Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау жөніндегі шаралар деп қызметті жоспарлаудың ең ерте кезеңінен бастап және оны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде биоәртүрлілікке кез келген әсер етуден аулақ болуға бағытталған шаралар түсініледі.
Биорәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді барынша азайту жөніндегі шаралар деп алды алынбаған әсер етулердің (тікелей және жанама) ұзақтығын, қарқындылығын және (немесе) деңгейін азайту жөніндегі шаралар түсініледі.
Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етудің салдарын жұмсарту жөніндегі шаралар деп биоәртүрлілікті сақтау және қалпына келтіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар түсініледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау және қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде:
1) әзірленіп жатқан құжаттың немесе белгіленіп отырған қызметтің биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуі анықталуға (зерттеулер жүргізу арқылы);
2) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау, барынша азайту, осындай әсер етулердің салдарларын жұмсарту жөніндегі іс-шаралар көзделуге;
3) биоәртүрлілікті жоғалту қатері анықталған жағдайда, биоәртүрлілік шығынына бағалау жүргізілуге және оларды өтеу жөніндегі іс-шаралар көзделуге тиіс.
241-бап. Биоәртүрлілік шығыны және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру
1. Биоәртүрлілік шығыны деп антропогендік әсер ету нәтижесінде белгілі бір аумақта (акваторияда) өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі түрінің жойылып кетуі немесе популяциясының елеулі түрде қысқаруы танылады.
2. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру биоәртүрліліктің тұрақты және ұзақ мерзімдік өсуіне бағдарлануға және:
1) қызметті жүзеге асыру нәтижесінде жоғалған биоәртүрлілікті қалпына келтіру;
2) сол аумақта (акваторияда) және (немесе) осындай биоәртүрлілік неғұрлым маңызды мәнге ие басқа аумақта (акваторияда) сондай немесе қоршаған орта үшін маңыздылығы кем емес басқа биоәртүрлілік түрін ендіру түрінде жүзеге асырылуға тиіс.
3. Егер:
1) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың сирек кездесетін немесе бірегей болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және олардың жойылу және молықтырылуының мүмкін болмау тәуекелі болса;
2) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың бірегей ландшафтың құрамдас бөлігі болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және оның жойылу және қалпына келтірілуінің мүмкін болмау тәуекелі болса;
3) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және экожүйелердің жай-күйін нашарлатпай биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруға жарамды жағдайлары бар учаскелер болмаса;
4) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруға арналған технологиялар немесе әдістер болмаса;
5) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру өзге де себептермен мүмкін болмаса, құжатты немесе белгіленіп отырған қызметті іске асыруға жол берілмейді.
4. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру жөніндегі іс-шаралар міндетті түрде орындалуға жатады.
5. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруды орындау тәртібін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
242-бап. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер
1. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер деп жеке және заңды тұлғалардың экожүйелерді, олардың функциялары мен пайдалы қасиеттерін пайдаланудан алатын пайдасы түсініледі, оның ішінде:
1) жабдықтайтын экожүйелік көрсетілетін қызметтер - экожүйелерден алынатын, азық-түлік, отын, талшық, тұщы су және генетикалық ресурстар секілді өнімдер;
2) реттейтін экожүйелік көрсетілетін қызметтер - экожүйелік процестерді реттеуден алынатын, ауа сапасын ұстап тұру, климатты реттеу, топырақ эрозиясын болғызбау, адам ауруларын реттеу және су тазарту секілді пайда;
3) мәдени экожүйелік көрсетілетін қызметтер - рухани байыту, танымдық дамыту, рефлексия, рекреация және эстетикалық тәжірибе арқылы экожүйелерден алынатын материалдық емес пайда;
4) қолдау көрсететін экожүйелік көрсетілетін қызметтер - бастапқы өнім өндіру, оттегін өндіру және топырақ түзу секілді барлық басқа да экожүйелік көрсетілетін қызметтерді өндіруге қажетті көрсетілетін қызметтер.
2. Экожүйелер мен экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйін бағалау экожүйенің және оның құрамдастарының орнықтылығын айқындауға бағытталған, сондай-ақ экожүйелік көрсетілетін қызметтерді халықтың әл-ауқатымен байланыстыратын әдістемелер негізінде жүзеге асырылады.
3. Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді бағалау рәсімі төрт кезеңді қамтиды:
1) экожүйелер ұсынатын, жеке және заңды тұлғалардың белгіленіп отырған қызметі әсер ететін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемін айқындау;
2) фондық жай-күйді айқындау - экожүйелердің және жеке және заңды тұлғалардың белгіленіп отырған қызметі әсер ететін экожүйелерге арналған экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйін бағалау, экожүйелік көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларды және олар ұсынылған қызметтерден алуы мүмкін пайданы айқындау;
3) әсер етуді бағалау - экожүйелерге және оның құрамдастарына, экожүйелік көрсетілетін қызметтерге және оларды пайдаланушыларға ықтимал әсер етуді, осы әсер етулердің маңыздылығын және неғұрлым маңызды экожүйелік көрсетілетін қызметтерді айқындау;
4) жағымсыз және қалдық әсер етуді төмендету жөніндегі шараларды бағалау - әсер етуді болғызбау мүмкін болмайтын жағдайларда, неғұрлым маңызды экожүйелік көрсетілетін қызметтерге жағымсыз әсер етуді болжау және болғызбау үшін қабылдануы мүмкін шаралар тізбесін айқындау, оны барынша азайту бойынша шаралар қабылдау; қалдық әсер ету болған кезде барынша азайту жөніндегі шаралар қабылданғаннан кейін оның орнын толтыру жөніндегі шаралар қолданылады. Әсер етуді төмендету жөніндегі шаралар жағымсыз әсерді төмендетуге немесе елеусіз деңгейге дейін төмендетуге бағытталуға тиіс.
243-бап. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер
1. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер деп экожүйелік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың экожүйелік көрсетілетін қызметтерден пайда алуына қажетті белгілі бір әрекеттерді немесе шарттарды орындағаны үшін осындай тұтынушылар экожүйелік көрсетілетін қызметтерді берушілерге сыйақы ретінде жүзеге асыратын ерікті төлемдер түсініледі.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді берушілер деп қызметі жеке экожүйелік көрсетілетін қызметтерді құруға немесе белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған немесе байланысты болатын кез келген жеке және заңды тұлғалар түсініледі.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар деп экожүйелік көрсетілетін қызметтерді пайдаланудан пайда, оның ішінде экономикалық пайда алатын және осындай экожүйелік көрсетілетін қызметтерді белгілі деңгейде ұстап тұруға мүдделі жеке және заңды тұлғалар түсініледі.
2. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге жатпайды және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырылады.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер ақшалай және ақшалай емес нысандарда болуы мүмкін. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдердің мөлшері мен нысаны тиісті шарт тараптарының келісуі бойынша айқындалады.
16-тарау. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР
244-бап. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесі объектілерін мекендеу ортасынан алмай жүзеге асырылады.
2. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттерін пайдалану, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік, эстетикалық және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да мақсаттарда пайдалану жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды жүзеге асыру кезiнде жануарларды алуға, олардың паналау орындарын және басқа да құрылысжайларын қиратуға, жануарларды көбею кезеңiнде мазалауға, жануарлардың мекендеу ортасын бұзуға және олардың көбею жағдайларын нашарлатуға тыйым салынады.
245-бап. Қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау немесе стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде белгіленіп отырған қызметтің немесе әзірленетін құжаттың жануарлар дүниесінің жай-күйіне, мекендеу ортасына, жануарлардың миграциясы жолдары мен көбею жағдайларына ықпалы ескерілуге және бағалануға тиіс, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасы мен көбею жағдайларын, жануарлардың миграциясы жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар айқындалуға тиіс, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге қолсұғылмаушылық қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ғимараттарды, құрылысжайлар мен олардың кешендерін жануарлар мен олардың мекендеу ортасын қорғаудың техникалық және инженерлік құралдарымен жабдықтамай пайдалануға беруге тыйым салынады.
3. Теміржолдарды, автомобиль жолдарын, магистральдық құбыржолдарды, байланыс жолдарын, жел электр станцияларын, сондай-ақ каналдарды, бөгеттерді және өзге де гидротехникалық құрылысжайларды орналастыру, жобалау және салу кезінде жануарлардың миграциясы жолдарын сақтауды және қырылуын болғызбауды қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
4. Жануарлар көбейетін жерлерде жоғары шу көзі болып табылатын жару жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында шектеледі.
5. Су объектілерінде гидротехникалық және өзге де құрылысжайларды пайдалану, су объектілерінің гидрологиялық режимін және олардан су тұтыну режимін белгілеу, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасының жай-күйіне ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін өзге де қызмет жануарлар дүниесін қорғау талаптары, балық және аңшылық шаруашылық мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
246-бап. Электр желілерін салу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Электр желілерін орналастыру, жобалау, салу, пайдалану, жөндеу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде құстардың және басқа да жабайы жануарлардың қырылуын болғызбауды, мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, миграция жолдарын және шоғырлану орындарын сақтауды қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
2. Электр желілерін пайдалануды жүзеге асыратын субъектілер олардың құстар мен басқа да жабайы жануарларға жағымсыз әсер етуін анықтау үшін электр желілерін үнемі зерттеп-қарауды жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда, оларды төмендету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
247-бап. Қамыстарды шабу және құрғақ өсiмдiктердi өртеу кезiндегi экологиялық талаптар
Қамыстарды шабуға және құрғақ өсімдіктерді немесе оның қалдықтарын өртеуге шаруашылық қажеттілік болған жағдайда ғана немесе авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген кезде жабайы фаунаның сақталуы жөніндегі іс-шаралар әзірлене отырып, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тиісті рұқсаты бойынша жол беріледі.
248-бап. Өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезiндегі экологиялық талаптар
1. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезінде жеке және заңды тұлғалар көрсетілген препараттарды тасу, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауға және жануарлардың ауруы мен қырылуын болғызбауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
2. Жаңа препараттарды жасау кезінде оларды қоршаған ортада қолдану жөніндегі нормативтер әзiрленуге тиiс.
3. Жануарлардың қырылуын және олардың мекендеу ортасының нашарлауын болғызбау мақсатында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган пестицидтерді, улы химикаттарды және басқа да химиялық препараттарды қолдану шектелетін немесе тыйым салынатын жекелеген аумақтарды айқындай алады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен пестицидтер тізіміне енгізілген пестицидтерді қолдануға рұқсат етіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген пестицидтердің тізіміне енгізуге токсикологиялық зерттеулер, олармен жұмыс істеуді гигиеналық регламенттеу жүргізілгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгіленгеннен кейін және осы пестицидтерді мемлекеттік тіркеу жүзеге асырғаннан кейін жол беріледі.
6. Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
7. Минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарда ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар болған кезде өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша токсикологиялық зерттеулер жүргізеді, солардың негізінде осы минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар бойынша экологиялық нормативтер белгіленеді.
8. Мыналарға:
1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша дала кеміргіштерін жою кезінде, сондай-ақ жануарлардың жаппай эпизоотиясы, құтыруы және басқа да аурулары жағдайларында улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдануды қоспағанда, жару құрылғыларын, улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдана отырып, жануарлар дүниесі объектілерін аулауға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорық режимі аймақтарында;
миграция және көбею кезеңiнде жануарлар жаппай топтасатын жерлердегi белгi қойылған тыныштық аймақтарында, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерде;
жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері мекендейтін және олар қолдан өсірілетін белгіленген орындарда қолдануға;
3) ауыл шаруашылығы алқаптары мен басқа да алқаптарда жер бетінде дәріленген тұқымдарды топырақпен жаппай және жабайы жануарлардың қоректенуі үшін қолжетімді жерде қалдыруға тыйым салынады.
9. Балықтарды және басқа да су жануарларын олардың мекендеу ортасын пестицидтермен, улы химикаттармен және басқа да химиялық препараттармен ластанудан қорғау мақсатында балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің қазіргі бар жағалауларынан екі километр шегінде:
1) өсімдік зиянкестерімен, ауруларымен және арамшөптермен күресте авиация арқылы тозаңдату тәсілін қолдануға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды салуға, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізу үшін ұшу-қону жолақтарын салуға, сондай-ақ жер бетіндегі аппаратураны пестицидтермен, улы химикаттармен толтыру алаңдарын және қой тоғытуға арналған әуіттер орнатуға тыйым салынады.
249-бап. Жануарлар түрлерін интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін интродукциялауға, реинтродукциялауға және будандастыруға жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның биологиялық негіздеме негізіндегі рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсатында жол беріледі.
Интродукция деп өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін олардың мекендеу ортасының шегінен тыс жерге әдейі немесе кездейсоқ көшіру түсініледі.
2. Будандастырылған жануарларды табиғи ортаға интродукциялауға тыйым салынады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлар түрлерін өз бетінше интродукциялауына, реинтродукциялауына және будандастыруына тыйым салынады.
4. Жабайы жануарларды, сондай-ақ жабайы жануарлармен шағылысуы немесе оларға зиян келтіруі мүмкін үй жануарларын еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстайтын немесе өсіретін жеке және заңды тұлғалар мұндай жануарлардың табиғи ортаға шығуын болғызбау бойынша іс-шаралар жүргізуге міндетті.
250-бап. Жануарларды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету кезіндегі экологиялық талаптар
Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына жататын жануарларды Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен берілетін рұқсат бойынша жол беріледі.
Жануарларды Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
251-бап. Балық аулау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Балық аулау қағидалары, балық аулау объектілері, балық шаруашылығын жүргізу және балық аулау үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын беру тәртібі Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жеке тұлғаларға жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында балық аулаушының бір рет шыққанда бес килограмға дейін тегін әуесқойлық (спорттық) балық аулауына мүмкіндік беріледі. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы белгіленген қағидалар, нормативтер, шектеулер мен тыйымдар сақталуға тиіс.
3. Сулы-батпақты алқаптарда және балық ресурстары мен басқа да су жануарлары мекендейтін және таралатын жерлерде гидромелиорациялық жұмыстар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
252-бап. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін жануарларды алмай және жоймай, олардың мекендеу ортасын нашарлатпай және жануарларға зиян келтірмей пайдалануға жол беріледі.
2. Жануарларды алмай және жоймай әрі олардың мекендеу ортасын нашарлатпай жабайы жануарлар тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында оларды пайдалануға жол беріледі.
3. Жабайы жануарлар тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында оларды пайдалану жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
253-бап. Зоологиялық коллекцияларға қойылатын экологиялық талаптар
1. Жануарларды табиғи ортасынан алу арқылы зоологиялық коллекциялар жасауды және толтыруды (жануарлар дүниесі объектілерінің тұлыптарын, жұмыртқаларын, препараттары мен бөліктерін, жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде зоопарктердің, зообақтардың, цирктердің, зоологиялық питомниктердің, аквариумдердің, океанариумдардың жабайы жануарларын жинауды) жеке және заңды тұлғалар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырады.
2. Ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік немесе эстетикалық құндылықты білдіретін және жалпымемлекеттік маңызы бар зоологиялық коллекциялар мемлекеттік есепке алуға жатады.
3. Зоологиялық коллекцияларды жасау, толықтыру, сақтау, пайдалану, иеліктен шығару және мемлекеттік есепке алу, оларды саудалау, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасына әкелу, оның шегінен тыс жерлерге жіберу және әкету жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
254-бап. Жануарлардың санын реттеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Халық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарлары ауруларын, қоршаған ортаға, шаруашылық және өзге де қызметке зиян келтіруді болғызбау мүддесінде жабайы жануарлардың жекелеген түрлерінің санын реттеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл шаралар жабайы жануарлардың мекендеу ортасын, биоәртүрлілікті сақтауды қамтамасыз ететін және қорғалатын түрлер мен олардың табиғи ареалдарына экологиялық залал келтіруге жол бермейтін тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жануарлардың санын реттеу қағидаларын жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
255-бап. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу кезінде мынадай экологиялық талаптар қойылады:
1) өз қызметінің нәтижесінде жануарлардың мекендеу ортасының экологиялық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу, өндірістік процестерді жүзеге асыру кезінде табиғатты қорғайтын технологияларды қолдану;
2) жабайы жануарлардың саны мен пайдаланылуын бастапқы есепке алуды жүргізу, олардың жай-күйін және аңшылық алқаптарының сипатын зерделеу, осы ақпаратты жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға беру;
3) жануарларды аулаудың белгіленген қағидаларын, нормаларын, нормативтерін, лимиттері мен мерзімдерін сақтау;
4) бекітілген аумақтағы жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін қорғауды жүзеге асыру;
5) жабайы жануарларды өсіруге, оның ішінде қолдан өсіруге, олардың мекендеу ортасын сақтауға және жақсартуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүргізу;
6) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелері жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
7) аурулардың профилактикасы және олармен күрес жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыру, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жануарлар ауруларының анықталуы, олардың мекендеу ортасы жай-күйінің нашарлауы, жануарлардың жойылып кету қатерінің төнуі және қырылу жағдайлары туралы дереу хабар беру;
8) жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі және мекендеу жағдайлары нашарлаған, жануарлардың өсімін молайту қабілеті төмендеген және жойылып кету қатері төнген жағдайларда оларды пайдалануды өз бетінше тоқтату, жануарларға және олардың мекендеу ортасына жағымсыз ықпалды жою жөніндегі шараларды кейінге қалдырмай қабылдау.
256-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің тізбесі
1. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді және Қазақстан Республикасының аумағында, оның ішінде континенттік қайраңда және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағында табиғи еркіндік жағдайында тұрақты түрде немесе уақытша құрлықта, суда, атмосферада және топырақта мекендейтін жануарлардың (омыртқалы және омыртқасыз) сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген, сондай-ақ табиғи мекендеу ортасында жойылып кеткен түрлерін (кіші түрлері, популяциясы) қамтиды.
2. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлеріне жатқызылған жануарлар мемлекеттік меншік болып табылады, ал еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін және ұсталатын жануарлар мемлекеттік меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін.
3. Жеке және заңды тұлғалар сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге жатқызылған жануарларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен пайдалануға құқылы.
257-бап. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін қорғау және өсімін молайту