5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм берсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң бұл шарасын депутатқа қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға келiсiм бермеген жағдайда, іс бойынша iс жүргiзу осы негiзбен тоқтатылуға жатады.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм бермесе, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң өзге де шаралары қолданылады.
8. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
871-бап. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутаттығына кандидатқа қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ олар Президент, Парламент депутаты ретінде тіркелгенге дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының келiсуінсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту туралы ұсынуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры енгізген ұсынуға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының уәжді шешімі ол түскен күннен бастап он тәулік ішінде шығарылады.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
872-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің Төрағасына немесе мүшесiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келiсуiнсiз күштеп әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
873-бап. Судьяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Судьяны Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсуiнсiз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз қамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Судьяны сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, судьяны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн іс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Судъяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзумен аяқталған істі осы іс жүргізуді жүзеге асырған орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры арқылы сотқа береді.
874-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Бас Прокурорды әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 819-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараудың заңдылығын қадағалауды оның бiрiншi орынбасары жүзеге асырады.
6. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
875-бап. Судьяның Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауы
1. Iстi қарау әкiмшiлiк жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеттері бар адамдардың iстерi бойынша іс жүргiзу ерекшелiктерiмен жалпы қағидалар бойынша жүргiзiледi.
2. Егер судья iстi қарағанға дейiн Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында аталған мемлекеттiк органдардың күштеп әкелуіне келiсiм беруден бас тартылған болса немесе мұндай келiсiм сұралмаса, судья осы Кодекстiң 870-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес көзделген тәртiппен күштеп әкелуге келiсiм беру туралы ұсыну жасап, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шарасы ретiнде күштеп әкелуді қолдануға құқылы.
876-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан дипломатиялық иммунитеті бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жауаптылықтан иммунитетті Қазақстан Республикасында мына адамдар пайдаланады:
1) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық персоналы мүшелерi және егер олар өздерiмен бiрге тұрып жатса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерi;
2) егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара түсіністік негiзінде дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсетушi персоналының қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, қызметтік мiндеттерiн орындау кезiнде өздері жасаған іс-әрекеттерге қатысты консулдықтардың басшылары және басқа да консулдық лауазымды адамдары;
3) егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара түсіністік негiзінде дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық персоналы қызметкерлерi мен өздерiмен бiрге тұратын олардың отбасы мүшелерi;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, парламенттiк және үкiметтiк делегациялардың мүшелерi және өзара түсіністік негiзінде - Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференцияларға және жиналыстарға қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетiн шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi не осындай мақсаттармен Қазақстан Республикасы аумағы арқылы транзитпен өтетіндер және егер осы отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, аталған адамдармен ілесіп жүретін отбасы мүшелері;
6) халықаралық шарттар немесе жалпы танылған халықаралық әдет-ғұрыптар негiзiнде, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi және персоналы, осы ұйымдардың лауазымды адамдары;
7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін, үшiншi елдегi шет мемлекеттердің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, өкiлдiктердің дипломатиялық персоналының мүшелерi және аталған адамдармен ілесіп жүретін немесе оларға қосылу үшін немесе өз елiне қайту үшiн бөлек бара жатқан олардың отбасы мүшелерi;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де тұлғалар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында аталған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де тұлғалар, егер шет мемлекет әкімшілік жауаптылықтан иммунитет беруден айқын білдірген бас тартуды ұсынған жағдайда ғана, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн. Мұндай бас тарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы дипломатиялық жолмен шешiледi. Аталған адамдарға иммунитет беруден тиiстi шет мемлекеттiң бас тартуы болмаған кезде оларға қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзуді бастау мүмкін болмайды, ал басталғаны тоқтатылуға жатады.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың екiншi бөлiгiнiң қағидалары осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақшаларында аталған адамдарға қолданылмайды, бұған осы адамдардың жасаған құқық бұзушылығы өздерінің қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайлар қосылмайды.
877-бап. Дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдарды жете тексеру, әкiмшiлiк ұстап алу және күштеп әкелу
1. Осы Кодекстiң 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында санамаланған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар жеке басына қолсұғылмаушылықты пайдаланады. Олардың өздерімен бірге дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдардың мәртебесін растайтын құжаттары болған кезде, олардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн жеке басын жете тексеруге, оларды ұстап алуға немесе күштеп әкелуге болмайды. Олардың өздерімен алып жүрген заттарына да жете тексеру жүргiзуге болмайды.
2. Егер шет мемлекет 876-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) - 7) тармақшаларында көрсетілген адамдарға әкімшілік жауаптылықтан иммунитет беруден айқын білдірген бас тарту ұсынса, іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
878-бап. Айғақтар беруден дипломатиялық иммунитет
1. Осы Кодекстің 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 3) - 6) тармақшаларында санамаланған адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдардың куә, жәбiрленушi ретiнде айғақтар бермеуiне болады, ал мұндай айғақтар беруге келiскен кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы үшін келуге мiндеттi емес. Сұрақ қою үшiн көрсетілген адамдарға тапсырылған шақыруда олардың келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларының қолданылу мүмкіндігі туралы ескерту қамтылмауға тиіс.
2. Егер осы адамдар әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында жәбiрленушiлер, куәлар ретiнде айғақтар берiп, ал iстiң қаралуына келмеген жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судья, орган (лауазымды адам) олардың айғақтарын жария етеді.
3. Осы Кодекстiң 876-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында аталған адамдар өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша айғақтардан басқа, куәлар және жәбiрленушiлер ретiнде айғақтар беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куә ретінде айғақтар беруден бас тартқан жағдайда, оларға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдануға болмайды.
4. Дипломатиялық иммунитетті пайдаланатын адамдар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) өздерiнiң қызметтік міндеттерiн орындауға қатысты хат-хабарды және басқа да құжаттарды ұсынуға мiндеттi емес.
879-бап. Үй-жайлардың және құжаттардың дипломатиялық иммунитеті
1. Дипломатиялық өкiлдiк басшысының резиденциясы, дипломатиялық өкiлдiк орналасқан үй-жайлар, дипломатиялық персонал мүшелерi мен олардың отбасы мүшелерiнiң тұрғын үй-жайлары, олардағы мүлiк және жүрiп-тұру құралдары қол сұғылмайтын болып табылады. Осы үй-жайларға кiру, оларды қарап-тексеру, сондай-ақ жүрiп-тұру құралдарын тексерiп қарау дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның келiсуiмен ғана жүргiзілуі мүмкін.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген иммунитет өзара түсіністік негізінде, егер осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, дипломатиялық өкiлдiктің қызмет көрсетушi персоналының қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бiрге тұрып жатқан отбасы мүшелерi орналасқан тұрғын үй-жайларына қолданылады.
3. Консулдық орналасқан үй-жай және консулдық басшысының резиденциясы өзара келісім негiзде қолсұғылмаушылықты пайдаланады. Осы үй-жайларға кiру, оларды қарап-тексеру тиiстi шет мемлекеттің консулдығы немесе дипломатиялық өкiлдiгi басшысының өтiнуi бойынша немесе келiсуiмен ғана орын алуы мүмкiн.
4. Дипломатиялық өкiлдiктердiң және консулдықтардың мұрағаттары, ресми хат жазысуы және басқа да құжаттары қол сұғылмайтын болып табылады. Оларды дипломатиялық өкiлдiк, консулдық басшысының келiсуiнсiз қарап-тексеруге және алып қоюға болмайды. Дипломатиялық пошта ашылмауға және кiдiртiлмеуге тиiс.
5. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетілген үй-жайларға кiруге, оларға қарап-тексеру жүргiзуге, сондай-ақ осы баптың төртiншi бөлiгiнде көрсетілген құжаттарды қарап-тексеруге және алуға дипломатиялық өкiлдiк немесе консулдық басшысының келiсiмiн прокурор Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұратады.
6. Үй-жайларға кiруге, оларға қарап-тексеру жүргiзуге, сондай-ақ осы баптың төртiншi бөлiгiнде көрсетілген құжаттарды қарап-тексеруге және алуға дипломатиялық өкiлдiк немесе консулдық басшысының өтінуін немесе келiсiмiн алған жағдайда, олар прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
50-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың шет мемлекеттердің әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құзыретті мекемелерімен және лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылы
880-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмек көрсетудің жалпы шарттары
1. Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттердiң соттарына, органдарына (лауазымды адамдарына) құқықтық көмек көрсету тәртібімен не өзара түсіністік негiзінде осы Кодексте көзделген іс-қимылдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де іс-қимылдар жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекске қайшы келетiн жағдайда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өз мемлекетiнiң аумағында сұрау салынған мекеме көтереді.
881-бап. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуларды және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларды жіберу
1. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салулар, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, соттар, органдар (лауазымды адамдар) арасында жіберілуі мүмкін.
2. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуды, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырманы қандай сотқа, органға жіберуді анықтау мүмкін болмаған жағдайларда, олар сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіледі.
3. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салу, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырма жазбаша нысанда органның бланкісінде ресімделеді және онда:
1) тиісті Тараптың сұрау салынатын органының атауы;
2) тиісті Тараптың сұрау салушы органының атауы;
3) қолданылатын заң мәтіні қоса беріліп, құқық бұзушылықтың және өзге де оған қатысты фактілердің егжей-тегжейлі сипаттамасы, тауарлардың құны туралы, залал мөлшері туралы деректер, сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес іс-әрекеттің заңдық саралануы;
4) өздеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғалардың, куәлардың аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және тегі, олардың тұрғылықты жері немесе болатын жері, азаматтығы, кәсiбiнiң түрi, туған жері мен жылы, айы, күні, заңды тұлғалар үшiн - олардың толық атауы және орналасқан жерi (егер санамаланған мәліметтер туралы ақпарат бар болса);
5) құжатты тапсыру туралы тапсырмада алушының нақты мекенжайы мен тапсырылатын құжаттың атауы да көрсетілуге тиіс;
6) ұсынылуға не орындалуға жататын мәліметтер мен әрекеттер тізбесі (сауал жүргізу үшін қандай мән-жайлардың анықталуы әрі нақтылануы тиіс екендігін, сондай-ақ сауал жүргізілетін тұлғаға қойылатын сұрақтардың дәйектілігі мен тұжырымдамасын көрсету қажет) қамтылуға тиіс.
4. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салу, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырма:
1) талап етілетін іс-шаралардың орындалу мерзімінің көрсетілуін;
2) сұрау салуда көрсетілген іс-шараларды белгіленген тәртіппен жүргізу туралы өтінішхатты;
3) сұрау салушы Тарап органдары өкілдерінің сұрау салуда көрсетілген іс-шаралардың орындалуы кезінде қатысуға, сондай-ақ егер бұл Тараптардың заңнамасына қайшы келмесе, олардың орындалуына қатысуға мүмкіндік беру туралы өтінішхатты;
4) сұрау салуды, тапсырманы орындауға байланысты өзге де өтінішхаттарды да қамтуы мүмкін.
5. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуға, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаға сұрау салушы органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды. Сұрау салуға, тапсырмаға сұрау салу, тапсырма мәтінінде сілтеме жасалған құжаттардың қолда бар көшірмелері, олардың тиісінше орындалуына қажетті өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
6. Тараптардың органдары процестік құжаттарды пошта арқылы басқа Тараптың аумағындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушыларға тікелей жөнелтуі мүмкін.
7. Қосымша мәліметтер алу, алдыңғы сұрау салуды немесе тапсырманы орындау шеңберінде алынған ақпаратты нақтылау қажет болған кезде, ақпараттар мен құжаттарды беру туралы сұрау салуды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырманы қайталап жіберуге жол беріледі.
882-бап. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуларды және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларды орындау тәртібі
1. Сот, орган (лауазымды адам) өздеріне белгіленген тәртіппен берілген, шет мемлекеттердің тиісті мекемелері мен лауазымды адамдарының процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларын осы Кодекстің жалпы қағидалары бойынша орындайды.
2. Тапсырманы орындау кезінде, егер бұл Қазақстан Республикасының сол мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шет мемлекеттің процестік нормалары қолданылуы мүмкін.
3. Халықаралық шартта көзделген жағдайларда тапсырманы орындау кезінде басқа мемлекеттің құзыретті мекемесінің өкілі қатыса алады.
4. Егер сұрау салуды (тапсырманы) орындау мүмкін болмаса, оны орындауға кедергі келтірген себептер көрсетіле отырып, алынған құжаттар тапсырма берген шетелдік мекемеге қайтарылады. Егер тапсырманың орындалуы Қазақстан Республикасының егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса не заңнамасына қайшы келсе, ол қайтарылады.
5-бөлiм. Әкімшілік жазалар қолдану туралы қаулыларды орындау
51-тарау. Негізгі ережелер
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 883-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
883-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулының, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың заңды күшiне енуi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама:
1) егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым берiлмесе немесе наразылық білдірілмесе, оларға шағым беру үшiн белгiленген мерзiм өткеннен кейiн;
2) шағым, наразылық бойынша қаулы, сондай-ақ осы Кодекстің 839-бабында көзделген жағдайда қаулы шығарылғаннан кейiн дереу;
3) осы Кодекстің 811-бабы екінші бөлігінің бірінші абзацында көзделген жағдайда дереу;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы қаулы жария етілгеннен кейін заңды күшiне енедi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 884-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
884-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың мiндеттiлiгi
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама барлық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, лауазымды адамдардың, жеке тұлғалардың және олардың бiрлестiктерiнiң, заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды күшiне енген кезінен бастап орындалуға жатады.
3. Арнайы құқықтан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығарылған кезінен бастап орындалуға жатады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 885-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
885-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы орындауға енгізу
Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы орындауға енгізу қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) немесе нұсқаманы ресімдеген органға жүктеледi. Қаулы оны орындатуға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) ол заңды күшiне енген күннен бастап бiр тәулiк iшiнде жiберiледi. Арнайы құқықтан айыру түрiндегі әкiмшiлiк жазаны қолдану туралы қаулы шығарылғаннан кейiн оны орындатуға уәкiлеттiк берілген органдарға дереу жiберiледi.