10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері
1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.
2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
3. Келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының талаптары біржақты тәртіппен өзгертілмейді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-бап. Жұмыс берушінің актілері
Жұмыс беруші осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес өз құзыреті шегінде актілер шығарады.
Жұмыс берушінің актілері жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделеді.
12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлерөкілдерінің пікірін ескеру тәртібі
1. Жұмыс беруші келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып актілер шығарады.
2. Жұмыс беруші өзінің актісінің жобасын және ол бойынша негіздемені жұмыскерлердің өкілдеріне ұсынады. Жұмыскерлердің бірнеше өкілі болған кезде олар жұмыс берушінің актілері бойынша пікірді есепке алу үшін сандық құрамы олар мүдделерін білдіретін жұмыскерлердің санына пропорционалды түрде болатын біртұтас өкілді орган құрады.
3. Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс беруші актісінің жобасын табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен асырмай талқылайды. Жұмыскерлердің өкілдері шешімді осы Кодексте белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, жұмыс беруші актіні пікірді ескерместен қабылдауға құқылы.
4. Жұмыскерлер өкілдерінің шешімдері хаттамамен ресімделеді, онда жұмыскерлер өкілдерінің жұмыс беруші актісінің жобасымен келісетіні (келіспейтіні) көрсетіледі, олардың ұсыныстары болса олар жазылады.
5. Егер жұмыскерлер өкілдерінің пікірінде жұмыс беруші актісінің жобасына келісім болмаған не оны өзгерту жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, жұмыс беруші:
1) келіскен жағдайда жұмыскерлер өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып өзгертілген акт шығарады;
2) келіспеген кезде жұмыскерлердің өкілдерімен қосымша консультациялар өткізуге құқылы.
6. Жұмыс беруші актілерін шығару үшін келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес жұмыскерлер өкілдерінің пікірін есепке алу қажет болатын олардың жобалары бойынша келісімге қол жеткізілмеген кезде, туындаған келіспеушіліктер, жұмыс берушінің және жұмыскерлердің бір өкілі қол қоятын хаттамамен ресімделеді, одан кейін жұмыс беруші актіні қабылдауға құқылы.
7. Егер жұмыс берушінің шығарылған актісінде жұмыскерлердің осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде көзделген құқықтары мен кепілдіктерін бұзатын не нашарлататын ережелер қамтылған жағдайда, оған еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға не сотқа шағым жасауға болады.
13-бап. Осы Кодексте белгіленген мерзімдерді есептеу
1. Осы Кодексте, еңбек немесе ұжымдық шартта, келісімдерде белгіленген мерзім күнтізбелік күнмен, жылдармен, айлармен, апталармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңінің аяқталуымен айқындалады. Мерзім басталуға тиіс оқиғаны көрсетумен де айқындалуы мүмкін.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мерзім жұмыс күндерімен есептеледі.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің ағымы оқиғаның басталуы айқындалған, оқиға басталған күнтізбелік күннен кейінгі келесі күні басталады.
4. Жылдармен, айлармен, апталармен есептелетін мерзімдер соңғы жылдың, айдың, аптаның тиісті күндері аяқталады. Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мерзімнің соңғы күні жұмыс күні емес күнге келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
14-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындайды;
3) Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен оларға сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ережені бекітеді;
4) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын ұйымдардың азаматтық қызметшілерінің, жұмыскерлерінің, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен) және жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен бас келісім жасасады;
6) тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілейді;
7) өзіне Конституциямен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
16-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі талаптың, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады, сондай-ақ еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның қызметін үйлестіреді және қызметін тексеруді жүзеге асырады;
3) еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік басшылықты және оларды үйлестіруді жүзеге асырады;
4) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдардан еңбек қатынастары мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратады;
5) 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді;
7) еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласында үйлестіруді және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жұмыскерлердің және жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
8) жұмыс берушінің еңбек нормаларын, еңбек жөнiндегi үлгiлiк нормалар мен нормативтердi, қызметтің барлық салалары үшін еңбек жөніндегі бірыңғай және (немесе) салааралық, үлгілік нормалар мен нормативтерді әзірлеу, бекіту, ауыстыру және қайта қарау тәртiбiн белгiлейдi;
9) әкiмшiлiк персоналға жататын жұмыскерлер лауазымдары атауларының тiзбесiн әзірлейді және бекітеді;
10) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
11) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
12) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
13) мемлекеттік еңбек инспекторларын оқытуды және аттестаттауды жүргізеді;
14) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің уақтылы және объективті жүргізілуін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен бақылауды жүзеге асырады;
15) еңбек қатынастарын реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
16) Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану тәртібін айқындайды;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды
16-1) Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын әзірлейді және бекітеді;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 16-2) тармақшамен толықтырылды
16-2) барлық қызмет салаларына ортақ мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар мамандарының жекелеген лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары әзірлейтін және бекітетін экономикалық қызметтің алуан түрлі ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының біліктілік анықтамалықтарын немесе үлгілік біліктілік сипаттамаларын қарайды және келіседі;
18) оларда жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін (бұдан әрі - Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі), сондай-ақ оларды беру тәртібін айқындайды;
19) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру үшін комиссия құрады;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мониторингті және тәуекелдерді бағалауды ұйымдастырады;
21) еңбек төрелігі туралы үлгілік ережені бекітеді;
22) орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді;
2021.31.03. № 24-VІІ ҚР Заңымен 23) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
23) мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы мен педагогін қоспағанда, азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурстар өткізу тәртібін айқындайды;
24) ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды айқындайды;
25) еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау тәртібін бекітеді;
26) он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен қозғалтуының шекті нормаларын бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 27) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
27) әйелдердің еңбегін пайдалануға шектеу қойылатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекітеді;
28) ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді;
29) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау тәртібін айқындайды;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 30) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30) жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;
31) жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нұсқаулықты әзiрлеу, бекiту және қайта қарау тәртібін белгілейді;
32) еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау мен төлеу тәртібін айқындайды;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 33) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
33) жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру тәртібін бекітеді, сондай-ақ оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібін белгілейді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 34) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
34) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер беру нормаларын бекітеді;
35) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша алуан түрлі экономикалық қызмет ұйымдарының жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру нормаларын бекітеді;
36) жұмыс берушінің қызметін декларациялау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
37) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын айқындайды;
38) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады және оларды іске асыруды жүзеге асырады;
39) ұжымдық еңбек дауларын есепке алу нысанын әзірлейді және бекітеді;
40) мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 40-1) тармақшамен толықтырылды
40-1) тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдары еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әзірлейтін және бекітетін мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының салалық нормативтерін келіседі;
41) тиісті қызмет салаларының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдары әзірлейтін және бекітетін азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімдерін келіседі;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-1) тармақшамен толықтырылды
41-1) еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-2) тармақшамен толықтырылды
41-2) кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-3) тармақшамен толықтырылды
41-3) еңбекті қорғау қызметтерінің жұмыскерлері санының салааралық үлгілік нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-4) тармақшамен толықтырылды
41-4) Азаматтық қызметшілердің қызмет әдебі кодексін әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-5) тармақшамен толықтырылды
41-5) еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-6) тармақшамен толықтырылды
41-6) қаупі жоғары жағдайларда жұмыс жүргізу кезінде наряд-рұқсаттарды ресімдеу және қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-7) тармақшамен толықтырылды
41-7) еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде қамтылған жұмыскердің дербес деректерінің құпиялылығын және қорғалуын Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 41-8) тармақшамен толықтырылды
41-8) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен мәліметтер береді;
42) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның құзыреті
Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізеді және оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді;
5) 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;
9) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;
10) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбекті қорғау және еңбек қауiпсiздiгі жөніндегі ақпараттық жүйе негізінде кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;
12) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді;
13) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді;
14) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асырады.
18-бап. Жергілікті атқарушы органдардың еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша айқындайды;
3) қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
4) халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ететін ұйымдар) ереуілдер өткізуді келіседі;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен) және жұмыскерлердің өңірлік бірлестіктерімен өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасасады;
6) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесінің өлшемдерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен қарайды және келіседі;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ СУБЪЕКТІЛЕРІ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастары субъектілері
Жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек қатынастары субъектілері болып табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін атқарады.
20-бап. Жұмыскерлердің өкілдері және олардың өкілеттіктері
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жұмыскерлердің мүдделерін «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік одақтар органдары, ал олар болмаған кезде сайланбалы өкілдер өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде білдіреді.
Егер кәсіптік одақтарда жұмыскерлердің мүше болуы ұйым жұмыскерлері штат санының жартысынан аз болса, онда жұмыскерлердің мүдделерін кәсіптік одақтар мен сайланбалы өкілдер білдіре алады.
Егер осы ұйымда кәсіптік одақ құрылған болса, кәсіптік одақтың қатысуынсыз жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында ұжымдық келіссөздер жүргізуге жол берілмейді.
2. Кәсіптік одақ мүшесі болып табылмайтын, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерін сайлауға қатыспаған жұмыскерлер кәсіподақ органдарына, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдеріне өздерінің мүдделерін білдіруге құқық беруге құқылы. Кәсіподақ органдары, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның мүдделерін білдіруді қамтамасыз етеді.
3. Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерінің:
1) жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіруге және қорғауға;
2) жұмыс берушімен жобаларды әзірлеу және ұжымдық шарттарды жасасу бойынша ұжымдық келіссөздер жүргізуге;
3) ұжымдық шарттарға сәйкес қалыпты еңбек жағдайларын зерделеу және қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану үшін жұмыс орындарына баруға;
4) жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын осы Кодексте белгіленген тәртіппен реттеуге қатысуға құқығы бар.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) және олардың өкілеттіктері
1. Жұмыс берушілердің ерікті негізде жұмыс берушілердің бірлестіктерін (қауымдастықтарын, одақтарын) құруға және оларға кіруге құқығы бар.
2. Жұмыс берушілердің мүдделерін осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде білдіреді.
3. Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік тетіктері арқылы:
1) еңбек саласындағы жұмыскерлер мен жұмыс берушілер құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру;
2) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты республикалық, салалық, өңірлік комиссиялардағы жұмыс;
3) келісімдерді әзірлеуге қатысу және оларды жасасу;
4) жеке еңбек дауларын қарау кезінде келісу комиссиясының, ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде татуластыру комиссиясының және еңбек төрелігінің құрамында қатысу;
5) еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері бойынша жұмыскерлердің өкілдерімен консультациялар мен келіссөздер арқылы білдіреді.
21-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасасу алдында: