4. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп бiрнеше сотталушы айыпталса, сот әрбір сотталушының жасалған іс-әрекетке қатысу рөлi мен дәрежесiн айқындай отырып, олардың әрбіріне қатысты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген барлық мәселелердi жеке-жеке шешедi.
5. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған негiзгi мәселелердi шешкеннен кейін мынадай:
1) сотталушының, ал қажет болған жағдайда - жәбiрленушiнiң ата-анасыз қалған, кәмелетке толмаған балаларын орналастыру туралы;
2) сотталушының мүлкiн, қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң мүлкiн қорғау туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жекеше қаулы шығару қажеттiгi туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып қылмыстық жауаптылықтан босатудың күші жойылған жағдайда кепіл нысанасының тағдыры туралы қосымша мәселелердi шешуге көшедi.
6. Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні басқа соттың бастамасы бойынша конституциялық емес деп тану туралы ұсынуды іс жүргізуге қабылдаса, сот үкім шығаруды кейінге қалдыруға міндетті.
391-бап. Сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселенi шешу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу немесе сот талқылауы кезiнде сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселе туындаған жағдайларда, сот үкiм шығару кезiнде бұл мәселенi тағы да бiр рет талқылауға мiндеттi.
2. Сот сотталушыны іс-әрекет жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оның өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған деп тани отырып, қылмыстық iстi тоқтатуға және сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы. Мұндай шешімді сот басты сот талқылауына қорғаушы қатысқан жағдайда, кеңесу бөлмесінде қабылдай алады.
3. Егер қорғаушы басты сот талқылауына қатыспаса, сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі осы Кодекстің 519-бабында көзделген тәртіппен қарау үшін тиісті сотқа жіберу туралы қаулы шығарады.
392-бап. Үкiмдердiң түрлерi
Соттың үкiмi айыптау немесе ақтау үкімі болуы мүмкiн.
393-бап. Айыптау үкiмi
1. Айыптау үкiмi соттың сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiмiн қамтиды.
2. Айыптау үкiмi:
1) сотталушы өтеуге тиiсті қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.
4. Сот сотталған адам өтеуге тиiсті жазаны тағайындай отырып, айыптау үкiмiн шығарып, жазаның түрiн, мөлшерiн, режимiн және оны өтеу мерзімін есептеудiң басталуын дәл айқындауға тиіс.
5. Сот, егер осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, айыптау үкiмiн адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталған адамға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан немесе өтеуден босататын рақымшылық жасау актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауға алуды есепке жатқызу қағидаларын ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының күзетілуде болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкiмiн жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер айыптау үкiмiн шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшхаты бойынша айыптау үкiмiн жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында және 76-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкiмiн қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
394-бап. Ақтау үкiмi
1. Ақтау үкімі арқылы сот сотталушыны қылмыстық жауаптылыққа тартқызып, сотқа берген айыптау бойынша оның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәсiз екенін таниды және жариялайды.
2. Егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмаса;
2) сотталушының іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса;
3) сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбесе, ақтау үкiмi шығарылады.
3. Санамаланған негiздердiң кез келгенi бойынша ақтау соттың сотталушының кiнәсiздiгiн тануын бiлдiредi және оның толық ақталуына әкеп соғады.
4. Егер ақтау үкiмiн шығару кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмай қалса, сот үкiмнің қарар бөлімінде өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттiгi туралы мәселенi шешу үшiн iстi прокурорға жiберу туралы көрсетеді.
395-бап. Үкiмдi жасау
1. Осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген мәселелердi шешкеннен кейiн сот үкiмдi жасауға көшедi.
2. Үкiм сот талқылауы жүргiзiлген тiлде жазылады.
3. Үкiм кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiмдерінен тұрады.
4. Үкімді судья қолдан жазуы, машинаға басу тәсілімен не компьютерлік тәсілмен дайындауы мүмкін және ол оған қол қояды.
5. Үкімдегі түзетулер ескертілуге және үкім жария етілгенге дейін оның тиісті бетінде судьяның қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
6. Үкiмге ол жария етілгеннен кейiн өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
396-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiгi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны көрсетіледі. Судьялар бiрнеше тәулік бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған уақыты оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және туған жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
397-бап. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты, жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, себептерi мен салдары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы қамтылуға тиіс. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты түйіні негiзделген дәлелдемелер және сот басқа дәлелдемелердi жоққа шығарған себептер келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ процестік келісімде көзделген, жазаны тағайындау шектері көрсетіледі. Айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың дұрыс сараланбағаны анықталған жағдайда, айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi. Сотталушының әрекеттерiн қайта саралау қажеттiгi туралы түйінге келе отырып немесе кейбiр баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде іс-әрекеттi сол бойынша саралау керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, бап бөлiгiнiң тармағын) алып тастау туралы көрсетедi.
2. Сот қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелерді шешудiң себептерiн де көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттау-уәждеу бөлiгінде осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша, айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауында жариялықты шектеу үшін негіз болатын мән-жайлар туралы тұжырымдалулар болмауға тиіс.
5. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлiгi осы Кодекстің 627-бабына сәйкес жазылады.
398-бап. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы ол бойынша кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ);
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) жасалғанына сотталушы кiнәлi деп танылған әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оған тағайындалған негiзгi және қосымша жазаның түрi мен мөлшерi, сондай-ақ алдыңғы үкiм бойынша шартты түрде сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау, алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58 және 60-баптарының негiзiнде өтелуге жататын түпкiлiктi жазалау шарасы көрсетiлуге тиiс.
Сот бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындаған кезде үкiмде сотталған адам жазасын өтеуге тиiс мекеменiң түрi мен режимiн көрсетедi, ал сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалар тағайындалған кезде, үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн оның он тәулiк iшiнде пробация қызметiне есепке қою үшiн келуі мiндетiн белгiлейдi;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) шартты түрде соттаған кезде, бас бостандығын шектеуге пробациялық бақылау мерзiмiнiң ұзақтығы және сотталған адамға жүктелетiн мiндеттер, сондай-ақ оларды орындамаудың заңда көзделген салдарлары, кепілгерлік белгілене отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде кепілгерлік мерзімінің ұзақтығы және осы кезеңде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың салдарлары;
6) сотталған адамды құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзу) туралы шешiм;
7) егер сотталушы үкiм шығарылғанға дейiн ұстап алынса және оған күзетпен ұстау, үйқамақ түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық ұйымға орналастырылса, алдын ала күзетпен қамауға алуды есепке алу туралы шешiм;
8) сотталған адамға мәжбүрлеп емдеудi қолдану және қамқоршылық белгiлеу туралы шешiм;
9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы шешiм;
10) негізгі жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы мәселенің шешімі;
11) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жазалау туралы шешім көрсетiлуге тиiс.
2. Сотталушы қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптардың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айыпталған жағдайда, үкiмнiң қарар бөлiгiнде олардың қайсысы бойынша сотталушының ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуге тиiс.
3. Сотталушы жазаны өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қарар бөлiгiнде көрсетiледi.
399-бап. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнi; сот анықтаған iстiң мән-жайлары; сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдемелердi сот анық емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болған дәлелдемелер; азаматтық талап қоюға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкiмiнде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдалуларды пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша ақтау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауының жариялылығын шектеуге негіз болған мән-жайлар туралы тұжырымдалулар қамтылмауға тиіс.
400-бап. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм, ақтаудың негiздерi;
3) егер бұлтартпау шарасы таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) ақталған адамның қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылу арқылы келтірілген зиянды өтеткізу құқығының танылуы қамтылуға тиіс.
401-бап. Үкiмнiң қарар бөлiгiнде шешілуге жататын өзге де мәселелер
Айыптау үкімінің де, ақтау үкiмiнiң де қарар бөлiгiнде осы Кодекстiң 398 және 400-баптарында санамаланған мәселелерден басқа:
1) қойылған азаматтық талап бойынша шешiм;
2) заттай дәлелдемелер туралы мәселенiң шешімі;
3) процестік шығындарды бөлу туралы шешiм;
4) үкiмге апелляциялық шағым жасаудың не наразылық білдiрудiң тәртiбi мен мерзiмi туралы нұсқау;
5) қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асырудың күшін жою не оны жалғастыру туралы мәселенің шешімі;
6) егер тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданған болса, мұндай шаралардың күшін жою, оларды сақтау туралы шешiм қамтылуға тиiс.
Ақтау үкімі шығарылған кезде сот қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартумен келтірілген зиянды өтеткізу тәртібін түсіндіретін хабарламаны жасайды, ол үкім жария етілген соң ақталған адамға табыс етіледі.
402-бап. Үкiмдi жариялау
1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімді түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімді түрегеліп тұрып тыңдайды.
Егер үкім мәтінінің көлемі үлкен болса, төрағалық етуші оны жария ету кезінде қысқаша үзілістер жасап, содан соң үкімнің толық мәтінін жария етуді жалғастыруға не үкімнің кіріспе және қарар бөліктерін ғана жария етуге құқылы.
2. Егер үкім сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде жазылса, онда аудармашы үкімнің жария етілу барысында оны сотталушының ана тiлiне немесе ол бiлетiн басқа тiлге iлеспе түрде дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталған (ақталған) адамға, процестiң басқа қатысушыларына үкiмге шағым жасау тәртібі мен мерзімін, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстiң апелляциялық қаралуына қатысу туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi. Ақталған адамға хабарлама табыс етілуге және оның заңсыз ұсталу, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталу, бұлтартпау шараларын қолдану, сотқа заңсыз тартылу арқылы келтiрiлген зиянды өтеткізу құқығы, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртiбi түсiндiрілуге тиiс.
4. Егер сотталушы айрықша жазалау шарасына - өлiм жазасына сотталған болса, төрағалық етушi оған кешiрiм жасау туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi.
5. Егер сотталушыға пробациялық бақылау тағайындалып, оған үкім заңды күшіне енгеннен кейін он тәулік ішінде пробация қызметіне келу міндеті жүктелсе, сот оған осы міндетті орындамау салдарын түсіндіреді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Егер сотталушы кепілгерлік белгіленуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, сот сотталушыға, сондай-ақ кепілгер болған адамға сотталушының кепілгерлік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасауының салдарларын түсіндіреді.
403-бап. Сотталушыны күзетілуден босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босата отырып, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға бас бостандығынан шартты түрде айыруға соттай отырып, айыптау үкiмi шығарылған кезде күзетілудегі сотталушы сот отырысы залында күзетілуден дереу босатылуға жатады.
404-бап. Үкiмнің көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн - бес тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс. Үкiмнiң көшiрмесi процестің басқа қатысушыларына өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде табыс етiледi.
405-бап. Жекеше қаулы
1. Сот жекеше қаулы шығаруға негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жекеше қаулы шығарады, онда мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заң бұзушылық фактiлерiне, қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда, сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жекеше қаулы сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде жол берiлген, азаматтардың құқықтарын бұзушылықтарды және басқа да заң бұзушылықтарды тапқан кезде де шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жекеше қаулы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк немесе азаматтық борышын бұзғанына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, басқа жағдайларда да сот талқылауының материалдары бойынша жекеше қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесуге немесе оны ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығын, ерлiгiн жекеше қаулысы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына жеткiзе алады.
6. Жекеше қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қолданылып, оның нәтижелерi жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс, ол туралы сот жекеше қаулының қарар бөлігінде көрсетеді.
406-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, асырауында қараусыз қалатын басқа да адамдар бар болған жағдайда, сот айыптау үкiмiн шығарумен бiр мезгiлде көрсетілген адамдарды туысқандарының не басқа адамдардың немесе мекемелердiң қамқоршылығына немесе қорғаншылығына беру туралы, ал сотталған адамның қараусыз қалатын мүлкi немесе тұрғынжайы бар болған жағдайда оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған кезде, сот қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр мертігуіне немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, асырауындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғынжайын қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның тағайындауы бойынша іске жәбірленушінің қорғаушысы не өкілі қатысқан жағдайда, сот үкім шығарумен бір мезгілде сотталушыға немесе жәбірленушіге көрсетілген заң көмегіне ақы төлеу туралы, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған процестік шешімдер үкiм жария етiлгеннен кейiн де мүдделi адамдардың арыздары бойынша қабылдануы мүмкiн.
4. Үкім шығарған сот процеске қатысушылардың немесе үкімді орындайтын органның өтінішхаты бойынша үкімді орындауға байланысты күмәндар мен түсініксіз тұстарды оның мәнін өзгертпей түсіндіру туралы қаулы шығаруға құқылы.
47-тарау. ЖЕКЕШЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
407-бап. Жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу тәртiбi
Осы Кодекстiң 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстерге жататын жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тарауда белгiленген алып қоюларды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
408-бап. Жекеше айыптауды қозғау
1. Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.
3. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
5. Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.
6. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған осы Кодекстiң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
7. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
9. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.
409-бап. Судьяның жекеше айыптау iсi бойынша сот талқылауы басталғанға дейiнгi әрекеттерi
1. Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 408-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
2. Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:
1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;
2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;
3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер шағым осы Кодекстің 408-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және осы соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.
Егер шағым осы соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше - соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.
Егер шағымның авторы осы Кодекстің 409-бабы бірінші бөлігінің талаптарын орындамаса не осы Кодекстің 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін бомайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартады.