4. Акционерлік келісім тек оның тараптарына ғана міндетті болып табылады. Акционерлік келісімнің тарапы акционерлік келісімді бұза отырып жасаған шартты акционерлік келісімнің мүдделі тарапының талап қоюы бойынша шарттың басқа тарапының акционерлік келісімде көзделген шектеулер туралы білетіні немесе көрінеу білуге тиіс екені дәлелденген жағдайларда ғана, сот жарамсыз деп тануы мүмкін.
5. Акционерлік келісімде акционерлік келісімнен туындайтын міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету тәсілдері және осындай міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік шаралары көзделуі мүмкін.
Акционерлік келісім тараптарының осы келісімге негізделген құқықтары, оның ішінде келісімді бұзу арқылы келтірілген залалдардың өтелуін, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) өндіріп алынуын, өтемақыны (нақты ақшалай соманың немесе акционерлік келісімде көрсетілген тәртіппен айқындауға жататын соманың) төленуін немесе акционерлік келісімді бұзуға байланысты өзге де жауаптылық шараларының қолданылуын талап ету құқықтары сот, төрелік арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қорғалуға жатады.
6. Акционерлік келісім (оның бір бөлігі немесе бөліктері):
1) акционерлік келісім (оның бір бөлігі немесе бөліктері) жасалған мерзім өткен;
2) бұрын жасалған акционерлік келісімнің (оның бір бөлігінің немесе бөліктерінің) ережелері өзіне қайшы келетін немесе бұрын жасалған акционерлік келісімді (оның бір бөлігін немесе бөліктерін) қамтитын жаңа акционерлік келісім жасалған;
3) акционерлік келісімде көзделген өзге де жағдайларда өз қолданысын тоқтатады.
46-8-бап. Опциондық шарт
1. Венчурлік қорға қатысушылар, венчурлік қорға қатысушы болу ниеті бар тұлғалар, венчурлік қор, қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) венчурлік қордың және (немесе) стартап-компанияның активтеріне не оларға қатысуға қатысты өзара опциондық шарттар жасасуға құқылы.
Қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) стартап-компанияның жұмыскерлерімен стартап-компанияның мүлкіне немесе оған қатысуға қатысты опциондық шарттар жасасуға да құқылы.
Осы Заңның мақсаттары үшін опциондық шарт деп оған байланысты бір тарап осындай шартта көзделген талаптарда басқа тараптан (басқа тараптардан) шартта белгіленген мерзімде опциондық шартта көзделген әрекеттерді жасауын, оның ішінде ақша төлеуін, мүлікті беруін немесе қабылдауын талап етуге құқылы болатын шарт танылады. Опциондық шартта осындай шартпен айқындалған мән-жайлар басталған кезде опциондық шарт бойынша талап мәлімделді деп есептелетіні көзделуі мүмкін.
Егер опциондық шартта көзделген әрекеттер жасау туралы талап белгіленген мерзімде мәлімделмесе, опциондық шарт тоқтатылады.
Опциондық шартты жасасу және орындау кезінде «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының талаптары сақталуға тиіс.
2. Опциондық шартта, оның ішінде коммерциялық ұйымдар арасында жасалған опциондық шартта оның өтемсіз екендігі көзделген не егер осындай шартты жасасу тараптардың қатынастарынан туындайтын өзге де мән-жайға немесе заңмен қорғалатын өзге де мүддеге байланысты болған жағдайларды қоспағанда, тарап опциондық шарт бойынша талапты мәлімдеу құқығы үшін осындай шартта көзделген төлемді төлейді.
3. Егер опциондық шартта өзгеше көзделмесе, опциондық шарт тоқтатылған кезде осы баптың 2-тармағында көзделген төлем қайтарылуға жатпайды.
46-9-бап. Шарт жасасуға арналған опцион
1. Венчурлік қорға қатысушылар, венчурлік қорға қатысушы болу ниеті бар адамдар, венчурлік қор, қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) венчурлік қордың және (немесе) стартап-компанияның мүлкіне не оған қатысуға қатысты өзара шарт жасасуға арналған опцион (құқық) (шарт жасасуға арналған опцион) беру туралы келісім жасасуға құқылы.
Қызметі үшін венчурлік қаржыландыру ұсынылатын стартап-компания және (немесе) осындай стартап-компанияға қатысушылар (акционерлер) стартап-компанияның активтеріне немесе оған қатысуға қатысты шарт жасасуға арналған опционды осындай стартап-компанияның жұмыскерлеріне беруге де құқылы.
Осы Заңның мақсаттары үшін шарт жасасуға арналған опцион деп бір тарап кері қайтарып алынбайтын оферта арқылы басқа тарапқа шарт жасасуға арналған опционда көзделген талаптарда бір немесе бірнеше шарт жасасу құқығын беретін шарт танылады.
Шарт жасасуға арналған опционда акцепт осындай опционда айқындалған, оның ішінде тараптардың бірінің ерік-жігеріне тәуелді болатын жағдай басталған кезде ғана мүмкін болады деп көзделуі мүмкін.
Шарт жасасуға арналған опционды жасасу және орындау кезінде «Акционерлік коғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының талаптары сақталуға тиіс.
2. Шарт жасасуға арналған опционда кері қайтарып алынбайтын офертаның акцепті үшін мерзім белгіленбеген жағдайда, бұл мерзім, егер шарттың мәнінен немесе әдет-ғұрыптан өзгеше туындамаса, бір жылға тең деп саналады.
3. Егер шарт жасасуға арналған опционда өзгеше көзделмесе, ол бойынша төлем кері қайтарып алынбайтын оферта негізінде жасалған шарт бойынша төлемдер шотына жазылмайды және акцепт болмаған жағдайда қайтарылуға жатпайды.
4. Шарт жасасуға арналған опционда жасалуға жататын шарттың нысанасын және басқа да елеулі талаптарын айқындауға мүмкіндік беретін талаптар қамтылуға тиіс.
Жасалуға жататын шарттың нысанасы кері қайтарып алынбайтын офертаның акцепті сәтінде оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген тәсілмен сипатталуы мүмкін.
5. Шарт жасасуға арналған опцион жасалуға жататын шарт үшін белгіленген нысанда жасалады.
6. Шарт жасасуға арналған опцион, егер осындай келісімнің мәнінен өзгеше туындамаса, басқа келісімге қосылуы мүмкін.
7. Шарт жасасуға арналған опцион бойынша құқық, егер осы келісімде өзгеше көзделмесе немесе оның мәнінен өзгеше туындамаса, басқа тұлғаға берілуі мүмкін.
46-10-бап. Венчурлік қаржыландыру мақсатында жасалатын шарттардың ерекшеліктері
1. Венчурлік қаржыландыру мақсатында шарт жасасқан тараптың, егер:
1) мән-жайлар туралы анық емес растамалар ұсынған тарап олардың анық еместігі туралы және контрагенттің келісілген талаптарда шарт жасасу кезінде осындай анық емес растамаларға сүйенетіні туралы білсе немесе білуге тиіс болса;
2) мән-жайлар туралы растамалар жазбаша нысанда жасалса және оларда осындай растамаларды берген тұлғаның осы арқылы өзі үшін міндеттемелер немесе өзге де азаматтық-құқықтық салдар жасау жөніндегі айқын ниеті болса, басқа тараптың шартты жасасу, оны орындау немесе тоқтату үшін маңызы бар мән-жайлар туралы анық емес растамаларына ақылға қонымды түрде сүйене отырып, өзіне келтірілген залалдарды өтетуге құқығы бар.
2. Шартты жарамсыз деп тану осы баптың 1-тармағында көзделген салдардың басталуына кедергі келтірмейді.
3. Міндеттеме тараптары өздерінің венчурлік қаржыландыруды жүзеге асыруы кезінде әрекет ете отырып, шартта бір тараптың басқа тараптың шартта айқындалған мән-жайлар басталған кезде туындаған және оның тарапының міндеттемені бұзуына байланысты емес мүліктік жоғалтуларын (міндеттемені орындаудың мүмкін болмауынан, үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік билік органының шартта көрсетілген тарапқа немесе үшінші тұлғаға талаптар қоюынан туындаған жоғалтулар және басқалары) өтеу міндетін көздей алады. Шартта осындай жоғалтуларды өтеу мөлшері немесе оны анықтау тәртібі айқындалуға тиіс.
4. Тараптың жоғалту мөлшерін ұлғайтуға әдейі жәрдемдескені дәлелденсе, сот шарт тараптары көздеген жоғалтуларды өтеу шегін төмендетуге құқылы.
5. Шарт тараптары көздеген жоғалтулар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарттың жасалмаған немесе жарамсыз деп танылуына қарамастан өтеледі.
6. Жоғалтулар үшінші тұлғаның заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты туындаған жағдайда, кредитордың осы үшінші тұлғаға залалдарды өтеу туралы талабы осындай жоғалтуларды өтеген тарапқа өтеді.
7. Осы баптың қағидалары, жоғалтуларды өтеу туралы талап акционерлік келісімде (шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шартта) не акцияларды немесе шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестерді иеліктен шығару туралы шартта көзделген, оның ішінде осындай акционерлік келісімнің (шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарттың) тарапы кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға немесе мемлекет болып табылған жағдайларда да қолданылады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
47-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
48-бап. «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күшi жойылды деп тану туралы
«Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы» 1997 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 5, 57-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 17-18, 224-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті | | | | | | | | | Н.Ә. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2004 жылғы шілденың 7-і.
№ 576-II