6) орнықты даму қағидаты: табиғат пен оның ресурстары Қазақстан Республикасының байлығын құрайды және оларды пайдалану орнықты болуға тиіс. Мемлекет табиғи ресурстарды қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін теңгерімді және ұтымды басқаруды қамтамасыз етеді. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде табиғи экологиялық жүйелердің сақталуына және олардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, судың үнемделуіне, энергияның үнемделуіне және энергияның тиімділігін арттыруға, жаңартылмайтын энергия және шикізат ресурстарын тұтынудың қысқартылуына, жаңартылатын энергия көздерінің пайдаланылуына, қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға, сондай-ақ олардың қайталама ресурстар ретінде пайдаланылуына басымдық беріледі;
7) интеграция қағидаты: Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік қызметтің барлық саласындағы мемлекеттік саясаты Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері мен орнықты дамуының экологиялық негіздерін қамтамасыз ету қажеттігі, оның ішінде қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейі мен оның сапасын жақсарту арасындағы теңгерім сақталған жағдайда қалыптастырылады және іске асырылады;
8) экологиялық ақпараттың қолжетімділігі қағидаты: мемлекет Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын негізге ала отырып, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.
9) қоғамдық қатысу қағидаты: жұртшылықтың осы Кодексте белгіленген шарттарда және тәртіппен қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының орнықты даму мәселелерін қозғайтын шешімдер қабылдауға қатысуға құқығы бар. Жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мүдделерін қозғайтын және Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысуы әртүрлі нұсқаларды қарау үшін барлық мүмкіндік ашық болатын және жұртшылықтың тиімді қатысуы қамтамасыз етіле алатын ерте кезеңнен бастап қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қабылдануы жоспарланған, қоршаған ортаның жай-күйіне әсер етуге қабілетті шешімдердің жариялылығын жұртшылықтың оларды қабылдау кезінде ескерілетін өз пікірін айтуына мүмкіндік беретін шарттарда қамтамасыз етеді;
10) экожүйелік ұстаным қағидаты: мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар іске асырылуы нәтижесінде қоршаған ортаның жай-күйіне жағымсыз салдарлар туындайтын немесе туындауы мүмкін шешімдерді жоспарлаған және қабылдаған кезде табиғи экологиялық жүйелердің, тірі организмдердің, табиғи ландшафтардың, өзге де табиғи, табиғи-антропогендік және антропогендік объектілердің тұтастығы мен табиғи өзара байланыстары және табиғи ортаның табиғи теңгерімін сақтау қажеттігі ескерілуге тиіс. Бұл ретте табиғи ландшафтардың, табиғи кешендер мен биоәртүрліліктің сақталуына, табиғи экологиялық жүйелердің сақталуы мен орнықты жұмыс істеуіне, сондай-ақ осындай экологиялық жүйелер ұсынатын көрсетілетін қызметтерге теріс әсер етілуіне жол бермеуге басымдық берілуге тиіс.
2-тарау. ҚОРШАҒАН ОРТА ЖӘНЕ ОНЫ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
6-бап. Қоршаған орта
1. Табиғи орта мен антропогендік ортаны қамтитын, адамды қоршап тұрған жағдайлардың, материалдық дүние заттары мен объектілерінің жиынтығы қоршаған орта деп танылады.
2. Атмосфералық ауа, жерүсті және жерасты сулары, жер беті және топырақ қабаты, жер қойнауы, өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесі және өзге де организмдер, озон қабатын қоса алғанда, Жер атмосферасының барлық қабаты, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылында Жерде өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін климат табиғи ортаның құрамдастары болып табылады.
Антропогендік объектілер, сондай-ақ адам қолдан қайта өсіретін және табиғи еркіндік жағдайында мекендемейтін тірі организмдер табиғи ортаның құрамдастарына жатпайды.
3. Табиғи ортаның белгілі бір шекаралары, өмір сүру жағдайлары мен режимі бар, өзара байланысқан жекелеген құрамдастарының жиынтығы табиғи және табиғи-антропогендік объектілерге бөлінеді.
4. Табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ландшафтар, сондай-ақ оларды құрайтын, өздерінің табиғи қасиеттерін сақтаған элементтер табиғи объектілер деп танылады.
Географиялық және өзге де тиісті белгілермен біріктірілген, функционалдық және табиғи жағынан өзара байланысқан табиғи объектілер жекелеген табиғи кешендерді құрайды.
5. Табиғи-антропогендік объектілерге:
1) адам қызметінің нәтижесінде арнайы өзгертілген, бірақ табиғи объектінің қасиеттерін сақтаған табиғи объектілер;
2) табиғи объект қасиеттеріне ие, рекреациялық маңызы бар және (немесе) табиғи орта үшін қорғау-сақтау функциясын орындайтын қолдан жасалған объектілер жатады.
6. Адамның күнделікті мекендеу ортасын білдіретін, қолдан жасалған жағдайлар мен антропогендік объектілердің жиынтығы антропогендік орта деп танылады. Адам өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жасаған немесе өзгерткен және табиғи объектілердің қасиеттеріне ие болмайтын материалдық дүние объектілері антропогендік объектілер деп танылады.
7-бап. Қоршаған ортаның сапасы
1. Қоршаған ортаның сапасы деп қоршаған ортаның қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы түсініледі, олар оның құрамдастарының өзара іс-қимылындағы жай-күйін көрсететін физикалық, химиялық, биологиялық және өзге де көрсеткіштер негізінде айқындалады.
2. Қоршаған орта, егер оның сапасы табиғи ортаның экологиялық қауіпсіздігі мен табиғи теңгерімін, оның ішінде экологиялық жүйелердің, табиғи және табиғи-антропогендік объектілер мен табиғи кешендердің орнықты жұмыс істеуін, сондай-ақ биоәртүрліліктің сақталуын қамтамасыз ететін болса, адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы деп есептеледі.
8-бап. Қоршаған ортаны қорғау
Қоршаған ортаны қорғау мемлекет, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын, табиғи ортаны сақтауға және қалпына келтіруге, қоршаған ортаның ластануын және оған кез келген нысандарда залал келтірілуін болғызбауға, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсерді барынша азайтуға және оның салдарларын жоюға, Қазақстан Республикасының орнықты дамуының өзге де экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін білдіреді.
9-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектілері
1. Табиғи ортаның барлық құрамдасы, биоәртүрлілік, генофонд және тірі организмдердің генетикалық ресурстары, табиғи және табиғи-антропогендік объектілер жойылудан, тозудан, сарқылудан, бүлінуден, ластанудан немесе өзге де зиянды әсер етуден қорғалуға жатады.
2. Жекелеген объектілер Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес ерекше қорғалуға жатады.
10-бап. Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету туралы жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету деп адам қызметінің қоршаған ортаға:
1) антропогендік объектілерден босап шығатын ластағыш заттардың атмосфералық ауаға, суға, жерге немесе оның беткі қабатының астына түсуі деп түсінілетін эмиссиялар;
2) қоршаған орта құрамдастарының табиғи температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерінің өзгеруін туғызатын шудың, дірілдің, электромагнит өрістерінің, иондаушы сәулеленудің, температуралық және басқа да физикалық факторлардың әсер етуі деп түсінілетін объектілердің қоршаған ортаға физикалық әсері;
3) қалдықтарды көму, оларды жер бетінде заңсыз орналастыру немесе олардың су объектілеріне түсуі;
4) антропогендік объектілерден босап шығатын парниктік газдардың атмосфералық ауаға түсуі;
5) объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды, құрылыстарды, коммуникацияларды) салу және пайдалану, сондай-ақ өз ресурсын игеріп біткен объектілерді кейіннен кәдеге жарату (сүріп тастау);
6) табиғи ортаның табиғи ресурстары мен пайдалы қасиеттерін, оның ішінде оларды уақытша немесе қайтарымсыз алып қою арқылы пайдалану;
7) жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі объектілерін табиғи ортаға жерсіндіру, оның ішінде қоршаған ортаға әдейі жіберу және генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта өткізу (орналастыру);
8) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды өткізу түріндегі тікелей немесе жанама ықпалы түсініледі.
2. Нәтижесінде адамның денсаулығына және (немесе) өміріне, мүлікке зиян келтірілуі мүмкін және (немесе) қоршаған ортаның ластануына, экологиялық залал келтірілуіне және (немесе) табиғи орта сапасының, оның ішінде:
1) табиғи орта құрамдастарының сарқылуы немесе тозуы;
2) табиғи және табиғи-антропогендік объектілер мен олардың кешендерін жою немесе олардың орнықты жұмыс істеуін бұзу;
3) биоәртүрліліктің жоғалуы немесе азаюы;
4) табиғи ортаны, оның ресурстары мен қасиеттерін рекреациялық және заңда рұқсат етілген өзге де мақсаттарда пайдалануға кедергілер туындауы;
5) табиғи ортаның эстетикалық құндылығының төмендеуі нысанындағы өзге де жағымсыз өзгерістеріне алып келетін немесе алып келуі мүмкін қоршаған ортаға антропогендік әсер етудің кез келген нысандары зиянды деп танылады.
11-бап. Қоршаған ортаның ластануы
1. Қоршаған ортаның ластануы деп атмосфералық ауада, жерүсті және жерасты суларында, топырақта немесе жер бетінде ластағыш заттардың, жылудың, шудың, дірілдің, электрмагнит өрістерінің, радиацияның мемлекет белгілеген қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерінен асатын мөлшерде (концентрацияларда, деңгейлерде) болуы түсініледі.
2. Ластағыш заттар деп қоршаған ортаға түскен кезде өздерінің сапалық немесе сандық сипаттамаларына орай табиғи ортаның табиғи тепе-теңдігін бұзатын, табиғи орта құрамдастарының сапасын нашарлататын, экологиялық залал не адамның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруге қабілетті қатты, сұйық, газ тәрізді немесе бу тәрізді күйдегі кез келген заттар түсініледі.
Осы Кодексте заттар деп табиғи ортада өздерінің табиғи күйінде болатын немесе адам қызметінің нәтижесінде түзілетін химиялық элементтер, олардың қосылыстары, қоспалары, ерітінділері мен агрегаттары түсініледі.
Эмиссиясы экологиялық нормалауға жататын ластағыш заттардың тізбесін (бұдан әрі - ластағыш заттардың тізбесі) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган он жыл мерзімге бекітеді және қоршаған орта және оның сапасына ықпал ететін антропогендік факторлар туралы жаңартылған ғылыми білімдер негізінде, сондай-ақ ластағыш заттардың мониторингі мен бақылау әдістерінің, техникалары мен технологияларының дамуын ескере отырып, қайта қаралуға жатады. Ластағыш заттардың тізбесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы, сол кезде қолданыстағы тізбеде болмаған ластағыш заттарға қатысты мемлекеттік реттеу шараларын қабылдауды талап ететін халықаралық міндеттемелері күшіне енгеннен кейін бірінші жылдан кешіктірілмей қайта қаралуға жатады.
3. Ластағыш заттардың тізбесі мына өлшемшарттар негізінде:
1) заттардың, оның ішінде қоршаған ортада жинақталу үрдісі бар заттардың уыттылық деңгейі, канцерогендік және (немесе) мутагендік қасиеттері, сондай-ақ олардың қоршаған ортада үлкен уыттылығы бар қосылыстарға айналу қабілеті ескеріліп;
2) табиғи ортаның табиғи қасиеттері және оның өз сапасын белгілі бір аумақта ластануды және басқа да жағымсыз әсер ету нысандарын адамның араласуынсыз сіңіру, тазарту, өзге де жою арқылы ұстап тұру және қалпына келтіру жөніндегі қабілеті ескеріліп;
3) мемлекеттік экологиялық мониторинг пен санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг деректері ескеріліп;
4) ластағыш заттардың сандық және сапалық сипаттамаларын өлшеудің ғылыми негізделген әдістемелері (әдістері), техникалары және технологиялары болған кезде айқындалады.
12-бап. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілердің санаттары
1. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілер осындай әсер ету деңгейі мен тәуекеліне қарай төрт санатқа бөлінеді:
1) қоршаған ортаға елеулі жағымсыз әсер ететін объектілер (I санаттағы объектілер);
2) қоршаған ортаға бірқалыпты жағымсыз әсер ететін объектілер (ІІ санаттағы объектілер);
3) қоршаған ортаға болмашы жағымсыз әсер ететін объектілер (III санаттағы объектілер);
4) қоршаған ортаға барынша аз жағымсыз әсер ететін объектілер (IV санаттағы объектілер).
2. Осы Кодекске 2-қосымшада өздерінің негізінде қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді І, ІІ немесе ІІІ санаттағы объектілерге жатқызу жүзеге асырылатын қызмет түрлері және өзге де өлшемшарттар белгіленеді.
Осы Кодекске 2-қосымшада көрсетілмеген немесе онда баяндалған өлшемшарттарға сәйкес келмейтін қызмет түрлері IV санаттағы объектілерге жатады.
3. I және II санаттардағы объектілерге қатысты «объект» термині өзінің шегінде осы Кодекске 2-қосымшаның 1-бөлімінде (I санаттағы объектілер үшін) немесе 2-бөлімінде (II санаттағы объектілер үшін) көрсетілген қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі, сондай-ақ олармен технологиялық тұрғыдан тікелей байланысты болатын, объект орналасатын сол өнеркәсіптік алаң шегінде жүзеге асырылатын және осындай объектінің қоршаған ортаға эмиссияларының және өзге де жағымсыз әсер ету нысандарының көлеміне, санына және (немесе) қарқындылығына елеулі әсер ете алатын кез келген өзге қызмет түрлері жүзеге асырылатын стационарлық технологиялық объектіні (кәсіпорын, өндіріс) білдіреді.
III санаттағы объектілерге қатысты «объект» термині өздерінің шегінде осы Кодекске 2-қосымшаның 3-бөлімінде көрсетілген қызмет түрлері жүзеге асырылатын құрылыс объектісін (ғимаратты, құрылысжайды немесе олардың кешенін) немесе алаңды білдіреді.
4. Объектіні санаттарға жатқызу осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес:
1) осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсері міндетті бағалануға жататын, белгіленіп отырған қызметке қатысты - қоршаған ортаға әсеріне міндетті бағалау жүргізу кезінде;
2) осы Кодекске сәйкес белгіленіп отырған қызмет әсерінің міндетті скринингіне жататын, белгіленіп отырған қызметке қатысты - белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде жүзеге асырылады;
3) осы тармақтың 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілмеген өзге белгіленіп отырған қызметке қатысты - осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, оператор дербес жүзеге асырады.
Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектінің санатын айқындау жөніндегі нұсқаулықты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Объектілерді тиісті санатқа жатқызу кезінде:
1) қызмет түрлері (сала, саланың бөлігі, өндіріс, объект) бойынша қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету деңгейлері;
2) ластағыш заттардың шығарындыларындағы, төгінділеріндегі ластағыш заттардың уыттылық деңгейі, канцерогендік және мутагендік қасиеттері, сондай-ақ қалдықтардың сыныпталуы ескеріледі.
6. Осы Кодексте объектінің операторы деп меншігінде немесе өзге де заңды пайдалануында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объект бар жеке немесе заңды тұлға түсініледі.
Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектіні салу, реконструкциялау, пайдалану және (немесе) жою (кейіннен кәдеге жарату) кезінде жекелеген жұмыстарды орындау және (немесе) жекелеген қызметтерді көрсету үшін объектінің операторы тартқан жеке және заңды тұлғалар объект операторлары болып танылмайды.
3-тарау. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ СУБЪЕКТІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
13-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы субъектілердің негіз құраушы құқықтары мен міндеттері
1. Әркімнің қолайлы қоршаған ортаға құқығы бар.
2. Әрбір адамның, қазіргі және болашақ ұрпақтың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жұртшылықтың мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақтылы, толық және анық экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге;
2) мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне осы Кодексте белгіленген тәртіппен қатысуға;
3) «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысуға және өз ескертпелерін әзірлеушілердің қарауына енгізуге;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және өз құзыретіне сәйкес өзге де мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға экологиялық залал келтірудің, Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзудың кез келген болжамды фактілері немесе осындай салдарлардың туындау қатерін туғызатын өзге де мән-жайлар туралы өтінішпен жүгінуге, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштерін қарау нәтижелері және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен қабылданған шешімдер туралы жауаптарын алуға;
5) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың және мемлекеттік қызметшілердің қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша, оның ішінде келтірілген экологиялық залалды жоюға және Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылықтың жолын кесуге байланысты әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдерінің заңдылығына дау айту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
6) үшінші тұлғалардың Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуы салдарынан зиян келтірілген мүліктік немесе мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды қорғау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа жүгінуге арналған құқықтарын таниды және оған кепілдік береді.
3. Осы Кодексте жұртшылық деп бір немесе біреуден көп жеке немесе заңды тұлға, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, одақтар немесе өзге де бірлестіктер түсініледі.
4. Табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау барлық жеке және заңды тұлғаның борышы мен міндеті болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларға жәрдемдесуге тиіс.
5. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өз есебінен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаның ластануын, табиғи ортаның тозуын, кез келген нысанда экологиялық залал келтірілуін және адамның өміріне және (немесе) денсаулығына өздерінің қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туындауы мүмкін осыған байланысты қатерлерді болғызбау жөніндегі қажетті шараларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де міндеттерді атқарады.
6. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары бар және өзге де міндеттерді атқарады.
14-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары
Коммерциялық емес ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы өз қызметін жүзеге асыру кезінде осы Кодекстің 13-бабында көзделген құқықтардан басқа, сондай-ақ:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы іс-шараларды өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен әзірлеуге, насихаттауға және іске асыруға, жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы белсенді қызметке ерікті негізде, өтеусіз немесе өтеулі негізде тартуға;
2) қоршаған ортаны қорғау және оның сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды орындауға;
3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, оның ішінде сотқа жүгінуге, сондай-ақ анықталмаған адамдар тобының мүддесіне орай мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) және шешімдерінің заңдылығына дау айтуға;
4) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи ресурстардың қорғалуын, молықтырылуы мен орнықты пайдаланылуын қамтамасыз етуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғауға қатысуға;
5) осы Кодекске сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізуге бастамашылық жасауға және ұйымдастыруға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экологиялық білім беру және экологиялық ағарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізуге құқығы бар.
15-бап. Жұртшылықтың шешімдер қабылдауға қатысуы
1. Мүдделі жұртшылық экологиялық бағалау жүргізу және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша өзге де шешімдер қабылдауы процесіне осы Кодексте белгіленген шарттарда және тәртіппен қатысуға құқылы.
2. Осы Кодексте мүдделі жұртшылық деп өз мүдделерін қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша қабылданатын шешімдер қозғайтын немесе қозғауы мүмкін немесе осы шешімдерді қабылдау процесіне қатысуға мүдделі жұртшылық түсініледі.
Жарғылық мақсаттарының ішінде қоршаған ортаны тұтастай немесе оның жекелеген элементтерін қорғауға жәрдемдесу бар коммерциялық емес ұйымдар мүдделігі бар ұйымдар болып есептеледі.
3. Осы Кодексте айқындалған рәсімдер шеңберінде мүдделі жұртшылық өкілдері өздері белгіленіп отырған қызметке немесе қабылданатын шешімге қатысы бар деп санайтын кез келген ескертуді, ақпаратты, талдауды немесе пікірді жазбаша немесе электрондық нысанда және ауызша, оның ішінде қоғамдық тыңдауларды өткізу осы Кодексте көзделген кезде оларды өткізу барысында ұсынуға құқылы.
4. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам қабылдайтын, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша тиісті шешімдерде жұртшылықтың қатысу нәтижелері көрсетілуге тиіс.
5. Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдаған мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар бұл туралы мүдделі жұртшылыққа осы Кодексте айқындалған тәртіппен шешімнің мәтінін осы шешімнің негізі болып табылған себептер мен аргументтерді көрсете отырып бірге ұсыну арқылы оған дереу хабарлауға міндетті.
16-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралар жүйесі
1. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және лауазымды адамдар жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтарын іске асыруда оған жәрдемдесуге міндетті.
2. Өз құзыреті шеңберінде жұртшылықтың осы Кодексте көзделген құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етпейтін немесе оларды іске асыруға кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АҚПАРАТ
17-бап. Экологиялық ақпарат
1. Экологиялық ақпарат:
1) табиғи орта құрамдастарының, табиғи және табиғи-антропогендік объектілердің, табиғи кешендердің, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің, генетикалық түрлендірілген организмдерді қоса алғанда, биоәртүрліліктің жай-күйі және олардың арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ экожүйелік көрсетілетін қызметтер, генофонд және тірі организмдердің генетикалық ресурстары туралы;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген элементтерге әсер ететін және (немесе) әсер етуге қабілетті факторлар туралы;
3) мемлекет қолданатын әкімшілік, заңнамалық, бағдарламалық және өзге де шаралар, оның ішінде қоршаған орта саласындағы әзірленіп жатқан, осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген элементтер мен факторларға әсер ететін және (немесе) әсер етуге қабілетті нормативтік құқықтық актілер, саясаттар, жоспарлар, бағдарламалар мен келісімдер, оның ішінде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген элементтерді қорғауға бағытталған жоспарланған, іске асырылатын немесе орындалған шаралар мен іс-қимылдар туралы;
4) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген элементтер мен факторларға әсер ететін және (немесе) әсер етуге қабілетті қызметі, сондай-ақ осындай элементтерді қорғауға бағытталған, жоспарланған, іске асырылатын немесе орындалған шаралар мен іс-қимылдар туралы;