8. Сарапшы болып тағайындалған адамға соттың сараптаманы тағайындауы туралы қаулысының көшiрмесi табыс етіледі және осы Кодекстiң 79-бабында көзделген оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сот отырысын зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа кейiнге қалдыруға құқылы.
9. Сарапшы қорытындыны жазбаша түрде бередi және оны сот отырысында жария етедi, содан кейiн одан жауап алу осы Кодекстiң 374-бабында көзделген қағидалар бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Сарапшының қорытындысы iске қоса тiгiледi.
10. Сот талқылауында сараптама жүргiзiлген соң, осы Кодекстiң 287-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша не қайталама сараптама тағайындауға құқылы.
11. Iс бойынша сотқа дейiнгі iс жүргiзу барысында қорытынды берген сарапшы сотқа шақырылған жағдайда, сот қорытындыны жария еткен соң, егер ол тараптардың қарсылығын туғызбаса, сараптама тағайындамауға және сарапшыдан жауап алумен шектелуге құқылы.
374-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Сарапшыдан жауап алу осы Кодекстің 285-бабы төртінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, қорытынды жария етiлгеннен кейiн ғана оны түсiндiру, нақтылау немесе толықтыру үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Сарапшыдан бiрiншi болып өтiнiшхаты бойынша сараптама тағайындалған тарап жауап алады.
3. Егер сараптама тараптар арасындағы келiсiм бойынша немесе қылмыстық процесті жүргізетін органның бастамасы бойынша жүргiзiлсе, сарапшыдан бiрiншi болып айыптаушы тарап, содан соң қорғаушы тарап жауап алады.
4. Сот жауап алудың кез келген сәтiнде сарапшыға сұрақтар қоюға құқылы.
375-бап. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру
1. Сот тергеп-тексеру барысында iске қоса тiгiлген және жаңадан ұсынылған заттай дәлелдемелерді сот тергеуi барысында қарап-тексеруге және тараптарға ұсынуға тиiс. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде тараптардың өтiнiшхаты бойынша да, сондай-ақ соттың бастамасы бойынша да жүргiзiледi. Заттай дәлелдемелер куәлардың, сарапшының, маманның қарап-тексеруі үшiн ұсынылуы мүмкiн. Өздеріне заттай дәлелдемелер ұсынылған адамдар соттың назарын заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру кезінде анықталған, iс үшiн маңызы бар мән-жайларға аударуға құқылы.
2. Сот заттай дәлелдемелердi қарап-тексеруді олар тұрған жерде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген қағидаларды сақтай отырып жүргiзе алады.
376-бап. Тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары мен құжаттарын жария ету
Қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, мүлiкке тыйым салу, ұстап алу, тану үшiн көрсету, тергеу экспериментi, телефонмен сөйлесудi тыңдау кезiнде белгiлi болған мән-жайлар мен фактiлерді куәландыратын тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары, сондай-ақ, егер оларда iс үшiн маңызы бар мән-жайлар баяндалған немесе куәландырылған болса, iске қоса тiгiлген немесе сот отырысында ұсынылған құжаттар толық немесе iшiнара жария етiлуге жатады. Сот отырысына ұсынылған құжаттар соттың қаулысы бойынша iске қоса тiгiлуi мүмкiн.
377-бап. Сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ хаттамалар мен құжаттарды жария ету тәртiбi
Осы Кодекстiң 368, 372 және 376-баптарында көзделген жағдайларда, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ тергеу әрекеттерiнiң хаттамалары мен құжаттарды олардың жария етілуі туралы өтiнiшхат берген тарап не сот жария етедi.
378-бап. Жергілікті жерді және үй-жайды қарап-тексеру
1. Сот жергілікті жерді және үй-жайды қарап-тексеруді - тараптардың қатысуымен, ал қажет болғанда, куәлардың, сарапшының, маманның қатысуымен де жүргiзедi.
2. Қарап-тексерілетін жерге келген соң төрағалық етушi сот отырысының жалғасатындығы туралы жариялайды және сот қарап-тексеруге кiрiседi. Бұл ретте сотталушыға, жәбiрленушiге, куәларға, сарапшы мен маманға қарап-тексеруге байланысты сұрақтар қойылуы мүмкiн.
379-бап. Тану үшін көрсету, куәландыру, айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау, эксперимент жүргiзу, үлгiлер алу
1. Тану үшін көрсету, куәландыру, айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау, эксперимент жүргiзу, үлгiлер алу сот талқылауында тараптардың қатысуымен, осы Кодекстiң 223, 229, 257 және 258-баптарында және 34-тарауында көзделген қағидалар сақтала отырып, сот қаулысы бойынша жүргiзiледi.
2. Егер iстiң мән-жайлары бойынша бұл қажет болса, тану үшiн көрсету, куәландыру, эксперимент, үлгiлер алу жабық сот отырысында жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Куәландырылушыны жалаңаштау арқылы куәландыруды жеке үй-жайда дәрiгер немесе өзге маман жүргiзедi, олар куәландыру актiсiн жасап, оған қол қояды. Содан соң көрсетілген адамдар сот отырысы залына оралып, онда тараптардың және куәландырылған адамның қатысуымен, егер куәландырылушының денесiнде іздер мен белгiлер табылса, олар туралы сотқа хабарлайды, тараптардың және судьяның сұрақтарына жауап бередi. Куәландыру актiсi iске қоса тiгiледi.
380-бап. Дәлелдемелердi зерттеудi шектеу
1. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау дәлелдемелерiнің зерттелуін көрсетілген өтiнiшхат қозғалған кезге қаралған дәлелдемелермен шектеу туралы өтiнiшхат беруге құқылы. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап, бұл өтiнiшхатты қанағаттандыруға құқылы.
2. Қорғаушы тарап сотталушының, қорғаушының, сотталушының заңды өкiлiнiң, азаматтық жауапкердiң немесе оның өкiлiнiң өтiнiшхаты бойынша ұсынылған және iске қоса тiгiлген дәлелдемелердi зерттеуден бас тартуға құқылы. Мұндай бас тарту сот үшiн мiндеттi.
381-бап. Сот тергеуiнiң аяқталуы
1. Төрағалық етушi дәлелдемелердi зерттеу аяқталғаннан кейiн:
1) тараптарға - олардың сот жарыссөзiнде, ал соттың - үкiм шығару кезiнде тек сот тергеуiнде қаралған дәлелдемелерге ғана сiлтеме жасауға құқылы екендiгiн түсiндiредi;
2) тараптардан олар сот тергеуiн толықтыруды қалайтынын-қаламайтынын және немен толықтырғысы келетiнiн сұрайды.
2. Сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiшхаттар мәлiмделген жағдайда, сот бұл өтiнiшхаттарды талқылайды және оларды шешедi.
3. Өтiнiшхаттарды шешкеннен және қажеттi сот әрекеттерiн орындағаннан кейін, сондай-ақ сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiшхат қозғалмаған немесе сот оларды уәждi түрде қабылдамаған жағдайларда, төрағалық етушi сот тергеуiн аяқталды деп жариялайды.
382-бап. Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы
1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот талқылауы, мынадай шарттар болған кезде:
1) сотталушы өзiнiң кiнәсiн толық көлемде, оның iшiнде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның мөлшерін және өзiне қойылған талап қою талаптарын мойындаса;
2) сотқа дейiнгi іс жүргiзу барысында процеске қатысушылардың осы Кодексте белгiленген құқықтарын бұзуға немесе құқықтарына қысым көрсетуге жол берiлмесе;
3) процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дауласпаса және оларды сот отырысында зерттеудi талап етпесе;
4) іс бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу кезінде;
5) процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде қысқартылған тәртiппен жүргiзiледі.
2. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу мән-жайлары, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұрады. Қысқартылған сот талқылауы он тәулікке дейінгі мерзімде аяқталуға тиіс, айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.
3. Сот, егер сот отырысы барысында қысқартылған тәртіппен сот талқылауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы етеді.
45-тарау. СОТ ЖАРЫССӨЗІ ЖӘНЕ СОТТАЛУШЫНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
383-бап. Сот жарыссөзiнiң мазмұны мен тәртiбi
1. Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды және сот жарыссөзiне қатысушыларға олардың өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген материалдарға сiлтеме жасауға құқылы еместігін түсіндіреді. Сотқа жаңа дәлелдемелер ұсыну қажет болған ретте, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiшхат бере алады.
2. Сот жарыссөзiне қатысушының өтінішхаты бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, бұл үшiн төрағалық етушi ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысына үзiлiс жариялайды.
3. Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушының және қорғаушының сөздерiнен тұрады. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сот жарыссөзі жүргізілмейді. Процеске қатысушылардың сөз сөйлеу ретiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайда да бiрiншi болып айыптаушы сөз сөйлейді.
4. Егер мемлекеттiк айыптауды бiрнеше мемлекеттiк айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi сөз сөйлеу кезектiлiгiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысына үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер көрсетілген адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектiлiгi туралы келiсiмге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз сөйлеу кезегi туралы қаулы қабылдайды.
5. Сот жарыссөзiнiң ұзақтығын сот белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда, төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысатын тұлғалардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
6. Сот жарыссөзіне қатысатындардың барлығы сөз сөйлеп болған соң, олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылған себептер бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертулерiн (репликаларын) бiлдiріп сөйлеуге құқылы. Соңғы ескертуді айту құқығы барлық жағдайда да сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
7. Сот жарыссөзiне әрбір қатысушы сотқа осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 6) тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымдалуын жазбаша түрде ұсына алады. Ұсынылатын тұжырымдаудың сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
384-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
2. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сотталушының соңғы сөзі айтылмайды.
385-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшхаты немесе өз бастамасы бойынша сот тергеуiн қайта бастайды. Сот қайта басталған сот тергеуi аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан бастайды және сотталушыға соңғы сөз бередi.
386-бап. Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi
1. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап болған соң сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi ол туралы сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды.
2. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
46-тарау. ҮКІМ ШЫҒАРУ
387-бап. Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығару Қазақстан Республикасындағы соттар Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығарады.
388-бап. Үкiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Сот үкiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Егер үкiм заңның барлық талаптары сақтала отырып және заң негiзiнде шығарылса, ол заңды болып танылады.
3. Егер үкiм сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылса, ол негiздi деп танылады.
389-бап. Үкім шығару құпиясы
1. Істі қараған судья үкімді өзіне қандай да болсын ықпал ету мүмкіндігін болғызбайтын жағдайларда шығарады. Үкім шығару кезінде өзге адамдардың, оның ішінде запастағы судьяның болуына жол берілмейді.
2. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде судья кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
3. Үкім жарияланғанға дейін судья іс бойынша шешімді айқындайтын өз пікірі мен пайымдауын жария етуге құқылы емес.
390-бап. Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi
1. Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелденген-дәлелденбегенін;
2) бұл іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол нақ қайсы қылмыстық заңда көзделгенін (бап, бөлiк, тармақ);
3) сотталушының осы іс-әрекеттi жасағаны дәлелденгенін-дәлелденбегенін;
4) сотталушының осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәлi-кінәсіз екендігін;
5) оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын;
6) сотталушының өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазалануға жататынын-жатпайтынын;
7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiстігін;
8) жаза тағайындамай үкiм шығару немесе жазадан босату не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74 және 76-баптарында көзделген жағдайларда кейiнге қалдыруға негiздердің бар-жоғын;
9) бас бостандығынан айыруға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қандай түрi мен режимiнде жазасын өтеуге тиiс екенін;
10) азаматтық талап қоюдың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын, оның кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде қанағаттандырылатынын;
11) азаматтық талап қоюды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керектігін;
12) заттай дәлелдемелерді не iстеу керектігін;
13) процестік шығындар кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiстігін;
14) соттың сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзуге) тиiстігін-тиісті еместігін;
15) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 91-бабында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы;
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
15-1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-1 және 98-2-баптарында көзделген жағдайларда өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдану туралы;
16) қылмысты жасауға ықпал ететiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы;
17) сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) алдыңғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешеді.
2. Ақтау үкiмiн шығару кезiнде сот ақталушыға тергеп-тексеру, прокуратура, сот органдарының заңсыз әрекеттерiмен келтiрiлген зиянды өтеу туралы мәселе жөнiнде шешiм қабылдайды.
3. Сотталушыны бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптаған кезде, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жеке-жеке шешедi.
4. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп бiрнеше сотталушы айыпталса, сот әрбір сотталушының жасалған іс-әрекетке қатысу рөлi мен дәрежесiн айқындай отырып, олардың әрбіріне қатысты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген барлық мәселелердi жеке-жеке шешедi.
5. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған негiзгi мәселелердi шешкеннен кейін мынадай:
1) сотталушының, ал қажет болған жағдайда - жәбiрленушiнiң ата-анасыз қалған, кәмелетке толмаған балаларын орналастыру туралы;
2) сотталушының мүлкiн, қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң мүлкiн қорғау туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жекеше қаулы шығару қажеттiгi туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып қылмыстық жауаптылықтан босатудың күші жойылған жағдайда кепіл нысанасының тағдыры туралы қосымша мәселелердi шешуге көшедi.
6. Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні басқа соттың бастамасы бойынша конституциялық емес деп тану туралы ұсынуды іс жүргізуге қабылдаса, сот үкім шығаруды кейінге қалдыруға міндетті.
391-бап. Сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселенi шешу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу немесе сот талқылауы кезiнде сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселе туындаған жағдайларда, сот үкiм шығару кезiнде бұл мәселенi тағы да бiр рет талқылауға мiндеттi.
2. Сот сотталушыны іс-әрекет жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оның өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған деп тани отырып, қылмыстық iстi тоқтатуға және сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы. Мұндай шешімді сот басты сот талқылауына қорғаушы қатысқан жағдайда, кеңесу бөлмесінде қабылдай алады.
3. Егер қорғаушы басты сот талқылауына қатыспаса, сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі осы Кодекстің 519-бабында көзделген тәртіппен қарау үшін тиісті сотқа жіберу туралы қаулы шығарады.
392-бап. Үкiмдердiң түрлерi
Соттың үкiмi айыптау немесе ақтау үкімі болуы мүмкiн.
393-бап. Айыптау үкiмi
1. Айыптау үкiмi соттың сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiмiн қамтиды.
2. Айыптау үкiмi:
1) сотталушы өтеуге тиiсті қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.
4. Сот сотталған адам өтеуге тиiсті жазаны тағайындай отырып, айыптау үкiмiн шығарып, жазаның түрiн, мөлшерiн, режимiн және оны өтеу мерзімін есептеудiң басталуын дәл айқындауға тиіс.
5. Сот, егер осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, айыптау үкiмiн адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталған адамға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан немесе өтеуден босататын рақымшылық жасау актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауға алуды есепке жатқызу қағидаларын ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының күзетілуде болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкiмiн жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер айыптау үкiмiн шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшхаты бойынша айыптау үкiмiн жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында және 76-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкiмiн қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
394-бап. Ақтау үкiмi
1. Ақтау үкімі арқылы сот сотталушыны қылмыстық жауаптылыққа тартқызып, сотқа берген айыптау бойынша оның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәсiз екенін таниды және жариялайды.
2. Егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмаса;
2) сотталушының іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса;
3) сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбесе, ақтау үкiмi шығарылады.
3. Санамаланған негiздердiң кез келгенi бойынша ақтау соттың сотталушының кiнәсiздiгiн тануын бiлдiредi және оның толық ақталуына әкеп соғады.
4. Егер ақтау үкiмiн шығару кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмай қалса, сот үкiмнің қарар бөлімінде өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттiгi туралы мәселенi шешу үшiн iстi прокурорға жiберу туралы көрсетеді.
395-бап. Үкiмдi жасау
1. Осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген мәселелердi шешкеннен кейiн сот үкiмдi жасауға көшедi.
2. Үкiм сот талқылауы жүргiзiлген тiлде жазылады.
3. Үкiм кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiмдерінен тұрады.
4. Үкімді судья қолдан жазуы, машинаға басу тәсілімен не компьютерлік тәсілмен дайындауы мүмкін және ол оған қол қояды.
5. Үкімдегі түзетулер ескертілуге және үкім жария етілгенге дейін оның тиісті бетінде судьяның қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
6. Үкiмге ол жария етілгеннен кейiн өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
396-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiгi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны көрсетіледі. Судьялар бiрнеше тәулік бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған уақыты оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және туған жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
397-бап. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты, жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, себептерi мен салдары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы қамтылуға тиіс. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты түйіні негiзделген дәлелдемелер және сот басқа дәлелдемелердi жоққа шығарған себептер келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ процестік келісімде көзделген, жазаны тағайындау шектері көрсетіледі. Айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың дұрыс сараланбағаны анықталған жағдайда, айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi. Сотталушының әрекеттерiн қайта саралау қажеттiгi туралы түйінге келе отырып немесе кейбiр баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде іс-әрекеттi сол бойынша саралау керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, бап бөлiгiнiң тармағын) алып тастау туралы көрсетедi.
2. Сот қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелерді шешудiң себептерiн де көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттау-уәждеу бөлiгінде осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша, айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауында жариялықты шектеу үшін негіз болатын мән-жайлар туралы тұжырымдалулар болмауға тиіс.