2. Ұзақтығы елу екі минуттан кем емес фильм - толық метражды, ұзақтығы елу екі минутқа жетпейтін фильм қысқа метражды фильм болып табылады.
11-бап. Қазақстан Республикасының аумағындағы Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі
1. Қазақстан Республикасының аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алу мақсатында уәкілетті орган Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізеді.
2. Фильмдерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым фильмдерді есепке алуды жүргізеді және Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне олар бойынша ақпарат береді.
3. Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
12-бап. Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау
1. Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) ұлттық фильмдерді қаржыландыру;
2) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру;
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру;
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-2) кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық кинофестивальдарға қатысуына, елде және шетелде қазақстандық кино күндерінің ұйымдастырылуына бағытталған қызметті қаржыландыру;
3) ұлттық фильмдер мен олардың бастапқы материалдарын ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде сақтау;
4) Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес кинематография саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
12-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы 2025 ж. 31 желтоқсанға дейін қолданылады
5) кинематография саласындағы субсидияларды төлеу;
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
6) кинематография саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік қаржылық қолдау ұлттық фильмдерді шығаруды, прокаттау мен көрсетуді және осыған байланысты іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ шетелде ұлттық фильмдерді ілгерілету үшін ұсынылады.
Ұлттық фильмдерді шығаруға жыл сайын бөлінетін қаражат мынадай көлемдерде бағытталады:
1) тарихи, патриоттық және имидждік фильмдерге - жетпіс пайыз;
2) жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерді қоса қаржыландыруға - отыз пайыз.
3. Осы Заңға сәйкес қаржыландыру туралы шешім қабылданған, ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру мынадай көлемдерде:
1) әлеуметтік маңызы бар фильмдер, дебюттік фильмдер, оқиғалы фильмдер үшін - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарудың сметалық құнының жүз пайызына дейін;
2) бірлесіп шығарылатын фильмдер үшін - осындай фильмдерді шығару туралы тиісті келісімдер шеңберінде көзделген шекте жүзеге асырылады;
3) кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған ойын фильмдері үшін:
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - оларды шығарудың сметалық құнының тоқсан пайызынан;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - оларды шығарудың сметалық құнының сексен пайызынан;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап оларды шығарудың сметалық құнының жетпіс пайызынан аспайды.
4. Фильмдерді осы баптың 3-тармағында көрсетілген санаттарға жатқызу өлшемшарттарын уәкілетті орган айқындайды.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы ұлттық фильмді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған жеке және (немесе) заңды тұлғалар ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден түсетін кірістерден Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, алынған мемлекеттік қолдаудың пайыздық арақатынасына мөлшерлес көлемде аударымдарды жүзеге асырады.
Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген фильмдерді шығаруға мемлекеттік қолдау алған жеке және (немесе) заңды тұлғалар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден түсетін кірістердің жиырма пайызы көлемінде аударымдарды жүзеге асырады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Ұлттық фильмдерді, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында уәкілетті орган жанынан консультативтік-кеңесші орган - Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады.
13-бап. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы
1. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз құрылтайшысы және акционері болып табылатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Мыналар:
1) жоғары орган - жалғыз акционер;
2) басқару органы - директорлар кеңесі;
3) атқарушы орган - басқарма;
4) Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жарғысына сәйкес өзге де органдар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының органдары болып табылады.
3. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ішкі аудит қызметін құрады.
4. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының активтері мыналар:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік мүлік;
2) осы Заңның 12-бабының 5-тармағында көрсетілген тұлғалардың аударымдары;
3) ерікті мүліктік жарналар мен өзге де тұлғалардың қайырмалдықтары;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына түсетін өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы:
1) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдауды ұсыну, оның ішінде қызметінің негізгі нысанасы фильмдер шығару болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға мемлекеттік қаржылық қолдаудың жыл сайынғы сомасының жалпы көлемінің кемінде отыз бес пайызы мөлшерінде ұсыну;
2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру;
5-тармақтың 3) тармақшасы 2025 ж. 31 желтоқсанға дейін қолданылады
3) кинематография саласындағы субсидияларды төлеу жөніндегі бірыңғай операторы болып табылады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Фильмді ұлттық деп тану және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан шығармашыл қызметкерлер, мәдениет қызметкерлері мен кинематография саласындағы сарапшылар қатарынан Сараптама кеңесі - консультативтік-кеңесші орган құрылады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Кинематография саласындағы ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан мемлекеттік органдар, кинематография қызметінің субъектілері өкілдерінің және кинематография саласындағы сарапшылардың қатарынан Ұлттық кинокомиссия - консультативтік-кеңесші орган құрылады.
Ұлттық кинокомиссия туралы ережені және оның құрамын уәкілетті орган бекітеді.
7. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен өтеледі.
2024.19.06. № 94-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде фильмдерді шығару «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 13-1-баппен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
13-1-бап. Ұлттық фильмдердің сахналық-қойылымдық құралдары
Бюджет қаражаты есебінен ішінара немесе толық қаржыландырылатын ұлттық фильмдердің сахналық-қойылымдық құралдарын сақтауды, сақталып қалуын қамтамасыз етуді, пайдалануды және пайдалануға беруді қызметінің негізгі нысанасы фильмдер шығару болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға жүзеге асырады.
14-бап. Ұлттық фильм
1. Фильм мынадай негіздердің жиынтығы кезінде:
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) егер фильм Қазақстан Республикасының ұлттық тарихының, қазіргі заманғы өмірінің оқиғаларын көрсетсе, Қазақстан Республикасы үшін әлеуметтік-мәдени маңызы бар жалпыадамзаттық гуманитарлық, әлеуметтік және имандылық проблемаларына, әлемдік тарих оқиғаларына арналса және (немесе) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының имиджі мен беделін нығайтуға ықпал ете алатын болса;
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) фильмдерді шығару, тарату және көрсету кезінде смета бойынша жалпы жұмыс көлемінің кемінде жетпіс пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық қызмет субъектілері жүзеге асырса;
3) Қазақстан Республикасының азаматы және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлға фильмнің продюсерлері болса;
4) фильм авторларының құрамына (сценарий авторы, қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші, музыкалық туындының авторы) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын тұлғалар елу пайызынан аспайтындай кірсе, ұлттық деп танылады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес, шетелдік кинематографиялық қызмет субъектілермен бірлесіп түсірілген фильм ұлттық деп танылуы мүмкін.
3. Ұлттық деп танылған фильмге ұлттық фильм куәлігі беріледі.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
14-1-бап. Балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдер
1. Фильмдердің «6 жасқа дейін», «6 жастан бастап» және «12 жастан бастап» жас санаты белгісі бар балаларға арналған фильм балалар анимациялық фильмі болып табылады.
2. Фильмдердің «6 жасқа дейін», «6 жастан бастап» және «12 жастан бастап» жас санаты белгісі бар ойын фильмі отбасымен көруге арналған фильм болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдерін қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алу үшін іріктеу мынадай негіздердің жиынтығы кезінде, егер фильм:
1) жеке адамның зияткерлік білім тұрғысынан үйлесімді дамуына, балалардың рухани-имандылық тәлім-тәрбиесіне бағытталған болса;
2) фильмдердің жас сыныптамасына сәйкес келсе;
3) «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ақпараттық өнімді таратуға қойылатын талаптарға сәйкес келсе;
4) «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қайшы келмесе;
5) халықаралық стандарттар бойынша жоғары рейтингпен күтілетін кеңінен дистрибуциялауға арналған болса;
6) Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының интернет-ресурсында алдын ала онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша қажетті дауыс санын жинаған болса, жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алу үшін іріктеу мынадай негіздердің жиынтығы кезінде, егер фильм:
1) отбасылық қатынастарды, рухани-имандылық құндылықтарын нығайтуға және дамытуға бағытталған болса, жалпыға бірдей қабылданған моральдық және имандылық нормаларына қайшы келмесе;
2) фильмдердің жас сыныптамасына сәйкес келсе;
3) «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ақпараттық өнімді таратуға қойылатын талаптарға сәйкес келсе;
4) «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қайшы келмесе;
5) халықаралық стандарттар бойынша жоғары рейтингпен күтілетін кеңінен дистрибуциялауға арналған болса;
6) Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының интернет-ресурсында алдын ала онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша қажетті дауыс санын жинаған болса, жүзеге асырылады.
5. Онлайн дауыс беру тәртібі Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждау үшін іріктеу қағидаларына сәйкес айқындалады.
15-бап 2025 ж. 31 желтоқсанға дейін қолданылады
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15-бап. Кинематография саласындағы субсидия
Кинематография саласында субсидиялар беруге арналған келісім (бұдан әрі - келісім) жасасқан шетелдік заңды тұлғаға, оның филиалына немесе өкілдігіне өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін бюджеттік субсидия түрі кинематография саласындағы субсидия болып табылады.
Кинематография саласындағы субсидия Қазақстан Республикасында фильм (немесе оның бір бөлігін) шығаруға байланысты тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құнын отыз пайызға дейін өтеу жолымен беріледі.
Қазақстан тарапы субсидия төлеуге, ал шетелдік заңды тұлға, оның филиалы немесе өкілдігі Қазақстан Республикасында фильм (немесе оның бір бөлігін) шығаруға міндеттенетін шарт келісім болып табылады.
Қазақстан тарапынан келісім жасасу құқығы уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына беріледі.
16-бап. Фильмдерді сақтау
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік фильмдер қорының сақталып қалуына бағытталған іс-шараларды мемлекет жүзеге асырады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік фильмдер қоры уәкілетті орган айқындайтын, шетелдіктер қатыспайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына (бұдан әрі осы бапта - заңды тұлға) тұрақты сақтауға беріледі.
Заңды тұлға Мемлекеттік фильмдер қоры киноколлекциясының сақталып қалуын қамтамасыз етуге, сақтауға, көшірмесін түсіруге, көбейтіп таратуға, прокаттауға және көрсетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
Толық мемлекеттік қаржыландыру алған ұлттық фильмдер Мемлекеттік фильмдер қорының құрамына енгізіледі.
Ішінара мемлекеттік қаржыландыру алған ұлттық фильмдер осы Заңның 13-бабының 5-тармағында аталған бірыңғай оператор мен кинематографиялық қызмет субъектілері арасында жасалған шарттар негізінде Мемлекеттік фильмдер қорының құрамына енгізіледі.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Заңды тұлға фильмдер, киножылнама материалдарын аналогтық жеткізгіштерден электрондық жеткізгіштерге көшіруді жүзеге асырады.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Заңды тұлға Мемлекеттік фильмдер қорын сақтау кезінде фильмдердің бастапқы материалдарына олардың құқық иеленушілерінің еркін және өтеусіз қол жеткізуін, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуын қамтамасыз етеді.
5. Мемлекеттік фильмдер қоры жекешелендіруге жатпайды.
17-бап. Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2022.29.09. № 143-VII ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (2022 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осы Заңның 5-бабының 10) тармақшасы, 12-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы, 13-бабының 5-тармағы 3) тармақшасы және 15-бабы 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2019 жылғы қаңтардың 3-і.
№ 212-VІ