477-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелерді - үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде, жоғары тұрған сот шешедi.
Апелляциялық үкімді орындауға байланысты мәселелерді де осы соттар қарайды.
Мамандандырылған ауданаралық соттар, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мәселені қоспағанда, көрсетілген мәселелерді қарамайды.
2. Сотталғандықты алып тастау туралы мәселені сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот қарайды.
3. Кез келген түрдегі күмәндарды және түсініксіз жайттарды түсіндіру туралы мәселені үкім шығарған сот қарайды.
4. Соттың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі барлық материалдары және қаулысының көшірмесі заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі. Егер соттың қаулысы жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралған болса, қылмыстық іс материалдарына осы сот сатылары қаулыларының көшірмелері де қоса тігіледі.
478-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi
1. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5), 16), 19) және 20) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша қарайды.
2. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 8), 10), 12), 14) және 18) тармақтарында көрсетілген мәселелер жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қаралады.
3. Сот осы Кодекстің 476-бабының 4), 7), 9), 11), 13), 15) және 17) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қарайды.
4. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді өтінішхат келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде сотталған адамның қатысуымен ашық сот отырысында жеке-дара қарайды. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 7), 8), 10), 14) және 17) тармақтарында көзделген мәселелерді қарау сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5) тармағында көрсетілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхаты бойынша, ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде қарауы мүмкін.
6. Сот сотталғандарға қатысты үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi қараған кезде, осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi.
Соттың қаулысы негізінде адвокаттар сотталғандарға заң көмегін көрсеткен жағдайларда, олардың еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 68-бабына сәйкес жүргізіледі.
7. Сотталған адамды ауруына байланысты босату не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлік комиссия өкiлiнiң қатысуы мiндеттi, ал сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілген жағдайда, сот отырысына қорытынды берген сарапшы қатысады.
8. Шартты түрде сотталған адамға іздестіру жариялаған кезде сот қаулыда пробациялық бақылау мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың басталуын және оның өтуі қайта басталатын кезді көрсетеді.
9. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қараған кезде сот отырысына жәбірленуші қатысуға құқылы не оның өкілі өкілдік ете алады.
10. Егер мәселе үкiмдi азаматтық талап қою бөлiгiнде орындауға қатысты болса, сот отырысына азаматтық талапкер немесе оның өкiлi де шақырылады. Көрсетілген адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтірмейді.
11. Сот отырысына прокурор қатысады.
12. Сотта үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау сотталған адамның, прокурордың немесе жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің тиісті өтінішхатты баяндауымен басталады. Содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктемелерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, содан соң судья кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады.
13. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
479-бап. Сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаттарды қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 79-бабына сәйкес сотталғандықты алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшхаты бойынша оның тұрғылықты жерiндегi сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаты қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiшхатпен жүгінген адамның түсiніктемесін тыңдаумен басталады, содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдар тыңдалады.
4. Сотталғандықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда, бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiшхат беруді бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғауға болмайды.
480-бап. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселелерді қарау
1. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселе сотталған адамның өтінішхаты бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 478-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайда қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, оның қылмыс арқылы келтірген залалды өтегені туралы мәліметтерді, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы, міндетті түрде емдеуді қажет ететін өзге де ауруларының бар-жоғы туралы, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы және басқалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, оның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді ұсынуға міндетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхатына ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде шығарылған, заңды күшіне енген үкім қоса берілуге тиіс. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның сол кезге қарай түзелу дәрежесі және оның бүкіл жаза мерзімін орындау қажет екені немесе ондай қажеттіліктің болмауы туралы пікірін береді. Сондай-ақ жазаны орындайтын мекеме немесе орган және сотталған адамның өзі сотталған адамның босап шыққаннан кейінгі болжамды тұратын орны мен оның жұмысқа орналасу перспективасы (туыстарының жазбаша келісімі, ұйымның, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғын үй, жұмыс орнын беруі) туралы деректерді сотқа ұсына алады.
3. Сотталған адам сотқа ұсынылған материалдармен сот отырысы басталғанға дейін танысуға, өзінің түсініктемелерін, дәлелдемелерін ұсынуға, өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы.
4. Егер ұсынуда жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы мәселе қойылса, жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден бөлек, сотталған адамға оның түзелу дәрежесін және жеке қасиеттерін ескере отырып, ауыстыру тәртібімен өтеу үшін белгіленуі мүмкін жазаның түрі, мерзімінің мөлшері туралы негізделген пікірін ұсынады.
5. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына сотталған адамның, қорғаушының, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, прокурордың қатысуы міндетті. Жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және олардың өкілдерінің келмей қалуы өтінішхатты қарауға кедергі болмайды.
6. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сотталған адам сот отырысында барлық материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге және қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін айтуға құқылы.
Прокурор сотқа өтінішхатты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы дәйектелген пікірін баяндайды.
7. Сот қарау нәтижелері бойынша:
1) сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандыру және немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандыру туралы;
2) жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Сот жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешімді бұл туралы келіп түскен өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда да, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда да қабылдауға құқылы.
481-бап. Жазадан ауруына байланысты босату туралы өтінішхаттарды қарау
1. Жазаны өтеуден ауруына байланысты босату туралы мәселе сотталған адамның (оның заңды өкілінің немесе өкілінің) немесе жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өтінішхаты бойынша қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сотталған адамның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді, сотталған адамның жазаны өтеуіне кедергі келтіретін психикасының бұзылуының немесе өзге де ауыр науқасының бар-жоғы, тиісті емдеу жүргізудің қажеттігі және оны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға міндетті.
3. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның ауруына байланысты босатылғаннан кейін болжамды түрде тұратын орны туралы деректерді, ал егер аурудың сипаты оған заңда көзделген жағдайларда міндетті емдеуді қолдануды талап еткенде - сотталған адам жіберілетін немесе орналастырылатын мекеменің атауын ұсынады.
4. Жазадан ауруына байланысты босату туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген дәрігерлік комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.
Сот медициналық қорытындының жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкестігін зерттейді.
Сотталған адамның ауруының сипаты кедергі келтірмесе, сот отырысына қатысады.
5. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам (егер ол қатысып отырса) не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сот аурудың диагнозын және ауырлығын нақтылау, сондай-ақ арнайы білімді қажет ететін өзге де мәселелерді шешу қажет болған кезде сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайталама сараптама тағайындауға құқылы.
6. Сот өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және сотталған адамды ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай босату туралы;
2) егер психикасының бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы жазаны өтеуге кедергі келтірмесе, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
7. Сотталған адамның психикасының бұзылуына байланысты оны жазаны өтеуден босатқаннан кейін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде сот мынадай:
1) сотталған адам психикасының дертті бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндіретін-төндірмейтіні не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігін туғызатын-туғызбайтыны;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылуға жататын-жатпайтыны жөніндегі мәселелерді шешеді.
Сотталған адам психикасының бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндірмейтінін не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігі жоқтығын тани отырып, сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тағайындамайды.
Соттың қаулысында сотталған адам сауыққаннан кейін, егер бұл кезде айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, оның жазаны өтеуі қайта басталатыны көрсетілуге тиіс. Сотталған адамның мәжбүрлі емдеуде болған уақыты жазаның өтелген мерзіміне есептеледі.
482-бап. Сотталғандардың шағымдарын қарау
1. Сотталған адам жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға құқылы. Сотталғандардың шағымдарын қарауды сотталған адамның жазасын өтеу орны бойынша аудандық сот жүзеге асырады.
2. Сот отырысына сотталған адамның және әрекетіне шағым жасалған адамның қатысуы міндетті.
3. Сотталғандардың шағымдарын қарау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Қарау нәтижелері бойынша судья кеңесу бөлмесінде:
1) шағымды қанағаттандыру, шағым жасалған әрекеттерді (әрекетсіздікті) және шешімдерді заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы;
2) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
3) азаптаулар, өзге де заңсыз әрекеттер қолдану, қатыгез қарым-қатынас жасау туралы арыз бойынша тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін шағымды тиісті прокурорға жіберу туралы қаулы шығарады.
483-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және наразылық білдіру
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 48, 49 және 50-тарауларында белгiленген қағидалар бойынша апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн.
10-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН ШЕШІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕ ІС ЖҮРГІЗУ
52-тарау. СОТ АКТІЛЕРІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ СОТ ҚАДАҒАЛАУЫ ТӘРТІБІМЕН ҚАЙТА ҚАРАУЫ
484-бап. Заңды күшіне енгеннен кейін сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін сот актілері
1. Заңды күшіне енгеннен кейін бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдері, қаулылары олар кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана, сондай-ақ кассациялық сатыдағы соттың қаулылары осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасында қайта қаралуы мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда, алдыңғы сот сатыларында қаралмаған бірінші, апелляциялық сатылардың үкімдері мен қаулылары сот актісінің адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
3. Соттардың қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылары, сондай-ақ басқа істер бойынша, сот талқылауы барысында осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты мәселелер бойынша, үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша шығарылған қаулылары және тергеу судьясының қаулылары қадағалау тәртібімен қайта қаралуға жатпайды.
485-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау негіздері
1. Заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген, мыналарға:
1) кінәсізді соттауға;
2) негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтатуға;
3) сотталған адамның іс-әрекетін дұрыс сараламауға;
4) жәбірленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
5) жазаның дұрыс тағайындалмауына не сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуіне;
6) талап қоюды қараусыз қалдыру жағдайларынан басқа, азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуге;
7) жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыны заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға әкеп соққан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар не қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ:
1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаса не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болса;
2) үкім арқылы адам өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталса;
3) осы Кодекстің 467-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасы судьясының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шығарылған қаулысы бар болса, сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралады.
3. Заңды күшіне енген, өлім жазасы туралы үкімдер өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан кейін сот қадағалауы тәртібімен қайтадан қайта қаралады.
4. Заңды күшіне енген сот актілері қабылданған қаулы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты енгізілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қадағалау тәртібімен қайтадан қайта қаралады.
486-бап. Соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхат беруге, соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына наразылық білдіруге құқығы бар адамдар
1. Заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы жолданымдар өтінішхаттар деп аталады және оларды апелляциялық және кассациялық шағым беруге құқығы бар процеске қатысушылар бере алады.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды осы Кодекстің 485-бабы екінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы ұсыну келтіруге құқылы.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы наразылықты өз бастамасы немесе осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша келтіруге құқылы.
Қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы мәселені шешкен кезде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары не облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі соттан талап етіп алдыруға құқылы. Сот прокурордың сауалын ол сотқа келіп түскен күннен бастап жеті тәулік ішінде орындайды немесе істің басқа сот сатысында екеніне байланысты сауалды орындаудың мүмкін емес екенін хабарлайды.
487-бап. Соттың заңды күшіне енген шешімдеріне сот қадағалауы тәртібімен шағым жасау мерзімдері
1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі уәждері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына орай неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру мерзімдері шектелмеген.
2. Заңды күшіне енген ақтау үкімін, айыптау үкімін жазаның жеңілдігіне қарай неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша не соттың істі тоқтату туралы қаулысын сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беруге олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде жол беріледі.
Егер көрсетілген мерзім өткізіп алынған болса, оны қалпына келтіруге жол берілмейді. Сот қадағалау сатысында өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды алдын ала қарауды және сотталған, уақытында келіп түскен қадағалау өтінішхаты, наразылығы, ұсынуы бойынша ақталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдай отырып, істі қарауды дау туғызып отырған сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап бір жыл өтіп кеткен соң да жүзеге асыра алады.
488-бап. Соттың заңды күшіне енген үкімін, қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру тәртібі
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну жазбаша түрде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына беріледі. Өтінішхатта, наразылықта, ұсынуда осы Кодекстің 423-бабында санамаланған мән-жайлардан басқа, іс бойынша іс жүргізу кезінде қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны және шағым жасалып отырған сот актісін қайта қарау үшін осы Кодекстің 485-бабында санамаланған негіздердің қайсысы бар екені көрсетілуге тиіс. Өтінішхатта оны берген адамдардың қатысуымен немесе қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетілуге тиіс.
2. Өтінішхатқа, наразылыққа, ұсынуға шағым жасалып отырған сот шешімдерінің көшірмелері және өтінішхат, наразылық, ұсыну дәлелдерінің негізділігін растайтын өзге де материалдар қоса берілуге тиіс.
3. Соттардың заңды күшіне енген үкімдеріне, қаулыларына берілген, өзге мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға жолданған өтінішхаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының іс жүргізуіне қабылданбайды.
4. Осы Кодекстің 493-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттың, наразылықтың, ұсынудың берілуі олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Өтінішхат не наразылық, ұсыну берген адам сот отырысы басталғанға дейін өз өтінішхатын, наразылығын, ұсынуын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасаудың осы Кодекстің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімі өткен соң берген қосымша өтінішхатында, егер бастапқы наразылықта, өтінішхатта сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап жазылмаған болса, осындай мәселе қойыла алмайды.
6. Өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды берген адам іс қадағалау сатысында қаралғанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін. Сотталған адам өзінің мүддесінде өз қорғаушысы немесе заңды өкілі берген өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы.
489-бап. Өтінішхаттарды, наразылықты, ұсынуды қарамай қайтару
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну мынадай негiздер бойынша:
1) өтінішхат, наразылық, ұсыну осы Кодекстiң 488-бабының талаптарына сай келмесе;
2) өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды осы Кодекстiң 486-бабына сәйкес, заңды күшiне енген осы сот актісіне шағым жасауға, наразылық білдіруге құқығы жоқ адамдар берсе;
3) өтінішхат, наразылық, ұсыну осы Кодекстiң 487-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берiлсе;
4) өтінішхат, наразылық, ұсыну мәнi бойынша қаралғанға дейiн олар керi қайтарып алынса;
5) өтінішхат, наразылық, ұсыну осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот қадағалауы тәртiбiмен қайта қаралуға жатпайтын сот актiлерiне берiлсе;
6) осы Кодекстің 485-бабының төртінші бөлігінде көзделген немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қадағалау ісін жүргізуді қозғау туралы қаулысы шығарылған жағдайларды қоспағанда, қадағалау алқасының осы сот актісін нақ осы адамның нақ осы негіздердегі өтінішхаты бойынша қайта қараудан бас тарту туралы қаулысы болса, олар берген адамдарға қайтарылуға жатады.