2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бұрын тоқтатыла тұрған ереуілді қайта бастау үшін дауды татуластыру комиссиясының, делдалдың қайта қарауы немесе еңбек төрелігінде қайта қарау талап етілмейді. Жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі (қауымдастығы, одағы) (олардың өкілдері) және еңбек дауларын реттеу жөніндегі орган ереуілдің қайта басталуы туралы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ескертілуге тиіс.
4. Ұжымдық еңбек дауының тараптары оны реттеу жөніндегі келісімге қол қойған жағдайларда, сондай-ақ ереуіл заңсыз деп танылған жағдайда ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері тоқтатылады.
174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл барысындағы міндеттері
Ереуіл өткізу кезеңінде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жалғастыруға міндетті.
Жұмыс беруші, мемлекеттік органдар және ереуілді басқаратын орган ереуіл кезеңінде қоғамдық тәртіпті, ұйым мүлкінің сақталуын және жұмыскерлердің қауіпсіздігін, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін машиналардың және жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі, өздеріне байланысты шараларды қабылдауға міндетті.
175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты берілетін кепілдіктер
1. Ереуілдерді ұйымдастыру немесе оларға қатысу (осы Кодекстің 176-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртіптік ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуіл кезінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы), еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепілдік беріледі.
Ереуіл жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты өткізілгеннен басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы жұмыскерлердің ереуіл уақыты ішіндегі жалақысы сақталмайды.
176-бап. Заңсыз ереуілдер
1. Ереуілдер:
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 344-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) «Соғыс жағдайы туралы» және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не ерекше шаралар енгізілген кезеңдерде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерінде және ел қорғанысын, мемлекет қауіпсіздігін, авариялық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстарын, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше ахуалдардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерімен айналысатын ұйымдарда; арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында; қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда; жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету станцияларында;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) халықтың тыныс-тіршілігін энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, газбен жабдықтау, авиациялық, теміржол, автомобиль, қоғамдық және су көлігі, байланыс, денсаулық сақтау бойынша қамтамасыз етумен тікелей байланысты ұйымдарда, егер жұмыскерлер өкілдерінің жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісімі негізінде айқындалатын халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің ең төмен тізбесі мен көлемі сақталмаса;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) қызметін тоқтата тұру ауыр және қауіпті салдарлармен байланысты болатын қауіпті өндірістік объектілерде, егер негізгі жабдықтардың, механизмдердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілмесе;
3) осы Кодексте көзделген мерзімдер, рәсімдер мен талаптар ескерілмей жарияланған жағдайда;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда заңсыз болып танылады.
Осы тармақта көрсетілген негіздердің біреуі болғанда, сот тиісті шешім қабылдағанға дейін прокурор ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
2. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша қабылдайды.
Сот шешімі жұмыскерлердің назарына ереуілді басқаратын орган арқылы жеткізіледі, ол ереуілге қатысушыларға сот шешімі туралы дереу хабарлауға міндетті, ал ереуілді басқаратын орган болмаған кезде - тікелей жұмыс беруші жеткізеді.
Жұмыс беруші сот шешімінің мәтінін көпшілікке көрінетіндей қолжетімді жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі дереу орындалуға, ал ереуіл тоқтатылуға тиіс.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда прокурор немесе сот тиісті шешім қабылданғанға дейін ереуілді тоқтата тұруға құқылы.
5. Ереуілді басқарушы органның сот шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
177-бап. Ереуілді заңсыз деп танудың салдарлары
Сот ереуілді заңсыз деп таныған кезде, жұмыс беруші ереуілді ұйымдастыруға немесе өткізуге қатысқан жұмыскерлерді тәртіптік жауаптылыққа тартуы мүмкін.
178-бап. Локаутқа тыйым салу
Ереуіл өткізуді қоса алғанда, ұжымдық еңбек дауын реттеу процесінде локаутқа, яғни жұмыскерлердің ұжымдық еңбек дауына немесе ереуілге қатысуына байланысты, осы Кодекстің 51-бабы 1-тармағының 22) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, олармен жасалған еңбек шарттарын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға тыйым салынады.
4-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ
17-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
179-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды, бақылауды және оған мониторингті;
2) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерін және нормативтік-техникалық құжаттаманы әзірлеуді және қабылдауды;
3) еңбек жағдайларын, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсарту, қауіпсіз техникалар мен технологияларды әзірлеу және ендіру, жұмыскерлерді жеке және ұжымдық қорғау жөніндегі қызметті экономикалық ынталандыру жүйелерін құруды және іске асыруды;
4) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік, ішкі бақылаудың тиімділігін арттыруды;
5) еңбек жағдайларын жақсарту және еңбекті қорғау бойынша озық отандық және шетелдік тәжірибені ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді;
6) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан зардап шеккен жұмыскерлердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделерін қорғауды;
7) ауыр жұмыс және өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық деңгейінде жойылмайтын зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс үшін кепілдіктер мен өтемақылар белгілеуді;
8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды;
9) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды есепке алудың бірыңғай тәртібін белгілеуді;
10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;
11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.
180-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар және іс-шараларды қаржыландыру
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді және жұмыскерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған қағидаларды, рәсімдерді және нормативтерді қамтуға тиіс.
2. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.
3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
Жұмыскерлер бұл мақсаттарға арналған шығыстарды көтермейді.
Қаражат көлемі жұмыс берушінің актісінде немесе ұжымдық шартта айқындалады.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 18-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ, ЖІБЕРУШІ ТАРАП ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ, ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЖӘНЕ ҚАБЫЛДАУШЫ ТАРАПТЫҢ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
181-бап. Жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыскердің:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге;
3) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға өз жұмыс орнындағы еңбек жағдайларына және еңбекті қорғауға тексеру жүргізу туралы өтініш білдіруге;
4) еңбек жағдайларын, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеруге және қарауға өзі немесе өз өкілі арқылы қатысуға;
5) жұмыс беруші жұмыскерді жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеген жағдайда және денсаулығына немесе өміріне қатер төндіретін ахуал туындаған кезде бұл жөнінде тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау үшін қажетті білім алуға және кәсіптік даярлыққа;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) жұмыс берушіден жұмыс орнының сипаты мен ұйымның аумағы, еңбек жағдайларының жай-күйі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы, орын алған кәсіптік тәуекел туралы, сондай-ақ оны зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғау жөніндегі шаралар туралы анық ақпарат алуға;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта жалақысының сақталуына құқығы бар.
2. Жұмыскер:
1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға;
2) жұмыскерлердің әрбір өндірістік жарақаты және денсаулығының өзге де зақымдануы, кәсіптік аурудың (уланудың) белгілері туралы, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін ахуал туралы жұмыс берушіге немесе жұмысты ұйымдастырушыға дереу хабарлауға;
2018.16.04. № 147-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден, сондай-ақ ауысым алдындағы және өзге де медициналық куәландырудан өтуге;
4) жұмыс берушінің талабы бойынша жұмыс берушінің актісінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ басқа жұмысқа ауысқан кезде профилактикалық медициналық қарап тексеруден өтуге;
5) мүгедектіктің белгіленгені немесе денсаулық жағдайының еңбек міндеттерін жалғастыруға кедергі келтіретіндей өзге де нашарлауы туралы жұмыс берушіге хабарлауға;
6) жұмыс беруші беретін жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарын мүлтіксіз қолдануға және оларды мақсат бойынша пайдалануға;
7) мемлекеттік еңбек инспекторының, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың, ішкі бақылау мамандарының талаптарын және медициналық мекемелер ұсынған емдік және сауықтыру іс-шараларын орындауға;
8) жұмыс беруші айқындаған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытудан, нұсқау алудан және білімдерін тексеруден өтуге міндетті.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 181-1-баппен толықтырылды
181-1-бап. Жіберуші тарап жұмыскерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жіберуші тарап жұмыскерінің:
1) қабылдаушы тарапта еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
2) қабылдаушы тараптың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарына сәйкес санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен қамтамасыз етілуге;
3) қабылдаушы тараптан жұмыс орнының сипаттамасы және ұйымның аумағы, еңбек жағдайларының жай-күйі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы, өзінің өмірі мен денсаулығы үшін бар кәсіптік тәуекел туралы, сондай-ақ өзін зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғау жөніндегі шаралар туралы анық ақпарат алуға құқығы бар.
2. Жіберуші тараптың жұмыскері:
1) қабылдаушы тараптың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормаларының, қағидалары мен нұсқаулықтарының талаптарын сақтауға;
2) жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тараптың өкіліне әрбір өндірістік жарақат және жұмыскерлер денсаулығының өзге де зақымданулары, кәсіптік аурудың (уланудың) белгілері туралы, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ахуал туралы дереу хабарлауға;
3) қабылдаушы тараптың талап етуі бойынша қабылдаушы тараптың актісінде көзделген жағдайларда профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден өтуге міндетті.
182-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс берушінің:
1) жұмыскерлерді жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға жәрдемдескені, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі рационализаторлық ұсыныстары үшін ынталандыруға;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзатын жұмыскерлерді осы Кодексте белгіленген тәртіппен жұмыстан шеттетуге және тәртіптік жауаптылыққа тартуға;
3) жұмыскерден өндірісте жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарды мүлтіксіз сақтауды талап етуге;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе жұмыс берушінің актісінде көзделген жағдайларда профилактикалық медициналық қарап-тексеруге өз қаражаты есебінен жіберуге құқығы бар.
2. Жұмыс беруші:
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) кәсіптік тәуекелге бағалау жүргізуге және профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлеріне ауыстыру арқылы оны барынша азайту және болғызбау жөнінде шаралар қолдануға;
2) жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және білімдерін тексеруді өткізуге, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жұмыс берушінің актісімен бекітілген тізімге сәйкес, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен, кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда үш жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды және білімін тексеруді ұйымдастыруға;
4) жұмыскерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқкиімін беруді және жөндеуді, оларды профилактикалық өңдеу, жуу және дезинфекциялау құралдарымен, медициналық қобдишамен, сүтпен немесе бірдей тамақ өнімдерімен және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдермен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етуге;
5) 2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуына және қозғалтуына жол бермеуге;
7) әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын заттарды қолымен көтеруіне және жылжытуына жол бермеуге;
8) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;
9) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға және еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органға, жұмыскерлердiң өкiлдерiне олардың жазбаша сұрау салуы бойынша еңбек жағдайлары, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жай-күйiнің мониторингі үшін қажеттi ақпаратты тоқсанына бір рет беруге;
10) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын және қорытындыларын орындауға;
12) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен қағидаларға сәйкес өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімдік аттестаттауды жұмыскерлер өкілдерінің қатысуымен бес жылда бір реттен сиретпей өткізуге;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері туралы мәліметтерді бір ай мерзімде жазбаша немесе еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйе арқылы беруге;
14) жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға;
15) авариялық ахуалдың өршуін және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдауға;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
16) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әзірлеуді, бекітуді және қайта қарауды жүзеге асыруға;
2018.16.04. № 147-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгерген басқа жұмысқа ауыстырған не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде жұмыскерлерді міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өз қаражаты есебінен өткізуге;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 18) тармақшамен толықтырылды
18) еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіруге және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 182-1-баппен толықтырылды
182-1-бап. Қабылдаушы тараптың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Қабылдаушы тараптың:
1) жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға жәрдемдескені, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі рационализаторлық ұсыныстары үшін көтермелеуге;
2) жіберуші тараптың жұмыскерлерінен өндірістегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптардың мүлтіксіз сақталуын талап етуге;
3) персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың талаптарына сәйкес жіберуші тараптың жұмыскерлерін өз қаражаты есебінен профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге жіберуге құқығы бар.
2. Қабылдаушы тарап:
1) персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тарапқа өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін ұсынуға міндетті. Қабылдаушы тарап өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін ұсынбаған жағдайда, жіберуші тараптың персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасуына тыйым салынады;
2) профилактика жүргізу, өндірістік жабдық пен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіздеріне ауыстыру арқылы жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдерді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға;
3) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқама жүргізуге;
4) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға;
5) жіберуші тараптың он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерінің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуына және қозғалтуына жол бермеуге;
6) әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды қолмен көтеруіне және жылжытуына жол бермеуге;
7) авариялық жағдайдың дамуын және жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жарақаттайтын факторлардың әсер етуін болғызбау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға;
8) жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалары мен кәсіптік ауруларын талдауды жүзеге асыруға;
9) жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды жіберуші тараппен бірлесіп тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге;
10) осы Кодексте көзделген жағдайларда, персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта көзделген тәртіппен жіберуші тарапты дереу хабардар ете отырып, жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмыстан шеттетуге міндетті.
19-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
183-бап. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау
1. Өндірістік объектілер еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестатталуға жатады.
2. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды өндірістік объектілерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар бес жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен жүргізеді.
3. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімді міндетті аттестаттаудан өткізу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу тәртібін бұзу анықталған кезде, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды мемлекеттік бақылау және қадағалау органының талап етуі бойынша өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кезектен тыс аттестаттау жүргізіледі.
Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кезектен тыс аттестаттау нәтижелері өндірістік объектіні еңбек жағдайлары бойынша алдыңғы аттестаттау материалдарына қосымша түрінде ресімделеді.
5. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізуді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші құрамында төраға, мүшелер және өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөніндегі құжаттаманы жасауға, жүргізуге және сақтауға жауапты хатшы бар аттестаттау комиссиясын құру туралы тиісті бұйрық шығарады.
6. Аттестаттау комиссиясының құрамына басшы не оның орынбасары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің және келісу бойынша өзге де бөлімшелерінің мамандары, сондай-ақ жұмыскерлердің өкілдері кіреді.