2) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, барлық ақпараттық өнімге танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігі беріліп, шектеусіз қол жеткізуге құқығы болады деген шарттар сақтала отырып беріледі.
2. Бастапқы деректер деп мониторинг түрлерінің нәтижелері бойынша алынған және жинақтап-қорытуға, өңдеуге немесе талдауға ұшырамаған деректер түсініледі. Өндірістік мониторингтің өңделмеген деректері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен алынған деректер бастапқы деректерге жатады.
3. Ақпараттық өнім деп алғашқы деректерді жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат түсініледі. Ақпараттық өнімге талдамалық есептер, анықтамалар, баяндамалар, мәтіндік мазмұндағы өзге де құжаттар, картографиялық ақпарат, статистикалық нысандар мен есептілік, өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік, сондай-ақ біріктірілген (статистикалық) сипаттағы өзге де ақпарат жатады.
4. «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу өтеусіз негізде беріледі.
157-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деңгейлері
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті деңгейде өндірістік мониторинг, қоғамдық мониторинг және жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің нақты учаскелерінде, елді мекендерден тыс жерлерде, жерүсті және жерасты су объектілерінен тыс жерлерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұйымдастыратын мониторинг түрлері жүргізіледі;
2) өңірлік деңгейде өңірлердің физикалық-географиялық және экономикалық ерекшеліктері, экологиялық жүктемесі бар аймақтардың және қоршаған орта жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалануға ықпал ететін табиғи және антропогендік факторлар кешенінің бар-жоғы ескеріле отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде мониторинг түрлері жүргізіледі;
3) республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын, қажет болған кезде жалпымемлекеттік маңызы бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілер бөліне отырып, мониторинг жүргізіледі.
2. Барлық деңгейде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингі жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
158-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қаржыландыру
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қаржыландырылады.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай қызмет түрлерін:
1) республикалық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды;
2) мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жұмыс істеуі мен дамуын, ғылыми-техникалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық өнім жасауды;
3) аумақтық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды, оны дамыту мақсатында ғылыми-техникалық өнім жасауды;
4) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды жүзеге асыруға бағытталған.
159-бап. Экологиялық мониторинг
1. Экологиялық мониторинг мемлекет қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасына қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, жинақтап-қорытудың, өңдеудің және талдаудың, сондай-ақ солардың негізінде экологиялық ақпаратты дайындаудың кешенді жүйесін білдіреді.
2. Экологиялық мониторинг:
1) қоршаған ортаның сапасын бағалау;
2) қоршаған ортаға әсер етудің антропогендік және табиғи факторларын айқындау мен талдау;
3) антропогендік және табиғи факторлардың әсер етуінен қоршаған орта жай-күйінің өзгерістерін болжау және бақылау;
4) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық қауіпсіздікті және орнықты дамудың экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаруашылық және басқарушылық шешімдер қабылдаған кезде оларды ақпараттық қамтамасыз ету;
5) барлық жеке және заңды тұлғаның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсаттарында жүйелі негізде жүзеге асырылады.
3. Экологиялық мониторинг объектілері мыналар болып табылады:
1) осы Кодекстің 166-бабы 6-тармағының 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген объектілер;
2) жерасты суларының сапасы;
3) I және II санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсер етуі;
4) экологиялық жүйелердің және олар ұсынатын экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі;
5) табиғи процестердің табиғи ағымын және қоршаған ортаның жай-күйі өзгерістерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне ықпалын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
6) климат өзгеруінің әсер етуі;
7) қалдықтар және оларды басқару.
4. Экологиялық мониторинг:
1) осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және (немесе) арнайы уәкілеттік берілген ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өз құзыреттері шеңберінде арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін ресми статистикалық ақпаратқа;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша немесе Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде мемлекеттік органдар беретін, сондай-ақ мемлекеттік органдар ашық қолжетімділікте орналастыратын ақпаратқа;
5) міндетті өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардан алатын өзге де ақпаратқа негізделеді.
5. Осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті тұлғалар тиісті деректерді жинауды, жинақтауды, сақтауды, есепке алуды, өңдеуді және экологиялық мониторинг мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз беруді қамтамасыз етеді.
6. Экологиялық мониторинг шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының экологиялық ақпарат беру жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында деректерді жинау мен дайындауды да жүзеге асырады.
160-бап. Табиғи ресурстар мониторингі
1. Табиғи ресурстар мониторингі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар ұйымдастыратын табиғи ресурстар түрлері жай-күйі мониторингі жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жиынтығын білдіреді.
2. Табиғи ресурстар мониторингі мыналарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер мониторингі;
2) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүргізілетін су объектілерінің мемлекеттік мониторингі;
3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер қойнауының мемлекеттік мониторингі;
4) Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүргізілетін ормандардың мемлекеттік мониторингі;
5) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жануарлар дүниесінің мониторингі;
6) өсімдіктер дүниесінің мониторингі.
3. Табиғи ресурстар мониторингінің деректері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік кадастрларда жинақтап-қорытылады.
161-бап. Арнайы мониторингтің түрлері
1. Арнайы мониторинг мынадай түрлерді қамтиды:
1) әскери-сынақ полигондарының мониторингі - жабық және жұмыс істеп тұрған әскери-сынақ полигондарының аумағында әскери техниканы, оның ішінде зымырандық техниканы және қару-жарақты сынауға байланысты қоршаған ортаның ластануын байқау жүйесі;
2) «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын, «Байқоңыр» кешенінің зымыран-ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтардағы қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі;
3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг;
4) осы Кодекстің 410-бабына сәйкес жүргізілетін төтенше экологиялық ахуал аймақтарындағы және экологиялық зілзала аймақтарындағы экологиялық жағдай мониторингі;
5) ғарыш мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген арнайы мониторинг түрлерін ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
9-БӨЛІМ. МЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ, ГИДРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА ЖАЙ-КҮЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
10-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
162-бап. Метеорологиялық мониторинг
1. Метеорологиялық мониторинг деректерді байқау, жинау, өңдеу, талдау, сақтау, метеорологиялық және агрометеорологиялық ақпаратты дайындау, оның ішінде метеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдарды дайындау және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын метеорология саласындағы қызметті білдіреді.
Метеорологиялық байқаулардың нәтижелері бойынша алынған алғашқы деректер, сондай-ақ бастапқы метеорологиялық деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын жедел, режимдік, климаттық және болжамдық ақпарат метеорологиялық ақпарат болып табылады.
2. Метеорологиялық мониторинг табиғи метеорологиялық параметрлердің, атмосфералық құбылыстардың және атмосферада олардың табиғи ортаның басқа құрамдастарымен өзара іс-қимылы кезіндегі процестердің жай-күйі мен дамуын айқындау және мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ауа райы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар мен қауіпті және дүлей метеорологиялық құбылыстардың (оның ішінде қар көшкіндерінің) туындау мүмкіндігі туралы дауылдық ескертулерді жасау үшін климаттық сипаттамаларды айқындау мақсатында жүргізіледі.
3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ведомстволық метеорологиялық қызметтері, заңды тұлғалар, сондай-ақ метеорологиялық ақпарат дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар болып табылады.
163-бап. Гидрологиялық мониторинг
1. Гидрологиялық мониторинг деп жерүсті су объектілерінің режимі мен жай-күйін байқау, деректерді жинау, өңдеу, талдау, сақтау, гидрологиялық ақпаратты дайындау, оның ішінде гидрологиялық болжамдарды әзірлеу және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын гидрология саласындағы қызмет түсініледі.
Гидрологиялық байқау нәтижелері бойынша алынған бастапқы деректер, сондай-ақ гидрологиялық бастапқы деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын режимдік, жедел және болжамдық ақпарат гидрологиялық ақпарат болып табылады.
2. Гидрологиялық мониторинг өзендердің, көлдердің, теңіздердің, су қоймаларының, арналардың, өзге де жерүсті су объектілерінің жай-күйі мен режимі туралы деректерді жинау мақсатында тұрақты және (немесе) кезең-кезеңді негізде жүргізіледі және өзен бассейндерінің таулы бөліктеріндегі қар қорын айқындау үшін жүргізілетін таулардағы қар өлшеу және жауын-шашын өлшеу маршруттарында байқауды да қамтиды.
3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, заңды тұлғалар, сондай-ақ гидрологиялық ақпаратты дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер гидрологиялық ақпаратты дайындаушылар болып табылады.
164-бап. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі
1. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі деректерді байқау, жинау, сақтау, есепке алу, жүйелеу, жинақтап-қорыту, өңдеу мен талдау, қоршаған ортаның ластану жай-күйін бағалау, қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы ақпарат, оның ішінде болжамдық ақпарат әзірлеу және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, өзге де жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын қызметті білдіреді.
Қоршаған ортаның жай-күйін мониторингілеу нәтижесінде алынған алғашқы деректер, сондай-ақ осындай алғашқы деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы ақпарат болып табылады.
Қоршаған орта жай-күйін мониторингілеу қоршаған ортаны қорғаудың жекелеген объектілерінің ластану жай-күйі туралы деректерді жинау мақсатында тұрақты және (немесе) кезең-кезеңді негізде жүргізіледі.
2. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, заңды тұлғалар, сондай-ақ қоршаған орта ластануының жай-күйі туралы ақпарат дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат дайындаушылар болып табылады.
165-бап. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың:
1) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық мониторинг және (немесе) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласында байқаулар мен өлшеулерді жүзеге асыруға, ақпарат дайындауға немесе мониторингтің осы түрлерін құрайтын жекелеген жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге;
2) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына немесе қызметтер көрсетуге арналған шартқа сәйкес ақпарат бергені үшін төлемақы алуға құқығы бар.
2. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылар:
1) метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі және (немесе) жекелеген жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы ақпаратты дайындау кезінде осы Кодекстің талаптарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыруға міндетті.
Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары мен міндеттері болуы мүмкін.
3. Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар алынған метеорологиялық ақпаратты Ұлттық гидрометеорологиялық қызметке метеорологиялық ақпаратты дайындаушылармен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бекітетін, берілетін метеорологиялық ақпараттың тізбесі, оны беру мерзімдері, түрі мен тәсілдері айқындалатын ақпаратты беру жоспарларына сәйкес өтеусіз негізде береді.
Ұлттық гидрометеорологиялық қызметке ақпарат беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Қазақстан Республикасында метеорологиялық мониторинг саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлама жіберілген жағдайда жүзеге асырылады.
Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілер, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері метеорологиялық ақпарат дайындаушылардың мемлекеттік тізіліміне енгізілуге жатпайды және олар метеорологиялық мониторинг саласындағы қызметті жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарлама жіберу туралы талап оларға қолданылмайды.
Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің жүзеге асырылуы;
2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде жоспарланатын қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жабдықтар мен өлшеу құралдарының болуы;
3) білікті персоналдың болуы.
6. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілердің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметін қоспағанда, метеорологиялық ақпаратты дайындаушылардың метеорологиялық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібін сақтауын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
11-тарау. ҰЛТТЫҚ ГИДРОМЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
166-бап. Метеорологиялық, гидрологиялық мониторинг пен қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы мемлекеттік монополия
1. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, қоршаған орта жай-күйінің мониторингін, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті жүргізуді қамтамасыз етеді, олар жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар, арнайы мақсаттағы қызметтер көрсетуді және арнаулы ақпарат дайындауды қамтиды.
Мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар арнайы мақсаттағы қызметтер көрсетуді және арнаулы ақпарат дайындауды қамтитын метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті және қоршаған орта жай-күйінің мониторингін жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға - Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.
Жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер - мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып көрсетілетін, халық пен мемлекеттің қауіпсіздігі, экономика мен әлеуметтік саланың орнықты жұмыс істеуі үшін маңызы бар көрсетілетін қызметтер.
Арнайы мақсаттағы көрсетілетін қызметтер - жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтерге жатпайтын және қызметтер көрсетуге арналған өтеулі шарттар негізінде мемлекеттік байқау желісінің деректерін пайдалана отырып көрсетілетін, метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы көрсетілетін қызметтер.
Арнаулы ақпарат - мемлекеттік байқау желісінің деректерін пайдалана отырып, арнайы мақсаттағы қызметтерді көрсету нәтижесінде алынатын нысаналы ақпарат.
2. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет өз қызметін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бекітетін, мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, метеорологиялық, гидрологиялық мониторинг, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар қызметтерді көрсетуге байланысты метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті, қоршаған орта жай-күйінің мониторингін жүргізу жөніндегі қызметті ұйымдастырады
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Метеорологиялық мониторинг саласындағы жалпы мемлекеттік және халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер:
1) жерге жақын метеорологиялық, актинометриялық, агрометеорологиялық, аэрологиялық, радиолокациялық, озонометриялық байқаулар, алынған метеорологиялық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, талдау және дауылдық метеорологиялық ақпаратты, метеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдарды, анықтамалықтарды, бюллетеньдерді, анықтама-консультацияларды, режимдік ақпаратты және басқа метеорологиялық ақпаратты қамтитын жалпы мақсаттағы метеорологиялық ақпаратты дайындау, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларды белгіленген тәртіппен осы ақпаратпен қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік климаттық кадастрды және мемлекеттік гидрометеорологиялық қорды жүргізу;
3) халықаралық алмасу үшін метеорологиялық ақпарат беру;
4) климаттың өзгеруін қоса алғанда, оның мониторингі.
Мемлекеттік климаттық кадастр - ауа температурасын, бұлттылықты, атмосфералық құбылыстарды, желдің бағыты мен жылдамдығын, жауын-шашын мөлшерін және белгілі бір аумақтарға тән атмосфераның және төселетін беткі бөліктің басқа да сипаттамаларын қамтитын атмосфералық жағдайлардың жиынтығы туралы метеорологиялық ақпаратқа негізделген деректердің жүйелендірілген және көп жылдық кезеңдегі метеорологиялық деректердің климаттық базасы негізінде қалыптастырылған жиынтығы.
Мемлекеттік климаттық кадастрды жүргізу қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік климаттық кадастр деректерінің құрамын және мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларға оның деректерін беру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Мемлекеттік гидрометеорологиялық қор - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны пайдалану мақсатында сақталуға жататын, құжатталған гидрологиялық және метеорологиялық ақпараттың жиынтығы.
Мемлекеттік гидрометеорологиялық қорды жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Гидрологиялық мониторинг саласындағы жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер:
1) өзендерде, көлдерде (теңіздерде), су қоймаларында, арналарда және өзге де жерүсті су объектілеріндегі байқаулар, алынған гидрологиялық деректерді жинау, өңдеу, талдау және гидрологиялық қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді болжамдарды, оның ішінде алдын ала бес - жеті тәулікке дейін және көктемгі кезеңде әрбір үш күн сайын нақтылау мүмкіндігімен дайындау және қауіпті әрі дүлей гидрологиялық құбылыстардың туындау мүмкіндігі мен фактісі туралы дауылдық ескертулер беру;
2) анықтамалықтарды, бюллетеньдерді, анықтама-консультацияларды қамтитын жалпы мақсаттағы гидрологиялық ақпаратты дайындау, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларды белгіленген тәртіппен осы ақпаратпен қамтамасыз ету;
3) гидрологиялық мониторинг нәтижелерінің негізінде «Жерүсті сулары» бөлімі бойынша мемлекеттік су кадастрын жүргізу үшін деректер дайындау;
4) белгіленген тәртіппен халықаралық алмасу үшін гидрологиялық ақпарат беру.
6. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер:
1) осы тармақтың 2) - 8) тармақшаларында көзделген қоршаған ортаны қорғау объектілерінің ластануын байқау, жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, талдау, бюллетеньдер мен анықтамалық ақпаратты қамтитын қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы жалпы мақсаттағы ақпаратты дайындау, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларды белгіленген тәртіппен осы ақпаратпен қамтамасыз ету;
2) атмосфералық ауаның ластану мониторингі - қоныстану аумақтарындағы атмосфералық ауаның жай-күйін байқау жүйесі;