4. Мемлекетке тиесілі акцияларға (жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқару нысанындағы үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға және оларды иеліктен шығаруға осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жол беріледі.
5. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кепілге қоюға жол берілмейді.
176-бап. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру
1. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беруді, егер берудің нысанасы республикалық мүлікке жататын - акционерлік қоғамдардың акциялары немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері болып табылса, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
2. Коммуналдық мүлікке жататын - акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беруді жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беру осы Заңның 10-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Сыйақы мөлшері, сондай-ақ сенімгерлікпен басқару әрекетінің мерзімі акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартпен айқындалады.
Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға мемлекеттің дивидендтерге деген өз құқығынан бас тартуы арқылы беруге жол берілмейді.
5. Сенімгерлікпен басқарушыға мынадай:
1) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту туралы;
2) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін өзгерту (ұлғайту немесе азайту) туралы;
3) акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату, оларды қайта ұйымдастыру туралы, сондай-ақ олардың атауларын өзгерту туралы мәселелерді шешуге байланысты мемлекеттің құқықтарын беруге болмайды.
177-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығы
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығын мемлекет «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іске асырады.
2. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) қоғамның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептiлiгiн бекіту және қоғамның есептi қаржы жылындағы таза табысын бөлу;
4) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомадағы активтерінің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау;
6) «алтын акцияны» енгізу және оның күшiн жою;
7) қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша директорлар кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, акционердің құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестерін иелену және оларды пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептілігін бекіту және таза табысты бөлу;
4) серіктестіктің өзге де заңды тұлғаларға қатысуы туралы шешім;
5) серіктестіктің барлық мүлкін кепілге қою туралы шешім;
6) серіктестіктің атқарушы органын құру, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
7) серіктестіктің мүлкін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша мәмілелер туралы шешімдер қабылдау;
8) байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) қатысушыдан жарғылық капиталдағы қатысу үлесін мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
10) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
11) серіктестіктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша байқау кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, қатысушының құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
3. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам директорлары кеңесінің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органының және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілдері кіреді.
4. Акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінің және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді.
178-бап. Мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару
1. Қазақстан Республикасы тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешімнің уақтылы қабылдануын және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) арналған дивидендтерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігін) жалғыз акционер (қатысушы) шешім қабылдаған күннен бастап он күн ішінде аударуын қамтамасыз етуге міндетті.
179-бап. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компания өз қызметін жүзеге асыру кезінде экономиканың белгілі бір саласындағы мемлекеттік мүлікті басқару аясында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекет жалғыз акционері болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру туралы және оның атауын өзгерту туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы және олардың атауларын өзгерту туралы шешімдерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құратын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация біреуден артық болмайды.
3. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан жиырма беске дейінгі пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
4. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан көп пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша (ұлттық компанияның жалғыз акционерінің шешімімен) ұлттық компания акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдайды.
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес осы баптың 3 және 4-тармақтарының талаптары қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ халықаралық мамандандырылған көрменің аумағын көрмеден кейін пайдалану болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елу пайызынан кем мөлшерін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін басқарма қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елуден жетпіс бес пайызға дейінгісін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесі қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің жетпіс бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционердің шешімімен) қабылдайды.
180-бап. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
3. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жалғыз акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесі қабылдайды.
181-бап. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді басқару
1. Ұлттық басқарушы холдингті, ұлттық холдингті тарату, қайта құру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша берілуі мүмкін.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-1. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, акцияларының пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге тиесілі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің құрамына мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, тиісті саланың уәкілетті органының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
4. Акционерлердің жалпы жиналысы үшін белгіленген, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционерлерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 1-тармағының 6) және 14) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді қоспағанда, осы Заңның 36-бабында көрсетілген мәселелер жатады.
5. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабы 2-тармағының 15-1) тармақшасында көрсетілген мәселені қоспағанда, осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің ерекше құзыретіне мынадай мәселелер:
1) аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
2) штат санын бекіту;
3) еншілес ұйымдардың стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу кезінде олардың бірыңғай (оның ішінде еншілес ұйымдар қызметінің салалары бойынша) қаржы, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық саясатын қалыптастыру;
4) даму жоспарын, сондай-ақ оның орындалу есептерін бекіту;
5) даму жоспарларының іске асырылуын бағалау;
6) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты айқындау;
7) қоғам акцияларды сатып алған жағдайда олардың құнын белгiлеу әдiстемесін және әдiстемесiне енгізілетін өзгерiстердi бекіту;
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8) активтердiң бір бөлігін немесе бірнеше бөлiгiн қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомада беру арқылы қоғамның өзге де заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау;
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) холдингтің және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде холдингке меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру қағидаларын бекіту;
9) тармақшада көзделген қағидалар осы Заңның 10-тарауының 2-параграфында белгіленген нормалар ескеріле отырып қабылданады.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттіктер мерзімін, жұмыс істеу тәртібін айқындау, оның басшысын тағайындау және өкілеттіктерін тоқтату, оның жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындау жатады.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің атқарушы органының құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген мәселелер және акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызы қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кіреді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 182-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
182-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды корпоративтік басқару
1. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді басқару жөніндегі қызметті үйлестіру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестер құрылуы мүмкін.
Корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестер туралы ережені және олардың құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқарудың үлгілік кодексіне сәйкес корпоративтік басқару кодекстерін бекітеді, сондай-ақ кемінде үш жылда бір рет корпоративтік басқаруға тәуелсіз бағалау жүргізеді, оның нәтижелерін акционерлік қоғамдардың интернет-ресурсында орналастырады.
183-бап. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бюджеттік инвестицияларды пайдалануы
1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру кезінде акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырмайтын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акцияларының эмиссиясын төлей алады.
Ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің және ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке кіретін акционерлік қоғамдардың бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру туралы есебін ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг тоқсан сайын ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесінің қарауына және бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ұсынады.
2. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін шығарған акциялар мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шотына жатқызылады.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг шығарған акцияларды ұлтттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын уәкілетті органға береді.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған ақша ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің құрамына кіретін акционерлік қоғамдардың орналастыратын акцияларын төлеуге түскен, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің атқарушы органы, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке кіретін акционерлік қоғамдардың атқарушы органы осы бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы үшін жауаптылықта болады.
184-бап. Акциялары ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, сондай-ақ ұлттық компанияларға тиесілі ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың қызметін жоспарлау
1.Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер және ұлттық компаниялар даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлейді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде он жылға әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың даму стратегияларын іске асыруы мақсатында бес жыл мерзімге әзірленеді.
2. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары:
1) олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды;
2) акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) өздеріне тиесілі заңды тұлғалардың, оның ішінде ұлттық компаниялардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына Жолдауының ережелері ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегияларын түзету үшін негіз болып табылуы мүмкін.
Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегияларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарлары:
1) инвестицияларды, табыстарды, шығыстарды, қарыздарды, дивидендтерді және басқа да мәліметтерді қоса алғанда, мақсаттарды, міндеттерді, нәтижелер көрсеткіштерін және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін қамтиды;
2) акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) өздеріне тиесілі заңды тұлғалардың, оның ішінде ұлттық компаниялардың даму жоспарларын ескере отырып әзірленеді.
2012.01.02. № 551-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары жобаларының Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі, сондай-ақ әлеуметтiк-экономикалық даму болжамында көрсетiлген бюджет параметрлерiне сәйкестiгi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісіледі.
5. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын олардың директорлар кеңесі бекітеді.
Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын олардың директорлар кеңесі бекітеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)