Облыстық соттың сот алқасының төрағасы лауазымына конкурсқа қатысушылар Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Облыстық сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және тиісті облыстық соттың, сондай-ақ тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Егер облыстық сот судьясы лауазымына қонкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын жағдайда, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді.
Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын да алуға тиіс.
Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және жалпы отырыстың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
4. Конкурсқа қатысушылар, жалпы отырыстардың, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының өткізілетін күні туралы, сондай-ақ олар қабылдаған шешімдер туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылуға және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі
1. Бос лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болғызбайтын шарттарда, ашық және жариялы түрде жүзеге асырады.
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарға конкурстық іріктеу өткізу тәртібі Кеңестің регламентімен айқындалады.
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жоғары білім деңгейі, биік моральдық-адамгершілік қасиеттер мен мінсіз бедел судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары болып табылады.
Аудандық сот төрағасының және облыстық соттың сот алқасы төрағасының бос лауазымына орналасуға арналған конкурс өткізу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өлшемшарттарға қосымша ұйымдастырушылық қабілеттер де ескеріледі.
Шалғай жерде орналасқан соттарда немесе штат саны үш бірліктен аспайтын соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьялар аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде өзге жағдайлары тең болса, басымдыққа ие болады.
Судьяның бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу Кеңес айқындайтын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және осы Заңда көзделген талаптарға негізделген, судья лауазымдарының санаттары бойынша сараланған цифрлық және бағалау өлшемшарттарының, оның ішінде соттағы, прокуратурадағы, адвокатурадағы жұмысты ескеретін өлшемшарттардың жүйесі пайдаланыла отырып та өткізіледі.
3. Кеңес мүшелерінің тікелей Кеңес отырысы барысында аудандық соттардың төрағалары мен судьяларының, облыстық соттардың сот алқалары төрағаларының және судьяларының, Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына орналасу туралы мәселені қарауы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) судьяның бос лауазымы және оған орналасуға үміткер адамдардың саны туралы мәліметтерді жария ету;
2) Кеңес мүшелерінің судьяның бос лауазымына орналасуға үміткер кандидатураларды талқылауы;
3) Кеңес мүшелерінің дауыс беру үшін кандидатуралар ұсынуы;
4) Кеңес мүшелерінің ұсынылған кандидатура бойынша дауыс беруі.
Қажет болған кезде дауыс беру жасырын өткізілуі мүмкін;
5) Кеңес мүшелерінің бос лауазымға кандидатураларды қарау қорытындыларын шығару.
Кеңестің отырысына қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусын жинаған кандидат бос лауазымға орналасуға арналған конкурстың жеңімпазы деп танылады.
4. Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын және конкурста жеңіске жеткен кандидат қосымша түрде міндетті арнайы тексеруден өтуге тиіс.
Арнайы тексеруден өтуді Кеңес аппараты ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметте үзіліссіз өтілі бар және бұрын арнайы тексеруден өткен кандидаттар кадр қызметі куәландырған тиісті анықтаманы ұсына алады.
Арнайы тексерудің нәтижелері туралы құжат берілген күнінен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
5. Егер арнайы тексеру қорытындылары бойынша конкурста жеңіске жеткен кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын, соның ішінде оның кейіннен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылғанын куәландыратын мәліметтер анықталған жағдайда, онда прокуратура органдары мұндай кандидаттарға қатысты қылмыстық істердің материалдарын зерделей отырып, қосымша тексеру жүргізеді, оның қорытындысы Кеңес отырысында қаралады.
Іріктеуден өткен және Кеңес тағайындауға ұсыным жасаған кандидатты аудандық сот төрағасы немесе судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына тағайындауға кедергі келтіретін негіздер болған кезде, сондай-ақ ол бос лауазымға тағайындаудан бас тартқан жағдайда, Кеңес ұсыным беру туралы шешімнің күшін жояды және конкурсқа қатысқан адамдар қатарынан басқа кандидатты бос лауазымға тағайындау үшін ұсыным жасауы мүмкін.
6. Егер конкурс нәтижесінде ұсынылған бос лауазымдарға кандидаттар іріктеп алынбаса, онда мұндай бос лауазымдар бойынша конкурс өткізілмеді деп танылады және:
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) судья лауазымдарына конкурсқа қатысқан, бірақ оларға іріктеліп алынбаған кандидаттарға олардың келісуімен, конкурс қорытындылары бойынша толтырылмай қалған судья лауазымдары ұсынылуы мүмкін;
2) қайта конкурс жариялануы мүмкін.
7. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу қорытындылары бойынша конкурс қорытындыларына орай ұсыным жасалған адамдар туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
6-тарау. ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ, ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БОС ЛАУАЗЫМДАРЫНА КАНДИДАТУРАЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
19-бап. Облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының оларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қарағаннан кейін енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
2. Облыстық соттар төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларға, әдетте, облыстық сот судьялары немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдардың қатарынан ұсыным жасалады.
Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымына кандидатуралар Жоғарғы Сот судьяларының қатарынан ұсынылады.
Бұл ретте облыстық сот төрағасы, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған және ұйымдастырушылық қабілеттері бар адамдарға басымдық беріледі.
3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.
4. Кеңес отырыста облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына ұсынылған барлық кандидатураларды міндетті түрде қарайды.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
20-бап. Бос лауазымдарға кандидатураларды қарау шарттары
Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары өздері атқаратын лауазымға немесе тең дәрежелі соттарда осындай лауазымға екі реттен артық тағайындалмайды.
7-тарау. СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫН, СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ЖӘНЕ СУДЬЯНЫ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
21-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы немесе Сот жюриінің шешімі Кеңестің соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады. Жоғарғы Соттың Төрағасы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны кәсіби жарамсыздығына орай лауазымынан босату туралы ұсынуды Кеңеске Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде енгізеді.
Сот жюриі соттың төрағасын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларды тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін атқаратын лауазымдарынан босату туралы шешімді Кеңеске енгізеді.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін Кеңес регламентінде белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді соттың төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктемелер алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпаратты алу арқылы тексереді.
3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама жасалады. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылуға және олардың қолдары қойылуға тиіс.
22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтінішхат бере алады.
2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, бұл жайында хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.
23-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің шешімінде нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға негіз болған мән-жайлар не ұсынымды қабылдаудан бас тарту қамтылуға тиіс.
3. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы ұсыным беруден Кеңестің бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
24-бап. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау
1. Судья Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне Кеңеске шағым жасай алады.
2. Кеңес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау кезінде өзіне қатысты Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия немесе Сот жюриі шешім қабылдаған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Судьяның Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі мәселені қарауға кедергі келтірмейді. Отырыста судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа адамдардың хабарлары тыңдалып, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
3. Кеңес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:
1) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешімін негізді деп тану;
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Сот жюриінің шешімін негізсіз деп тану және іс жүргізуді тоқтата отырып, оның күшін жою;
3) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешімін негізсіз деп тану және қайтадан қарауға жібере отырып, оның күшін жою;
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімін негізсіз деп тану, оның күшін жою және жаңа шешім шығару.
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Кәсіби қызметті мерзімдік бағалау нәтижелері бойынша Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешіміне судьяның шағымын қарау нәтижелері бойынша қабылданған Кеңестің судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының Кеңеске - судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсыну, ал судья ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыну енгізуі үшін негіз болып табылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қорытынды ережелер
«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 20, 80-құжат; 2010 ж., № 24, 153-құжат; 2012 ж., № 5, 39-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 22, 128-құжат) күші жойылды деп танылсын.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы желтоқсанның 4-і.
№ 436-V