2. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
4. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық іс осы Кодекстің 317-бабында көзделген жағдайларда жалпы юрисдикция сотының қарауына берілуі мүмкін.
308-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
309-бап. Қылмыстық істердің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың және гарнизондардың әскери соттарының соттылығына жатуы
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген аса ауыр әскери қылмыстар туралы;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың және мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың соттылығына жататын істерді қоспағанда, гарнизондардың әскери соттарының соттылығына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.
4. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мамандандырылған ауданаралық әскери соттар мен гарнизондардың әскери соттары өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
310-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Облыстық және оларға теңестірілген соттар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Үкімді орындау сатысында облыстық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттардың осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына жекеше шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын апелляциялық тәртіппен қарайды.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, облыстық және оған теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
311-бап. Әскери соттың соттылығына жататын істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Әскери сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген, оның ішінде осы Кодекстің 475, 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Әскери сот осы Кодексте көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
312-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау
Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған не оны жасағаннан кейін жүйке ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді осы Кодекстің 306, 307, 308 және 309-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды.
313-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жататын қылмыстық істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:
1) бірінші сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын апелляциялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау туралы өтінішхаттарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын;
2) бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулылары апелляциялық сатыда қайта қаралғанына не қаралмағанына қарамастан - оларға, апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуларын, Бас Прокурордың наразылықтарын сот алқасында қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
314-бап. Қылмыстық iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы
1. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегi сотта қаралуға жатады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеп-тексеру аяқталған жердегi сот қарайды.
Айыптау актісі жасалған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер тергеп-тексеру аяқталған жер болып табылады.
315-бап. Қылмыстық істерді біріктіру кезінде соттылықты айқындау
Бір адамды немесе адамдар тобын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау кезінде, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс санатына жататын болса, істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды, ал осы Кодекстің 309-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды.
Аса ауыр санатқа жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылық сыбайластық арқылы жасалған жағдайда және істі жеке іс жүргізуге бөліп шығару мүмкін болмаған кезде істерді:
егер сыбайластардың арасында әскери қызметші болмаса, сыбайластардың ең болмағанда біреуі кәмелетке толмаған адам болып табылатын істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот;
сыбайластардың ең болмағанда біреуі әскери қызметші немесе осы Кодекстің 309-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген басқа адам болып табылатын істерді гарнизонның әскери соты қарайды.
316-бап. Iстi iс жүргiзуге қабылдаған соттың қылмыстық істi соттылығы бойынша беруі
1. Егер сот келiп түскен iстiң өзінің соттылығына жатпайтынын анықтаса, онда iстi соттылығы бойынша жiбередi.
2. Егер басты сот отырысында осы Кодекстiң 314-бабында көзделген iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы қағидаларының бұзылғаны анықталса, онда сот iстi процестiң барлық қатысушыларының келiсуімен өзiнiң iс жүргiзуiнде қалдыруға құқылы.
3. Егер істің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың немесе гарнизонның әскери сотының соттылығына жататыны анықталса, ол барлық жағдайларда соттылығы бойынша жіберілуге жатады.
317-бап. Қылмыстық iсті соттылығына жататын соттан басқа сотқа беру
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Жекелеген жағдайларда, істі неғұрлым тез, жан-жақты және объективті қарау мақсатында, соның ішінде алқабилердің қатысуымен қаралатын сотталушының келісімімен немесе процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша ол бір соттан сол деңгейдегі басқа соттың қарауына берілуі мүмкін.
Бұл ретте істі оның сот отырысында қаралуы басталғанға дейін ғана беруге жол беріледі.
2. Егер сот осы соттың барлық судьяларының істі қарауға қатысуына кедергі келтіріп отырған мән-жайларға байланысты iстi қарайтын жағдайда болмаса, сондай-ақ істің жан-жақты және объективті түрде қаралуын қамтамасыз ету мақсаттарында не басқа сотқа беру сот процесіне қатысушылардың жеке қауіпсіздігіне төнген нақты қатермен байланысты болғанда, іс тараптың өтiнiшхаты, судьяның немесе сот төрағасының ұсынуы бойынша бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iстi бiр соттан екiншi сотқа беру туралы мәселенi жоғары тұрған сот шешедi, бұл туралы қаулы шығарылады. Істі бір соттың апелляциялық немесе кассациялық сатысынан басқа соттың тиісті сатысына беру осы бапта көзделген негіздер және тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
318-бап. Соттылық туралы дауларды шешу
1. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешедi, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тараптардың істiң бұл соттың соттылығына жатпайтыны туралы арыздарын осы сот шешедi. Соттың соттылық мәселесі бойынша шығарған қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкiн, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды.
41-тарау. БАСТЫ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫН ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖӘНЕ СОТ ОТЫРЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ
319-бап. Соттың келiп түскен қылмыстық iс бойынша әрекеттерi
1. Қылмыстық iс сотқа келіп түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi.
2. Судья келiп түскен iс бойынша:
1) жалпы немесе қысқартылған тәртіптегі басты сот талқылауын тағайындау;
2) iстi алдын ала тыңдауды жүргiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
3. Судья iс бойынша шешiмдi қаулы нысанында қабылдайды, онда:
1) қаулының шығарылған уақыты мен жерi;
2) қаулыны шығарған судьяның лауазымы мен тегi;
3) қабылданған шешiмдердiң негiздерi мен мәнi көрсетiлуге тиiс.
4. Шешiм iс сотқа келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
5. Судья қаулы шығарумен бiрмезгілде айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға мiндеттi.
320-бап. Сотқа келiп түскен iс бойынша анықталуға жататын мәселелер
Судья сот отырысын тағайындау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мыналарды:
1) iстiң осы соттың соттылығына жататынын-жатпайтынын;
2) iс бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға не тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлардың бар-жоғын;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру жүргізу, процестік келісім жасасу, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу кезінде сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңды бұзуға жол берілгенін-берілмегенін;
4) айыптау актісі көшірмелерінің берілгенін-берілмегенін;
5) айыпталушыға таңдалған бұлтартпау шарасының өзгертілуге немесе күші жойылуға немесе оны қолдану мерзімінің ұзартылуға жататынын-жатпайтынын;
6) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірiлген залалды өтеудi және мүлікті ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданғанын-қабылданбағанын;
7) арыздар мен өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға тиiс.
321-бап. Алдын ала тыңдауды өткiзу
1. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу міндетті. Басқа істер бойынша алдын ала тыңдау iстi соттылығы бойынша жiберу, істі прокурорға жіберу, iстi тоқтату, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдау, қылмыстық iстердi бiрiктiру және бөліп шығару, сондай-ақ тараптардың өтiнiшхаттарын қарау қажет болған жағдайда өткiзіледi.
2. Iстi алдын ала тыңдауды судья оны өткізу туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәулік ішінде сот отырысында жеке-дара жүргiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын туралы тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi.
3. Сот отырысына аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын сотталушының, оның қорғаушысы мен мемлекеттiк айыптаушының қатысуы мiндеттi. Өзге қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп айыпталатын сотталушы, егер ол бұл жөнiнде өтiнішхат жасаса, алдын ала тыңдау оның қатысуынсыз жүргiзiледi. Қорғаушы дәлелдi себептерсiз келмей қалған жағдайда, сондай-ақ оның алдын ала тыңдауға қатысуға мүмкiндiгi болмаған кезде, судья сот отырысына жаңадан тағайындалған қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Сот отырысына жәбiрленушi мен оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң келмеуi iстi алдын ала тыңдауға кедергi келтірмейді.
4. Алдын ала тыңдау барысында судья соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмысты жасады деп айыпталатын сотталушыдан оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхаттың бар-жоғын, егер осындай өтінішхат мәлімделген болса, оның өз өтінішхатын қолдайтынын-қолдамайтынын анықтайды.
5. Судья істi алдын ала тыңдау нәтижелерi туралы қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша шешiмдi баяндайды. Істi соттылығы бойынша жiберуге, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға, iстi тоқтатуға негiздер болмаған кезде сот осы Кодекстің 322-бабының талаптарын сақтай отырып, басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады.
6. Егер алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптауды өзгертсе, ол жаңа тұжырымдауды сотқа жазбаша түрде ұсынады және судья мұны қаулыда көрсетедi. Егер прокурордың айыптауды өзгертуi соттылықтың өзгеруiне әкеп соқса, судья iстi айыптау актісін қайта жасау және iстi соттылығы бойынша жiберу үшiн прокурорға қайтарады.
322-бап. Басты сот талқылауын тағайындау
1. Судья басты сот талқылауын осы Кодекстің 321-бабының бесінші бөлігіне сәйкес не сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодекстiң процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi барлық талаптары сақталды және сотта iстi қарауға кедергi келтiретiн өзге мән-жайлар жоқ деген түйінге келе отырып, алдын ала тыңдауды өткiзбестен тағайындайды.
2. Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда:
1) сотталушы болып табылатын адамды көрсету;
2) ол сотқа берілген қылмыстық заңды дәл көрсету;
3) бұлтартпау шарасы мен азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сақтау, олардың күшін жою, оларды өзгерту немесе таңдау және ықтимал тәркілеу туралы шешiм;
4) процеске қатысушылардың қарсылық білдірулері, өтiнiшхаттары мен өзге де мәлiмдемелерi бойынша шешiмдер;
5) айыпталушының таңдаған адамын қорғаушы ретiнде жіберу немесе алдыңғысына қорғаушы тағайындау туралы шешiм;
6) басты сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тiзбесi қамтылуға тиіс. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақтары сақтауға қойылған адамдар сот отырысына шақырылмайды;
7) заң соталушының iсiн сырттай қарауға жол беретiн жағдайда iстi оның қатысуынсыз тыңдау туралы шешiм;
8) басты сот талқылауының орны мен уақыты туралы мәлiметтер;
9) осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстi жалпы немесе қысқартылған тәртіппен, ашық немесе жабық сот отырысында қарау туралы шешiм;
10) сот ісін жүргiзу тiлі туралы шешiм;
11) запастағы судья туралы шешiм қамтылуға тиiс.
3. Егер iс бойынша алдын ала тыңдау жүргiзiлсе, басты сот отырысын тағайындау туралы қаулыда талқылауға қойылған мәселелер жөнiндегi шешiмдер көрсетілуге тиіс.
4. Басты сот талқылауы тараптарға сот отырысының болатын орны мен басталатын уақыты туралы хабарланған кезден бастап кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн және ол қысқартылған тәртіппен қаралатын кезде - оны тағайындау туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәуліктен кешіктірілмей және жалпы тәртіппен қаралатын кезде - он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға тиiс. Айрықша жағдайларда бұл мерзiм судьяның қаулысымен, бiрақ отыз тәулiктен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
5. Басты сот талқылауы қисынды мерзімде аяқталуға тиіс. Қысқартылған іс жүргізу кезінде басты сот талқылауы осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
323-бап. Соттың істі прокурорға жіберуі
Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталған, сондай-ақ олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу істері бойынша немесе жасалған процестік келісімдері бар істер бойынша басты сот талқылауында анықталған кезде, сот оларды жою үшін істі прокурорға қайтарады.
324-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру
1. Судья iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы қаулыны осы Кодекстiң 45-бабының бiрiншi, екiншi, үшінші бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша шығаруы мүмкiн.
2. Iс бойынша iс жүргiзу, бұл бiрнеше сотталушылардың бiреуiнің қорғалу құқығына немесе басқа да сотталушылардың қорғалу құқықтарына қысым көрсетілмеген жағдайда, олардың біреуіне қатысты тоқтатыла тұруы мүмкiн. Өздеріне қатысты iс жүргiзу тоқтатыла тұрмайтын сотталушылар күзетілуде болған және судья оларға бұлтартпау шарасын өзгертудi мүмкiн деп таппаған жағдайда iс жүргiзу алты айдан аспайтын мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Егер осы уақыт iшiнде сотталушылардың бiреуiне қатысты iс жүргiзудi тоқтата тұру үшін негiздер жойылмаса, онда басқа сотталушыларға қатысты iс жүргiзу қайта басталуға және басты сот талқылауының күнi тағайындалуға тиiс.
3. Іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстiң 45-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген негiз бойынша тоқтатыла тұрған кезде, осы Кодекстiң 335-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, iс прокурорға қайтарылады.
325-бап. Азаматтық талап қоюды және мүлiктi тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары
Анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген залалды өтеудi және мүлiктi ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ететiн шаралар қабылдамаған жағдайда, судья оларды қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануды қылмыстық қудалау органдарына мiндеттейдi.
326-бап. Қылмыстық iстi соттылығы бойынша жiберу
Егер судья iстiң өзiнің соттылығына жатпайтынын анықтаса, онда ол мұндай шешiмнiң заңдық негiздерiн келтiре отырып және iс жолданатын сотты көрсетіп, iстi соттылығы бойынша жiберу туралы қаулы шығарады, ол туралы процеске қатысушыларға хабарлайды.
327-бап. Қылмыстық iстi тоқтату
Судья алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауында істі осы Кодекстiң 35-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 36-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген негiздер бойынша, сондай-ақ басты сот талқылауында мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда тоқтату туралы қаулы шығарады. Судья істi тоқтату туралы шешiм қабылдай отырып, бұлтартпау шарасын, азаматтық талап қоюды және мүлікті тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларының күшін жояды және заттай дәлелдемелер туралы мәселенi шешедi. Судьяның iстi тоқтату туралы қаулысының көшiрмесi прокурорға жiберiледi, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамға және жәбiрленушiге табыс етіледі.
328-бап. Тараптардың iс материалдарымен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету
Судья басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн судья тараптарға iстiң сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында өздерiне таныстырылмаған барлық материалдарымен танысу, олардан мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қажеттi мәлiметтердi көшіріп алу және ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен көшірмелерін түсіріп алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
329-бап. Құжаттардың көшiрмелерiн табыс ету
Егер сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде бұлтартпау шарасы өзгертілсе немесе сотқа шақырылуға жататын адамдардың тiзiмi өзгертiлсе не прокурор айыптауды өзгертсе, онда сотталушы адамға, оның қорғаушысына, жәбірленушіге және оның өкіліне судьяның көрсетілген шешімдер жөніндегі қаулысының көшiрмесi және прокурор жасаған айыптаудың жаңаша тұжырымдалуы табыс етіледі.
330-бап. Сот отырысына шақырту
1. Судья өзiнiң қаулысында көрсетiлген адамдарды сот отырысына шақыру туралы өкiм бередi, сондай-ақ сот отырысын дайындау үшiн шаралар қолданады.
2. Қорғау куәлары мен айыптау куәларының сот отырысына келуін қамтамасыз ету тиісті тараптарға жүктелуі мүмкін. Қысқартылған тәртіппен сот талқылауы тағайындалған кезде сот отырысына куәлар шақырылмайды.