5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкiмi мен басқа да шешiмдерiн тиiстi соттар ғана осы Кодексте көзделген тәртiппен тексере алады және қайта қарай алады.
12-бап. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
2. Ешкiмнің өзі үшін заңмен көзделген соттылығы оның келісімінсіз өзгертiле алмайды.
3. Мемлекет заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әркімнің сот төрелігiне қол жеткізуін және оған келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.
13-бап. Жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысатын адамның абыройын түсіретін немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынады, жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сол сияқты адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.
2. Адамға қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге жатады.
14-бап. Жеке басқа қолсұғылмаушылық
1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алуға, күзетпен қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және күзетпен қамауға не үйқамаққа алынған адамға сотқа шағым жасау құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жол берiледi.
Осы Кодексте адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетіні тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам соттың санкциясынсыз - қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуға ұшырауы мүмкін.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi.
3. Әрбiр ұстап алынған адамға ұстап алудың негiздерi, сондай-ақ оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.
4. Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің, медициналық ұйымның басшысы заңсыз ұстап алынған немесе күзетпен ұсталып отырған немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталып отырған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлерiне ұшыратуға болмайды.
6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке басқа қолсұғылмаушылықты бұзатын процестік әрекеттер осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жүргiзiлуi мүмкiн.
7. Адамды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды күзетпен ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
8. Азаматқа бас бостандығынан заңсыз айыру, оны өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайларда ұстау, оған қатыгез қарым-қатынас жасау салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
15-бап. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау
1. Қылмыстық процесті жүргiзетін орган қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарын бұзу салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген негiздер бойынша және тәртіппен өтелуге жатады.
3. Жәбiрленушiнi, куәны немесе қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не өзге де құқыққа қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытты деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процесті жүргiзетін орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
16-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылық. Жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясы
1. Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (жеке және отбасылық) өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
3. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, ешкім адамның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқылы емес.
4. Адамның жеке өмірі туралы осы Кодексте көзделген тәртіппен алынған ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды.
17-бап. Тұрғынжайға қолсұғылмаушылық
Тұрғынжайға қол сұғылмайды. Тұрғынжайға онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оған қарап-тексеру мен тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана жол берiледi.
18-бап. Меншiкке қолсұғылмаушылық
1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.
2. Процестік әрекеттер барысында адамдардың банктегi салымдарына және басқа да мүлкiне тыйым салу, сондай-ақ оларды алып қою осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
19-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы
1. Әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады.
2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.
3. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да күдіктінің, айыпталушының, сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс.
4. Айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.
20-бап. Қайтадан соттауға және қылмыстық қудалауға жол бермеушілік
Ешкiмдi де бір сол қылмыстық құқық бұзушылық үшін қайтадан қылмыстық жауаптылыққа ұшыратуға болмайды.
21-бап. Сот төрелігiн заң мен сот алдындағы теңдiк бастауларында жүзеге асыру
1. Сот төрелігі баршаның заң мен сот алдында теңдiгi бастауларында жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында ешкiмдi де шыққан тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсiтушiлiкке ұшыратуға болмайды.
3. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамдарға қатысты қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
22-бап. Судьялардың тәуелсiздiгi
1. Судья сот төрелігін іске асыру кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.
2. Соттың сот төрелігін іске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бір араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңда белгiленген.
23-бап. Сот iсiн жүргiзудi тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негiзiнде жүзеге асыру
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық қудалау, қорғау және соттың iстi шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады.
3. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару мiндетi - қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктеледi.
4. Қорғаушы күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға мiндеттi.
5. Сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейді және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi.
6. Сот объективтiлiктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз процестік мiндеттерін орындауы және өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдайларды жасауға міндетті.
7. Қылмыстық процеске қатысатын тараптар тең құқылы, яғни оларға Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Кодекске сәйкес өз ұстанымын қорғауға бiрдей мүмкiндiктер берілген. Сот процестік шешiмді тек тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде зерттелуіне қатысу қамтамасыз етiлген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
8. Тараптар қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында өзiнiң ұстанымын, оны қорғаудың тәсілдері мен құралдарын дербес және сотқа, басқа да органдар мен адамдарға тәуелсiз таңдайды. Сот тараптың өтiнiшхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртiппен қажеттi материалдарды алуға жәрдем көрсетедi.
9. Мемлекеттiк айыптаушы және жекеше айыптаушы белгiлi бiр адамды қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алады немесе заңда көзделген жағдайларда қылмыстық қудалаудан бас тарта алады. Күдіктi, айыпталушы, сотталушы өзiнiң кiнәсiн еркін түрде теріске шығаруы немесе өзiн кiнәлiмiн деп мойындауы, жәбірленушімен татуласуы, процестік келісімді, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісімді жасасуы мүмкін. Азаматтық талапкер талап қоюдан бас тартуға немесе азаматтық жауапкермен татуласу келісімін жасасуға құқылы. Азаматтық жауапкер талап қоюды мойындауға немесе азаматтық талапкермен татуласу келісімін жасасуға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 10-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
10. Сот тараптардың істі бiрiншi және апелляциялық сатыларында қарау құқығын қамтамасыз етедi; сотталушы мен оның қорғаушысы және процеске басқа да қатысушылар істі кассациялық тәртіппен қарау кезiнде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру және үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау кезінде қатысуға жіберіледі. Сот әрбiр қылмыстық iстi қараған кезде айыптаушы тарап атынан мемлекеттiк не жекеше айыптаушы өкілдік етуге тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодексте айқындалады.
24-бап. Iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
Бұл ретте сот істе бар және ұсынылған дәлелдемелерді осы Кодексте көзделген тәсілдермен зерттейді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толымсыздығын жою мақсатында сот өз бастамасы бойынша қосымша дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
2. Қылмыстық қудалау органдары нақты деректердi айқындайды, солардың негiзiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар анықталады.
3. Қылмыстық iстi қарайтын сот объективтiлiк пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптаушы және қорғаушы тараптарға олардың iстің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге деген құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай жасайды.
4. Осы Кодекстің 380-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот істе бар және сот отырысында тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі мен жеткіліктілігі мәселелері бойынша тараптардың пікірімен байланысты емес.
5. Іс бойынша күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны әшкерелейтiн де, ақтайтын да, сондай-ақ олардың жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталуға жатады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кінәсіздігі немесе кінәлілік дәрежесінің аздығы туралы, сондай-ақ оларды ақтайтын не олардың жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелердің бар-жоғы туралы барлық мәлімдемелерді, сондай-ақ дәлелдемелердің жиналуы мен бекітілуі кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің қолданылғаны туралы мәлімдемелерді тексеруге тиіс.
25-бап. Дәлелдемелердi iшкi сенiм бойынша бағалау
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.
Алқаби дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнің iшкi сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол ар-ожданды басшылыққа алады.
2. Ешқандай дәлелдемелердiң күнi бұрын белгiленген күшi болмайды.
26-бап. Күдіктiнiң, айыпталушының қорғалу құқығын қамтамасыз ету
1. Күдіктiнiң, айыпталушының қорғалуға құқығы бар. Олар бұл құқықты осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке өздерi де, сол сияқты қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.
2. Қылмыстық процесті жүргiзетiн орган күдіктiге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың күдіктен, айыптаудан заңда тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке бас құқықтары мен мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процесті жүргiзетін орган iске күдіктiнің, айыпталушының қорғаушысының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Күдіктiнің, айыпталушының қорғаушысының және заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы күдіктiге, айыпталушыға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.
5. Күдіктi, айыпталушы айғақтар беруге, қылмыстық қудалау органдарына қандай да болсын материалдар беруге, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.
6. Күдіктiнiң, айыпталушының олармен бiрлесiп қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өздерiне тиесiлi қорғалу құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.
27-бап. Білікті заң көмегіне құқықты қамтамасыз ету
1. Әркімнің қылмыстық процесс барысында осы Кодексте көзделген тәртіппен білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
28-бап. Куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату
1. Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және аясы осы Кодексте айқындалған өзінің жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес.
2. Дiни қызметшiлер тәубаға келу үстінде өздерiне iшкi сырын ашқан адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда көрсетілген адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшiн оларды қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.
29-бап. Жариялылық
1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттарда және сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келгенде ғана жол беріледі. Іске қатысатын адамдардың өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтердің жария етілуін болғызбау мақсатында, кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы істер бойынша және басқа да істер бойынша, сондай-ақ оны жәбірленушінің, куәның немесе іске қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қауіпсіздігі мүдделері талап ететін жағдайларда, соттың уәжді қаулысы бойынша жабық сот талқылауына жол беріледі. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген, тергеу судьясы шешетін шағымдар да жабық сот отырысында қаралады.
2. Жабық отырыста істерді талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Соттың үкімі және іс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайларда көпшілік алдында жарияланады. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша үкімнің кіріспе және қарар бөліктері ғана көпшілік алдында жария етіледі.
30-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
3. Iс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi түрде бiлмейтiн iске қатысатын адамдарға ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, осы Кодексте белгiленген тәртiппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.
4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сот процесiне қатысатын адамдарға сотта айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тiлiне аудармасы өтеусіз қамтамасыз етiледi.
5. Қылмыстық процесті жүргiзетін органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес оларға сот iсiн жүргiзу тiлiнде табыс етілуге тиiс құжаттарды табыс етеді. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн құжаттардың сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған, куәландырылған көшiрмесi қоса беріледi.
31-бап. Процестік әрекеттер мен шешiмдерге шағым жасау бостандығы
1. Сот пен қылмыстық қудалау органының әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
2. Әрбiр сотталған адамның, ақталған адамның үкiмдi жоғары тұрған сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен қайта қаратуға құқығы бар.
3. Шағымды оны берген немесе өзінің мүддесінде шағым берілген тұлғаға зиян келтіретіндей етіп қолдануға жол берілмейді.
3-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ
32-бап. Жекеше, жекеше-жариялы және жариялы қудалау және айыптау iстерi
1. Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына және ауырлығына қарай қылмыстық қудалау мен сотта айыптау жекеше, жекеше-жариялы және жариялы тәртіппен жүзеге асырылады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110 (бірінші бөлігінде), 114 (бірінші және екінші бөліктерінде), 123 (бірінші бөлігінде), 130, 131, 147 (бірінші және екінші бөліктерінде), 149 (бірінші бөлігінде), 150 (бірінші бөлігінде), 198 (бірінші бөлігінде), 199 (бірінші бөлігінде), 321 (бірінші бөлігінде)-баптарында, сондай-ақ осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152-бабында (бірінші және екінші бөліктерінде) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жекеше айыптау iстерi болып есептеледі. Осы істер бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана басталады және оның айыпталушымен, сотталушымен татуласуына орай тоқтатылуға жатады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115, 120 (бірінші бөлігінде), 121 (бірінші бөлігінде), 126 (бірінші бөлігінде), 138, 139, 145, 148 (бірінші бөлігінде), 152 (үшінші бөлігінде), 153 (бірінші бөлігінде), 154, 155 (бірінші бөлігінде), 157 (бірінші бөлігінде), 158 (бірінші бөлігінде), 159, 187, 189 (бірінші және екінші бөліктерінде), 190 (бірінші бөлігінде), 195 (бірінші бөлігінде), 198 (екінші бөлігінде), 199 (екінші бөлігінде), 201 (бірінші бөлігінде), 202 (бірінші бөлігінде), 204, 205 (бірінші бөлігінде), 206 (бірінші бөлігінде), 207 (бірінші бөлігінде), 208 (бірінші бөлігінде), 209 (бірінші бөлігінде), 211 (бірінші бөлігінде), 219 (бірінші бөлігінде), 223, (бірінші және екінші бөліктерінде), 248 (бірінші бөлігінде), 250, 251 (бірінші бөлігінде), 319 (бірінші және екінші бөліктерінде), 321 (екінші бөлігінде), 345 (бірінші бөлігінде), 389 (бірінші бөлігінде)-баптарында, сондай-ақ, егер бұл соттың жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімін орындамаумен байланысты болса, 152 (бірінші бөлігінде)-бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жекеше-жариялы айыптау iстері болып есептеледі. Осы істер бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана басталады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 68-бабында көзделген жағдайларда ғана жәбiрленушiнiң күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен татуласуына орай тоқтатылуға жатады.
4. Прокурор жекеше және жекеше-жариялы айыптау ісі бойынша және іс-әрекет дәрменсіз немесе тәуелді күйдегі не басқа да себептермен өзіне тиесілі құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабілетсіз адамның мүдделерін қозғаса, жәбірленушінің шағымы болмаған кезде не қоғамның немесе мемлекеттің мүдделері қозғалатын жекеше-жариялы айыптау ісі бойынша іс жүргізуді бастайды не жалғастырады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен және кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жәбірленушінің шағымы болмаған кезде жекеше және жекеше-жариялы айыптау және қудалау істері бойынша іс жүргізу хабар тіркелген кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жатады.
6. Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілгендерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым бергеніне-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады.
33-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту
1. Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 9-тарауында көзделген іс-әрекет коммерциялық ұйымның немесе мемлекеттiк кәсiпорын болып табылмайтын өзге де ұйымның мүдделерiне ғана зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауаптылыққа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының, құрылтайшысының (қатысушысының) арызы немесе олардың келiсуi бойынша жүзеге асырылады.
2. Ұйымның немесе уәкілетті органның басшысы, құрылтайшысы (қатысушысы) адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды қылмыстық процестің кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы. Арызды кері қайтарып алу іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатуға әкеп соғады.