3. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің ақпараттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен қол жеткізіледі.
19-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдалану
1. Мемлекеттік органдар:
экономиканың мемлекеттік секторын тікелей басқаруды;
меншіктің қатынастарын мемлекеттік реттеуді;
мемлекеттік экономикалық болжамдауды және бағдарламалауды;
өнеркәсіптік саясатты;
инвестициялық, құрылымдық, институционалдық, салық, ақша-кредит, баға саясатын және мемлекеттік экономикалық саясаттың басқа да элементтерін;
табиғи ресурстарды қорғау мен ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеуді;
сыртқы экономикалық қызметті реттеуді;
мемлекеттің экономикалық, экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кезінде меншіктің мемлекеттік мониторингінің деректерін пайдаланады.
2. Меншіктің мемлекеттік мониторингінің нәтижелері уәкілетті органның, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ меншігінде не басқаруында мониторинг объектілері бар тұлғалардың жекелеген мониторинг объектілері және (немесе) экономика салалары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен шараларды әзірлеу үшін негіз бола алады.
20-бап. Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру
Меншіктің мемлекеттік мониторингін жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес қаржыландырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
21-бап. Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік
мониторингі саласындағы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы заңдарын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті