4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
2021.24.06. № 52-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалыптастырады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету кезінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
6. Аккредиттелген денсаулық сақтау ұйымдарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шарттар жасасуға артықшылық құқығы болады.
70-бап. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары
1. Аурулардың алдын алу мен халықты емдеуге бағытталған шаралар арасында денсаулық сақтау ресурстарын тең және тиімді бөлу мақсатында олардың бөлінуін бағалау үшін пайдаланылатын, елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық ағындарды ұдайы, жан-жақты және дәйекті мониторингтеу жүйесі ұлттық денсаулық сақтау шоттары болып табылады.
2. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары жыл сайын халықаралық әдіснама негізінде:
1) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның статистикалық бюллетендері;
2) бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері;
3) медициналық ұйымдар бөлінісінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың деректері;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми интернет-ресурстарында жарияланған статистикалық деректер пайдаланыла отырып қалыптастырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген деректер негізінде уәкілетті орган көрсетілетін қызметтер мен медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілер бойынша шығыстар сипатталған талдамалық есепті, сондай-ақ оларды қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қалыптастырады.
3. Ұлттық денсаулық сақтау шоттарының деректерін қалыптастыру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
10-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
71-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық ынтымақтастық мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен халықаралық интеграциялық бірлестіктердің ресми өкілдерімен денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды, халықаралық сипаттағы іс-шараларға қатысуды, халықаралық шарттар әзірлеуді қамтиды.
3. Денсаулық сақтауды басқару органдарының, денсаулық сақтау субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің денсаулық сақтауды басқару органдарымен, шетелдік кәсіпорындармен, мекемелермен және ұйымдармен тікелей байланыстар орнатуға құқығы бар.
4. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жасалатын, оның ішінде денсаулық сақтауды басқару органдары, денсаулық сақтау субъектілері жасасатын келісімдер, шарттар адамның және Қазақстан Республикасы азаматтарының халықтың денсаулығын сақтау саласындағы құқықтары мен бостандықтарын шектемеуге тиіс.
72-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары
Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары:
1) денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау;
2) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
3) мемлекетаралық деңгейде денсаулық сақтау саласында инвестициялар тарту және техникалық көмек көрсету;
4) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету;
5) халықаралық инновациялық технологияларды ендіру және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту арқылы медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру;
6) әлемдік медицина және фармацевтика ғылымына интеграциялану;
7) еңбекші көшіп-қонушыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
8) денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі, ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимыл;
9) төтенше ахуалдар туындаған кезде денсаулық сақтау саласында халықаралық көмек көрсету және алу;
10) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласында ақпарат, технологиялар алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды үндестіру;
11) халықаралық медициналық-санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес шекараны санитариялық қорғау, әкелінетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
73-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық және құқықтық негіздері
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізін:
1) халықаралық ұйымдарға міндетті және ерікті мүшелік жарналар;
2) гранттарды, техникалық көмекті тарту және пайдалану;
3) жасалған халықаралық шарттарға сәйкес қаржыландыру құрайды.
2. Халықаралық шарттар денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі болып табылады.
2-БӨЛІМ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ
11-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
74-бап. Қоғамдық денсаулықты сақтаудың басым бағыттары
1. Қоғамдық денсаулықты сақтаудың басым бағыттары мыналар болып табылады:
1) халықтың медициналық-әлеуметтік белсенділігін қалыптастыру және саламатты өмір салтын ұстану арқылы денсаулықты нығайту;
2) денсаулықтың негізгі аспектілері мен тәуекел факторлары туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру;
3) инфекциялық және басым инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау;
4) барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен ведомстволардың, қоғамдық бірлестіктердің, бизнес қоғамдастықтардың және басқа да жеке және заңды тұлғалардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру.
2. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі - бұл мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің саламатты өмір салтын насихаттауға, дұрыс тамақтануға, мінез-құлықтық тәуекел факторларының денсаулыққа әсерін бағалауға, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың профилактикасына бағытталған қызметі.
75-бап. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқау
1. Денсаулық сақтау статистикасы - статистиканың халық денсаулығы, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметі және денсаулық сақтау ресурстарын пайдалану туралы статистикалық деректерді қамтитын саласы.
2. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды жүзеге асыру тәртібін, денсаулық сақтау саласындағы статистикалық есепке алу мен есептілік нысандарын, оларды жүргізу, толтыру тәртібін және ұсыну мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
4. Денсаулықтың статистикалық көрсеткіштері денсаулық сақтау саласындағы статистикалық талдау, ресурстарды болжау және процестерді модельдеу, денсаулық сақтау жүйесінің саясатын жоспарлау, басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін қолданылады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы ресми статистикалық ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады және оны уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурста орналастырады.
12-тарау. АДАМДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
76-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету кепілдігі
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) медициналық көмекке тең қол жеткізуге;
2) медициналық көмектің сапасына;
3) дәрілік қамтамасыз етудің сапасына;
4) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, тиімділігі мен қауіпсіздігіне;
5) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру бойынша іс-шаралар жүргізуге;
6) репродуктивтілікті таңдау еркіндігіне, репродуктивтік денсаулықты сақтауға және репродуктивтік құқықтарын сақтауға;
7) санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылыққа кепілдік береді.
3. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қандай да бір аурулары мен жай-күйлерінің болуына орай кемсітушілік пен стигматизацияның кез келген нысандарынан қорғауға кепілдік береді.
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;
3) дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға;
4) пациент стационар жағдайында емделуде болған жағдайда емдік тамақ алуға;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмекке;
6) ақылы негізде медициналық және өзге де көрсетілетін қызметтерді алуға;
7) көрсетілімдер болған кезде бюджет қаражаты есебінен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көмек алуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және олардың берілуіне;
9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, оны диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, мекендеу ортасының жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар, дұрыс тамақтану мен тағамдық өнімдердің қауіпсіздігі туралы анық ақпаратты өтеусіз және тұрақты түрде алуға;
10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтердің қорғалуына;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына;
14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге;
16) донор ретінде әрекет ету мүмкіндігі туралы ерікті түрде ерік білдіруге;
17) қайтыс болғаннан кейін осы Кодексте айқындалған тәртіппен трансплантаттау мақсатында өздерінен тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) алуға келісу не алудан бас тарту туралы ерік білдіруге;
18) емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға;
19) бірлесіп төлеуге;
20) жазылмайтын созылмалы ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басатын ем алуға;
21) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, оның ішінде медициналық зерттеп-қарау нәтижелері, диагнозы туралы және аурудың болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, олармен байланысты тәуекел, медициналық араласудың ықтимал түрлері, оның салдарлары мен медициналық көмек көрсету нәтижелері туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда алуға;
22) аурулардың профилактикасы туралы ақпаратты қоса алғанда, денсаулықты сақтауға ықпал ететін немесе оларға жағымсыз әсер ететін факторлар, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық, қоршаған ортаның жай-күйі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам денсаулығы үшін ықтимал қауіптілігі, тамақтанудың ұтымды нормалары, өнімнің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы анық және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың (мүгедектігі бар адамдардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуіне құқығы бар.
2. Әйелдердің отбасын жоспарлау және өз денсаулығын сақтау мақсатында ана болу туралы мәселені шешуге және қаламаған жүктіліктің алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) репродуктивтік жастағы әйелдерге медициналық қарап-тексерулерді жүргізумен, оларды динамикалық байқаумен және сауықтырумен;
2) әйелдердің репродуктивтік денсаулығына және науқас баланы күтіп-бағу бойынша стационарға түскен кезде баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдері бойынша емдеумен қамтамасыз етіледі.
78-бап. Балалардың құқықтары
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 77-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан бөлек, әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі заманғы және тиімді көрсетілетін қызметтері мен ауруларды емдеу және денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулықты сақтау саласында білім алуға;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге және динамикалық байқауға, емделуге, дәрілік қамтамасыз етілуге, сауықтырылуға және вакцина алуға;
4) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде медициналық көмек көрсетілуіне;
5) өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес келетін және оған қолайсыз факторлардың әсерін болғызбайтын жағдайларда санитариялық-гигиеналық ағартуға, оқуға және еңбек етуге;
6) оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде бекітілген жері бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық құжаттаманы тегін негізде алуға;
7) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты өзіне қолжетімді нысанда алуға;
8) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туралы, темекі шегудің, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың зияны туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
9) репродуктивтік денсаулықты сақтау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
10) паллиативтік медициналық көмек алуға құқығы бар.
2. Ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізілетін хирургиялық араласуларды, жүктілікті жасанды үзуді қоспағанда, он алты жастағы және одан асқан кәмелетке толмағандардың профилактикалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілуіне хабардар етілген келісуге немесе одан бас тартуға құқығы бар.
3. Стационар жағдайында бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға медициналық ұйымда онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріледі.
Бір жасқа дейінгі баласын емізетін ана медициналық ұйымда баланы күтіп-бағу үшін болған бүкіл кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
4. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды амбулаториялық және стационарды алмастыратын жағдайларда емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріле отырып, онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі.
5. Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Балаларға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары ойындар, демалыс және тәрбие жұмысын жүргізу үшін жағдайлар жасайды.
6. Мүмкіндіктері шектеулі, АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және өзге де денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында болуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалардың белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес, бейімделген тегін сүт қоспаларын алуға құқығы бар.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Мүмкіндігі шектеулі балалардың (мүгедектігі бар балалардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуіне құқығы бар.
7. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
8. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үш жасты қоса алғанда, осы жасқа толғанға дейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда бола алады.
79-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары мен отбасының ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) репродуктивтілікті еркін таңдауға;
2) репродуктивтік денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға;
3) өзінің репродуктивтік денсаулық жағдайы туралы анық және толық ақпарат алуға;
4) бедеуліктен, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген репродуктивтіліктің қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
5) қаламаған жүктілікті болғызбауға;
6) ана болу қауіпсіздігіне;
7) жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлығына;
8) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
9) хирургиялық стерилизациялауға;
10) жүктілікті жасанды үзуге;
11) өздерінің репродуктивтік құқықтарының қорғалуына;
12) балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз туу уақытына, туу арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралықтарға қатысты шешімді еркін қабылдауға;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыныстық жасушаларды, репродуктивтік ағзалардың тіндерін, эмбриондарды сақтауға құқылы.
2. Азаматтар өздерінің репродуктивтік құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың медициналық көрсетілімдер бойынша отбасын жоспарлау, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың болуы мәселелері бойынша, отбасы-неке қатынастарының медициналық-психологиялық аспектілері бойынша консультацияларға, сондай-ақ ұрпағындағы ықтимал тұқым қуалаушылық және туа біткен аурулардың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдарда медициналық-генетикалық және басқа да консультациялар мен зерттеп-қарауларға құқығы бар.
4. Жедел босандыру жағдайларын қоспағанда, әйелдің денсаулық жағдайы ескеріле отырып, оның келісімі болған кезде, босандыру ұйымдарында тиісті жағдайлар (жеке босану залдары) болған және әкесінің немесе отбасының өзге мүшесінің инфекциялық аурулары болмаған кезде баланың әкесіне немесе отбасының өзге мүшесіне бала туған кезде қатысу құқығы беріледі. Мұндай құқықты іске асыру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
5. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа азаматтарымен тең дәрежеде балаларды асырап алуға құқығы бар.
6. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосалқы репродуктивтік әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар.
80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.
81-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасында мемлекет ана болуды қорғайды және көтермелейді.
2. Азаматтардың емшек сүтімен тамақтандыруды қолдауға, оның ішінде емшек сүтімен тамақтандыруды қорғауға және насихаттауға құқығы бар:
1) жүкті және бала емізетін әйелдердің құқықтарын қорғау емшек сүтімен тамақтандыруға дайындау және оны іске асыру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған (жүктілікке және босануға байланысты демалыс, жас сәби балаларды тамақтандыруға арналған қосымша жұмыс үзілістері, толық емес жұмыс уақыты, медициналық ұйымдарда кезектен тыс қызмет көрсету, ана мен бала бөлмелерінің көрсетілетін қызметтерін пайдалану және басқасы);