2) мемлекетаралық стандарттардың ақпараттық каталогтарын қалыптастыру және жүргізу;
3) күші жойылған, ауыстырылған және қолданысқа енгізілмеген мемлекетаралық стандарттардың каталогын қалыптастыру;
4) мерзімді ақпараттық көрсеткіштерді қалыптастыру және жүргізу.
30-бап. Стандарттау саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету
Стандарттау саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету:
1) стандарттау жөніндегі құжаттар туралы ақпаратты орналастыру;
2) нормативтік техникалық құжаттарды, ресми басылымдарды және олардың көшірмелерін тарату;
3) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды жариялау арқылы жүзеге асырылады.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 30-1-баппен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
30-1-бап. Ұлттық стандарттарды түсіндіру
Ұлттық стандарттарды түсіндіруді оларды әзірлейтін ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері жүзеге асырады.
31-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы ақпаратты орналастыру
1. Стандарттау жөніндегі құжаттар (әскери ұлттық стандарттарды, ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) туралы ақпаратты орналастыру оларды стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында және стандарттардың ай сайынғы және жыл сайынғы ақпараттық көрсеткіштерінде міндетті түрде жариялау арқылы жүзеге асырылады.
2. Стандарттау жөніндегі құжат туралы ақпаратқа:
1) атауы;
2) қолданылу саласы;
3) бекіту, өзгерістер енгізу және күшін жою туралы шешімнің күні мен нөмірі;
4) әзірлеуші туралы мәліметтер жатады.
32-бап. Жариялау
Ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жариялануға жатады.
Жариялау стандарттау жөніндегі құжаттардың мәтіндерін стандарттау жөніндегі ұлттық органың интернет-ресурсында орналастыру жолымен жүзеге асырылады.
33-бап. Ұлттық стандарттау белгісі
1. Ұлттық стандарттау белгісімен ұлттық (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), мемлекетаралық стандарттардың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың баспа және электрондық басылымдары, сондай-ақ стандарттардың ақпараттық көрсеткіштері мен стандарттау жөніндегі құжаттардың каталогтары таңбаланады.
2. Ұлттық стандарттау белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар және таңбалау тәртібі ұлттық стандартта белгіленеді.
7-тарау. СТАНДАРТТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
34-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық
1. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық осы Заңға және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Халықаралық ынтымақтастық ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттердің стандарттау субъектілерімен ынтымақтастығын қамтиды.
3. Өңірлік ынтымақтастық ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығын қамтиды.
4. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің халықаралық және өңірлік стандарттарды әзірлеуге қатысуын үйлестіреді.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
35-бап. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру көздері
1. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) ұйымдардың қаражаты;
3) жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.
Бюджет қаражаты есебінен: негізге алынатын ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелеріне өзара байланысты стандарттар ретінде енгізілетін ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды, мемлекеттік бағдарламалардың, Қазақстан Республикасы Президенті және Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің іске асырылуы үшін әзірленетін ұлттық стандарттарды, нормативтік құқықтық актілерде қолдану үшін ұлттық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеуге жол беріледі. Стандарттау жөніндегі құжаттардың қалған түрлері өзге қаржыландыру көздері есебінен әзірленеді.
36-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
37-бап. Өтпелі ережелер
Алдын ала ұлттық стандарттар және үкіметтік емес стандарттар осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін он екі ай ішінде ұлттық стандарттар ретінде қабылдануы мүмкін.
38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы қазанның 5-і.
№ 183-VІ