жинақтау кезінде жүзеге асырылатын операциялар қалдықтарды өңдеу деп түсініледі.
Қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою үшін оларды механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу қалдықтарды залалсыздандыру деп түсініледі.
327-бап. Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларға қойылатын негіз құрайтын экологиялық талап
Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар тиісті операцияларды адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру, экологиялық залал келтіру қатерін төндірмейтіндей етіп және атап айтқанда:
1) суға, оның ішінде жерасты суларына, атмосфералық ауаға, топыраққа, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне тәуекелсіз;
2) ландшафтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға теріс ықпалын тиізбей орындауға міндетті.
328-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясаттың қағидаттары
Осы Кодекстің 5-бабында баяндалған жалпы қағидаттарға қосымша қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясат мынадай арнайы қағидаттарға негізделеді:
1) сатылық;
2) шығу көзіне жақындық;
3) қалдықтарды түзушінің жауапкершілігі;
4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері.
329-бап. Сатылық қағидаты
1. Қалдықтарды түзушілер мен олардың иелері қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету мүддесіне орай, қалдықтардың түзілуін болғызбау және түзілген қалдықтарды басқару жөніндегі шараларды олардың артықшылығының кемуі тәртібімен мынадай реттілікпен қолдануға тиіс:
1) қалдықтардың түзілуін болғызбау;
2) қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
3) қалдықтарды қайта өңдеу;
4) қалдықтарды кәдеге жарату;
5) қалдықтарды жою.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) - 5) тармақшаларында көзделген операцияларды жүзеге асыру кезінде қалдықтардың иелері, қажет болған кезде, сұрыптау, өңдеу және жинақтау жөніндегі қосалқы операцияларды орындауға құқылы.
2. Қалдықтардың түзілуін болғызбау деп зат, материал немесе өнім қалдық болғанға дейін қабылданатын және:
1) түзілетін қалдықтар көлемін азайтуға (оның ішінде, өнімді қайтадан пайдалану немесе оның қызмет ету мерзімін ұлғайту арқылы);
2) түзілген қалдықтардың қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына жағымсыз әсер ету деңгейін төмендетуге;
3) материалдардағы немесе өнімдегі зиянды заттардың болуын азайтуға бағытталатын шаралар түсініледі.