5) осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа да іс-шараларға жұмсайды.
3. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қайырымдылықты ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар қайырымдылық бағдарламасында көрсетіледі.
4. Ерікті қайырмалдықтар көрсету қайырымдылық бағдарламасында көрсетілмейді.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13-бап. Қайырымдылық бағдарламасы
1. Қайырымдылық бағдарламасын қайырымдылық жасаушы және (немесе) қайырымдылық ұйымы әзірлейді, бекітеді және орындайды.
2. Қайырымдылық бағдарламасы мақсаттарды, міндеттерді, іске асыру кезеңін, болжамды кірістер мен шығыстар сметасын қамтиды.
3. Қайырымдылық жасаушы және (немесе) қайырымдылық ұйымы бір немесе бірнеше қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруы мүмкін.
4. Қайырымдылық бағдарламасының орындалуы қайырымдылық жасаушының және (немесе) қайырымдылық ұйымының есебімен расталады.
14-бап. Қайырымдылық ұйымы
1. Қайырымдылық ұйымы осы Заңда көзделген қайырымдылық міндеттерін орындау үшін құрылады.
2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қайырымдылық ұйымының құрылтайшылары болады.
3. Қайырымдылық ұйымының кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы бар, одан түскен кіріс қайырымдылық көмек көрсетуге пайдаланылады және құрылтайшылар арасында қайта бөлуге жатпайды.
4. Қайырымдылық ұйымының кәсіпкерлік қызметінен түсетін кірісі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.
3-тарау. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҰЙЫМДЫҚ НЕГІЗДЕРІ
15-бап. Қайырымдылық ұйымының жарғысы
1. Қайырымдылық ұйымы жарғының негізінде әрекет етеді.
2. Қайырымдылық ұйымының жарғысында:
1) қызметтің атауы, нысанасы мен мақсаты;
2) орналасқан жері;
3) басқару органдарының құрылымы, қалыптасу тәртібі мен құзыреті;
4) қайырымдылық ұйымы мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен міндеттері;
5) мүлікті қалыптастыру көздері;
6) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
7) қызметті қайта ұйымдастыру және тоқтату шарттары;
8) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;
9) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер қамтылады.
3. Қайырымдылық ұйымының жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа ережелер де қамтылуы мүмкін.
16-бап. Қайырымдылық ұйымының басқару органдары
1. Қайырымдылық ұйымының жарғысында көзделген тәртіппен қалыптастырылатын алқалы орган - қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органы болып табылады.
2. Қамқоршылық кеңес қайырымдылық ұйымының атқарушы органын тағайындайды, қайырымдылық ұйымы қызметінің оның жарғысының мақсатына сай болуын бақылауды, сондай-ақ жарғыда бекітілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органының құзыретіне:
1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) қайырымдылық бағдарламасын бекіту;
3) алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын, бюджетті, сондай-ақ өткен жылдың есебін бекіту;
4) қайырымдылық ұйымын қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау жатады.
4. Қайырымдылық ұйымының атқарушы органы оның жарғысында бекітілген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап. Қайырымдылық ұйымының мәртебесі
1. Қайырымдылық ұйымдары мәртебесі бойынша халықаралық және республикалық болып бөлінеді.
Халықаралық қайырымдылық ұйымдарына қызметі Қазақстан Республикасының аумағына және одан тысқары жерлерге таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.
Республикалық қайырымдылық ұйымдарына филиалдары мен өкілдіктерінің қызметі Қазақстан Республикасының аумағына таралатын қайырымдылық ұйымдары жатады.
2. Мәртебесіне қарамастан, белгіленген тәртіппен құрылған және тіркелген қайырымдылық ұйымдарының жаңа заңды тұлғаларды құрып, одақтар (қауымдастықтар) қабылдаған құрылтай шарттарының және жарғылардың негізінде қайырымдылық ұйымдарының одақтарын (қауымдастықтарын) құруға, сондай-ақ халықаралық одақтардың (қауымдастықтардың) қатысушысы болуға құқығы бар.
18-бап. Қайырымдылық ұйымының мүлкі, мүлікті қалыптастыру өздері
1. Қайырымдылық ұйымының меншігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сатып алынған мүлік болады.
2. Қайырымдылық ұйымының мүлкі:
1) құрылтайшының (құрылтайшылардың) түсімдері;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сондай-ақ басқа қайырымдылық ұйымдары берген қайырымдылық қайырмалдықтары, мүліктік жарналар, сыйға тарту, өсиеттер, нысаналы капиталдар (эндаументтер);
3) қайырымдылық жасаушылардан алынған мүлікті өткізу жөніндегі қайырымдылық аукциондары мен конкурстарын өткізуден түсетін түсімдер;
4) қайырымдылық ұйымдарының меншігіндегі акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақы (мүдде);
5) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шетелдік және (немесе) халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қайырымдылық көмегі;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен құрылады.
3. Қайырымдылық ұйымының мүлкін саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және сайлау қорларын қолдау үшін пайдалануға болмайды.
4. Қайырымдылық ұйымының мүлкі не оның бір бөлігі кепіл нысанасы болып табылмайды.
19-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру
1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қайырымдылық ұйымы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес қайырымдылық қайырмалдығы, сыйға тарту, өсиет объектілерін басқаруға және (немесе) жалға беруге арналған шарттың (шарттардың) негізінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында не шетелдік валютада активтер қалыптастыру жолымен құрады.
2. Нысаналы капиталды (эндаументті) жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ жер учаскелері есебінен қалыптастыру олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы нарықтық құны негізінде жүргізіледі.
3. Нысаналы капиталды (эндаументті) толықтыру қайырымдылық бірлестіктерінің меншігіндегі акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақы (мүдде) есебінен жүргізіледі.
4. Нысаналы капитал (эндаумент) бір жүз миллион теңге мөлшеріндегі сомадан асқан кезде қайырымдылық ұйымы нысаналы капиталды (эндаументті) сенімгерлік басқаруды басқарушы компанияға береді.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бір жүз миллион теңгеден аз соманы құрайтын нысаналы капиталды (эндаументті) басқаруды ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы жүзеге асырады.
20-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) пайдалану
1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастырған қайырымдылық ұйымы оны өз жарғысына сәйкес пайдалануға міндетті.
2. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кірісті бөлу қайырымдылық бағдарламасының бюджетіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кіріс білім, ғылым, мәдениет, өнер, денсаулық сақтау, спорт, музей және архив ісі, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану салаларындағы қайырымдылық гранттарын құруға бағытталады.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қайырымдылық гранттарының саны мен мөлшерін осы Заңның 19-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы немесе басқарушы компания белгілейді.
5. Басқарушы компанияның нысаналы капиталды (эндаументті) басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты әкімшілік-басқарушылық шығыстары нысаналы капиталдың (эндаументтің) жылдық кіріс сомасының жиырма пайызынан аспайды.
6. Пайдаланушы қайырымдылық грантын пайдалануды қайырымдылық жасаушымен жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырады.
21-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату
1. Мыналар:
1) нысаналы капиталды (эндаументті) қайырмалдық, сыйға беру, өсиет шартына (шарттарына) сәйкес пайдалану;
2) нысаналы капитал (эндаумент) қалыптастырылған мерзімнің өтуі;
3) басқарушы компанияны қайта ұйымдастыру туралы шешім;
4) қайырымдылық ұйымын таратып жіберу туралы шешім;
5) қайырымдылық жасаушы (қайырымдылық жасаушылар) берген капиталдың бастапқы мөлшерінің құнын он пайыздан астам мөлшерге азайту нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз болуы мүмкін.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату туралы шешімді осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің бірі болған кезде ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы қабылдайды.
3. Басқарушы компанияның не қайырымдылық ұйымының жарғының нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру және пайдалану жөніндегі талаптарын және (немесе) осы Заңның нормаларын өрескел немесе бірнеше рет бұзуы соттың шешімі бойынша нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз бола алады.
4. Егер қайырмалдық, сыйға тарту, өсиет шартында (шарттарында) өзгеше көзделмесе, таратылуға жататын нысаналы капитал (эндаумент) осындай капиталдарды қалыптастырған қайырымдылық ұйымдары арасында жасалған шартқа сәйкес басқа нысаналы капиталға (эндаументке) берілуі мүмкін.
5. Таратылуға жататын нысаналы капиталды (эндаументті) кәсіпкерлік қызметте пайдалануға болмайды.
4-тарау. ФИЛАНТРОПИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
22-бап. Филантропиялық қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:
1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, өмірлік қиын жағдайдағы, әлеуметтік оңалтуға және олардың арасында қадағалаусыз қалу мен құқық бұзушылық профилактикасы жүргізілуіне мұқтаж кәмелетке толмағандар;
2) төтенше жағдайлардан зардап шеккен және өздеріне қайырымдылық көмек көрсетілуіне мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар, сондай-ақ аумақтар;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасалуына мұқтаж мүгедектігі бар адамдар;
4) өздерінің құқықтарын өз бетінше іске асыруға және (немесе) өзінің тыныс-тіршілігі мәселелерін (заңды өкілдік, құқықтық көмек көрсету, қорғаншылыққа алу және басқасы) шешуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар;
5) арнайы медициналық мекемелерде есепте тұрған адамдар;
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және (немесе) шетелде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж жеке тұлғалар;
6) басқа да объектілер филантропиялық қызмет объектілері болып табылады.
23-бап. Жеке тұлғаның филантропиялық қызметі
1. Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік меншік нәтижелерін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.
2. 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды
23-1-бап. Қайырымдылық волонтері
1. Он сегіз жастан асқан адам қайырымдылық волонтері бола алады.
2. Қайырымдылық волонтерінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде қайырымдылық ұйымының немесе пайдаланушының пайдасына қаражат жинауды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Қайырымдылық волонтері қайырымдылық ұйымына немесе пайдаланушыға жасалған шартқа сәйкес қаражат жинау туралы есеп беруге міндетті.
4. Мемлекеттік қызметшілер қайырымдылық волонтерлері бола алмайды.
24-бап. Заңды тұлғаның филантропиялық қызметі
1. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.
2. Филантропиялық қызметпен айналысатын заңды тұлғалардың заңды тұлға құрмай, уақытша бірлестіктерді құруға құқығы бар.
5-тарау. ДЕМЕУШІЛІК ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
25-бап. Демеуші жүзеге асыратын қайырымдылық көмектің көздері
1. Демеуші қайырымдылық көмекті меншік құқығындағы мүліктің және демеушінің атын көпшілікке танымал етуден және (немесе) жарнаманы, оның ішінде әлеуметтік жарнаманы таратудан түскен қаражат есебінен жүзеге асыра алады.
2. Демеуші көрсететін қайырымдылық көмек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылмайды.
26-бап. Жеке тұлғаның демеушілік қызметі
1. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның үшінші тұлғаларға меншік құқығында тиесілі тауар белгісі, өндірілетін тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратуға құқығы жоқ.
2. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.
3. Қарапайым серіктестік құрған жеке тұлғалардың қайырымдылық көмек көрсету үшін серіктестік айқындаған, ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, демеушілік қызметпен айналысуға құқығы бар.
27-бап. Заңды тұлғаның демеушілік қызметі
1. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлға пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес өзінің атауы, тауар белгісі, өндірілген тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратады.
2. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.
6-тарау. МЕЦЕНАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
28-бап. Меценаттық қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:
1) ғылым, білім, мәдениет, өнер, спорт объектілері, тарихи және этномәдени ескерткіштер, сондай-ақ аталған салаларда жұмыс істейтін не оларды дамытуға үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар;
2) 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) ақылы білім алу және (немесе) кәсіби қабілеттерін арттыру үшін атаулы стипендияларға мұқтаж адамдар;
4) авариялардың және (немесе) дүлей зілзаланың салдарынан зардап шеккен және кезек күттірмейтін қайырымдылық көмекті қажет ететін қайырымдылық объектілері;
5) басқа да объектілер меценаттық қызмет объектілері болып табылады.
29-бап. Жеке тұлғаның меценаттық қызметі
1. Меценаттық қызметпен айналысатын жеке тұлғаның қайырымдылық көмек көрсету мақсатында жеке меншік құқығындағы мүлікті не оған мүліктік құқықтарды пайдаланушыға беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғаның пайдаланушыға жедел көмек көрсетуді қажет ететін меценаттық қызметі қайырымдылық бағдарлама әзірленбестен көрсетілуі мүмкін.
30-бап. Заңды тұлғаның меценаттық қызметі
1. Меценаттық қызметпен айналысатын заңды тұлғаның қайырымдылық бағдарламасында қайырымдылық грантының, жеке стипендияның ақшалай мәндегі мөлшерлерін, мақсатын, тағайындалу және пайдаланылу тәртібін көрсете отырып, оларды белгілеуге құқығы бар.
2. Қайырымдылық грантын, жеке стипендияны пайдалану тәртібін пайдаланушы заңды тұлғаның келісімімен өзгерте алады.
3. Қайырымдылық грантының, жеке стипендияның игерілмеген бөлігі қайтарымды қаржылай көмек болып табылады және заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. КІШІ ОТАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
30-1-бап. Кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;
2) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, спорт объектілері, аумақтар;
3) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы өзге де объектілер.
30-2-бап. Жеке тұлғаның кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметі
Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік қызметінің нәтижелерін пайдалана отырып, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметпен айналысады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 16-і.
№ 402-V