1) Қазақстан Республикасында кеден саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды жүзеге асырады;
2) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының кеден органдарына басшылықты жүзеге асырады;
3) өзінің құрамына кіретін ведомствоның өкілеттіктерін айқындайды;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) уәкілетті органға жүктелген міндеттерді шешу үшін осы Кодекстің 54-тарауында көзделмеген сараптамаларды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында реттелмеген бөлігінде кедендерді, кеден бекеттерін және бақылау-өткізу пункттерін құру, санатқа бөлу, сыныптау қағидаларын, сондай-ақ оларды жайластыру мен материалдық-техникалық жарақтандырудың тиесілік нормаларын және оларға қойылатын үлгілік талаптарды әзірлейді және бекітеді;
5) ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін және деректер беру, кедендік бақылаудың техникалық құралдарының, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарының жүйелерін құрады;
6) тұлғаларды кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы шешім қабылдайды;
7) кедендік әкімшілік жүргізуді жүзеге асырады;
8) тауарлар мен көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуін кедендік бақылауды жүзеге асырады;
9) сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушыларға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы уақтылы ақпарат беруді тұрақты негізде қамтамасыз етеді;
10) кедендік статистиканы жүргізеді;
11) жекелеген кедендік операцияларды жасау жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлейді және бекітеді;
12) кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлейді және бекітеді;
13) экспорттық бақылау саласындағы құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады;
14) бақылау іс-шараларын жүргізу мақсаттарында аумақтық кеден органдарында ұтқыр топтар құрады;
15) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) авария - тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи өзгерістерді, сондай-ақ еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан болатын өзгерістерді қоспағанда, кедендік бақылаудағы көлік құралдары және (немесе) өзге тауарлар ұшыраған, олардың меншік иесінің және (немесе) осындай өзгерістер болған кезде иелігінде тауарлар болған тұлғаның әдейі әрекеттерінен туындамаған, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және осы Кодексте көзделмеген сандық және (немесе) сапалық өзгеруіне алып келген, салдары тұрғысынан зиянды техникалық, технологиялық немесе өзге сипаттағы оқиға;
2) ақша құралдары - жол чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақша төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын және өзіне осындай төлем жүзеге асырылатын тұлға көрсетілмеген, құжаттық нысандағы бағалы қағаздар;
3) алдын ала ақпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуі болжанатын тауарлар, осындай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келу уақыты мен орны, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген жолаушылар туралы электрондық түрдегі мәліметтер;
4) бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждар, салықтар - жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты оны құрайтын кедендік баждарға, салықтарға бөлмей есептелген кедендік баждар, салықтар сомасы;
5) декларант - тауарларды декларациялайтын не өзінің атынан тауарлар декларацияланатын тұлға;
6) Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы;
7) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасы - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте тұрақты тұрғылықты жері бар жеке тұлға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкер, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым;
8) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы - Еуразиялық экономикалық одақтың біртұтас кедендік аумағы, оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің айрықша экономикалық аймақтары және құрлықтық қайраңдары, өздеріне қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің айрықша юрисдикциясы бар жасанды аралдар, қондырғылар, құрылысжайлар мен өзге де объектілер құрайды;
9) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шектері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы жекелеген аумақтардың шектері;
10) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өту - адамның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кіруі, адамның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығуы, оның ішінде өткізу пунктінде орналасқан кедендік бақылау аймағында, тауарлар мен көлік құралдарын өткізудің өзге орнында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік операциялар жасау;
11) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары:
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болатын, толығымен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өндірілген (шығарып алынған, алынған, өсірілген) тауарлар;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болатын, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес не ол күшіне енгенге дейін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алған не Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылған тауарлар;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір немесе бірнеше мемлекетте осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген тауарлар қатарынан өндірілген (дайындалған) тауарлар;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін сақтаған тауарлар;
12) жасанды аралдар - өздерін құруға арналған жобалау құжаттамасына сәйкес орналасқан жері бойынша бекітілген, шайылатын, үйілген, қадасы және судың барынша көтерілуі кезінде судың бетіне шығып тұратын, жүзбейтін өзге де тірек негізі бар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, минералды ресурстарды геологиялық зерделеу, барлау және өндіру, су биологиялық ресурстарына теңізде ресурстық зерттеулер жүргізу және балық аулауды жүзеге асыру, теңізде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсаттарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда пайдаланылатын объектілер;
13) жеке пайдалануға арналған көлік құралдары - Комиссия айқындайтын, қосалқы бөлшектерімен және әдеттегі керек-жарақтарымен және жабдығымен, өздерінің конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдарымен, салқындату және өзге де техникалық сұйықтықтарымен қоса, жекелеген авто- және мотокөлік құралдарының түрлерін және авто- және мотокөлік құралдарына тіркемелерді, су кемесін немесе әуе кемесін қамтитын, осы көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы адамдарды сыйақыға тасымалдау үшін емес, тауарларды сыйақыға немесе тегін өнеркәсіптік немесе коммерциялық тасымалдау үшін емес, жеке мақсаттарда өткізетін жеке тұлғаға иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығында тиесілі жеке пайдалануға арналған тауарлар санаты, оның ішінде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер атына тіркелген көлік құралдары;
14) жеке пайдалануға арналған тауарлар - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы бірге алып жүруге болатын немесе бірге алып жүруге болмайтын багажда, халықаралық пошта жөнелтілімдері не өзге де тәсілмен жіберу арқылы өткізілетін, жеке тұлғалардың жеке, отбасылық, үй-ішілік және өзге де, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мұқтаждарына арналған тауарлар;
15) жиынтық кедендік төлем түрінде алынатын кедендік баждар, салықтар - жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты, осы Кодекстің 84-бабына сәйкес қолданылатын кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелері бойынша есептелген кедендік баждар, салықтар сомасы;
16) жөнелтуші кеден органы - тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасайтын Қазақстан Республикасының кеден органы немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органы;
17) кедендік баж - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты кеден органдары алатын міндетті төлем;
18) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету - кеден органының алдында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуына кепілдік беру тәсілі;
19) кедендік бақылау - Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеруге және (немесе) қамтамасыз етуге бағытталған, кеден органдары жасайтын әрекеттер жиынтығы;
20) кедендік декларация - тауарлар туралы мәліметтер және тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтер қамтылатын кедендік құжат;
21) кедендік декларациялау - декларанттың кедендік декларацияны пайдалана отырып кеден органына тауарлар туралы, таңдалған кедендік рәсім туралы мәліметтерді және (немесе) тауарларды шығаруға қажетті өзге де мәліметтерді мәлімдеуі;
22) кедендік құжаттар - кедендік декларация және тек қана кедендік операциялар жасау мен кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ кедендік операциялар жасау мен кедендік бақылау жүргізу барысында және нәтижелері бойынша жасалатын өзге де құжаттар;
23) кедендік операциялар - Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тұлғалар және кеден органдары жасайтын әрекеттер;
24) кедендік рәсім - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде пайдалану шарттары мен тәртібін кедендік реттеу мақсаттары үшін айқындайтын нормалар жиынтығы;
25) кедендік-тарифтік реттеу шаралары - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарларға қатысты Одақ туралы шартқа сәйкес қолданылатын, кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін, тарифтік квоталарды, тарифтік преференцияларды, тарифтік жеңілдіктерді қолдануды қамтитын шаралар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін (әкетілген) тауарларға қатысты Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес қолданылатын шаралар;
26) кедендік төлемдер - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты осы Кодекске сәйкес бюджетке төленуге жататын кедендік алымдар, кедендік баждар;
27) кеден органдарының ақпараттық ресурстары - кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде қамтылатын құжатталған ақпараттың реттелген жиынтығы (деректер базалары, басқа да ақпарат қорлары);
28) кеден органының қызмет аймағы - уәкілетті орган айқындайтын, өзінің шегінде Қазақстан Республикасының кеден органы кедендік бақылауды жүзеге асыратын аумақ;
29) кеден өкілі - кеден өкілдері тізіліміне енгізілген, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес декларанттың немесе өзге де мүдделі тұлғаның атынан және тапсырмасы бойынша кедендік операциялар жасайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
30) керек-жарақтар - мынадай:
қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды қоспағанда, су кемелерін, әуе кемелерін және пойыздарды тұратын жерлерінде және жүру жолында қалыпты пайдалануды және оларға техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті;
су, әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелерінің немесе пойыздар жолаушылары мен пойыздар бригадалары жұмыскерлерінің тұтынуына және (немесе) пайдалануына, сондай-ақ осындай адамдарға таратуға немесе өткізуге арналған тауарлар;
31) коммерциялық құжаттар - сыртқы сауда және өзге қызметті жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты мәмілелердің жасалуын растау үшін пайдаланылатын құжаттар (шот-фактуралар (инвойстар), өзіндік ерекшеліктер, тиеу (қаптау) парақтары және өзге де құжаттар);
32) көлік құралдары - су кемесін, әуе кемесін, автомобиль көлігі құралын, тіркемені, жартылай тіркемені, теміржол көлігі құралын (теміржол жылжымалы құрамы, теміржол жылжымалы құрамының бірлігін), егер көрсетілген көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олар үшін көзделген техникалық паспорттары немесе техникалық формулярлары, қосалқы бөлшектері, керек-жарақтары мен жабдығы, өздерінің конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары, салқындату және өзге де техникалық сұйықтықтары бар контейнерді қамтитын тауарлар санаты;
33) көліктік (тасымалдау) құжаттар - тауарларды тасымалдау шартының бар екенін растайтын және осындай тасымалдау кезінде олармен бірге жүретін құжаттар (коносамент, жұкқұжат, көлік экспедициясы шартының жасалғанын растайтын құжат және өзге де құжаттар);
34) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары - Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетпен халықаралық шарты немесе Қазақстан Республикасы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бірнеше не барлық мемлекет қатысушысы болып табылатын көпжақты халықаралық шарт;
35) қолма-қол ақша қаражаты - айналымнан алып тасталғандарды не алып тасталатындарды, бірақ айналымда болатын ақша белгілеріне айырбастауға жататындарды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде (мемлекеттер тобында) айналымда болатын және заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және қазынашылық билеттері, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, монеталар түріндегі ақша белгілері;
36) құрылысжайлар, қондырғылар - өздерін құруға арналған жобалау құжаттамасына сәйкес орналасқан жері бойынша бекітілген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, минералды ресурстарды геологиялық зерделеу, барлау және өндіру, су биологиялық ресурстарына теңізде ресурстық зерттеулер жүргізу және балық аулауды жүзеге асыру, теңізде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсаттарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда пайдаланылатын ұңғымаларды, стационарлық теңіз платформаларын, стационарлық бұрғылау қондырғыларын, басқа да жүзетін және стационарлық объектілерді қоса алғанда, су асты объектілері, жүзетін бұрғылау қондырғылары, теңіздегі жүзетін платформалар, өзге де кемелер, су асты құрылысжайлары;
37) межелі кеден органы - қызмет аймағында (өңірінде) жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орны болатын не кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтайтын Қазақстан Республикасының кеден органы немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органы;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 38) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
38) мемлекеттік кірістер органы - өз құзыреті шегінде салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
39) мүдделі тұлға - тауарларға қатысты мүдделерін кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) қозғайтын тұлға;
40) өткізу пункті - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының Қазақстан Республикасы аумағындағы, теміржол, автомобиль, су не әуе қатынасы шегінде орналасқан, адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған кедендік инфрақұрылымы бар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған учаскесі;
41) пошта байланысының тағайындалған операторы - Дүниежүзілік пошта одағына мүше ел ресми тағайындайтын және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта байланысы қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін тұлға;
42) салықтар - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде кеден органдары алатын қосылған құн салығы және акциз (акциздер);
43) су кемелері - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын теңіз кемелері, аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелері, сондай-ақ ішкі су (жүзу) көлігі кемелері;
44) тасымалдаушы - тауарларды және (немесе) жолаушыларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тасымалдауды (тасуды) және (немесе) кедендік бақылаудағы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдауды (тасуды) жүзеге асыратын тұлға. Тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу кезінде құбыржол көлігін немесе электр беру желілерін пайдалану үшін және (немесе) тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу үшін және (немесе) осы тауарларды бақылау және есепке алу үшін жауапты тұлға тасымалдаушы болып табылады;
45) тауар - кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар;
46) тауарға ілеспе құжаттар - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға арналған коммерциялық және көліктік құжаттар;
47) тауарларды алушы - тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген, өзіне тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды жеткізуге міндетті болатын тұлға;
48) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуге байланысты және өздерінің нәтижесінде тауарлар кеден органдары осындай тауарларды шығарғанға дейін халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберуді, құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кез келген тәсілмен келетін әрекеттерді жасау;
49) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кез келген тәсілмен әкетуге бағытталған әрекеттерді жасау, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуді қоса алғанда, халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберу, құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалану;
50) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу - осы Кодекстің 30-бабына сәйкес тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылуға тиіс немесе жүзеге асырылуы мүмкін жерлерден тыс жерде немесе осы жерлерде орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытынан тыс кезде не кедендік бақылаудан жасырын түрде не тауарларды анық емес кедендік декларациялап немесе кедендік декларацияламай не тауарлар туралы анық емес мәліметтер қамтылған құжаттарды пайдалана отырып және (немесе) қолдан жасалған не басқа тауарларға жататын сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу;
51) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу немесе тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету;
52) тауарларды шығару - кеден органының әрекеті, ол жасалғаннан кейін мүдделі тұлғалар тауарларды мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес пайдалануға немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын, жекелеген тауар санаттарына қатысты белгіленген тәртіппен және шарттарда пайдалануға құқылы болады;
53) тауар партиясы - кеден органына бір мезгілде бір немесе бірнеше көліктік құжат бойынша ұсынылатын және бір жүк жөнелтушіден бір жүк алушының атына жіберілетін тауарлар, сондай-ақ бір немесе бірнеше пошта жүкқұжаты бойынша жіберілетін не багаж ретінде бір тұлға алып өтетін тауарлар;
54) тұлға - жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға болып табылмайтын ұйым;
55) тыйым салулар мен шектеулер - Одақ туралы шартқа және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылатын, оның ішінде Одақ туралы шартқа сәйкес біржақты тәртіппен енгізілетін тарифтік емес реттеу шаралары, техникалық реттеу шаралары, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, экспорттық бақылау шаралары, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты шаралар және радиациялық талаптар;
56) уәкілетті заңды тұлға - уәкілетті орган айқындаған, төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден органдары ұстаған тауарларды өткізу саласындағы заңды тұлға;
57) халықаралық пошта жөнелтілімдері - Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта алмасу объектілері болып табылатын, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттар бірге жүретін, халықаралық пошта алмасу орындарынан (мекемелерінен) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге жіберілетін не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта алмасу орындарына (мекемелеріне) келіп түсетін не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетін жіберілімдер және жазбаша хат-хабар жөнелтілімдері;
58) халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары - өзінде орналасқан, жүктерді тиеуге, түсіруге, өңдеуге және қорғауға арналған арнайы жабдығы, материалдық-техникалық жабдықтау және жасақтау нәрселері, сондай-ақ жүру жолында көлік құралын жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге немесе пайдалануға арналған қосалқы бөлшектері мен жабдығы бар, жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары;
59) шартты шығару - тауарларды пайдалану және оларға билік ету бойынша шектеулерді сақтау шартымен тауарларды шығару;
60) шетелдік тауарлар - Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып табылмайтын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесінен айырылған тауарлар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін алған (шетелдік тауарлар болып танылған) тауарлар;