1) келісімдік іс жүргізуде талқылауды тағайындау;
2) егер келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер болмаса, қылмыстық істі прокурорға қайтару;
3) егер сот қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен, жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, жаңа келісім жасасу мүмкіндігін ұсына отырып, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Тараптар соттың қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері, жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі қаулысына сәйкес кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор қылмыстық істі жаңа процестік келісіммен бірге оны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін сотқа жібереді.
3. Судья кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде ол істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және іс бойынша жалпы тәртіппен іс жүргізуді жүзеге асыру үшін оны прокурорға жібереді.
4. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шешім қабылдау үшін осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен істі алдын ала тыңдауды жүргізеді.
624-бап. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау кезінде сот отырысына қатысатын адамдар
Келісімдік іс жүргізу кезіндегі сот отырысына прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қатысады. Жәбірленуші, азаматтық талапкер және олардың өкілдері сот отырысына шақырылмайды.
Сот қажет болған кезде олардың келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауына қатысуын, оның ішінде коммуникацияның ғылыми-техникалық құралдарының көмегімен қатысуын ұйымдастыра алады.
625-бап. Келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімдері
1. Төрағалық етуші сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешкеннен кейін кінәні мойындау туралы процестік келісімді қараудың басталғаны туралы жариялайды және прокурорға оның мәнін баяндауды ұсынады.
2. Прокурордың сөзінен кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның процестік келісімнің мәнін түсінгенін-түсінбегенін және онымен келісетінін-келіспейтінін сұрайды. Қажет болған кезде төрағалық етуші сотталушыға процестік келісімнің мәнін түсіндіреді, содан кейін оған келісім жасасудың мән-жайын сотқа хабарлауды ұсынады және процестік келісімнің оның ерік білдіруіне сәйкестігін-сәйкес еместігін және ол оны қолдайтын-қолдамайтынын және осы іс бойынша сотқа бірдеңе хабарлағысы келетін-келмейтінін анықтайды.
3. Төрағалық етуші сотталушының ұстанымын анықтай отырып, кінәні мойындау туралы процестік келісімге қатысты қорғаушыға және прокурорға өз пікірлерін хабарлауын ұсынады, сондай-ақ олардың процестік келісімді қолдайтынын-қолдамайтынын анықтайды.
4. Төрағалық етуші сот отырысында қажет болған кезде кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасасудың заңда көзделген тәртібін сақтау мәселесі бойынша прокурордан, сотталушыдан және оның қорғаушысынан жауап алады.
5. Процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан келісімде көзделген мүліктік өндіріп алулар бөлігінде сот актісін өз еркімен орындау үшін оған қандай мерзім қажет екенін анықтайды, бұл ретте оның отбасылық және материалдық жағдайын анықтайды. Сотталушыға да сотқа қосымша бірдеңе хабарлау құқығы берілуге тиіс. Сотталушыны тыңдап болған соң төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетеді және сот шешімін жария ету уақытын хабарлайды.
6. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
626-бап. Соттың келісімдік іс жүргізудегі шешімдері
1. Сот процестік келісімді келісімдік іс жүргізуде қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) егер келісімдік іс жүргізуді қолдануға негіздер болмаса, прокурорға қылмыстық істі қайтару туралы қаулы;
2) егер сот процестік келісімде көрсетілген қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен не жазаның түрімен немесе мөлшерімен келіспесе, жаңа процестік келісім жасасу үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер сотта сотталушының кінәлілігіне күмән туындаса, істі келісімдік іс жүргізу тәртібімен қараудан бас тарту туралы және қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
4) егер осы Кодекстің 35-бабында санамаланған мән-жайлар анықталса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
5) процестік келісімге сәйкес сотталушыға жаза тағайындап, азаматтық талап қою және басқа да өндіріп алулар жөнінде шешімі бар айыптау үкімін шығарады.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көрсетілген қаулыны шығарған жағдайда, қылмыстық іс жалпы тәртіппен тергеп-тексеру жүргізу үшін прокурорға қайтарылады.
3. Тараптар қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері не жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі сот қаулысына сәйкес жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор сотқа келісімдік іс жүргізуде қарау үшін жаңа процестік келісіммен бірге қылмыстық істі жібереді.
4. Судья жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және қылмыстық істі жалпы тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін прокурорға жібереді.
627-бап. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша айыптау үкімінің құрылымы және мазмұны
1. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша шығарылған үкімнің кіріспе бөлігі осы Кодекстің 396-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Келісімдік іс жүргізуде шығарылған айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде процестік келісімге сілтеме қамтылуға тиіс және мыналар:
1) жасалуына сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық іс-әрекеттің сипаты;
2) жасалған әрекеттің саралануы;
3) жаза тағайындаудың уәждері;
4) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері, оны орындаудың тәртібі мен мерзімі;
5) заттай дәлелдемелердің тағдыры және процестік шығындарды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Үкімнің қарар бөлігінде:
1) сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті тармағы, бөлігі және бабы бойынша кінәлі деп тану;
2) жазалау шарасы;
3) азаматтық талап қою және процестік шығындар туралы мәселе бойынша шешім;
4) келтірілген залалды процестік келісімнің талаптарына сәйкес өтеу мерзімі;
5) үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі көрсетіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот үкімді шығарумен бір мезгілде осы Кодекстің 401-бабында санамаланған мәселелерді шешуге тиіс.
Үкімнің көшірмесі шығарылған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмейтін мерзімде сотталған адамға, оның қорғаушысына және прокурорға табыс етіледі.
Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша сот үкіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым жасауға, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға және наразылық білдіруге болады.
628-бап. Басты сот талқылауы барысында келісімдік іс жүргізуді қозғау
1. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.
2. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалғаннан кейін ол судьяға беріледі, ол істі келісімдік іс жүргізуде қарауды жалғастыру туралы қаулы етеді. Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.
629-бап. Сотта жасалатын процестік келісімнің құрылымы мен мазмұны
1. Сотта жасалатын процестік келісім нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Егер сотталушы қылмыстар жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі.
3. Егер сотталушыға үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалса, онда келісімде түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері де көрсетіледі.
4. Келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
5. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхат береді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен Кодекс 13-1-бөліммен толықтырылды
13-1-БӨЛІМ. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ
64-1-тарау. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ
629-1-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібі, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің жалпы қағидаларымен айқындалады.
2. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, егер:
1) жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса;
2) күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе;
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе;
4) күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
3. Бұйрықтық іс жүргізу:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға;
2) кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға;
3) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға;
4) міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
4. Бұйрықтық іс жүргізу, олардың ішінде ең болмағанда біреуі айыппұл түрінде негізгі жазаны көздемейтін қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидаларын қолдануды талап ететін үкімдер жиынтығы кезінде қолданылмайды.
5. Егер сот іс бойынша бұрын шығарылған үкімнің күшін осы Кодекстің 629-6-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойған болса, бұйрықтық іс жүргізу қолданылмайды.
6. Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздердің жиынтығы анықталған кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды.
Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Күдікті, оның қорғаушысы (ол қатысқан кезде), жәбiрленушi, оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттары шешілгеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарады.
629-2-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулының мазмұны
1. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда:
1) оның шығарылған уақыты, орны;
2) қаулыны кімнің шығарғаны;
3) күдіктінің жеке басы туралы деректер;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы, оның ішінде оқиға, жасалу тәсілдері, уәждері, салдары мен басқа да елеулі мән-жайлар;
5) жәбірленуші, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері;
7) жауаптылықты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар;
8) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері;
9) қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша - қылмыстық істі сотқа бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау үшін жіберу туралы;
10) онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша - бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекіту және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы көрсетіледі.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыға оны жасаған адам қол қояды.
2. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы бекітілгеннен кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей, оның көшірмесі айыпталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге, ал қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша прокурорға да табыс етіледі не жiберiледi.
629-3-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны сотқа жіберу тәртібі
1. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы анықтау органының бастығына берілуге жатады, ол қылмыстық істі дереу зерделеп шығып, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;
3) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тарту уәжді болуға тиіс және бұл туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.
2. Онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша анықтаушы шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы анықтау органының бастығына берілуге жатады, ол қылмыстық істі дереу зерделеп шығып, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тартады.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс.
3. Тергеу бөлімінің бастығы онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша тергеуші шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны прокурорға жіберуге тиіс.
4. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, іс келіп түскен кезден бастап - жиырма төрт сағаттан кешіктірмей, ал күдікті күзетпен ұсталатын істер бойынша сегіз сағаттан кешіктірмей, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;
3) осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болмаған кезде қылмыстық істі анықтау не алдын тергеу жүргізу үшін қайтарады;
4) қылмыстық істі жекелеген күдіктілерге қатысты тоқтатады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады және істі сотқа жібереді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде тоқтатады.
Прокурор қабылданған шешім туралы мүдделі адамдарды хабардар етеді.
5. Арасында қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бар екі және одан көп қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен сотқа жіберілуге жатады.
629-4-бап. Бұйрықтық іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімі
1. Судья іс сотқа бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде істі ұсынылған материалдар негізінде, сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Судья істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, қылмыстық теріс қылық туралы қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға қайтару туралы қаулы;
2) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, онша ауыр емес қылмыс туралы істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімін;
5) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, қылмыстық теріс қылық туралы қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға қайтару туралы қаулы;
6) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамға не прокурорға қайтару туралы қаулы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-5-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны
1. Айыптау үкімінің кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны;
3) үкiм шығарған соттың атауы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, іс үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
2. Айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде:
1) сотталушы кінәлі деп танылған, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
3) кінәсінің нысаны, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдары, келтірілген нұқсанның сипаты мен мөлшері;
4) сотталушыға айыппұл тағайындау уәждері;
5) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері;
6) заттай дәлелдемелердің тағдыры, процестік шығасыларды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы шешім;
3) сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ);
4) айыппұл мөлшері, оның ішінде теріс қылықтардың және (немесе) онша ауыр емес қылмыстардың жиынтығы кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы негізінде тағайындалған айыппұлдың түпкілікті мөлшері;
5) қойылған азаматтық талап бойынша шешім;
6) заттай дәлелдемелер туралы мәселенің шешілуі;
7) процестік шығасыларды бөлу туралы шешім;
8) үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келтіру және үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі туралы көрсету.
629-6-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің көшірмесін жіберу
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімі шығарылған күннен бастап бір тәуліктен кешіктірмей, сот оның көшірмесін сотталған адамға табыс ету туралы хабарламамен, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына жiбередi.
2. Сотталған адам айыптау үкімінің көшірмесін алған күннен бастап жеті тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен үкім шығарған сотқа, айыппұл мөлшерін қоспағанда, үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат жіберуге құқылы.
Егер сотталған адамнан белгіленген мерзімде үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келіп түссе, судья өзі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарған үкімнің күшін жояды және істі сотқа дейінгі іс жүргізу органына қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған үкімнің күшін жою туралы қаулының көшірмесі ол шығарылған күні - сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына табыс етіледі (жіберіледі).
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі үкімнің күшін жою туралы қаулы шағым жасалуға немесе прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-7-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне шағым жасау
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне - көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде жәбірленушінің шағымы және (немесе) прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, олар осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне, азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде, көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны және айыптау үкімін қайта қарау туралы өтінішхаттарды қарау осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сотталған адам тағайындалған айыппұл мөлшеріне келіспеген жағдайда ғана айыптау үкіміне өтінішхат келтіре алады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы да және айыптау үкімі де осы Кодекстің 10-бөлімінде көзделген тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
629-8-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі істі тоқтату туралы қаулының және айыптау үкімінің заңды күшіне енуі
Егер белгіленген мерзімде сотталған адамнан, жәбiрленушiден, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе прокурордан өтінішхат келіп түспесе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған істі тоқтату туралы қаулы және айыптау үкімі орындауға жіберіледі, бұл туралы сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға хабарланады.
14-БӨЛIМ. ІСТЕР БОЙЫНША АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН IС ЖҮРГIЗУ
65-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
630-бап. Істер бойынша алқабилердiң қатысуымен iс жүргiзу тәртiбi
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.
631-бап. Істердің алқабилер қатысатын сотқа соттылығы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесінші бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы, сондай-ақ 125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстердi алқабилердiң қатысуымен қарайды.