қайтыс болуы туралы анықтама немесе қайтыс болуы туралы куәлік болған кезде - жерлеуге арналған төлемдер.
Кіріске түзету қолдану туралы өтініш негізінде және растайтын құжаттар болған кезде көрсетілген кірістер салық салудан босатылады;
19) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық жұмыскерлердiң ресми кірістері;
20) кірісі салық салуға жататын шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiндегі шетелдiктердің ресми кірістері;
21) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызмет істейтін жеке тұлғалардың бюджет қаражаты есебiнен төленетiн шетел валютасындағы ресми кірістері;
22) жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерi және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақысы);
24) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін білім беру жинақтау салымдары бойынша мемлекеттiң сыйлықақылары;
25) осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жұмсалған, оқытуға жіберілген шығыстар;
26) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдер;
27) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшері шегінде - Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасы шегеріле отырып, жұмыс берушінің жүктілік пен босану бойынша демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлердің демалысына ақы төлеуге арналған шығыстары түріндегі кірістер.
Егер жұмыс берушінің осы тармақшада көрсетілген шығыстары еңбек және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, осы тармақшаның ережелері қолданылады;
28) мемлекеттiк стипендиялар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде ұйымдар бiлiм беру ұйымдарында білім алатын адамдарға төлейтiн стипендиялар;
29) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын, білім беру ұйымдары осындай ұйымдардағы білім алушыларға төлейтін Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы стипендиялары мен Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиялары;
30) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын, білім беру ұйымдары осындай ұйымдардағы білім алушыларға төлейтін мемлекеттік атаулы стипендиялар;
31) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурс жеңімпаздарын оқытуды және олардың тағылымдамалардан өтуін ұйымдастыруға байланысты шығыстарды төлеуге арналған төлемдер;
32) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде төленетін, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын адамдарға жол жүру шығыстарының өтемақылары;
33) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, жеке тұлға басқа жеке тұлғадан өтеусіз негізде, оның ішінде сыйға алу немесе мұраға қалдыру түрінде алған мүлік.
Осы тармақшаның ережелері:
дара кәсіпкер алған және кәсіпкерлік мақсаттарда пайдалануға арналған мүлікке;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары төлейтін зейнетақы жинақтарына қолданылмайды;
34) қайырымдылық және демеушілік көмек түрiнде алынған мүлiктiң құны;
35) он алты жасқа толмаған балаларға арналған балалар лагерьлеріне жолдамалардың құны;
36) осы Кодекстiң 329-бабында көзделген кірістерді қоспағанда, шарттың қолданылу кезеңiнде басталған сақтандыру жағдайына байланысты, кез келген сақтандыру түрi кезiнде төленетiн сақтандыру төлемдерi;
37) жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша:
сақтандыру сыйлықақылары жеке тұлға жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына және (немесе) жұмыс беруші жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша жұмыскердің пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақылары есебінен төленген сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын;
сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
38) сенімгерлік басқару құрылтайшысының сенімгерлік басқарудан түсетін, резидент-жеке тұлғадан, оның ішінде сенімгерлік басқарушы болып табылатын дара кәсіпкерден алған таза кірісі;
39) осы Кодекстің 340-бабына сәйкес, бақыланатын шетелдік компаниядан алынған, Қазақстан Республикасында жеке табыс салығы салынған қаржылық пайдадан немесе оның бір бөлігінен бөлінген дивидендтер;
40) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша кіріс;
41) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемақылар;
42) моральдық зиянды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жеке тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянға өтем;
43) жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бөлігінде жұмыс беруші жасасқан жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттары және аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдері;
44) материалдық нұқсанды өтеудің сот шешімі бойынша тағайындалатын, сондай-ақ сот шығыстарының сомалары;
45) гуманитарлық көмек түрінде алынған мүліктің құны;
46) жұмыс беруші өз жұмыскерлерін міндетті сақтандыру шарттары бойынша төлейтін сақтандыру сыйлықақылары;
47) гранттар қаражаты есебінен төлемдер (еңбекке ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа);
48) түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаға осындай сынықтар мен қалдықтарды өткізуден түсетін кіріс - осындай кіріс сомасының 85 пайызы мөлшеріндегі кіріс.
Осы тармақшада көзделген кірісті айқындау кезінде осы Кодекстің 37-тарауында көрсетілген салықтық шегерімдер қолданылмайды.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 49) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
49) жұмыскердің салық салынатын кірісі - осындай кіріс сомасының 90 пайызы мөлшерінде.
Осы тармақшаның ережесі жұмыскердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспайтын кірісіне қолданылады.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 50) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
50) осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғалар жұмыскерлерінің кірістері;
51) 2020 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді, 2020 ж. 1 қазанға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Егер салық агенті жеке тұлғаның кірістен жеке табыс салығын ұстап қалу күнінен кеш өтініш жасауы себебінен жеке тұлғаның осындай кірісіне осы баптың 1-тармағының 13), 14) және 18) тармақшаларында көзделген кіріс түзетуді қолданбаған жағдайда, онда жеке тұлға осындай кірістен жеке табыс салығын ұстап қалуды жүргізген салық агентіне өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы, солардың негізінде салық агенті осы Кодекстің 48-бабының 2-тармағында көзделген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде кірістерге қайта есептеу жүргізеді.
37-тарау. Салықтық шегерімдер
342-бап. Салықтық шегерімдер бойынша жалпы ережелер
1. Жеке тұлғаның мынадай салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқығы бар:
1) міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім - Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;
2) зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім;
3) стандартты салықтық шегерімдер (бұдан әрі - стандартты шегерімдер);
4) өзге салықтық шегерімдер (бұдан әрі - өзге шегерімдер), олар:
ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді;
медицинаға арналған салықтық шегерімді;
сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қамтиды.
2. Салықтық шегерімдерді:
1) осы Кодекстің 343-бабында көзделген тәртіппен және жағдайларда төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша - салық агентінің;
2) осы баптың 3-тармағына сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер бойынша - жеке тұлғаның дербес қолдануына жатады.
3. Салықтық шегерімдер, егер көрсетілген шегерімдер жұмыскердің кірісін айқындау кезінде жүргізілмеген болса, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістердің жиынтық сомасы бойынша жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылады.
4. Салықтық шегерімдерді қолдану құқығын растайтын құжаттар (бұдан әрі - растайтын құжаттар) негізінде салықтық шегерімдер қолданылады. Мұндай құжаттардың түпнұсқалары осы Кодекстің 48-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жеке тұлғада сақталады.
5. Салықтық шегерімдер осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәртіптегі реттілікпен қолданылады.
Ескертпе.
Осы тарауды қолдану мақсатында айлық есептік көрсеткіш деп республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшері түсініледі.
343-бап. Салық агентінде салықтық шегерімдерді қолдану ерекшеліктері
1. Міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерімді және осы Кодекстің 345-бабының 1-тармағында көрсетілген зейнетақы төлемдері бойынша салықтық шегерімді қоспағанда, салық агенті салықтық шегерімдерді төлем көзінен:
1) жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініші;
2) растайтын құжаттардың көшірмелері негізінде қолданады. Мұндай көшірмелер осы Кодекстің 48-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде салық агентінде сақталады.
2. Күнтізбелік жыл ішінде салық агенті ауысқан кезде, оның қайта ұйымдастырылу жағдайларын қоспағанда, алдыңғы салық агентінде түзілген, салықтық шегерімнің қолданылмаған сомасы жаңа салық агентінде есепке алынбайды.
Осы тармақтың ережесі осы Кодекстің 346-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген стандартты шегерімдерге қолданылмайды, ол бойынша алдыңғы салық агентінде түзілген салықтық шегерімнің асып кетуі осы Кодексте белгіленген шекте жаңа салық агентінде есепке алынады. Бұл ретте жеке тұлға алдыңғы салық агенті берген жеке тұлғамен есеп айырысулар туралы анықтаманы береді.
3. Жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерімді қоспағанда, салықтық кезеңде салықтық шегерімнің белгілі бір түрін бір салық агентінде ғана қолдануға құқылы.
4. Егер салық агенті жеке тұлғаның кірістен жеке табыс салығын ұстап қалу күнінен кеш өтініш жасауы себебінен жеке тұлғаның осындай кірісіне салықтық шегерімдерді қолданбаған жағдайда, онда жеке тұлға осындай кірістен жеке табыс салығын ұстап қалуды жүргізген салық агентіне өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы, солардың негізінде салық агенті осы Кодекстің 48-бабының 2-тармағында көзделген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде кірістерге қайта есептеу жүргізеді.
344-бап. Жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді дербес қолдану ерекшеліктері
Салық агентінде түзілген салықтық шегерімдердің асып кету сомасын, сондай-ақ салық агентінде салықтық шегерімнің қолданылмаған сомасын жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлғаның салық салынатын кірісін есептеу кезінде жеке тұлға дербес есепке алады.
345-бап. Зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім
1. Салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріске салықтық шегерім мынадай мөлшерлерде қолданылады:
1) осы Кодекстің 326-бабының 1) тармақшасында көзделген төлемдер бойынша - зейнетақы төлемі жүзеге асырылатын әрбір ай үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және зейнетақы төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінде;
2) осы Кодекстің 326-бабының 2) тармақшасында көзделген төлемдер бойынша - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және зейнетақы төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерінің 12 еселенген мөлшерiнде.
2. Сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын, сақтандыру сыйлықақылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары есебінен төленген сақтандыру төлемдері түріндегі, салық салуға жататын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріске сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын, сақтандыру төлемі түріндегі кіріс есепке жазылатын әрбір ай үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және сақтандыру төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінің сомасында салықтық шегерім қолданылады.
346-бап. Стандартты шегерімдер
1. Мыналар стандартты шегерімдер болып табылады:
1) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшері. Стандартты шегерім әрбір күнтізбелік айға қолданылады. Күнтізбелік жыл үшін стандартты шегерімнің жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
2) осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:
Ұлы Отан соғысына қатысушы, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адам және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адам;
1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адам;
I, II немесе III топтардағы мүгедек;
мүгедек бала болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшері.
Жеке тұлғаның осы тармақшаны қолдануға бірнеше негіздері болған жағдайда, кірістерді алып тастау осы тармақшада белгіленген кіріс шегінен аспауға тиіс;
3) осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:
он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай мүгедек бала үшін - мүгедек баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
өмір бойына әрбір осындай адам үшін - «бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
асырап алынған бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай адам үшін - бала асырап алушылардың бірі;
жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде әрбір осындай адам үшін - жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына қабылдап алған ата-аналардың бірі болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшері.
Осы тармақшаның ережелері:
қорғаншылыққа және қамқоршылыққа мұқтаж адамдардың қорғаншылары және қамқоршылары болып табылатын тиісті білім беру ұйымдары, медициналық ұйымдар, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары әкімшіліктерінің жұмыскерлеріне қатысты олардың осындай ұйымдарымен еңбек қатынастарында болуына байланысты;
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеге тұратын (ерлі-зайыптылықта болатын) адамдарға қатысты қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген стандартты шегерімдер осы салықтық шегерімдерді қолдану үшін негіз туындаған, бар немесе болған күнтізбелік жылда қолданылады.
347-бап. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім
1. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өз пайдасына жұмсалған, ерікті зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.
2. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:
ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт;
ерікті зейнетақы жарналарының төленгенін растайтын құжат.
3. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім ерікті зейнетақы жарналарын төлеу күніне тура келетін салықтық кезеңде қолданылады.
348-бап. Медицинаға арналған салықтық шегерім
1. Медицинаға арналған салықтық шегерім медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) ақы төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданылады.
2. Медицинаға арналған салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған медицинаға арналған шығыстар бойынша қолданады.
3. Медицинаға арналған салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қолданылады.
Бұл ретте медицинаға арналған салықтық шегерімнің және осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) шығыстарын жабу үшін кірісті түзетудің жалпы сомасы күнтiзбелiк бiр жылдағы жиынтығында республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
4. Медицинаға арналған салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:
1) жазбаша нысанда жасалған жағдайда - медициналық көрсетілетін қызметтердің құны бөліп көрсетілген ақылы медициналық қызметтерді көрсетуге арналған шарт;
2) медициналық көрсетілетін қызметтердің құны туралы ақпаратты қамтитын үзінді көшірме;
3) медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжат.
5. Медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған шығыстар бойынша салықтық шегерімдер неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетiн салықтық кезеңде қолданылады:
медициналық көрсетілетін қызметтерді алу күні;
медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу күні.
6. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде ұсынылған медициналық көрсетілетін қызметтерге шетел валютасымен ақы төленген кезде осы баптың 1-тармағында көрсетілген шығыстарды теңгемен қайта есептеу төлемді жүзеге асыру күніне Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамы қолданыла отырып жүзеге асырылады.
349-бап. Сыйақылар бойынша салықтық шегерім
1. Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Респуликасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.
2. Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
2) сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат.
3. Салықтық шегерімдер неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде қолданылады:
ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі бойынша сыйақыны өтеу күні;
сыйақыны төлеу күні.
38-тарау. Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша есептеу,
төлеу және салықтық есептілікті ұсыну тәртібі
350-бап. Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша жалпы ережелер
1. Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді төлем көзінен салық агенті осы Кодекстің 321-бабының 1) - 12) және 17) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша, егер мұндай кірістерді аталған салық агенті төлеуге тиіс болса (төлесе), жүзеге асырады.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, резидент-жеке тұлғаға кіріс төлейтін мынадай тұлғалар салық агенттері деп танылады:
1) дара кәсіпкер;
2) жеке практикамен айналысатын адам;
3) заңды тұлға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға филиалын, өкілдігін немесе филиал немесе өкілдік ашпай тұрақты мекемесін Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) егер филиал, өкілдік қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 220-бабына сәйкес тұрақты мекеме құрмаса, Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға.
3. Мыналар салық агенттері деп танылмайды:
1) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, шет мемлекеттің консулдық мекемелері;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және қорлар.
4. Резидент-заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде мынадай міндетті жүктеуге құқылы:
төлем көзінен салық салуға жататын, осындай құрылымдық бөлімше есепке жазған, төлеген кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару;
осындай құрылымдық бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу және төлеу.
Резидент-заңды тұлға қабылдаған осындай шешім:
жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшеге қатысты - осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап;
қалған жағдайларда - осындай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Резидент-заңды тұлғаның осындай шешімінің күшін жою осындай шешімнің күші жойылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Депозитарлық қолхаттар бойынша кірістерден жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті жүргізеді.
Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түрінде резидентке төленетін кірістер бойынша салық агентінің салықтық міндеттемені орындау, сондай-ақ төлем көзінен ұсталып қалған табыс салығын қайтару тәртібі осы Кодекстің 310-бабына сәйкес айқындалады.
351-бап. Жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу
1. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агентi салық салуға жататын кірісті есепке жазу кезінде жүргізедi.
Жеке табыс салығының сомасы осы бөлімге сәйкес айқындалатын төлем көзінен салық салынатын кіріс сомасына осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептеледі.
2. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агентi төлем көзiнен салық салуға жататын кірісті төлеу күнінен кешiктiрмей жүргізедi.